ҚҰРАН ЖАТТАУДЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

Иісі мұсылманның өмірлік миссиясы – Алланың разылығын алу, Алланың разылығына апаратын амалдармен айналысу.Амалдардың ішіндегі ең ардақтысы – Құранды оқу, жаттау.

      Құран – Алланың сөзі. Құран – құлшылық. Құран – ғажайып. Екі дүниеде де жақсылыққа жетелейтін ерекше қасиетті кітап Алламен байланысыңызға бір көпір десек те болады. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі тіпті соғыста Шейіт болған сахабаларын жерлейтін кезде де, Құран жаттағандарын өзгелерінен жоғары қойған екен. Адамның мына бес күн дүниедегі де, қияметтегі де, жұмақтағы да дәрежесі оның Құранына байланысты. Демек, байқағаныңыздай Құранды жаттап алу – ерекшелік. Бұл ерекшелік ерекше ықыласпен келері сөзсіз және жаттап алу әркімнің-ақ арманы. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең жақсысы – Құранды жатқа білген, Алланың дінін жақсы түсінген, Алладан қатты қорыққан, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған және туған туыспен қарым-қатынасы өте көркем болған жан,» – деген.  Аллаға шүкір, қазіргі уақытта «қари боламын» деп Құран жаттап, жақсы қадам бастап жүрген бауырларымыздың саны артып келеді. Ал енді біразы Құран жаттауды жаңадан бастағалы жүр. Бұл тұста, Құран жаттау барысында әдіс-тәсілдер, әрине, керек-ақ. Сөз арнасын әдіс-тәсілдер турасына бұрайық.

       Әуелі, әлбетте, амалдың басы – ниет. Ниет қандай болса, сауап соған сай беріледі. Өзіңізден сұрап алыңыз : «Құранды не үшін жаттаймын?» Әлдекімдердің «Әп-бәрекелді, қареке, қари» деген сөзі үшін ба, әлде Алла разылығы үшін бе ? Ниет мақсатты әрекеттің басында, ортасында, аяғында жаңарып отыруы керек. Жүрегіңізде тәкаппарлықттың түйірі болсын тұрмаса, Алла Тағала жеңілдік беріп қояды. Тағы бір ескеретініңіз, «Маған Құранды жаттап тезірек аяқтасам болды ма? » әлде мағынасына зейін қойып, жаттаудың жауапкершілігін шын сезініп жаттауды қатесіз аяқтау ма?!  

  • Құран жаттау кезінде өзіңізге нақты уақыт қойыңыз. (Әсіресе таңғы және кешкі уақыт)
  • Уақытылы ерте ұйықтап, ерте тұруға дағдыланыңыз.
  • Ойыңызды бөлетін заттардан арылыңыз. (Телефон, жаныңыздағы артық заттар)
  • Көзіңіз үйренген өзіңіздің жеке құраныңыз болсын
  • Сүрені тұрақты ұстазға тапсырыңыз. Және жаныңыздағы адамдарға көп тапсырыңыз
  • Әр адам жаттау тәсілі ыңғайына қарай (көзбен, тыңдап жаттау, көп оқып жаттау)
  • Жаттау кезінде дұғада болыңыз (Раббым зейінімді арттыра гөр)
  • Жаттау кезінде қиындықтар мен сынақтарға сабыр ете біліңіз
  • Тез, яғни асығыс жатталған құранды пысықтамаса ұмытылып қалады. Ешқашан тез жаттамаңыз.
  • Жаттаған сүрені жиі тыңдаңыз. (Әркімнің ұнап тыңдайтын қарилары болады)
  • Жаттаған сүрелерді намазыңызға қосыңыз.
  • Құранға күнделікті уақыт бөліңіз.
  • Құранға дем қойғанда арасында миыңызды демалдырып тұрыңыз. Бірден көп жаттаймын деп, өзіңізге қиындатып алмаңыз.
  • Құран жаттау кезінде қыдыру, дүкен аралауды азайту керек.
  • Сүре жаттағаннан кейін алдыңғы сүремен қоса жатқа айтып, бірге қайталаңыз. Ниетті әрдайым жаңалап, құран жаттағандармен араласып ақыл-кеңес сұраңыз.
  • Көп уайымдай бермеңіз. Себебі уайым жаттау қабілетін азайтады.
  • Күнадан алыс болыңыз, көзіңізді сақтаңыз.

    Құран жаттау кезінде қолданатын тәсілдердің бірі- құранды көбірек тыңдау. Және тыңдап көзбен ілесе оқып отыру. Жаттаған сүрені алдыңғы сүремен бірге қайталап, ұстазға тапсыру. Қате жаттаған жерін түзетіп алу.

   Кей адамдарға құранды дәптерге көшіру арқылы жаттау ыңғайлы. Бұл да мықты тәсілдердің бірі.

   Құран жаттағанда 33 реттік тәсілі. Жаттайтын бетті  аудио арқылы бірнеше қайталап тыңдаңыз. Жаттағалы жатқан бетті 3  бөлікке бөліп әр қайсысын 33 рет қайталап оқу. Жоғарыда айтылған тәсілмен жаттағаннан кейін таңертең және кешке қайталауға тырысыңыз. Бұл тәсілде ыңғайлы болу үшін электронды таспихты пайдалануға болады.

Құранды тек жаттау ғана емес, онымен амал етуге, құранмен жүруге тырысыңыз. Жасым келіп қалды деп сылтау айтпаңыз. Шынайы ниетіңіз бен амалыңыз болса, Алла сізге нәсіп етеді.Елімізде қазіргі таңда 2000-нан астам қари бар. Балаларым маған жұмақта тәж кигізеді деп қана қоймай, сізде құран жаттап өз ата-анаңызға тәж кигізіңіз. Намаз бастағалы қанша жыл, сол жаттаған 3-5 сүреден аса алмай жүрмісіз. Алладан зейініңізді арттыруын тілеңіз, дұға жасап, құран жаттауды бастаңыз!

Return to Top ▲Return to Top ▲