Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің дін қызметкерлерін аттестациялау басталды. Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде өтіп жатқан республикалық аттестаттауға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай төрағалық етуде. Сонымен қатар, ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Асан Тілеубердиев, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуалиев имамдардың білім деңгейін саралауда.
Аталған аттестацияға облыс бойынша 54 мешіттен 100-ден астам дін қызметкері қатысып, білім деңгейін дәлелдеуде. Оның ішінде бас имам, наиб имам, ұстаз, молда және азаншы бар.
«Қазіргі таңда білім деңгейін көтеру, білім болуы ол – заманның талабына сай. Заманның өзі ағысы да қазір әр нәрсе білім болмаса болмайды. Сондықтан біздің имамдарымыздың білімді, сауатты бола отырып, қандай да бір жат пікірлерге, мемлекетімізге қарама-қайшы келетін қандай да бір ойларға, идеологияға төтеп бере алатын деңгейде болуы керек дейтін мақсатта бүгінгі күні емтиханды аттестацияны ұйымдастырып жатырмыз»,- деді ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай.
Республикалық аттестаттауға Ғ.Мүсірепов аудандық «Жұманқожа» мешітінің ұстазы Шыңғыс Қайыржан да қатысып жатыр. Жас маманның айтуына қарағанда, мұндай сынақ дін қызметкерлерінің білімін бағалап қана қоймай, кәсіби тұрғыдан өз-өзін жетілдіруге мол мүмкіндік береді.
«Жалпы аттестация жақсы дәрежеде, жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Бұл аттестация бізге көп септігін тигізіп жатыр. Өйткені білімімізді шыңдап, шынымен қаншалықты дәрежеде біз Алланың кәләмін, Пайғамбарымыздың хадистерін және осы шариғат ілімдерін дініміз бен дәстүрімізді өзіміздің заңымызды қаншалықты білетінімізді өзіміз шыңдалудамыз»,- деді Ғ.Мүсірепов аудандық «Жұманқожа» мешітінің ұстазы Шыңғыс Қайыржан.
Айта кетейік, аттестация 2 күнге жоспарланған.













