ҚҰРБАН АЙТ – МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айт баршамызға құтты берекелі болсын!

Алла қаласа, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 27 мамырда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар алыс та жақын мұсылман елдерінің ғұламаларымен, пәтуа шығару орталықтарымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады.

Мұсылманша қасиетті зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені, қасиетті хадис-шарифтерде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза ұстау – сүннет амал. Шамасы келмеген адамға ораза ұстау міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру сынды амалдар – дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар.

Халық арасында ұлт ұстазы атанып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы: «Дін адамды түзейтін, тәртіпке салып тұратын бір күш. Халықтың діні дұрыс болса, рухы да, жолы да түзу болады», – деген.     

Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол –  ішкі жан-дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз бір сөзінде дін шын ақыл, ғылыммен бірлік етсе ғана шын дін болатынын, құр көңілге сеніп, құлшылық ету дұрыс емес екенін айтқан.

Расында «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген.

Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес…» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген.

Құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:

  1. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал.

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық»[ Әбу Дәуіт, Муслим, Тирмизи риуаят еткен] деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.

  • Ақауы жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген[ Әбу Дәуіт, Нәсаи, Тирмизи риуаят еткен].

Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді[ «Фәтауа Һиндия», 5/344.].

Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.

  • Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт[ «Раддул-мұхтар», 2/321.].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мусиннадан басқасын соймаңдар. Сендерге қиындық туғанда ғана қойдың жазағасын сойыңдар», – деген[ Муслим, Әбу Дәуіт, Нәсаи риуаят еткен]. «Мусинна» деп бес жасар түйеге, екі жасар ірі қараға, бір жасар қойға айтылады. Әбу Ханифа, қойдың жазағасы оның алты айлығы, деп түсіндіреді. 

Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Алла қаласа осы жылы да елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Демек, онлайн форматта құрбандық шалуға тапсырыс бере аласыздар. Құрбандық еті мұқтаж жандарға, яғни мақсатты орындарға жеткізіледі. 

Осы ретте айта кетер маңызды мәселе: жыл сайын Құрбан айт күндері жекелеген азаматтар, сонымен қатар кейбір бізге беймәлім қорлар мен ұйымдар халықты онлайн құрбандық жасауға үгіттеп келеді. Олардың жеке мүдделеріне қатысты осындай іс-әрекеттері еліміздің мұсылман жамағатын алаңдатуда. Сондықтан қайырымдылық іс-шараларды жеке мүдделеріне қолданатын қорлардан сақ болуға шақырамыз. 

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір даналық сөзінде Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталатынын айтқан. Бұл – халықтың разылығы – Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын.

Әрине, еңбектің ақталғаны жақсы. Дегенмен біз «пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөзге мән берген халықпыз. Алла Тағала халыққа жасаған жақсылықтарыңызды өздеріңізге еселеп береді. Өйткені Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда «Бақара» сүресінің 272-аятында: «Әрбір жақсы нәрседен жасаған қайыр-садақаларың (сауабы) өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді» деп, мұсылман баласын зор қуанышты хабармен сүйіншілеген.

Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық, ағайын!

Халқымыз: «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген. Бұл – мұқтаж адамды қуанышқа бөлеген пенде міндетті түрде Алланың игілігіне кенеледі деген сөз. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние нығметін нәсіп еткей! Әумин!

Хабарландыру: Алла қаласа Петропавл қаласы бойынша айт намазының уақыты – сағат 06.00 де. Құрбандықтарыңызды Жұмысшы кенті,  Космонавтар 1 көшесіндегі  қасапханада шалуға болады.

 СҚО бас имамы, Әділбеков Хамзат Қажымұратұлы

Return to Top ▲Return to Top ▲