Бүгін, қасиетті жұма күні ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте қасиетті Рамазан айының құрметіне «Құран Кәрім» көрмесі ашылды. Салтанатты рәсімге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Серік қари Ахмет көрмеге қойылған Құранның көне қолжазбалары, оның ішінде елімізден табылған көне кітаптар, 15-ке тарта аударма нұсқалары, түрлі тәпсір кітаптары, брайль қарпімен жазылған Құранды Бас мүфтиге таныстырып өтті. Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айы қарсаңында ұйымдастырылған көрмеге жоғары баға берді.
«Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» дейді. Демек, Рамазан айының басқа айлардан қасиетті болуының басты себебі – ол айда жалпы адамзаттың, оның ішінде мұсылман әлемінің басты құндылығы Алла сөзінің жер бетіне түсуі. Демек, мұсылман баласы Рамазан айында ораза тұтумен қатар Құран Кәрімге көбірек көңіл бөлуі керек. Қасиетті кітабымызды халыққа насихаттап жатқан көрме жұмысына Алла береке берсін» деді Бас мүфти.
Айта кетейік, көрмеге Құран қатысты басқа да мәліметтер, жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ көрмеде белгілі хаттат, каллиграфия шебері, арабша көркем жазудан Орта Азия бойынша алғаш рет ижаза алған, елімізде көптеген мешіт ғимараттарына, оның ішінде осы Бас мешіт ғимаратының іші-сыртына аяттар жазған Асылбек Орынбасар да келушілерді Құран аяттарын жазу ісімен таныстырмақ. Үш күндік көрмені елорда тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады.
muftyat.kz