Солтүстік Қазақстан облысына ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев іссапармен келді. Сапар аясында өңірдегі қайырымдылық шараларының нәтижелері сараланып, еріктілер қозғалысын дамыту мәселелері талқыланды.Жиынды өңірдің бас имамы Аян Болатұлы ашып, арнайы іссапармен келген қонаққа сәттілік тілеп, атқарылып жатқан игі істердің маңыздылығына тоқталды.
Сапар барысында Мақсатбек Мақсотұлы өңірдегі еріктілер қозғалысының мүшелерімен кездесіп, олардың қызметімен танысты. Сондай-ақ еріктілердің әлеуетін арттыру, қайырымдылық бағытындағы жұмыстарды жандандыру және өзара тәжірибе алмасу мақсатында арнайы форум ұйымдастырылды.
Бүгінде ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қоры еліміздің барлық өңірінде қайырымдылық қызметін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қордың бастамасымен «Ел үлесі-пәтерге», «Өмірге үміт сыйла», «Тайқазан» секілді маңызды жобалар әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуде.
Атап айтқанда, өткен жылы өңірде қайырымдылық бағытында жалпы сомасы 62 миллион теңгені құрайтын көмек көрсетілген. Бұл – өңірдегі игі істердің ауқымын және мұқтаж жандарға қолдау көрсету жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін айқындайтын көрсеткіш. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жиын қайырымдылық қызметінің тиімділігін арттыруға, еріктілер қозғалысын одан әрі дамытуға, сондай-ақ қоғамда өзара көмек пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуға бағытталған.









