ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

ПРАВОСЛАВ ШІРКЕУІНІҢ ӨКІЛІ ҚҰРБАН АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Солтүстік өңірінде  мұсылмандар мен христиандар арасындағы ізгі қарым-қатынас ел арасындағы бірлік пен келісімді нығайтуға қызмет етіп келеді.  Құрбан айт мерекесіне орай СҚО Православ шіркеуінен Сергий әкей  және «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасы» КММ басшысы Касенова Рауза облыстық Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлын және солтүстүстікқазақстандық барша мұсылман қауымын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Сергий әкей көпұлтты және көп конфессионалды  ортақ үйіміз – Қазақстанда  әрдайым ынтымақ, достық, келісім болуын тілеймін,-деді.

Өз кезегінде облыстың бас имамы Хамзат Қажымұратұлы арнайы құттықтап келген меймандарға алғысын айтып,  мерекелік дастарханнан дәм татқызды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫМЕН ҚҰТТЫҚТАУ

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті қызылжарлық мұсылмандар қауымы!

Сіздерді барша мұсылман қауымының ең ұлық мерекесі Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын!

Әлемдегі мұсылман баласы үшін Жаратушымыздың белгілеп берген екі мейрамының ұлығы-Құрбан айт мерекесі. Бұл елдің бірлігі мен бауырластығын нығайтып, қанағат пен қайырымдылықты арттыра түсетін мейрам. Ұлтты ұйыстыратын осы ұлағаты мол дінді халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келеді. 

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Халқымыз «Бота алғанша бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан. 

Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Қадірменді ағайын, бауырлар!

Алла тағала шынайы ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандықтарыңызды қайырымен қабыл еткей! Жаратушы Иеміз баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жүзімізді жарық еткей! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай!

Бейбіт өмірді мұрат тұтқан мұсылман қауымының ұлық мерекесі құтты болсын, ағайын!

Хамзат Қажымұратұлы

      Солтүстік Қазақстан облысының

 бас имамы

СҚО/// МЕШІТТІҢ ҚҰБЫРЛАРЫ ЖӨНДЕЛДІ

Қызылжар орталық мешітінде өткен жылы біраз жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі келбеті жаңартылған болатын.

Биылғы жылы су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Қызылжар су» ЖШС нің демеушілігімен мешіттің тозған құбырлары жаңа құбырлармен ауыстырылып, мешітке  ыстық су беріле бастады.

Мешітке келуші мұсылман қауымына қолайлы жағдай жасау, ішкі-сыртқы қызметін қалыпты ұстау мешіт қызметкерлерінің және іс басқарушының басты міндеті. Бүгінде орталық мешіттің ауласы гүлдермен көмкеріліп, ішкі келбеті де әсемденген. Енді жаңа су құбырларынан ыстық-суық су ағып тұр. Алланың үйіне қызмет-баршаға міндет!

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

МҰСЫЛМАННЫҢ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН МІНДЕТТЕРІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد


Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Асыл дініміз біздерге Жаратушымызға қатысты міндеттерімізді үйретіп, оның бұйрықтарын орындап, тыйыл дегендерінен тыйылуымызды баян етумен қатар қоғамда өзге адамдарға деген жауапкершілік міндеттерімізді де жүктейді.  Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында:

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَٰكُم مِّن ذَكَرٍۢ وَأُنثَىٰ وَجَعَلْنَٰكُمْ شُعُوبًا وَقَبَآئِلَ لِتَعَارَفُوٓاْ ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ ٱللَّهِ أَتْقَىٰكُمْ ۚ إِنَّ ٱللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Расында Алла бүкіл істі толық білуші, әр нәрседен хабардар», – деп айтқан.

Қоғам деп – мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас деп білетін адамдар тобын айтамыз. Мұсылман адам қоғамда өмір сүргендіктен өзге адамдардың алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін білуі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَلْمُؤْمِنُ اَلَّذِي يُخَالِطُ اَلنَّاسَ, وَيَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ خَيْرٌ مِنْ اَلَّذِي لَا يُخَالِطُ اَلنَّاسَ وَلَا يَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ

«Адамдармен араласып, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр еткен мумин адам, адамдармен араласпайтын, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр сақтамайтын мумин адамға қарағанда қайырлы», – деген (имам ибн Мәжә).

Қазақ халқында: «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Туысы бірдің уысы бір», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген көптеген мақал-мәтелдерінде қоғаммен бірге жүретін көпшіл болуға, ағайынның қадірін білуге, сыйлап-құрметтеуге шақырған.

Қоғамдық міндеттерімізді орындау сол қоғамда тәртіптің, тазалықтың, береке-бірліктің сақталуына кепіл болмақ. Ендеше, бүгінгі жұма уағызымызда мұсылман адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндеттеріне тоқталатын боламыз:

Бірінші: қоғамдық тәртіпті сақтау

«Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» деп айтылғанындай әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауды дінінің талабы деп білуі тиіс. Адамдардың дұрыс өмір сүруі үшін әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті. Қоғамдық тәртіпті сақтамай, өзгелерге зиян тигізу күнәлі іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында:

وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُبِينًا

«Сондай-ақ мүмин ерлер мен мүмин әйелдерге нақақтан-нақақ жәбір көрсеткендер, сөзсіз олар жала жауып, ашық күнә арқалап алды», – деп айтқан.

