АҒРАФ СҮРЕСІ

АТАУЫ

Әғраф сөзінің мағынасы «Биік тосқауылдар», «Қорғандар» дегенді білдіреді. Тәпсір ғалымдары бұл сөзді жәннәт пен тозақтың ортасындағы тау, ал ол қорғанда тұратын адамдарға келетін болсақ, тозақтық және  жәннәттық  сипаттары бар адамдардың түрі деген.

 РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Құранғы реттілігі жағынан жетінші сүре, ұзын жеті сүренің бірі, аят саны – 206. Cүренің 163-170  аяттары мәдиналық аяттар, қалғаны меккелік аяттардан. Сад сүресінен кейін, Жын сүресінің алдында түсті деген дерек бар. Құранның 8,9-парасында 151-176 беттерде орналасқан.

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Ағраф сүресі Әнғам сүресінің түсіндірмесі секілді. Әнғам сүресінде дін негіздері қозғалса, Ағраф сүресі сол негіздерді тарқатады, әсіресе пайғамбарлар тақырыбы кеңінен қамтылған. Бұл сүреге мән берген адам екі тәсілді байқайды: бірі – Алланың сансыз нығметтерін еске алу, екіншісі – сол нығметтердің есебі, Алланың азабы да бар екенін ұмытпау.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Зәйд ибн Сәбиттен жеткен хабарда: «Пайғамбар (с.ғ.с) Ағраф сүресін ақшам намазының екі ракәғатында толық оқып бітіретін[1]»[2].

Кейбір тәпсір кітаптарында Замахшари, Саъләбиде Ағраф сүресінің артықшылығы жайында мына хабар жеткен: «Кім Ағраф сүресін әр ай сайын оқитын болса, қияметте қорқыныш та, уайым да болмайтын адамдардың қатарында болады, әр жұма оқыған адам, қияметте есепке тартылмайтын болады, бұл сүре қияметте әрбір оқыған адамға шапағатшы болады» делінген. Бұл хабарды көп ғалымдар хадиске жатқызбағанымен уағыз кітаптарында, уағызшылар тілінде көп тараған әңгіме.

ІНЖУЛЕРІ

[жұпыны киіну – тақуалық белгісі емес]

﴿ يَـٰبَنِىٓ ءَادَمَ خُذُواْ زِينَتَكُمۡ عِندَ كُلِّ مَسۡجِدٍ وَكُلُواْ وَٱشۡرَبُواْ وَلَا تُسۡرِفُوٓاْۚ إِنَّهُۥ لَا يُحِبُّ ٱلۡمُسۡرِفِينَ﴾

Уа, Адамның үрім-бұтағы! Қай кезде де намаз оқитын (немесе Қағбаны тауап ететін) болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер. (Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды.

(Ағраф сүресі 31-аят)

[дұға етудегі әдеп]

﴿ ٱدۡعُواْ رَبَّكُمۡ تَضَرُّعًا وَخُفۡيَةًۚ إِنَّهُۥ لَا يُحِبُّ ٱلۡمُعۡتَدِينَ﴾

Раббыларыңа іштей (яғни, бәсең дауыспен) жалбарынып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Ол шектен шыққандарды ұнатпайды.

(Ағраф сүресі 55-аят)

[таразыда абай бол..]

﴿ فَأَوۡفُواْ ٱلۡكَيۡلَ وَٱلۡمِيزَانَ وَلَا تَبۡخَسُواْ ٱلنَّاسَ أَشۡيَآءَهُمۡ وَلَا تُفۡسِدُواْ فِى ٱلۡأَرۡضِ بَعۡدَ إِصۡلَـٰحِهَاۚ ذَٰلِكُمۡ خَيۡرٌ لَّكُمۡ إِن كُنتُم مُّؤۡمِنِينَ﴾

Өлшеуішпен дәл өлшеп, таразыны дәл тартыңдар. Ел-жұртқа тиесілі дүниені жымқырып, елге қиянат жасамаңдар.Түзетілгеннен кейін жер жүзінде бүліншілік қылмаңдар. Егер иман келтірген болсаңдар сендерге осы істерің жақсы.

