ОРАЗА ҰСТАУДЫҢ МӘРТЕБЕСІ

Құдайға шүкір, қасиетті рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін!

Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай – әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Пайғамбар (ﷺ) сахабасы Салман әл-Фариси (р.а.) былай дейді:

«Шағбан айының соңғы күні Алланың Елшісі (ﷺ) бізге мынадай уағыз айтты: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді». Осы тұста сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ауызашар жасауға бәріміздің мүмкіндігіміз бола бермейді ғой», – деді. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Оразашының аузын, тіпті, бір түйір құрмамен, не бір жұтым сумен, сүтпен аштырған жанға да сондай сауап жазылады. Бұл айдың басы рахым, ортасы кешірім, ал соңы тозақтан құтылу кезеңі. Кімде-кім осы айда құлына, қызметшісіне жеңілдік жасаса, Алла оның күнәсін кешіріп, тозақтан азат етеді. Бұл айда төрт түрлі қасиетті көбейтіңдер. Оның екеуі Раббыларыңды разы ететін қасиеттер: шәһәдатты және истиғфарды көп айтып жүріңдер. Енді екеуі өздеріңе аса қажетті қасиет: Раббыларыңнан жұмақты сұраңдар да, тозақтан азат етуін тілеңдер. Кімде-кім ораза тұтқан жанға ауызашарда сусын берсе, Алла оны Қиямет күні менің һәуізімнен сусындандырады да, ол қашан жұмаққа кіргенше еш шөлдемейтін болады», – деді».[1] .

Рамазан айының мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы жұма, түндердің мырзасы — Қадір түні». Сауабы сарқылмайтын қасиетті айда мол сауаптан кенелуге мүмкіндік бар. Бұл айдың мұсылман үшін қасиеттілігі сонда, күндіз немесе түнде оқылған Құранның әрбір әрпі үшін еселенген сауаптар бар. Бұл айда, шайтандар кісенделіп, тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері ашылады. Нәпіл намаздар оқып, Аллаға құлшылық еткен жанның жүрегіне иман нұры құйылып, көз, құлақ перделері ашылады. Рамазан айының үстемдігі жайлы Алла елшісі (ﷺ) «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы», деген. Яғни, барлық күнәсінен арылып, жақсы амалдармен мол сауап жинайтын ай деген. 

Мұсылманның ұстаған оразасына жасаған құлшылық ғибадаттары үшін еселеп сауаптар жазады. Құдси хадисте Алла Тағала: 

(كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ يُضَاعَفُ الْحَسَنَةُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعمِائَة ضِعْفٍ قَالَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ إِلَّا الصَّوْمَ فَإِنَّهُ لِي وَأَنَا أَجْزِي بِهِ )

«Адам баласының барлық амалы он еседен жеті жүз есеге дейін артады тек ораза Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін…» – дейді[2].

Ораза тұтушыға өсиет

Енді Алланың Елшісі (ﷺ) осынау қасиетті де берекелі Рамазан айындағы ғибадатына зер салайық. Айша анамыз (р.а.) былай деп әңгімелейді:«Алланың Елшісі (ﷺ) өте жомарт болатын. Ал рамазан айында одан да ерекше жомарттық көрсететін». Яғни  Пайғамбар (ﷺ) рамазан айында ғибадатта болсын, садақа беруде болсын, ерекше жомарттық танытатын.

Айша анамыз (р.а.): «Алланың Елшісі (ﷺ) рамазан айының соңғы онкүндігінде ғибадатты ерекше ыждағаттылықпен орындап, түнін намазбен өткізіп, жанұясын да намаз оқуға оятатын», –дейді.

Пайғамбардың (ﷺ) оразаның қадір-қасиеті туралы айтқан хадистері көп. Оларда осынау парыздың қыр-сырын, дәрежесін тәптіштеп түсіндірген. Солардың бірсыпырасы төмендегідей.

Алланың Елшісі (ﷺ) бір хадисінде былай дейді: «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жемін тоқтатқанына мұқтаж емес»[3].  Ендеше ауызбен қоса тілмен де ораза тұтуымыз қажет.

Ибн Мәже жеткізген басқа бір риуаятта: «Қаншама ораза тұтушылар бар, олардың бар тапқаны пайдасы – шөлдеу ғана», – деп ораза ережелерін дұрыс сақтамаған кейбір адамдардың оразасының қабыл болмауы мүмкін екендігін ескерткен.