Ислам тарихында орын алған Ухуд шайқасында садақшылар Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан тәртіпке бағынбай, таудан түсіп кеткені үшін мұсылмандардың жеңіліске ұшырауы үлкен ғибрат. 

Қоғамдық тәртіпті сақтауға нелер жатады деп айтатын болсақ, оған заңға бағыну, адамдардың құқығына құрметпен қарау, жол ережесін бұзбау, өзгелерге зиян бермеу, табиғатты ластамау және т.б. істер жатады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында:

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер беті түзетілгеннен кейін, онда бұзғыншылық жасамаңдар», – деп ескерткен.

Мұсылман адам өзге адамдарға зиян беретін кез келген іс-әрекеттен сақтануы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

اتَّقُوا اللَّعَّانَيْنِ  بِصِيغَةِ التَّثْنِيَةِ وَفِي رِوَايَةِ مُسْلِمٍ  قَالُوا : وَمَا اللَّاعِنَانِ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الَّذِي يَتَخَلَّى فِي طَرِيقِ النَّاسِ أَوْ فِي ظِلِّهِمْ

«Екі лағынеттеушіден сақтаныңдар!» – дегенде: «Уа, Алланың Елшісі! Екі лағынеттеуші дегеніңіз кімдер?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар адамдар жүретін жолға не олар көлеңкелеп отыратын жерлерге дәрет сындырушылар», – деген» (имам Мүслим).

Тағы бір хадисте:

اتَّقُوا الْمَلَاعِنَ الثَّلَاثَةَ الْبَرَازَ فِي الْمَوَارِدِ وَقَارِعَةِ الطَّرِيقِ وَالظِّلِّ

«Лағынет әкелетін үш істен сақтаныңдар: (олар) – бұлақтарға, жол ортасында және көлеңкеде дәрет сындыру», – деп айтылған (имам Әбу Дәуід).

Хадистегі «көлеңке» деп – жаз мезгіліндегі ыстықта адамдардың жиналып отыратын көлеңкелі орындарды айтқан. Лағынет сөзінің мағынасы – Алла Тағаланың мейірімінен алыстау. Аяттар мен хадистерде бұл сөз әдетте үлкен күнәлі істерге қатысты қолданылады. Яғни, өзге адамдарға мейірімділік танытпай, оларға зиян беру, адамның Алла Тағаланың мейірімінен алыстауына себеп болады. Хадисте бұлақтар, жол ортасы, көлеңке сияқты адамдар қолданатын жерлерге дәрет сындыру күнә екенін түсіндіру арқылы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамдық тәртіпке шақырып, өзгелерге зиян тигізетін барлық істерден тыйған.

Екінші: қоғам мүшелерімен өзара бірлік пен бауырмалдықта болу

Қандай да бір қоғамда адами құндылықтардың жоғалуының басты себептерінің бірі – адамдар бір-бірінің қадірін бағаламау. Ағайынның, достың, әріптестің, тіпті мұсылман бауырдың сыртынан ғайбат айтып, күндеу, көреалмау, қызғану секілді жағымсыз әрекеттер қоғам тыныштығын бұзатыны сөзсіз. Қоғам дұрыс болу үшін әрбір мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиян тигізбеуі керек. Дініміз ислам мұсылмандардың бір-біріне бауыр екенін жадына салып, өзара сүйіспеншілікті терең нығайтуға шақырады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:

وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا

«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан.

Асыл дініміз бауырмалдық пен бірлікке шақырып, бөлінуден қатаң тыйды. Ал енді көпшіліктен өзін бөлек санап, жік-жікке бөлініп жүрудің басты себебі, осындай Құран аяттарының мағынасын толық түсінбеуден туындаса керек. Шәкәрім Құдайбердіұлы ондай жандарға қатысты:

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

Інжіл, Құран – бəрі айтып тұрса дағы,

Мағынасынан адасып қара басар.

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар.

Ешбір дін үйтіп дұспан бол демейді,

Қанекей бұл сөзіме кім таласар, – деген.

Қазақ халқы ежелден ынтымақ, татулық, бірлік ұғымдарын қастер тұтқан халық. Ру мен рудың, ағайын мен туыстың, көрші-қолаң мен жақын-жаранның бір-бірімен тату, сыйлы, бауырмал болуына аса мән берілген. Елдің үлкендері мен құрметті адамдары айналасына ақыл-насихатын айтып, ұрпақтарына өсиет қалдырып, елдің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтауға тырысқан. Қабан (Қабылиса) жырау бабамыз:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған.

Қоғамның бірлігі: «бірлікте болайық!» деген бір сөзбен бола қалатын іс емес. Қоғамда бірлік болуы үшін сол қоғамдағы әрбір адам бірлікке себеп болатын істерді жасап, қоғамның бөлінуіне алып келетін істерден сақтануы қажет.

Үшінші: аманатқа қиянат жасамау

Отбасымыз, кәсібіміз, дініміз, тіліміз бен діліміз, еліміз бен жеріміз, бәрі-бәрі – бізге аманат. Ал аманатқа қиянат жасалған қоғамда ізгілік өрге баспайды. Әр адам өз деңгейіндегі аманатты барынша сезінсе және соған сай әрекет етсе – өзін де, өзгені де бақытқа бөлейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етер болсаңдар, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей керемет насихат айтуда. Шүбәсіз Алла, толық естуші, бәрін көруші», – деп айтқан.

