ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

ЖЕТІМНІҢ АҚЫСЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Асыл дініміз Ислам мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, қамқорлық танытуға бұйырады. Мұқтаж деп танылатын адамдардың қатарында ең әуелгісі –жетімдер. Дінімізде жетім деп анасы мен әкесі бірдей жоқ болған баланы айтумен қатар, анасы бар бола тұрып, әкесі жоқ болса да жетім деп танылады. Ал жетімге қамқорлық деп жетім қалған кішкене баланың қажетінде болуды, қамқорлық етіп, оны тәрбиелеуді, ер бала болса, ер жеткенге дейін, қыз бала болса, бой жетіп, тұрмыс құрғанына дейін оған жақсылық жасауды айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 2-аятында:

وَآَتُوا الْيَتَامَى أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَتَبَدَّلُوا الْخَبِيثَ بِالطَّيِّبِ وَلاَ تَأْكُلُوا أَمْوَالَهُمْ إِلَى أَمْوَالِكُمْ إِنَّهُ كَانَ حُوبًا كَبِيرًا

«Жетімдердің мал-мүліктерін беріңдер, жаманды жақсымен алмастырмаңдар. Олардың мал-мүліктерін өз мал-мүліктеріңе қосып жемеңдер. Өйткені ол – үлкен күнә», – деп, жетімдерге қамқор болуды бұйырып, олардың ақысын жеуден сақтандырып, ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар Хабашстанға қоныс аударып барған уақытта, Жағфар ибн Әбу Талиб есімді сахаба Хабашстан патшасы Ән-Нажашиге былай деп айтқан: «Алла Тағала бізге өз арамыздан Пайғамбар жіберді. Оның шыққан тегін, шыншыл екендігін, аманатқа қиянат жасамайтындығын, арының таза екендігін жақсы білеміз. Ол бізді Алла Тағаланы жалғыз деп білуге, Оған ғана құлшылық жасауға шақырды. Біз және біздің бұрынғы бабаларымыз құлшылық жасаған тастар мен пұттарға сыйынбауымызды бұйырды. Сонымен қатар, бізді сөзде шыншыл болуға, аманатты орындауды, туыстық қатынасты сақтауды, көршіге жақсылық жасауға бұйырып, харам істерден, қан төгуден, арсыздықтан, өтірік ант беруден, жетімнің ақысын жеуден, ары таза әйелдерге күнә тағудан тыйды» (имам Ахмад).

Дін мен дәстүрін ұштастыра білген ата-бабаларымыз «Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр», «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деп жетімі мен жесірін еш уақыт жылатпай, халық болып қамқорлық еткен.

Жетімге қамқорлық танытумен қатар әрбір мұсылман жетім баланың алдындағы ақыларын біліп, олардың ақысына кіруден сақтануы қажет.

Жетімнің ақылары

Бірінші: мал-дүниесіне қол сұқпау

Жетім балаға тиесілі мүлікті әлсіздігін пайдаланып тартып алу, мал-дүниесіне қол сұғу – үлкен күнә. Халқымызда «Жетімнің босағасы алтыннан болса да дүниесі арам» деген сөз бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 10-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ أَمْوَالَ الْيَتَامَى ظُلْمًا إِنَّمَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ نَارًا وَسَيَصْلَوْنَ سَعِيرًا

«Жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жегендер, шын мәнінде іштеріне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады», – деп ескерткен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімнің ақысын жеуді жеті үлкен күнәнің біріне жатқызып, былай деген:

اجْتَنِبُوا السَّبْعَ الْمُوبِقَاتِ ، قَالُوا : يَا رَسُولَ اللَّهِ وَمَا هُنَّ؟ قَالَ: الشِّرْكُ بِاَللَّهِ ، وَالسِّحْرُ ، وَقَتْلُ النَّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إلا بِالْحَقِّ ، وَأَكْلُ الرِّبَا ، وَأَكْلُ مَالِ الْيَتِيمِ ، وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ ، وَقَذْفُ الْمُحْصَنَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ الْغَافِلاتِ

«Жеті апатты күнәлардан сақтаныңдар», – деді. Адамдар: «Уа, Алланың Елшісі, бұл қандай күнәлар?» – деп сұрады. Ол: «Алла Тағалаға ортақ қосу, сиқыр, Алла өлтіруге тыйым салған жанды өлтіру, өсімқорлық, жетімнің дүниесін жеу, жаудан қашу, иманды әрі таза арсыз істі (жасамақ тұрмақ) ойларына да алмайтын әйелдерді арсыздыққа барды деп айыптау», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Екінші: жетімдерге құрмет көрсетіп, қамқор болу 

Тағдыр тауқыметін көріп жүрген жетімдерді адам баласы барынша құрметтеп, қамқор болып, оларды мүсіркеуден, төмен көруден сақтану қажет. Қолдан келгенше көмек көрсетіп, садақа беруге тырысу керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында:

وَاعْبُدُوا اللهَ وَلاَ تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ

«Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар», – деп айтқан.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхұдтан оралып келе жатқан кезінде алдынан Бәшир деген бала шығып: «Әкем қайда?» – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз: «Әкең дүниеден озды. Алла оны рақымына алсын», – деп көңіл айтады. Сол арада баланың көз жасы көл болып жылай бастайды. Алла Елшісі тоқтап: «Жылама!» – деп, оның көңілін жұбатып: «Мен сенің әкең, ал Айша анаң болуын қалайсың ба?» – деп сұраған еді. Бала: «Иә, қалаймын», – деді. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолымен Бәширдің шашын сипап, құшақтап, бауырына басып, оған жалғыздығы мен жетім қалғанын ұмыттырған еді.

