Облыстың бас имамы Аян Болатұлы жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болып, бірқатар діни нысандардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ аудан тұрғындарымен және мешіт жамағатымен кездесіп, уағыз-насихат айтты.
Сапар барысында өңірдің бас имамы аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылысын аралады. 200 адамға шақталған имандылық ордасының құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде.
Ауданның бас имамы Ақылбек Бердібековтің айтуынша, құрылыс жұмыстары жергілікті ауқатты азаматтардың демеушілігімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда нысанның жалпы жұмыстарының шамамен 70 пайызы аяқталған. Алдағы уақытта құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кіріспек. Мешітпен қатар оның жанынан асхана да салынуда. Қазіргі уақытта мұнда ішкі жұмыстар атқарылып жатыр.
Жаңа мешіттің бой көтеруі аудан тұрғындары үшін маңызды оқиғалардың бірі. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті жамағаттың құлшылық жасауына қолайлы жағдай қалыптасып, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды кеңінен жүргізуге мүмкіндік туады.
Сапар барысында облыстың бас имамы аудан жамағатымен жүздесті. Кездесу барысында «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» тақырыбында тағылымды уағыз айтты.
Уағызда туған жерге деген сүйіспеншілік, елге қызмет ету, ұлттық құндылықтарды сақтау және қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңызы сөз болды. Сондай-ақ туған өлкенің өркендеуіне үлес қосу әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді.
Облыстың бас имамы аудан имамдары мен мешіт жамағатына діни-ағартушылық жұмыстарды жүйелі жалғастырып, ел ішіндегі ынтымақ пен рухани тәрбиені нығайту бағытында белсенділік таныту қажеттігін жеткізді.