(Ағраф сүресі 85-аят)

[еңбегің еш кетпесін]

﴿ وَٱلَّذِينَ كَذَّبُواْ بِـَٔايَـٰتِنَا وَلِقَآءِ ٱلۡاٰخِرَةِ حَبِطَتۡ أَعۡمَـٰلُهُمۡۚ هَلۡ يُجۡزَوۡنَ إِلَّا مَا كَانُواْ يَعۡمَلُونَ﴾

Аяттарымызға һәм ақиреттегі қауышуға сенбегендердің істеген бүкіл ісі зая болып, еңбегі еш кетті. Әрине, солай болады, олар өз қолымен істеген істерінің қарымынан басқа не алады?!

(Ағраф сүресі 147-аят)

[дүние өміріне байланып қалғандар]

﴿ وَلَوۡ شِئۡنَا لَرَفَعۡنَـٰهُ بِهَا وَلَـٰكِنَّهُۥٓ أَخۡلَدَ إِلَى ٱلۡأَرۡضِ وَٱتَّبَعَ هَوَىٰهُۚ فَمَثَلُهُۥ كَمَثَلِ ٱلۡكَلۡبِ إِن تَحۡمِلۡ عَلَيۡهِ يَلۡهَثۡ أَوۡ تَتۡرُكۡهُ يَلۡهَثۚ ذَّـٰلِكَ مَثَلُ ٱلۡقَوۡمِ ٱلَّذِينَ كَذَّبُواْ بِـَٔايَـٰتِنَاۚ فَٱقۡصُصِ ٱلۡقَصَصَ لَعَلَّهُمۡ يَتَفَكَّرُونَ﴾

Егер қаласақ, оны аяттарымыз арқылы (кемел адам деңгейіне көтеріп, адамгершіліктің шыңына шығарып), мерейін үстем қылар едік. Алайда ол жерге (яғни, фәни дүниеге) жабысып қалды да, өзінің әуейіліктеріне еріп кетті. Оның мысалы құдды итпен тең. Зекіп қусаң да, тілін салақтатып (қу сүйек болса да беріп қалар ма екен деген дәмемен ұзап кетпей айналшықтап жүреді), тимей жайына қоя берсең де, (тіске басар бір нәрсе беріп қалар ма екен деп) тілін салақтатып, айналшықтап қасыңнан кетпейді. Аяттарымызды жалғанға шығаратын қауымның жағдайы, міне, осындай. (Уа, Мұхаммед!) Ендеше, ғибратқа толы осы мысалды оларға айтып бер, бәлкім, ойланып сабақ алар.

(Ағраф сүресі 176-аят)

[көрметін көз, естімейтін құлақ]

﴿ لَهُمۡ قُلُوبٌ لَّا يَفۡقَهُونَ بِهَا وَلَهُمۡ أَعۡيُنٌ لَّا يُبۡصِرُونَ بِهَا وَلَهُمۡ ءَاذَانٌ لَّا يَسۡمَعُونَ بِهَآۚ أُوْلَـٰٓئِكَ كَٱلۡأَنۡعَـٰمِ بَلۡ هُمۡ أَضَلُّۚ أُوْلَـٰٓئِكَ هُمُ ٱلۡغَـٰفِلُونَ﴾

Олардың жүрегі бар, алайда онымен терең ойланбайды, ақиқатты түсінейік демейді. Көздері бар, алайда онымен негізгі көретін нәрсені, ақиқатты көрмейді. Құлақтары бар, алайда онымен естуі керек нәрсені естімейді. Сондықтан олар мал сияқты, тіпті одан да бетер. Олар – (ақиқаттан бейхабар) ғапылдардың нақ өзі.

(Ағраф сүресі 179-аят)

[Алланың көркем есімдерімен дұға жаса!]

﴿ وَلِلَّهِ ٱلۡأَسۡمَآءُ ٱلۡحُسۡنَىٰ فَٱدۡعُوهُ بِهَاۖ وَذَرُواْ ٱلَّذِينَ يُلۡحِدُونَ فِىٓ أَسۡمَـٰٓئِهِۦۚ سَيُجۡزَوۡنَ مَا كَانُواْ يَعۡمَلُونَ﴾

Ең көркем есімдер Аллаға тән. Ендеше, Оған сол есімдерімен үн қатып, дұға етіңдер. Оның көркем есімдеріне қатысты ақиқаттан ауытқып кеткендерден (яғни Оған лайықсыз есімдермен дұға ететіндерден) аулақ болыңдар. Ондайлар жақында істеп жүрген істерінің қарымын алады.