Үшінші: қорған болу

Қасиетті Құранның «Кәһф» сүресінде екі жетім балаға Қыдыр мен Мұса пайғамбардың қорған болғаны жайында баяндалған. Қыдыр мен Мұса пайғамбар бір елді мекенге келгендерінде, құлағалы тұрған дуалды (қабырғаны) көреді. Алла Тағаланың берген білімімен Қыдыр ол дуалды түзетіп, оның бұлай жасауының себебін сұраған Мұса пайғамбарға бұның жайын былай деп түсіндіреді:

وَأَمَّا الْجِدَارُ فَكَانَ لِغُلامَيْنِ يَتِيمَيْنِ فِي الْمَدِينَةِ وَكَانَ تَحْتَهُ كَنزٌ لَّهُمَا وَكَانَ أَبُوهُمَا صَالِحًا فَأَرَادَ رَبُّكَ أَنْ يَبْلُغَا أَشُدَّهُمَا وَيَسْتَخْرِجَا كَنزَهُمَا رَحْمَةً مِّن رَّبِّكَ وَمَا فَعَلْتُهُ عَنْ أَمْرِي ذَلِكَ تَأْوِيلُ مَا لَمْ تَسْطِع عَّلَيْهِ صَبْرًا

«Ал, дуал болса, сол қаладағы екі жетім баланікі еді. Оның астында ол екеуіне тиісті қазына бар. Олардың әкесі ізгі кісі болғандықтан, Раббың ол екеуінің ержетіп, Раббыңның мейірімімен қазыналарын шығарып алуын қалады. Мен мұны өз шешіміммен істеген жоқпын. Міне, осы, сенің сабыр ете алмаған істердің мән-жайы» («Кәһф» сүресі, 82-аят).

Мұсылман адам жетімге қорған, пана болып, қолынан келгенше жәрдемдесуі керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Дұха» сүресі, 9-шы аятында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فَأَمَّا الْيَتِيمَ فَلَا تَقْهَرْ

«Ендеше жетімді қорлама!» – деп айтқан.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімге зәредей де қиянат жасамасы белгілі. Аманатқа ең берік болған ардақты Пайғамбарымыздың өзіне жетімнің ақысына қатысты осылай делінсе, біздер жетімнің ақысына кіруден қаншалықты дәрежеде сақтануымыз керектігін ойланған дұрыс.

Төртінші: мейірімділік таныту

Жетімге мейіріммен қарай білу адамның адамгершілігін көрсетіп қана қоймай, ішкі рухани кемелдігінің де дәлелі болмақ. Алла Тағала жетімге мейірленіп, тіпті оның басынан сипағына үшін де құлына мейірімін төгіп, шексіз сауапқа кенелтеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

منْ مَسَحَ عَلَى رَأْسِ يَتِيمٍ لَمْ يَمْسَحْهُ إِلَّا لِلَّهِ كَانَ لَهُ فِي كُلِّ شَعْرَةٍ مَرَّتْ عَلَيْهَا يَدُهُ حَسَنَاتٌ

«Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген әр шашы сайын жақсылық болады», – деген (имам Ахмад).

Жетімге қамқорлық танытудың артықшылығы

Жетімдерге лайықты түрде қамқорлық жасап, тиісті дәрежеде ақыларын беру үшін әрбір адам жетімге қамқорлық жасаудың мынадай артықшылықтары жөнінде білгені дұрыс. Олар:

Бірінші: жетімге қамқорлық ету үлкен сауапқа кенелтеді

Балдай тәтті балалық шағында батпандай мұңды арқалап, ата-анасынан айырылып, жанары жаутаңдаған жетім балаға қамқор болу – үлкен сауапты іс. Сәһл ибн Сағид (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَنَا وَكَافِلُ الْيَتِيمِ فِي الْجَنَّةِ هَكَذَا » وَأَشَارَ بِالسَّبَّابَةِ وَالْوُسْطَى وَفَرَّجَ بَيْنَهُمَا

«Мен жәннатта жетімді асырағанмен былайша бірге боламын», – деп, сұқ саусағы мен одан кейінгі саусағының арасын ашып көрсеткен хадисті жеткізген (имам Бұхари).

Әнас ибн Маликтен (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Үш топ адам қиямет күні Аршының көлеңкесінде болады: Ағайын-туысқандарымен қарым-қатынаста болғанның, оның өмірі ұзақ және ризығы берекелі болады. Бір әйел ері дүниеден өтіп, балаларымен жесір қалып, оларды Алла мұқтажсыз еткенге дейін тәрбиелесе және бір адам тамақ дайындап, жетім-міскіндерге жегізсе», – делінген.

Екінші: жетімге қамқорлық ету жүректі жұмсартады

Адам баласының денесіндегі ең маңызды ағзасы жүрек дейтін болсақ, сол жүрегіміздің қаттылықтан арылып, мейірімділікке толып, жұмсарып, ізгілік атаулыға тұрақтауына себепші болатын амалдар бар. Соның бірі жетім балаға мейірлене қарау, оның басынан сипау, қамқорлық ету. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мағун» сүресі, 2-5 аяттарында:

فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ. وَلا يَحُضُّ عَلَى طَعَامِ الْمِسْكِينِ. فَوَيْلٌ لِلْمُصَلِّينَ. الَّذِينَ هُمْ عَنْ صَلاتِهِمْ سَاهُونَ

«Ол жетімді кеудесінен итереді. Міскіндерді тойдырмайды, өзгені де ол іске әсте құлшындырмайды. (Ықылассыз) намаз оқитындарға нендей өкініш. Олар намаздарына салғырттық танытады», – деп айтқан.

