Облыстық «Қызылжар» орталық мешіті жанынан алқалы жиындар мен түрлі рухани-танымдық кездесулер өткізуге арналған жаңа кабинет ашылды. Жаңа кеңістік алдағы уақытта мешіт жанындағы қоғамдық, рухани және ағартушылық бағыттағы басқосулардың негізгі алаңына айналмақ.
Алғашқы кездесу мешіттің алқа мүшелерінің қатысуымен өтті. Жиынға өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы арнайы қатысты. Босқосу барысында өңірдің бас имамы облыс көлемінде атқарылып жатқан діни-ағартушылық жұмыстарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, мешіттердің халықпен байланысын нығайту, жастар тәрбиесі, қайырымдылық шаралары, діни сауаттылықты арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы бастамалар сөз болды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар мен жоспарлар таныстырылып, алқа мүшелері тарапынан ұсыныстар айтылды. Бас имам мешіт жанындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуінде ақсақалдар алқасы мен белсенді жамағаттың орны ерекше екенін атап өтті.
«Бұл кабинет ортақ пікір алмасып, ел бірлігі мен рухани құндылықтарды дәріптейтін маңызды алаң болады. Алдағы уақытта мұнда түрлі кездесулер, семинарлар мен тағылымды басқосулар ұйымдастырылады», – деді Хамзат Қажымұратұлы.
Жиын соңында қатысушылар өңірдегі рухани жұмыстарды бірлесе атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.




