ТӘУБЕ ЕТУДІҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы, бізді және әлемдерді жоқтан бар еткен Аллаға ғана лайық. Алланың ардақты елшісі, адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың мөрі Мұхаммед пайғамбарымызға және оның отбасы мен ізбасарларына салауат пен сәлем болсын!

Тәубе ету-адам баласына бұл дүниеде берілген үлкен нығымет. Оның есігі пенде өмірден озғанға дейін жабылмайды. Өйткені, Алла Тағала пендесін күтеді, тәубе еткен пендесін жақсы көреді. Қасиетті құранда: «Расында, Алла тәубе етушілерді жақсы көреді, әрі таза болушыларды да жақсы көреді» деген. Ибн Фәрис:» Тәубе»сөзінің тілдік мағынасы «қайту ,оралу» дегенді білдіреді»,-деп айтқан. Ал , Ибн Мунзир:»Тәба иләллаһ»(Ол Аллаға қайтты) сөз тіркесі «өз күнәларынан құтылып «Аллаға бойсұнуға бел буды» деген мағынаны білдіретінін айтқан. Ендеше, «тәубе» сөзінің шариғи мағынасы Алладан қорыққандықтан күнәдан арылу; күнәнің жиіркенішті екенін сезіну; Аллаға бағынбағаны үшін өкіну; осыған ұқсас жаман ,жиіркенішті әрі күнәлі істерге енді қайтып оралмау; нақты жігерлік танытып ,шешім қабылдау және осы үшін барлық сақтық шараларын жүзеге асыру дегенді білдіреді.

Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде: «Барлық Адам атаның балалары қателесуші» деп айтылғандай адам баласы қателесуші, бірақ тәубе етуші де болу керек. Өйткені, Атамыз Адам (ғ.с.) өз қателігін мойындады, тәубе етіп, Алладан кешірім сұрады. Алайда Оны азғырған шайтан тәубе еткен жоқ, қателігін мойындамады, тәкаппар болды. Сол сияқты адам баласы өткеніне өкініп, тәубе етсе, Адам (ғ.с.) атасына ұқсағаны, ал тәубе етпесе, шайтанға ұқсап, тәкаппар болғаны.

Құран аятта:

«Уа, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер! (Сонда ғана) Раббыларыңнан күнәларыңды жойып, іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннатқа кіргізу үміт етіледі. Алла ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді қорламайды…» («Тахрим» сүресі, 8-аят).

Бір қисса:

Бірде Мұса (а.с.) пайғамбарға үмметінен бір кісі келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жаман адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамнан алыс жүрейік», – деп өтінеді.Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам менің құзырымда ең жаман адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткеннен соң баласын жетектеген бір адам теңізге қарай бет алады. «Мына адам Алланың құзырында нендей жаман күнә жасады екен» деп Мұса пайғамбарға ой келеді. Ертесіне кешегі үмметі тағы келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жақсы адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамға құрмет көрсетіп, жақын жүрейік», – деп өтінеді. Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам Менің құзырымда ең жақсы адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткен соң тағы да кешегі баласын жетектеген адам өтеді.Бұл кеше ғана Алланың құзырында ең жаман адам болған еді, бүгін қалайша ең жақсы адамға айналды екен деген ой еріксіз мазалайды. Мұса (а.с.) пайғамбар Раббысына: «Уа, Раббым! Кеше Сенің құзырыңда ең жаман адам кім екен, бізге көрсетші» деп дұға еткенде ең жаман адамды көрсеттің. Бүгін «Сенің құзырыңда ең жақсы адам кім, бізге көрсетші дегенімізде тағы да кешегі ең жаман деген адамды көрсеттің. Қалайша бір күнде ең жаман адам, ең жақсы адамға айналды?» – деп сұрайды.

Сонда Алла Тағала: «Кеше ол адам баласын жетектеп теңіз жағасына барды.

Сонда баласы әкесіне қарап: Әке, мынау не? – деп сұрады.

Әкесі: Балам, бұл теңіз, – деді.

Баласы: Әке, теңізден үлкен не бар? – деп сұрағанда

Әкесі: Балам, теңізден үлкен мұқит бар, – деп жауап берді.

Баласы: Әке, мұқиттан үлкен не бар? – деді.

Сонда әкесі: Балам, мұқиттан үлкен жер шары бар, – дегенде,

Баласы: Әке, жер шарынан үлкен не бар? – деп тағы сұрады.

Әкесі: Балам, жер шарынан да үлкен мына бейбақ әкеңнің күнәсі, – деді.

Баласы: Әке, әкемнің күнәсінан да үлкен не бар? – дегенде,

Әкесі: Балам, бейбақ әкеңнің күнәсынан да үлкен Алланың шексіз рахымы, мейірімі бар, – деп жауап берді. Міне, сол үшін Мен оның күнәсін кештім», – деп бұйырады.

Шындығында тәубенің қабыл  болуы – адамның білместікпен, қателікпен күнә іс істеп, кейін осы ісі үшін лезде өкінуінде. Ал егер адам күнә жасап күнәсына өкінгенімен сол жаман ісін жалғастыра беретін болса, соңында өлім өңешке келгенде оның тәубесі қабыл етілмейді. Мұндай тәубе мәжбүрліктен жасалған тәубе. Тәубе ету адам баласының жаратылысында бар қасиет. Олай дейтініміз әу баста Адам (ғ.с.) Алланың сынағына тап болып, тыйым салынған жемісті жеп қойған қателігі үшін тәубе етті. Алла Тағала оның тәубесін қабылалды. Жоғарыда атап өткеніміздей адам баласы нәпсі мен шайтанның жетегіне еріп қателесуі әбден мүмкін. Алайда жасаған қатесін жуып-шаятын тәубе деген сабынды қолдануы тиіс. Бұл пенде үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Ахметчеев Асхат Бахадырұлы

Есіл ауданының бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