Бұл аяттарда жетім мен міскіндер турасында айтылғаннан кейін бірден намаз мәселесі жөнінде баяндалған. Себебі намазда ең маңызды іс. Намазды шынайы ықыласпен оқып, жүрегімізбен Жаратушымыздың алдына тұрғандығымызды сезініп оқу. Ал жетім мен міскінге жәрдем ету адам жүрегіне жұмсақтық әкеліп, оның дұрыс (сәлим) болуына әсер ететіндіктен, аятта оларға жәрдемдесу мәселесінен кейін бірден намаз жайында айтылған.

Бірде бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, жүрегінің қатайып бара жатқандығын айтады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:

أَتُحِبُّ أَنْ يَلِينَ قَلْبُكَ وَ تُدْرِكَ حَاجَتَكَ؟ اِرْحَمْ الْيَتِيمَ وَامْسَحْ رَأسَهُ وَأَطْعِمْهُ مِنْ طَعَامِكَ يَلِنْ قَلْبَكَ وَ تْدْرِكَ حَاجَتَكَ

«Жүрегіңнің жұмсаруын, сөйтіп арманыңа жетуіңді қалайсың ба? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер.  Сонда жүрегің жұмсарады әрі арманыңа жетесің», – дейді (имам Ахмад).

Үшінші: жетімге қамқорлық ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметтің белгісі

«Сәйиду әл-әйтам» яғни «Жетімдердің мырзасы» деп аталған ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастайынан жетімдіктің дәмін татты. Әкесі Абдулла Алла Елшісі дүниеге келмей тұрып көз жұмған болса, анасы Әминадан алты жасында айырылған болатын. Алла Елшісінің бұлайша бала күнінен жетім қалуының өзіндік хикметтері бар.  Ол хикметтердің ең маңыздылары мыналар:

  1. Пайғамбарға міндеттелген дін мағлұматтарын әкесінен немесе атасынан алған деген әңгімелерге жол берілмеуі;
  2. Жаратушы Жаппар иеміз Пайғамбарымызды осылайша кішкентай күнінен Өзінің қамқорлығына алып, рухани тәрбиемен тәрбиеледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Дұха» сүресі, 6-аятында:

أَلَمْ يَجِدْكَ يَتِيمًا فَآوَى

«Сені жетім түрде тауып, пана болмады ма?» – деп айтқан. Осы себепті де жетімге құрмет көрсетуді ғалымдарымыз Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббаттың көрінісі екендігін айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де жетімдерге қамқорлық жасап, өзгелерді де осы сауапты іске шақырған.

Мысалы, арабтарда айт күндері әкелері балаларын түйелерге мінгізіп, ойнататын үрдіс бар еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күні мешіттен шыққанда бір қайғырып, жылап отырған баланы көзі шалады. Ардақты Пайғамбарымыз оның қасына келіп, жылауының себебін сұрағанда, бала: «Әкем тірі болғанда, мені басқа балалардың әкелері сияқты ойнататын еді», – дейді. Жетім баланың бұл сөзінен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңілі қатты елжіреп: «Егер мен сенің әкең, ал Айша анаң болса, разы боласың ба?» – дейді. Сонда бала: «Сіздің түйеңіз жоқ қой, мені неге мінгізесіз?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы кезде жетім баланы арқасына мінгізіп, баланың көңілін аулап, түйенің дауысындай етіп дауыс шығарып, оны армансыз ойнатқан екен.

Төртінші: жетімге жақсылық жасау – береке

Жетім баланы өз панасына алып, оларға өз баласындай қамқорлық жасап, мейірім танытқан шаңыраққа береке мен ырыс кірері сөзсіз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 220-аятында:

وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَى قُلْ إِصْلاَحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ وَإِنْ تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ

«Олар сенен жетімдер жайлы сұрайды. (Сұраушыларға) былай де: «Оларға қарайласу қайырлы іс. Оларды бауырларыңа басып, етене араласатын болсаңдар, әлбетте олар сендердің (діндес) бауырларың», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُحْسَنُ إِلَيْهِ وَ شَرُّ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُسَاءُ إِلَيْهِ

«Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй – оның ішінде жетім болып, оған жақсылық етілген үй және мұсылмандардың арасында ең жаман үй – ішінде жетімге жамандық етілген үй», – деген (имам ибн Мәжә).

Жетімге қамқорлық еткен үйге береке кіреді. Оған ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бала күнінде емізген сүт анасы Халима анамызды және оның үйіндегі берекені мысал етсек болады. Тарихшы ғалымдар Халима анамыз мекендеген Бәни Саадтың ауылында сол жылы құрғақшылық болып, көк шықпай, малдар сүтсіз қалғандығын баяндайды. Халима анамыздың үйіне сәби барғаннан бастап, олардың дастарқаны нанға, өрісі малға толып, үйдің айналасы көктеп, қойлары шөпті тоя жеп, жайылымнан желіндері жер сызып қайтатын болған.

Қадірменді жамағат!

Мұсылмандық қасиеттерді бойына сіңіре білген халқымыз «Қызғыш құсқа көл пана, жетім қызға ел пана» деп, жетімдерді мойындарына аманат деп біліп, жұрт болып оған қамқор көңілмен қараған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннаттың есіктерін ең алғашқы ашатын мен ғанамын, дегенмен, менен озуға тырысқан бір әйелді көремін, оған: «Саған не болды? Сен кімсің?» – деймін. Сонда ол: «Мен жетімдердің басында отырып, тәрбиелеген әйелмін», – дейді» (имам Әбу Яғлә).

Алла Тағаланың ризалығына лайық болуды қаласақ, жетімдерді қорғап, оларға қолдан келгенше, ие болып, оларды ауыр тұрмыс соққысынан, қиын жағдайдан құтқаруға тырысуымыз қажет.

Алла Тағала біздерді шынайы ықыласымен жетім-жесірлерге қамқорлық етіп, өз ризалығына бөленген, екі дүние мұратына жеткен бақытты құлдарынан еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САММИТТЕ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Бүгін Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан «Дүниежүзілік ислам ғұламаларының жоғары кеңес саммитінде» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.