Қоғамда аманатшылдықтың болуы – адамдар арасындағы сенімділіктің артуына, бауырмалдықтың бұзылмай, бірліктің ыдырамауына ықпал етеді. Осы себепті де Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында аманаттың сақтаулына аса назар аударған. Хадис шәріпте:

أدِّ الْأمَانَةَ اِلَى مَنْ اِئْتَمَنَكَ و لاَ تَخُنْ مَنْ خَانَك

«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме», – деген (имам Әбу Дәуід, Термизи).

Иман сөзі мен аманат сөзі араб тілінде «әмәна» деген бір түбірден тарайды. Яғни мүминнің бойындағы аманатшылдық қасиеті сол иманының жемісі десек болады.

Мұсылманның бойындағы әрбір ізгі қасиет иманынан тарайды. Жаратушы Алла Тағаланың «Әл-Мумин» деген көркем есім-сипаты бар. Мағынасы: «Өзіне иланған пенделерін панасына алушы, түрлі қасіреттен сақтаушы» деген сөз. Аманат сөзі осы сөзбен түбірлес. Сондықтан аманатшыл адам Құдай Тағаланың осы сипатына сыйынып, қамқорлығына алғандарға пана болады, қиын-қыстау сәтте қасынан табылып жанашырлық танытады.

Қисса

Мүминдердің әміршісі Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде түн жамылып, халықтың жай-күйімен танысып жүреді. Бір кезде сүтке су қосқан анасына сөйлеп жатқан қыздың дауысын естиді: «Уа, анашым! Мұсылмандарды алдап, берген сертті бұзып, мүминдердің әміршісіне өтірік сөйлеп жатсың ба? Халифа Омар бұлай жасауға тыйым салған жоқ па?» – дейді.

Анасы оған: «Мүминдердің әміршісі мені көріп тұрған жоқ қой!» – деп уәж айтады. Сол кезде қызы: «Бізді мүминдердің әміршісі көрмесе де, әлемдердің Раббысы көріп тұрған жоқ па?» – деп жауап береді.

Бұны естіп тұрған хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) ертесінде сол үйге ұлын ертіп алып келіп, сүт сатушының қызына құда түсіп, оны өзіне келін етіп алған екен.

Төртінші: бүліктен сақтану

Бейбіт елдің тынышын алып, мазасын қашыратын нәрсенің ең бастысы – бүлік. Қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салып, қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер беті дұрысталғаннан кейін бұзғыншылық жасамаңдар», – деп айтқан. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес», – деп айтқан.

Халқымызда: «Білім іздеген өсер,  бүлік іздеген өшер» деген аталы сөз бар. Елінің бақытын көздеген адам бүлікті емес, қайта халыққа пайдасы тиетін іс жасауға тырысуы қажет.

Қазіргі күндері әлеуметтік желіде қоғамның арасына іріткі салу үшін қандай да бір тұлғаға жала жауып, істемеген ісін істеді деп, көпшілік арасында түрлі күмәнді ойлар салып жатады. Мұсылман адам қандай да бір ақпараттың дұрыс-бұрысын ажыратпай жатып оған сенуіне, көпшілікке таратуына болмайды. Өйткені мұндай іс сол қоғамның бірлігінің ыдырауына, ел арасында өсек пен өтіріктің белең алуына, соңында бүліктің шығуына ықпал етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 6-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَإٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар әкелсе, әуелі анық-қанығына жетіңдер, әйтпесе білмей тұрып, абайсызда бір елге кесірлерің тиіп кетеді де кейін істегендеріңе өкінесіңдер», – деп ескерткен. 

Сондықтан да ұлттық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізді іштен айдап салуға тырысатын топтарға көзсіз еріп кете беруден сақтануымыз қажет. Өйткені Отанын шынайы сүйе білген адам бүлікке емес, әрдайым бірлікке қадам басады.

Бесінші: қиналған жанға жәрдем беру

Жақсылық істе жәрдемші болу – мүмин адамның бойында болуы керек негізгі сипаттардың бірі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 2-аятында:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер», – деп айтқан.

Өзгелерге жәрдемші, тілекші болған адам әркез Алла Тағаланың жәрдемінде болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

وَاللَّهُ فِي عَوْنِ الْعَبْدِ مَا كَانَ الْعَبْدُ فِي عَوْنِ أَخِيهِ

«Қандай да бір пенде бауырына жәрдемдескен сайын Алла Тағала ол пендесіне жәрдем етеді», – деген (имам Әбу Дәуід).

Қоғамда адамдардың өзара жәрдемдесуі, қоғамның әркез береке мен бірлікте болуына ықпал етеді. Өйткені өзара жәрдемдесу арқылы адамдар бір-бірімен жақындасып, сыйластықтары артады. Қиналған сәтте өзге адамның жасаған көмегі ол адамның жадында ешқашан ұмытылмайды.

Жәрдем көрсету дүниесі бар адамның ғана ісі емес. Кейде жылы сөз, жылы лебіз сияқты көзге ілінбес кішкене ғана істің өзі жәрдем деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

تَبَسُّمُكَ فِي وَجْهِ أَخِيكَ لَكَ صَدَقَةٌ

«Бауырыңның жүзіне қарап жымиюың да – сен үшін садақа», – деген (имам Термизи).

