Облыс орталығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызылды. Игі бастамаға ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев, өңірдің бас имамы Аян Болатұлы және жамағат өкілдері қатысты.
Экологиялық іс-шара барысында қалалық «Қызылжар» мешітінің аумағына 10 түп ағаш көшеті отырғызылды. Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, жасыл желек көлемін арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Айта кетейік, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Аялы ағаш – саялы» жобасы аясында биыл еліміз бойынша 35 мың түп ағаш көшеті егілген. Бұл бастама еліміздің әр өңірін көгалдандыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Жоба аясында Арал теңізі маңына жыл сайын 4-5 мың түп ағаш отырғызылады екен. Мұндай жұмыстар қоршаған ортаны қалпына келтіруге, шөлейттенудің алдын алуға және табиғи тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады.