«Біз Алланың адамзатқа жіберген соңғы діні исламды ұстанушы мұсылманбыз және әрбір елдің атынан келіп тұрған дінбасылармыз. Демек бізге артылар жауапкершілік пен қызмет өте ауыр.

Соңғы жылдары әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен соғыстар, діни алауыздықтар мұсылман әлемін айналып өтпеді. Соның бірі Палестинада орын алып жатқан қақтығыс баршамызды алаңдатып отыр.

Шын мәнінде, қасиетті Құдыс жерінде, атап айтқанда Ғазза секторындағы бауырларымыздың басына келген сынақ – бізге де қатысы бар сынақ деп айтар едім. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады» деген. Қазір осы хадиске амал ететін сәт деп ойлаймын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын – Құдыс жеріндегі қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреді және мәселенің бейбіт жолмен шешілуін тілейді.

Қазақстан мемлекеті палестиналықтардың өзін-өзі анықтауға және астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан 1967 жылғы шекарада халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін құруға заңды құқықтарын толық қолдайтынын мәлімдеген болатын.

2023 жылың 24 қазаны күні 12 араб мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшілері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына арнайы келіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Палестинадағы жағдайға қатысты айтқан сөзін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Палестинадағы қантөгіске қатысты ресми ұстанымын жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді.

Біз жер бетіндегі әрбір мұсылман өзінің тарихи Отанын, жерін қорғауы тиіс және оған мұсылман әлемі қолдау көрсетуі қажет деген ұстанымдамыз» деді Бас мүфти.

muftyat.kz

ЖАНҰЯ ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ

            Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ана «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» міндет. «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» деген ұғым бар. Жаратылыстың бәрі де жұп-жұбымен жаратылған. Адам да бұдан тысқары емес. Ер мен әйел бір-біріне мұқтаж етіп жаратылғандықтан, үйлену Адам ата мен Хауа анамыздан бері келе жатқан табиғи құбылыс. Халық түсінігі бойынша жастарды неғұрлым ерте үйлендірсе, жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпағы көп, дені сау, мықты болып қалыптасады деген. 13 жастан асқан соң, Исламның шариғат ережелері бойынша адам пенделік істерге барып, күнәһарлық жасай бастайды деп танылады. Бойдақ кезде үйдің де, түздің де бар ісін жалғыз арқалап жүретін жастар үйленгеннен кейін жұмыстарын өзара бөлісіп, бір-біріне тірек болады. Шаңырақтың жауапкершілігін сезініп, жинақылық пен жүйелілікке үйренеді. Үйленген жұптың әрқайсысының бойында жаңа қабілеттер ашылып, іскерлігі артады. Бір-бірінің кемшіліктерін толықтырады. Екі жарты бір бүтін болып өмірдің жаңа бір белесіне аяқ басады. Шаңырақ құру жастарды байсалдылыққа, сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді. Ұшқалақтық пен жеңілтектіктен арылтып, ақылды толыстырады. Үйлену арқылы адам баласы өзін түрлі күнәлардан қорғайды. Бұл турасында Пайғамбарымыз (салаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі, көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қорған» деп кеңес берген. Ең әуелі, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру ішінде бір-бірінен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салуы негізінде қан тазалығы мен осы арқылы ақыл-есі, дені сау ұрпақ өрбіту қамынан туындаған салт қалыптастырған. Сондықтан, шалғай жерлерде туып-өскендердің өзара некелесуінен туған балалардың дені сау, мықты болып өсетінін де қазақ о баста санаға әбден сіңіріп, бұлжымас қағидаға айналдырған. Екі жастың бас қосып, отбасын құруы ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады. Қазақтар , әдетте, «тең-теңімен, тезек қабымен» деген қағида бойынша ежелден сыйласатын, аралас-біліс, әлеуметтік деңгейі өзімен шамалас адамдармен құдаласатын болған. Қазақта құда болудың бірнеше түрі болған. Осындай т.б. жағдайларға байланысты құдалықтың «бел құда», «бесік құда» және «қарсы құда» деген негізгі түрлері қалыптасқан. Жастардың үйленуімен әке-шешелері де бір-бірімен танысып, құда-жекжат болады. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық», – деп жақыннан сыйласады. Келін түскен жерінің қызындай, күйеу бала қайын жұртына ұлдай болады. Өз әке-шешесінің қатарына ата мен ене қосылып, жанашырларының саны көбейе түседі. Туысқандары арқылы адамның өрісі кеңейіп, қолы ұзарады. Жақын адамдардың көбеюімен жүктері сәл де болса жеңілдейді. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен дәстүрлі дініміз Ислам өз кезегінде отбасына ерекше назар бөлетіндігін ойымызға сақтағанымыз дұрыс. Ал,  Исламда отбасы құру – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. Жанұяда әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышы қысқасы тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді.

             «Рум» сүресінің 25-аятында: «Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған» – дейді. Сондықтан, бақытты ғұмыр кешу үшін жанұя құруда жақсы жар таңдауда өте мұқият болу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) : «Кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некелеседі. Дүние-мүлкі, шыққан тегі, сұлулығы мен діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардың ішінде діндар болғанын таңда, үйің берекетті болсын» – десе, Абай хәкім өзінің өлең шумақтарында:

Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,

Кедей қызы арзан деп, құмарланба.

Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп келтіреді.