Сол сияқты автобуста кетіп бара жатып үлкен кісіге орын беру, әлде бір кісінің көтере алмай бара жатқан затын көтерісу, адамдарға кедергі болмасын деген ниетпен жолдан зиянды нәрсені алып тастау, көзі көрмейтін жанды жолдан өткізіп жіберу, білмейтін адамға үйрету сияқты істердің барлығы да үлкен сауап.

Ең бастысы қиналған адамның дәл уақытында қасынан табылып, өзіңіздің тілектес екеніңізді білдіріп, жанашырлығыңызды таныту.

Қадірменді жамағат!

Әдетте қасиетті Құран аяттарында намаз бен бірге зекет беру бірге айтылады. Себебі намаз оқу арқылы пенде Жаратушының бұйрығын орындап, рухани кемелденетін болса, парыз етілген зекетті беру арқылы қоғамға пайдалы іс жасайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 71-аятында:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۚ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ أُولَٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

«Мүмин ерлер мен мүмин әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға және Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла мейіріміне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана», – деп айтқан. 

Жалпы әрбір адамның қоғамдық жауапкершілік пен міндеттерді сақтауы өте маңызды. Бұл істерді атқаруға қаншалықты тиянақты болсақ, соншалықты қоғамымыз да берік әрі тұрақты болмақ.

Алла Тағалаға халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

ҚҰРБАН АЙТ-2024: ҚАСАПШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен қасиетті Құрбан айт мейрамына орай «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің ұйымдастыруымен «Қасапшылық – сауапты hәм жауапты іс» тақырыбында онлайн-офлайн семинар өтті.

Семинарға Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы Батыржан Берденұлы,  «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Бақзейнелұлы және жергілікті бақылаушылар мен технологтар, өңірлік қасапхана қызметкерлері қатысты. 

Бөлім меңгерушісі Батыржан Берденұлы қасапшылықтың маңызды іс екенін атап өтіп: «Алла Тағала Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…» Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды, сондықтан малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», – деп айтқан. Сондықтан құрбан шалудың әдебін, шарттарын біліп алу керек» деді 

Айбек Асқарбекұлы барлық өңірде құрбандық шалатын арнайы орындар әзірленіп, әрбір қасапханада сертификатталған қасапшылар қызмет атқаратынын жеткізді. Және де шариғат нормаларын сақтап, халал стандартқа сай мал сою – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Бауыржан Әбдуәлі мен Данияр Бақзейнелұлы құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндіріп, халал стандартқа сай мал бауыздау және ет өңдеу шарттарын баяндады. Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

muftyat.

РАНТ МҮШЕСІ ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Республикалық ақпараттық -насихат  тобының мүшесі  Ғазиз Ахметов Нұртайұлы арнайы іссапармен Солтүстік Қазақстан облысына келді. 

Іссапар барысында облыс имамдарына көркем уағыз насихат айту жұмыстары бойынша семинар өткізді.

          Сонымен бірге, ақшам намазынан кейін Қызылжар орталық мешітіне жиналған жамағатқа және құптан намазының алдында уағыз- насихат айтты. Онда бала тәрбиесінің мән- мағынасы, отбасы құндылықтары, қазіргі уақытта  дау тудырып жүрген мәселелер жайында насихат айтылды.

Ғазиз Нұртайұлы Қызылжар телеарнасының   «Руханият» бағдарламасына «Құмар ойындарының зардаптарының алдын алу және құмар ойындарынан қалай арылу керек?» тақырыбы бойынша сұқбат берді.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ЕЛДІГІМІЗ БЕН БІРЛІГІМІЗДІҢ РӘМІЗІ ТҰҒЫРЛЫ БОЛҒАЙ

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
 
 

Қадірлі отандастар!

Елімізде 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күнінде Туымызды, Әнұранымыз бен Елтаңбамызды құрметтеу, оны халыққа дәріптеу сынды игі іс-шаралар жүзеге асады. Ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуде айтулы күнінің маңызы ерекше.

Асыл дініміз Ислам рәміздерге ерекше мән береді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбеті үшін маңызды оқиғалар кезінде ту мен жалау ұстаған. Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалауға қатысты арнайы тарау арнаған.

Отан – құрмет пен бағалауға лайықты құндылық. Әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсететініміз сондықтан. Бұл – мұсылман мемлекеттерінде көрініс тапқан жақсы үрдіс. Шариғатымыз мемлекеттік ту көтерілгенде, әнұран орындалғанда құрмет көрсетуге рұқсат береді.
 

Құрметті қауым!

Мемлекеттік рәміздер – әр азаматқа ерекше жігер мен патриоттық сезім сыйлайтын құндылықтар. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз әркез шырқалып, елтаңбамыз елдігіміз бен бірлігіміздің символына айналғай.

Алла Тағала ұрпағымызды иманды, ұлтжанды етіп, еліміз бен жеріміздің болашағы жолында аянбай еңбек ете беруін нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болғай. Әмин!  

РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ САҒАТ ӨТТІ

2024 жылдың 29 мамырында С. Мұқанов атындағы Облыстық ғылыми кітапханада СҚО әкімдігінің дін істері басқармасының бастауымен Рухани-адамгершілік тәрбие, патриотизм мен салауатты өмір салтын нығайту тақырыбында ақпараттық сағат ұйымдастырылды. Аталған іс шараға Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы және православ дін өкілдері, мектеп, колледж директорларының орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар, ата-аналар қауымы, колледж студенттері қатысты. Шараның тақырыбы өте ауқымды және жастар үшін өте маңызды. Онда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, рухани адамгершілік, еңбек құндылығы, Отанға деген сүйіспеншілік туралы сөз болды. Шараға қатысқан өзге ұлт өкілдері мен қаракөз жастарымызға бүгінгі мән-мағынасы кең ақпараттық сағат жақсы әсер қалдырды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҚАЖЫЛЫҚ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!

Исламның бес тірегінің бірі – қажылық. Қажылық сөзі – араб тіліндегі «әл-хажжу» (الحَجُّ) ұғымының баламасы. Тілдік мағынасы: ұлық тұтқан нәрсеге талпыну, оны мақсат тұту дегенді білдіреді. Шариғатымызда: балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі табылған мұсылманның зул-хижжа айында Алла Тағалаға құлшылық ету үшін Меккеге барып, бекітілген амалдарды орындауын «қажылық» деп атаймыз. Қажылық ғибадатан орындау денсаулығы мен материалдық тұрғыдан шамасы келуші әрбір мұсылманға – парыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 97-аятында:

وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا 

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بُنِيَ الإسْلامُ علَى خَمْسٍ، شَهادَةِ أنْ لا إلَهَ إلَّا اللَّهُ، وأنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ ورَسولُهُ، وإقامِ الصَّلاةِ، وإيتاءِ الزَّكاةِ، وحَجِّ البَيْتِ، وصَوْمِ رَمَضانَ

«Ислам бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед Алланың Елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, Қағбаға қажылық жасау және Рамазан оразасын ұстау», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Қажылық ғибадатын қазақ халқы ерекше құрметтеп, оны «Ұлы сапар» деп атаған. Қажылыққа барып келген адамды «қажы» деп қадірлеп, төрге шығарып, батасын алуға тырысқан. Шаңырағына қажы адам қонақ болып түскенде нәрестелі болған үй перзентіне Қажыгелді, Қажымұрат, Қажыбай деген сияқты есімдер қойған. Мәшһүр-Жүсіп бабамыз:

Бірі: қажы – бес парыздың – бай адамға,
Төрт түлік төңірегі сай адамға.
Парыз емес уақа жоқ бармаса да,
Ауқаты аз, қолы қысқа жай адамға.
Пайғамбар: «Байлар қажыға жүрсін!» – депті,
«Мені келіп үмбетім көрсін!» – депті, – 
деген.

Қажылық турасында Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты кітабында: «Қаж қылуға қаражатты да, һәм үй-ішінің нәпақасына да малы жетерлік байларға ғұмырында бір мәрте қаж қылмақ парыз», – десе, Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Қаж ету дегеніміз өмірде бір рет Мекке шаһарында болғушы қағбатуллаһты, яғни Аллаға құлшылық ететін үй деп танылатын орынға барып, зиярат ету. Қағбаттулаға барып тәуап ету күндегілік я болмаса жыл сайын міндетті амал емес, шамасы келген адам өмірінде бір рет барып қайтса, мойнынан парыз кәміл түседі», – деп түсіндірген.

Қажылық құлшылығы сыртқы рәсімдерді орындаумен қатар іштей, рухани дайындықты да қажет етеді. Сол себепті әрбір қажылық парызын өтеуді ниет еткен адам қажылығын кемел түрде орындауы үшін мынадай рухани істерге мән беруі қажет:

Бірінші: ниетті дұрыстау

Ниет – құлшылықтың рухы. Ниетсіз атқарылған құлшылық жансыз дене іспеттес. Ниет дұрыс болса, адамның атқарған амалы дұрыс, ал ниет бұрыс болса, адамның амалы да бұрыс болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зумәр» сүресі, 2-аятында:

  إِنَّا أَنْزَلْنَا إِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ فَاعْبُدِ اللهَ مُخْلِصًا لَّهُ الدِّينَ

«Біз саған осынау Кітапты ақиқатпен түсірдік. Ендеше, дінді Аллаға арнап, ықыласпен құлшылық ет», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّمَا الأعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى

«Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты. Расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі», – деген (имам Бұхари).

Имам Әбу Дәуід (Алла оны рақымына алсын): «Хадистегі «Амалдар ниетке байланысты» деген сөз исламның тең жартысын құрайды. Әрбір амалдардың сыртқы формасы бар. Ол көзге көрініп тұрады. Біз мұны «Заһири» деп айтамыз. Мысалы, намаз оқу, ораза ұстау, қажылық жасау, зекет беру сияқты. Алайда мұның ішкі жағы бар. Мұны біз «Батыни» дейміз. Ол көзге көрінбейді. Бұл – пенденің ішкі ниеті» деген.

Сондықтан қажылыққа баруды ниет еткен адам, бұл құлшылықты бір Алланың ризалығы үшін атқарып, атаққұмарлық немесе даңққа бөлену секілді жат ниеттен сақ болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا ، وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ

«Расында Алла шынайы ықыласпен тек Оның ғана ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген (имам Нәсәи).