(Ағраф сүресі 180-аят)

[қиямет қашан?]

﴿ يَسۡـَٔلُونَكَ عَنِ ٱلسَّاعَةِ أَيَّانَ مُرۡسَىٰهَاۖ قُلۡ إِنَّمَا عِلۡمُهَا عِندَ رَبِّىۖ ﴾

(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен қиямет-қайымның қашан орнайтынын сұрайды. Оларға: «Ол жайлы нақты мәлімет Раббымның жанында», – деп айт.

(Ағраф сүресі 187-аят)

[өз жұбыңды таптың ба?]

﴿ هُوَ ٱلَّذِى خَلَقَكُم مِّن نَّفۡسٍ وَٰحِدَةٍ وَجَعَلَ مِنۡهَا زَوۡجَهَا لِيَسۡكُنَ إِلَيۡهَاۖ فَلَمَّا تَغَشَّىٰهَا حَمَلَتۡ حَمۡلًا خَفِيفًا فَمَرَّتۡ بِهِۦۖ فَلَمَّآ أَثۡقَلَت دَّعَوَا ٱللَّهَ رَبَّهُمَا لَئِنۡ ءَاتَيۡتَنَا صَـٰلِحًا لَّنَكُونَنَّ مِنَ ٱلشَّـٰكِرِينَ﴾

Ол сендерді бір ғана жаннан жаратты һәм сол жан (жұбына) бауыр басып, жаны жай тапсын деп, оның өз болмысынан жұбын жаратты. Сөйтіп, екеуі көңіл қосып, ер жұбайын «бүркегенде», жұбайы жеңіл ғана жүкті болып, оны біраз уақыт көтереді. Содан ай-күні жақындап, аяғы ауырлай түскенде, екеуі Раббылары Аллаға: «Егер бізге он екі мүшесі сау перзент берсең, ант етеміз, шүкіршілік ететін құлдарыңнан боламыз!» – деп жалбарынады.

(Ағраф сүресі 189-аят)

[таспен атқанды аспен ат!]

﴿ خُذِ ٱلۡعَفۡوَ وَأۡمُرۡ بِٱلۡعُرۡفِ وَأَعۡرِضۡ عَنِ ٱلۡجَـٰهِلِينَ﴾

(Уа, Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма).

(Ағраф сүресі 199-аят)

[шайтан азғырса…]

﴿ وَإِمَّا يَنزَغَنَّكَ مِنَ ٱلشَّيۡطَـٰنِ نَزۡغٌ فَٱسۡتَعِذۡ بِٱللَّهِۚ إِنَّهُۥ سَمِيعٌ عَلِيمٌ﴾

Егер сені әзәзіл шайтан түртіп азғырса, дереу Аллаға сиынып, Оны пана тұт! Шүбәсіз, Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі).

(Ағраф сүресі 200-аят)

[Құран оқылғанда]

﴿ وَإِذَا قُرِئَ ٱلۡقُرۡءَانُ فَٱسۡتَمِعُواْ لَهُۥ وَأَنصِتُواْ لَعَلَّكُمۡ تُرۡحَمُونَ﴾

Ендеше, Алланың шексіз рақымына бөленеміз десеңдер, Құран оқылғанда, оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!

(Ағраф сүресі 204-аят)

[Алланы жиі еске ал]

﴿ وَٱذۡكُر رَّبَّكَ فِى نَفۡسِكَ تَضَرُّعًا وَخِيفَةً وَدُونَ ٱلۡجَهۡرِ مِنَ ٱلۡقَوۡلِ بِٱلۡغُدُوِّ وَٱلۡاٰصَالِ وَلَا تَكُن مِّنَ ٱلۡغَـٰفِلِينَ﴾

Ертелі-кеш іштей жалбарынып һәм (қаһарынан) имене отырып, бәсең дауыспен Раббыңды ауызға ал. (Ақиқаттан бейхабар) ғапылдардың қатарына қосылма.

(Ағраф сүресі 205-аят)


[1] Бұл хадис риуаят етілген уақытта Ағраф сүресі толық түсіп бітпеген болу мүмкін немесе парыздан кейінгі сүннетінде оқуы ықтимал

[2] Нәсәи хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