Қазіргі таңда үйленетін жастар көбінесе әйелдің тән сұлулығы мен дүние-мүлкіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін көпшілігі аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін мал-дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленетін болса, бір-біріне деген махаббаты сол қу дүниеге салынып, ақыры ажырасуға әкеп соқтырады. Сондықтан ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай дұрыс қадам жасағаны жөн. Еш кедергі жоқ бола тұра үйленбеу адам табиғатына, Алла Тағаланың жаратылыс заңына қайшы. Себебі, Алла Тағала адам баласын ер мен әйел етіп жаратқан. Ер кісінің де, әйел затының да өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондай-ақ ер кісі әйелге, әйел адам ер кісіге мұқтаж. Бұл − табиғи қажеттілік. Аятта айтылғандай: «Әйелдер (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, шаттыққа бөлейтін және көрікті қылатын) киім секілді, сендер де олар үшін дәл сондай киім секілдісіңдер» ( «Бақара» сүресі, 187-аят). Демек, әйелі күйеуінің, күйеуі әйелінің қажетіне жарап, бір-бірінің кемшіліктерін толықтырып, көзімен де, көңілімен де басқаны іздемейтіндей бір-біріне пана болса, қосағымен қоса ағарғаны.

Т. Байзахов

 «Тәубә» мешітінің

бас имамы

ТҮРКИЯДА МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САММИТІ БАСТАЛДЫ

Бүгін Түркияның Ыстамбұл қаласында «Дүниежүзілік ислам ғұламаларының жоғары кеңес саммиті» басталды.

Халықаралық жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, сондай-ақ мұсылман елдерінің бірқатар мүфтилері мен дін ғалымдары қатысып жатыр. Саммиттің пленарлық отырысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасайды.

Айта кетейік, екі күнге созылатын халықаралық басқосуда мұсылман әлемінің қазіргі таңдағы өзекті мәселелері, соның ішінде Палестина мұсылмандары, Ғазза тұрғындарының қазіргі жағдайы кеңінен талқыланбақ. 

muftyat.kz

СҚО/// ЖАСТАР АРАСЫНДА ФУТБОЛ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі, Қызылжар орталық мешіті, Жастар ісі секторының ұйытқы болуымен қаладағы  мешіттердің жамағаты арасында футболдан жарыс өтті.

Жарыста қаладағы мешіттерінің жамағатынан құралған құрама командалар бақ сынады.Тартысты өткен ашық турнирде  «Төтенше жағдай» құрама командасы үздік шығып жеңімпаз атанды. Жеңімпаз командаға және үздік ойыншыларға бағалы сыйлық пен арнайы дипломдарды  Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы  Хамзат Қажымұратұлы табыстады.Салауатты өмір салтын ұстанатын жастарға спортта да, өмірде де әрдайым жеңіс тіледі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО/ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Әйел қыздар секторының ұйымдастыруымен еліміздің барлық аймақтарында 3 мамыр күні  «Жақсылықта жарысайық!» қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілді.

Атаулы игі іске  Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің Әйел қыздар секторының мүшелері де белсене атсалысты.

          Алла-Тағала «Ар-Рахман сүресінде, «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?»  дейді. Расында, адамның ең жақсысы басқаларға пайдалы болғаны. Ал амалдардың ішіндегі ең сүйіктісі, адамның жүрегіне қуаныш сыйлауы. Қызылжар орталық мешітінде өткен «Жақсылықта жарысайық» қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен 248 000 мың теңге қаражат еліміздің су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына көмекке жұмсалатын болады.

          Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

БАС МҮФТИ ШУШАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Әзербайжан Республикасына барған сапарында Шуша қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысты.

Халықаралық басқосуда дін қайраткерлері догматизмге, радикализм және экстремизмге апаратын көзқарасты өзгертудің маңызын талқылады.

Сонымен қатар жастарды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, қоғамға адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, қазіргі әлемдік сын-қатерлерге жауап беру, дінаралық достықты нығайту сынды мәселелер сөз болды.

Басқосу соңында дін қайраткерлері жалпыға ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға уағдаласты. 

muftyat.kz

БАС МҮФТИ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астанада «Әзірет Сұлтан» мешіті ауласында Мәжіліс депутаттарымен бірге «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.

Ағаш отырғызу іс-шарасында Бас мүфти: «Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміз бойынша 2024 жылғы 8 сәуір мен 11 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жарияланды. Бұл бастамаға жер-жердегі дін қызметкерлері де үлес қосуда. Асыл дінімізде айналаны абаттандыру, тазалау, көгалдандыру жұмыстарына үлес қосу сауапты істердің бірі саналады. Бұл – жас ұрпақты ізгілік пен еңбекқорлыққа баулитын бастама. Сондықтан біз мұндай өнегелі істерді жан-жақты дәріптеуге көңіл бөліп келеміз», – деді.

muftyat.kz

ҚҰРАН ОҚУДЫҢ САУАБЫ ҚАНДАЙ?

Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Құран – құндылығы еш ескірмейтін кітап. Құран – бүкіл заман үшін, бүкіл адам баласы үшін жарамды қағидаттар мен құндылықтарға толы қасиетті кітап.

Құранды оқыған және оған амал қылған адамның қол жеткізер дүниесі өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде «Алланың кітабын шынайы түрде (яғни амал ете отырып) оқитын, намазды толық орындайтын және өздеріне берген рызық-несібемізден ізгілік жолында жасырын-жария жұмсайтындар ешқашан зиянға ұшырамайтын сауданы үміт ете алады. Өйткені Алла оларға тиісті сауабын толық береді. Сондай-ақ Өзінің шексіз шарапатымен олардың сыйын одан сайын арттыра түседі. Алла өте кешірімді және шүкіршіл (яғни әрбір ізгі ниет пен амалдың қарымын еселеп, артығымен беруші)», – дейді («Фатыр» сүресі, 29 аят). Яғни Құранды оқыған және оған амал қылған адамның еңбегі еш кетпейді. Алла Тағала оның бұл амалына еселеген сауап жазатынын уәде етіп тұр.