Дүниелік атақ-мансапты көздемей, шынайы Алланың разылығын көздеп қажылық жасаған пенделеріне Жаратушының екі дүниеде берер сыйы өте үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

الْعُمْرَةُ إِلَى الْعُمْرَةِ كَفَّارَةٌ لِمَا بَيْنَهُمَا، وَالْحَجُّ الْمَبْرُورُ لَيْسَ لَهُ جَزَاءٌ إِلَّا الْجَنَّةَ

«Бір ұмра (кіші қажылық) екінші ұмраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға – кәффарат (кепілдік), ал мәбрур қажылықтың сауабы тек қана – жәннат», – деген. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) былай дейді:

أَنَّ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم سُئِلَ: أَيُّ الْعَمَلِ أَفْضَلُ فَقَالَ: إِيمانٌ بِاللهِ وَرَسُولِهِ قِيلَ: ثُمَّ ماذا قَالَ: الْجِهادُ في سَبيلِ اللهِ قِيلَ: ثُمَّ ماذا قَالَ: حَجٌّ مَبْرورٌ

Алла  Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең абзал амал қандай?» – деп сұралғанда, Ол: «Аллаға және Елшісіне деген иман», – деді. «Сосын қайсы?» – делінді. Ол: «Сосын Алла жолындағы күрес», – деді. «Сосын қайсы?» – делінді. Ол: «Сосын мәбрур (игі) қажылық», – деді (имам Бұхари, Мүслим).

Имам ән-Нәуәуи «Мәбрур (игі) қажылық» дегенді «ешқандай күнә араласпаған қажылық» деп түсіндіреді.

Кей адамдар «Намаз оқымайтын адам қажылық жасай алады ма?» – деп сұрап жатады. Негізі намаз, ораза, зекет сияқты құлшылықтардың барлығы – парыз. Алайда намаз оқымайтын және рамазан оразасын ұстамайтын мұсылман қажалыққа барса да қажылығы дұрыс болады. Ал қабыл болу, болмауына келетін болсақ, тіпті намаз оқушы мұсылманның қажылығы қабыл болады ма, болмады ма, оны бір Алла Тағала ғана біледі.

Қисса

Ибн Ғақил атты ғалым, өзінің жас күнінде басынан өткен мынадай бір оқиғаны баяндаған: «Кезінде қажылықта болғанымда, інжумен безендірілген қымбат бір алқа тауып алған едім. Иесін іздегенімде: «бір қария алқа жоғалтып, соны сұрастырып жүргенін көрдік», – деген кісілерді жолықтырдым. Көп ұзамай ол қарияны да тауып алып, қолына алқаны ұстаттым да, кете бердім. Қажылығымды аяқтағаннан кейін  жолшыбай Халәб қаласына кіріп, түн ішінде бір мешітте намаз оқып, қатты шаршағандықтан сол жерде ұйықтап қалыппын. Таң намазының уақыты болғанда адамдар мешітке жинала бастады. Мешітке келген ақсақалдармен танысып едім, олар маған: «Мешітіміздің имамы жақында дүниеден озып еді. Бізге имамдыққа шығып, таң намазын жүргізіп берсеңіз», – деп өтініш айтты. Алдарына шығып, имамдық еттім. Намаздан кейін мешіт ақсақалдары: «Біз сіздей адамды таппай жүр едік. Мешітімізге тұрақты имам табылғанға дейін бізге имам болыңыз», – деп, тағы өтініш білдірді. Өтініштерін кері қайтармай, бір жыл сол мешітте қызмет еттім. Мешіт ақсақалдарынан еліме қайтуыма рұқсат сұрағанымда: «Бізге имамдық етіп, балаларымызға білім үйретіп, тәрбие бердіңіз. Енді біздің елге күйеу бала болғаныңызды қалаймыз» – деп, маған сол мешітте имам болып, дүниеден өткен қарияның қызын алып берді. Некеден кейін жарымның мойнынан өзім қажылықта тауып алған алқаны көріп, қатты таң қалдым. Ол жайында жұбайымнан сұрағанымда, ол: «Бұл әкем марқұмның маған қажылықтан арнайы алып келіп, тарту еткен сыйы еді. Қажылықта әкем бұны жоғалтып алып, тауып алған адам өте аманатшыл болып шығып, әкеме қайтарып беріпті. Әкем сол кісінің ісіне дән риза болып, «менің күйеу баламды да сондай тақуа етші», – деп, әрдайым дұға ететін», – деді. Сонда менің көзіме жас келіп, Алла Тағаланың қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 30-аятындағы:

إِنَّا لا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا

«Алла ізгі іс істегеннің іс-амалын зая кетірмейді», – деген аятын оқыдым.

Екінші: қажылыққа дайындалу

Кез келген маңызды іс дайындықты қажет етеді. Оқуға түсерден бұрын емтиханға дұрыс дайындық жасамаған адамның оқуға түсуі екіталай. Сол секілді намаз оқыр алдында адам баласы дәрет алып, тазаланып, дайындалады. Парыз етілген рамазан айының алдында режеп, шағбан айларында нәпіл оразаларды көбірек ұстап, қасиетті айға рухани дайындалады. Қажылыққа ниет еткен адам да ертерек рухани және материалдық түрде дайындалуы қажет.