Бұл ақиқатты ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай баяндайды: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған он сауап жазылады»(Термизи). Ал басқа бір өсиетінде: «Кімде-кім Құранды оқыса және оған амал қылса, Қиямет күні ол адамның ата-анасына нұры күннің нұрынан да әдемі болған тәж кигізіледі. Ендеше, амал қылған адамның өзі жайлы не ойлайсыңдар?»– деген (Әбу Дәуіт). Демек Құранды оқып, оған амал қылған адамның өзіне бұдан да артық сый-сияпат көрсетіледі деген сөз.

Құран оқыған адам өзінің де, тыңдаушылардың да жанына рахат сыйлайды. Сондай-ақ өзін де, тыңдаушыларды да сауапқа кенелтеді. Бұл турасында Алла Тағала: «Құран оқылған кезде оған құлақ салып, үнсіз тыңдаңдар! Сол кезде Алланың рақымына бөленесіңдер», – деген («Ағраф» сүресі, 204-аят). Ал Құранды үйрену және оны басқаларға үйрету бізді ең жақсы адамдар қатарынан қылады. Себебі Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйренген және басқаларға үйреткендерің», – деп айтқан (Бұхари). Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Адамдар Алланың үйлерінің біріне жиналып, Алланың кітабын оқыса және бәрі бірге үйренсе, оларға тыныштық түседі (жүректерін тыныштық баурайды), оларды мейірім қаптап, жан-жағынан періштелер қоршап алады және Алла Тағала оларды періштелердің ішінде еске алады», – деген (Мүслим). Бұл хадистен Құранды көпшілікпен бірге оқып, Құранның үкімдерін көпшілікпен бірге үйренудің қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.

Құран оқудың осындай артықшылықтары себепті үмбетіне деген махаббаты ерекше Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді Құран оқуға шақырып: «Бұл Құранды оқыңдар. Себебі ол Қиямет күні өз иелеріне(яғни Құранды лайықты түрде оқып, амал қылған кісілерге) шапағатшы болады», – деген (Мүслим).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де Құранды үнемі оқитын. Әсіресе түнгі намаздарында ұзақ сүрелерді оқуды жақсы көретін. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі Хузәйфә ибн Иәмән (оған Алла разы болсын) мынадай риуаят жеткізген: «Бір күні түнде Пайғамбарымызбен бірге намаз оқыдым. Ол «Фатихадан» кейін «Бақара» сүресін оқи бастады. Мен жүз аят оқыған соң рукуғқа баратын шығар деп ойладым. Одан өтіп кетті. «Бақарамен» осы рәкағатты тәмамдайтын шығар деп ойладым. Одан да өтіп «Ниса» сүресін бастап кетті. Оны оқып бітті де, «Әли Имран» сүресін бастады. Соны оқып біткен соң барып рукуғқа барды» (Мүслим).

Сахабалардың да Құран оқуға деген махаббаты ерекше болған. Тіпті Абдулла ибн Амр (оған Алла разы болсын) есімді сахаба күн сайын ораза ұстап, түн сайын Құранды басынан бастап, соңына дейін толықтай оқып шыққан екен. Ол кісінің бұл әрекеті жайлы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізілгенде Алла елшісі оны шақырып алып, әр адамда жұбайының ақысы, тіпті өз денесінің ақысы бар екенін ескертіп, айына үш күн ораза ұстауын өсиет етеді. Ол одан да артық ораза ұстағысы келетінін айтқанда, күнара ораза ұстауға рұқсат берген. Сондай-ақ Құранды бір айда, ол болмаса 10 күнде, ең ұзағанда бір аптада бір рет толық оқуын, одан асырмауын өсиет қылған (Мүслим). Бұл риуаяттан аталған сахабаның ораза мен Құранға деген махаббатының күшті болғаны соншалықты, тіпті өзін ұмытып кететін дәрежеде болғанын, Алла елшісінің оған белгілі бір ережелерді түсіндіріп, қалыпқа салғанын көреміз.

Құран иманды күшейтеді. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Нағыз мүминдер – Алла еске алынса, жүрегі қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, иманы артып, Раббысына тәуекел қылатын (жандар)» («Әнфал» сүресі, 2-аят). 

Құран жанға тыныштық сыйлайды. Құранда бұл жайында: «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Рағыд» сүресі, 28-аят) делінген.

Құран оқыған адам жаны мен тәніне шипа табады. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді» («Жүніс» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят).

Құран қас дұшпаннан қорғайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында былай деген: «Кім таңертең «Аятүл күрсіні» оқыса, кешке дейін шайтаннан қорғалады. Ал кім кешке оқыса, таңға дейін қорғалады» (Хаким); «Кім түнде(жатарда) «Бақара» сүресінің ең соңғы екі аятын оқитын болса, ол оған жеткілікті болады»(Бұхари, Мүслим).

Құран адамның дәрежесін көтереді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла Тағала осы Кітаппен(амал еткен) қауымның(екі дүниеде де) мерейін өсіріп, ал (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады» (Мүслим) деген болатын. Құранды толық оқып біткен адамның дұғасы қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған қатысты: «…Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады» (Әбу Дәуд) деген.

Құран өзін оқушыға кешірім тілейді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді» (Муслим) деген. Құран оқыған адамға періштелер дұға жасайды. «Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді. Егер ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұға етеді» (Ахмад) делінген хадисте. 

Құран кісіні ең жақсы адамға айналдырады. Бұл жайлы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаға үйреткендерің» (Бұхари) деген болатын. Демек Алланың сөзін оқуды білсек, жиірек оқығанымыз жөн. Ал оқи білмесек, үйренуге ден қоюымыз керек.

Ерболат ЖҮСІПОВ,

Астана қаласының бас имамы

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл

ЖАҚСЫ НИЕТ ЖАРЫМ ЫРЫС

Аллаға мақтау, Пайғамабарымыз Мухаммедке сәлем салауаттар болсын. Алланың тура жолында болған ізгі құлдарына сәлемдер болсын.

Ислам діні иман сенімнен, ізгі амалдар жасаудан және жан дүниесінің тазалығынан тұрады. Иман сенімді – дін сөздігінде таухид, ақида, кәлам білімі, усулуд дин деген терминдерімен көптеген кітаптар жазылған. Алғашқылардан сенім турасында қалам тербеген салаф ғалымдардың ұстазы біздің мазхаб иесі Абу Ханифа (р.а) еді. Ал енді амалдарды реттейтін білім саласын дінде «Фиқһ» атауымен танымал. Намаз, ораза, қажылық, зекет сияқты амалдар жатады. Бұл айтылған амалдар арқылы біз адамның сыртқы көрнісін көреміз, ал адамның жан дүниесін, жүрегіндегі сезімін, ниетіндегі мақсатын Аллаға тапсырамыз. Адамның жан дүниесін жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелеп, рухани кемелділікке жеткізетін білімді «Ихсан» білімі деп атайды. Пайғамбарымыздың хадистерінде: «Ихсан дегеніміз Алланы көріп тұрғандай оған сиыну, құлшылық жасау, Алланы көрмесең де ол сені көріп тұр деп, құлшылықта болу» деген. Дінімізде ихсан білімін зерттейтін саланы тауассуф білімі деп атайды. Негізінен адам баласы періште мен хайуанның арасында жаратылған Алланың жаратылысы. Ақиқи құдайын танып, тура жолмен жүрсе, періштелердей дәрежеге жетеді. Ал нәпсісінің жетегінде кетсе, ондай жағдайда Алланың алдыңда құрметі жоғалып, адасушылыққа түседі. Құранда «Наба» сүресінің соңғы аятында ондай адам: «Әттең топыраққа айналып кетсем етті» деп, адам болып жаратылғанына өкінеді екен. Адам баласының дұшпандары көп. Бірінші адам баласының дұшпаны адамның өзі яғни адамның нәпсісі. Ислам ғалымдары адамның жаның тәрбиелеу арқылы, рухани дәрежелерге жетуге болатының айтқан. Адам жанының рухани сатылары, бұлар:

  1. Аммарату  биссуу яғни жамандыққа итермелейтін нәпсі
  2. Нафсу лаууама – өзін сөгуші нәпсі
  3. Нафсу мутма’йынна – тұрақтаған, қарарланған нәпсі
  4. Марзия – риза болған нәпсі
  5. София – пәктелген, тазарған нәпсі

Нәпсіні тәрбиелеуде ниеттің алатын орны ерекше. Пайғамбарымыздың хадис

шарифінде: «Шын мәнінде, амалдар тек ниетке байланысты. Расында, әрбір кісіге ниет еткеніне байланысты. Кімде кім Алла және Оның Елшісі үшін қоныс аударса, ол Алла үшін және Оның Елшісі үшін қоныс аударған болып саналады. Ал кім дүниеге қол жеткізу үшін немесе бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, оның қонысы сол көздеген мақсатына қоныс аударған болып саналады». Ниеттің орны жүрек болып саналады. Адамның жүрегі сау болса,  оның барлық амалдарына Алланың алдында сауаптар жазылады. Ал жүрегінде рухани бір ақау, ауру болса, онда оның барлық амалдары бекер болып, Алланың алдыңдағы жақсылықтарға жете алмайды. Құранда  Бақара сүресінің 10 аятында:   

فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ فَزَادَهُمُ اللّهُ مَرَضاً وَلَهُم عَذَابٌ أَلِيمٌ بِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ

«Олардың жүрегінде дерт ауру бар. Алла ол жүректеріңдегі ауруды артырады. Жалған айту себепті олар үшін күйзелтуші азаптар бар»

Ниеттері түзу болмағандықтан, жалған сөйлеп алдаушылық жолына түскендіктен Алла оларға азап беретінін хабарлауда.

Белгілі хадис танушылардың бірі Дарақутни ниет турасында Пайғамбарымыздың (а.с) мына бір хадисін келтіреді: Алла Тағала қиямет күні жазушы періштелеріне: «Пәленше деген құлымның амал дәптеріне «мынаны, мынаны жаз» деп бұйырады. Періштелер: «Уа, Раббымыз! Бұл пендеңнің ондай бір нәрсесін жазбадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ», – дейді. Сонда Алла Тағала: «Құлым мұны істеуді ниетіне алған еді»,- деп жауап береді. Сондықтан Пайғамбарымыз (а.с): «Мүміннің ниеті амалынан жақсы» деген.

Ниеттің дұрыстығы, тазалығы амал істегенде ең басты орында тұр. Қандай да  бір амалды істеуді қаласақ, сауапты ниет қылып орындасақ, Алла алдында қабыл болып тұр. Ал ниеті дұрыс болмаса, сырт көрінісі жақсы амал болса да, Алла ондай ниеті жаман амалға мұқтаж емес. Абу Һурайрадан(р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (а.с): «Уа, Абу Һурайра! Осы үш адам тамық отын лаулататын алғашқылардан деп, ғалым, бай, шәйітті мысалға келтірген. Олардың ниеттері Алланың ризашылығы емес, өздерінің дүниеуи мақсаттары үшін дінді пайдаланғандары үшін азапқа душар болған. Құранда «Һуд» сүресінің 14-15 аяттарында:

 مَن كَانَ يُرِيدُ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا وَزِينَتَهَا نُوَفِّ إِلَيْهِمْ أَعْمَالَهُمْ فِيهَا وَهُمْ فِيهَا لاَ يُبْخَسُونَ