  • Рухани дайындық: Ең әуелі қажылықтың парыз, уәжіп, сүннет амалдары жайында оқып білімімізді кеңейту аса маңызды. Ол мешіттеріміздегі арнайы бекітілген ұстаздардан білім алу, қажылық турасында жазылған арнайы кітаптарды оқу арқылы болады. Қажылық рәсімі кезінде айтылатын дұғаларымызды жаттау, ол дұғалардың мағынасын түсіну, қасиетті жерлерде болған маңызды оқиғалар турасында пайғамбарлар тарихынан оқып білу. Өйткені бұл қасиетті жердің қадірін түсінуімізге, оны құрмет етіп, ғибадат-құлшылығымызды ерекше ықыласпен, рухани ләззатпен орындауымызға себепші болады.
  • Материалдық дайындық: Материалдық дайындыққа қаржылық тұрғыдан дайындалу, ихрам киімін алдын-ала сатып алу, басқа да қажеттіліктерін дайындау сияқты істер жатады. Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) қажылықтың парыз етілгені турасында айтылған «Әли Имран» сүресі, 97-аятындағы:

مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا 

«… шамасы келетін әрбір адам үшін», – дегеннің  мағынасын сұрағанда ол: «Жол азық пен көлік», – деп жауап берген (имам Бәйһақи).

Қажылық ғибадатын атқару барысында елдегі отбасы таршылық көрмеуі үшін қажетті нәпақа жинап қою да өте маңызды іс. Себебі қажылыққа аттанушы кісі қажылықтан оралғанша артында қалатын отбасының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етпей кетсе, күнәға ие болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كَفَى بِالْمَرْءِ إِثْمًا أَنْ يُضَيِّعَ مَنْ يَقُوتُ

«Қамқорлығындағы кісіні (отбасын, бала-шағасын) қараусыз қалдыруы адам үшін күнә ретінде жеткілікті», – деген (имам Әбу Дәуіт).     

Үшінші: қажылық ғибадатын атқаруда құлшылыққа мұқият болу

Қажылыққа барушы адам бұл сапардың саяхат не демалыс үшін емес, құлшылық жасау үшін баратын сапар екендігін есте ұстап, уақытының басым көпшілігін құлшылыққа арнауы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 197-аятында:

الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَّعْلُومَاتٌ ۚ فَمَن فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلَا رَفَثَ وَلَا فُسُوقَ وَلَا جِدَالَ فِي الْحَجِّ ۗ

«Қажылық – белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрамға кіріп) қажылық жасауға міндеттенсе, әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жасау сынды істерден аулақ тұрсын», – деп айтқан.

Қасиетті мекендерде жасалған әрбір құлшылық өзге мешіттерде оқылған намаздардан сауабы әлдеқайда артық. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

صَلَاةٌ فِي مَسْجِدِي أَفْضَلُ مِنْ أَلْفِ صَلَاةٍ فِيمَا سِوَاهُ إِلَّا الْمَسْجِدَ الْحَرَامَ، وَصَلَاةٌ فِي الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ أَفْضَلُ مِنْ مِائَةِ أَلْفِ صَلَاةٍ فِيمَا سِوَاهُ

«Менің бұл мешітімде оқылған бір намаз – әл-Харам мешітінен басқа мешіттерде оқылған мың намаздан артық. Ал әл-Харам мешітінде оқылған бір намаз – одан басқа жерде оқылған жүз мың намаздан артық», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Сол үшін де қажылық уақытында дүкен аралап, басқа да барған мақсатқа сай келмейтін істермен айналысып кетпей, құлшылыққа ден қойып, бес уақыт намазды әл-Харам мешіті мен Пайғамбар мешітінде өтеуге мән беріп, намаздарға ертерек барып, зікір мен тәсбих айтып, Құран оқып, дұға етіп, Аллаға жалбарынып, жамағатпен намаз оқуға мұқияттылық таныту керек. Әсіресе нәпіл намазды көбірек оқуға мән беру маңызды. Қажылық сапардың басты ерекшелігі де – осы.

Төртінші: сабырлы болу

Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахл» сүресінің 96-аятында:

وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтқан.

Қажылық құлшылығы Алла Тағаланың бұйрығы болғандықтан оны орындауда пендеге сабырлық қажет. Себебі күннің аптап ыстығында құлшылық жасау, мұсылмандар топтасқан қоғамдық орындарда кезек күту, иық тірескен көпшілікпен бірге Қағбаны бірнеше мәрте тауап ету, жамаратқа тас атуға жаяу апаратын ұзақ жол, ыстықта шөл қысу, қажылық кезінде ыңғайсыз жайттар орын алса ұстамды болу т.б. істерді сабырлы жан ғана атқара алады. Міне, осы сабыры үшін Алла Тағала ол адамға зор сыйлықтар уәде еткен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисінде Алла Тағала былай дегенін айтқан: «Құлдарым жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шаштары ұйысқан (жол жүріп, шаршап шалдығып) күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Уа, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!».