 أُوْلَـئِكَ الَّذِينَ لَيْسَ لَهُمْ فِي الآخِرَةِ إِلاَّ النَّارُ وَحَبِطَ مَا صَنَعُواْ فِيهَا وَبَاطِلٌ مَّا كَانُواْ يَعْمَلُونَ 

  «Кім дүние тіршілігі мен оның зейнетін қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз. Сондай ақ олар кемшілікке ұшырамайды. Есесіне ақыретте оларға тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниеде жасағандары жойылып кетті. Онсыз да олардың жасағандары бекершілік». Бұл дүние уақытша, сынақ үшін жаратылған. Алла біздерді тек өзіне ғана құлшылық қылсын деп жаратқан. Адам баласы Алланың ризашылығына жетуден айнып, өзінің нәпсі қалауларына бас ұрса, ақиреттегі жағдайы мүшкіл болайын деп тұр.

Алла баршамызды тура жолына бастасын.

Абылай Құрмашұлы

«Мухсин» мешітінің бас имамы

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ  ТҮРЛЕРІ

Қазақтың ұлттық ойындары – ежелгі заманда пайда болып, бірте-бірте дамып, қалыптасып, біздің дәуірімізге жеткен халқымыздың дәстүрлі спорт өнері. Қазақ ұлттық ойындарының тарихы тереңде жатыр. Ол сонау алғашқы қауымдық қоғамнан бастау алады. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар арасында кеңінен таралғандығы жөнінде мәліметтер бар.    Қазақ халқының ежелден келіп жеткен 150 –ге жуық ұлттық ойындары бары анықталған.

Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан .  Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген.  Ахмет Жүнісовтың айтуынша (Фәниден бақиға дейін, – Алматы: «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған». Ал енді, «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты  негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, бала-лардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған». Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар:

1. Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр.

2. Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота.

3. Түрлі заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшік, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам, епті жігіт, жаяу көкпар, жемекіл, жігіт қуу, жігіт ойыны, күзетшілер, күміс ілу, қамалды қорғау, қараше, қимақ, қыз қуу, лек (шөлдік), монданақ, орамал тастау, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, тапшы, кімнің дауысы, таяқ жүгірту, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, түйілген орамал, шалма, шертпек, шілдік, хал қалай?
4. Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар: айгөлек, айдапсал, атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап, бөріктастамақ, бұғнай, бұғыбай, бұқатартыс, бұрыш, біз де, егер…, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көрші, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың ба?, қындық-сандық, орын тап, отырмақ, санамақ, сұрақ-жауап, тасымақ, тасымалдау, тең көтеру, тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, үй үстіндегі кім?, шымбике.
5. Соңғы кезде қалып-тасқан ойындар: әріп таңдау, бригада, мейрамхана, нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Бұлардың ішінде бірқатар ойындар спорттық, той ойындары болып саналады. Ал енді, қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар. Біз енді қазақтың ұлттық ойындарының негізгілерін талдап, тарқатсақ. Ақсүйек. Қыз-бозбалалар оны жазғы айлы түнде ойнаған. Ойын бастаушы жылқының бақай сүйегін, ол болмаса қой- дың жілігін, немесе жауырынын, жамбасын қолына алып, ойынға қатысушыларға көрсетіп, белгілеп алады да, ойыншыларды екі топқа бөліп, алысырақ барады да ақсүйекті лақтырып жібереді. Қай топтың ойыншылары ақсүйекті бірінші болып тапса, сол топ жеңген болып саналады. Сүйек еті мүжіліп, далада жатып күнге күйіп, әбден ағарған болуға тиісті. 

Сонымен ұлт ойындары – ата – бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың маңызы өте зор. Ойын адамның алдынан өмірдің есігін ашып, оның творчестволық қабілетін оятып, өміріне ұштаса береді. Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ, болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған ортаны тану арқылы түсінік алады. Ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан – ойға жетелейтін, адамға қиялымен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл – ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.   Ендеше, халқымызға ежелден-ақ етене  дүниетанымын өскелең ұрпаққа паш етіп, елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау һәм жеткізу – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі ұрпақ та дәстүрлі дінімізді қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.


Нағашыбай Каукейұлы

Ақжар ауданы Үлкен-Қарой  мешітінін бас имамының м.а.

«ЖЫЛЖЫМАЛЫ ПӘТЕР» АСТАНАДАН ЖОЛҒА ШЫҚТЫ (ФОТО)

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры мамандары Астана қаласы өкілдігі дін қызметкерлерімен бірге су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысындағы бір отбасыға тез құрастырылатын «жылжымалы пәтерді» тегін сыйлау мақсатында үлкен жүк көлігімен жолға шықты.

Естеріңізде болса, өткен жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Зекет және қайырымдылық» қорының тез құрастырылмалы баспана жобасымен танысқан болатын. Жоба мақсаты – түрлі себептермен үйсіз қалған отбасыларды қолдау мақсатында оларды уақытша баспанамен қамтамасыз ету. ҚМДБ Төрағасы «Зекет және қайырымдылық» қорының аталмыш жобасына сәттілік тілеп, игі іске атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізген. Міне, сол жоба жемісін беріп, пайдасын тигізетін уақыт та келген екен.

Жылжымалы пәтерді «Әзірет Сұлтан» мешітінің жанынан Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұролдаұлы мен «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы дұға етіп шығарып салды.

Айта кетейік, қордың ұйымдастыруымен бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысына 7 фура, 11 газель гуманитарлық көмек пен 7 қайық жөнелтіліп, 1 500 000 теңге қаржылай көмек жасалған болатын.

muftyat.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