Бесінші: риякерлікке жол бермеу

Қажылық кезінде мұқият болу керек болған істің бірі – риякерлік. Дінімізде риякерлік деп – Алланың ризалығы үшін деп атқарылуы керек болған қандай да бір ізгі амалды адамдарға көрсетіп, олардың алғыс-рахметі мен мақтауына ие болу үшін жасауды айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) бір күні сахабаларына:

إِنَّ أَخْوَفَ مَا أَخَافُ عَلَيْكُمْ الشِّرْكُ الْأَصْغَرُ . قَالُوا : وَمَا الشِّرْكُ الْأَصْغَرُ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الرِّيَاءُ

«Шын мәнінде сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқатыным кіші серік келтіру»,  – дейді. Сонда адамдар мұның мәнісін түсінбей: «Уа, Алланың Елшісі! Кіші серік келтіру дегеніміз не?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Риякерлік», – дейді (имам Ахмад).

Қажылығымызға риякерлік алмаспауы үшін онда атқаратын құлшылықтарымызды ел-жұртқа жарияламастан, сауабын бір Алладан үміт етіп атқару керек. Мәселен, Қағбаның алдында тұрып, тауап етіп жүріп, Қағбаны ұстап тұрып, қара тасты сүйіп жатып, сағи жасап жүріп, Пайғамбар қабірін зиярат ету кезінде суретке түсіп, мақтану ниетімен әлеуметтік желіге салу, оны мақтангершілікпен жариялау риякерлік болып есептеледі.

Қадірменді жамағат!

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні құтпасында: «Уа, адамдар! Алла сендерге қажылықты парыз етті, қажылық жасаңдар!» – деп айтқан. Сонда бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі! Әр жылы ма?» – деп сұрады. Ол кісі сұрағын үш қайталағанша Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үндемеді. Кейін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер мен «Иә», – деп жауап бергенімде (қажылықты әр жылы атқару) парыз етіліп, оған шамаларың келмейтін еді!» – дейді (имам Мүслим).

Алла Тағала биылғы қажылық сапарына ниет етіп отырған жандардың ниетін қабыл етіп, ұлы сапарға амандықта барып келулерін, қажылықтары қабыл болған қажылықтар қатарында болуын нәсіп еткей!

Алла Тағала халқымызды түрлі табиғи апаттардан сақтап, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

ШҰҚЫРКӨЛ АУЫЛЫНДА МЕШІТ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Өңіріміздегі  Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шұқыркөл ауылы аудан орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта жатыр. Шұқыркөл ауылдық округіне Шұқыркөлден басқа «Қазақстанның 15 жылдығы», Жаңасу ауылдары да кіреді. Жалпы халық саны 3,5 мыңнан асады. Бұл округте негізінен қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары. Сондықтан да мұнда халыққа мешіт салу қажеттігі туындап, Алланың қалауымен мешіттің құрылысы басталған болатын.  Бүгінде ауылдың ахуалын және мешіттің құрылысын көру үшін Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Хажымұратұлы арнайы барып ауыл ақсақалдарымен кездесті.

Мешіт құрылысын «Атамекен» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Бас имам Хамзат Қажымұратұлы Алланың жердегі үйін салуға үлестерін қосып жатқан азаматтарға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО/// СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы Алматы қаласына барған іссапарында Нұр-Мүбәрак университетінде оқып жүрген солтүстікқазақстандық бір топ студенттермен кездесті.

Арнайы жасалған дастархан басында бас имам студенттерге жазғы демалыс уақытында кітап оқып білімін шыңдаумен айналысу қажеттігін және өңіріміздің сенім артқан түлектері ретінде өздерін тәртіпті ұстау бойынша әңгімелесті.

Содан кейін «Зекет» қайырымдылық қорының атынан әрбір студентке  50 мың теңгеден бір реттік сыйақы тапсырылды.

Іссапар барысында Солтүстік өңірдегі мешіттерде кадрлық мәселені реттеу бойынша Нұр Мүбарак университетінің проректоры Құрманбаев  Қайратпен кездесті.  Онда дін қызметкерлерінің қандай  аудандарға қажетті және саны бойынша нақты сұраныс хат жіберуін, сонымен бірге «Оңтүстіктен Солтүстікке көшу» бағдарламасы бойынша  да ұсыныстар беру туралы сөз болды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО/// ЗИРАТТАРҒА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

ҚМДБ-ның СҚО өкілдігінің ұйымдастыруымен «QАМQOR-SНARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қатысуымен Қызылжар ауданы Бескөлауылындағы мұсылмандар зиратында «Өткенге құрмет – тіріге міндет» жоспарлы шара аясында  тазалық жұмыстары жүргізілді.

ҚМДБ-ның тапсырмасына сәйкес, жер-жерлерде мешіт ұжымы мен жамағаттарының қатысуымен өтіп жатқан сенбілік жұмыстарына дін қызметкерлері мен ерікті жамағат, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мекемелер де қатысты.

СҚО-ның бас имамы Хамзат Қажымұратұлының тапсырмасымен өткен шара барысында «QАМQOR-SНARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының облыс бойынша жауапты меңгерушісі Жумажанов Мақсат  қатысушыларға сауапты істер, тазалық жұмыстары жөнінде насихатын жеткізіп, жыл сайын қолға алынып отырған сауапты іске ұйытқы болып,  тазалық  жұмысына жұмыла  атсалысқан барлық мұсылмандарға ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, бейіттегі марқұмдардың рухына арналып қасиетті Құран бағышталды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