Сондықтан ораза ұстаушы мұсылман өзін өсек-аяңнан, өтірік, балағат сөздерден, ұрыс-керістен аулақ ұстауы тиіс. Ондай ортада үндемегеннің өзі сауап іс. Өйткені Пайғамбар (ﷺ) бір хадисінде: «Ораза тұтушының үндемеуі Аллаға тәсбих айтқанымен тең»,[4] – деген.

Рамазан – айы ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтпағымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз. Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (ﷺ): «Кімде-кім Рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілейді.

Алланың Елшісі (ﷺ) басқа бір хадисінде таң алдындағы сәрелікті қалдырмауға үндеп былай дейді:«Сәрелік ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар».[5]

Сондай-ақ, Пайғамбар (ﷺ) жаңа піскен құрмамен ауыз ашқан, егер жаңа піскен құрма болмаған жағдайда құрғақ құрмамен, құрғақ құрма болмаған жағдайда сумен ауыз ашқан әрі басқаларды да солай істеуге үндеген.

Сонымен қатар ораза тұтушы жеке бас тазалығына да мән беруі керек. Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (ﷺ): «Ораза тұтушының ең қайырлы қасиеті – аузын мисуак-пен тазалауы», [6]– деген.

Кімде-кім оразаны себепсіз ұстамаса үлкен күнә жасаған болып есептеледі. Сахих әт-Тарғиб кітабында риуаят етілген хадисте Пайғамбар (ﷺ) түс көреді. Онда өздерінің қан тамырларына ілініп, ауыздары тілініп азапталып жатқан адамдарды көреді. Пайғамбар (ﷺ): «Бұлар кімдер еді?» – деп сұрағанда, періштелер: «Бұлар өздерінің оразала-рын бұзған адамдар», – деп жауап береді.

Сондықтан үмбетіміздің кейбір ғұламалары парыз екендігін біле тұра ораза тұтпаған мұсылманның күнәсін үлкен күнәға жатқызған.

Имам Ахмад және Имам Әл-Баззар Әбу Һурайрадан (Алла олардан разы болсын) риуаят еткен хадисте Расулулла (ﷺ):

أُعْطِيَتْ أُمَّتِي خَمْسَ خِصَالٍ فِي رَمَضَانَ لَمْ تُعْطَهُنَّ أُمَّةٌ قَبْلَهُمْ خُلُوفُ فَمِ الصَّائِمِ أَطْيَبُ عِنْدَ اللهِ مِنْ رِيحِ الْمِسْكِ وَتَسْتَغْفِرُ لَهُمُ الْمَلاَئِكَةُ حَتَّى يُفْطِرُوا وَيُزَيِّنُ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ كُلَّ يَوْمٍ جَنَّتَهُ ثُمَّ يَقُولُ يُوشِكُ عِبَادِي الصَّالِحُونَ أَنْ يُلْقُوا عَنْهُمُ الْمُؤْنَةَ وَيَصِيرُوا إِلَيْكَ وَتُصَفَّدُ فِيهِ مَرَدَّةُ الشَّيَاطِينِ فَلاَ يَخْلُصُوا فِيهِ إِلَى مَا كَانُوا يَخْلُصُونَ إِلَيْهِ فِي غَيْرِهِ وَيُغْفَرُ لَهُمْ فِي آخِرِ لَيْلَة قِيلَ يَارَسُولَ اللهِ أَهِيَ لَيْلَةُ الْقَدْرِ قَالَ لاَ وَلَكِنَّ الْعَامِلَ إِنَّمَا يُوَفَّى أَجْرَهُ إِذَا قَضَى عَمَلَهُ

«Рамазан айында Менің үмметіме ілгеріде ешбір үмметке берілмеген бес ерекшелік берілді. Алла Тағала үшін ораза ұстаушының ауызының иісі мисктің иісінен артық. Періштелер ауыз ашатын уақыт болуға дейін ораза ұстағандардың күнәлары кешірілуін тілейді. Алла Тағала күніге жәннатты әшекейлеп: «Көп ұзамай Менің ізгі пенделерім дүние машақатынан босап саған келеді», – дейді. Ерекше бүлікші шайтандар Рамазаннан тыс уақытта жаман қылықтарын істегендей істей алмау үшін Рамазан айында кісенделеді. Әрі соңғы түні ораза ұстағандардың күнәлары кешіріледі», – деді. Сонда Одан:«Я, Расулулла (ﷺ)! Ол – Қадір түні ме?», – деп сұралғанда, Ол: «Жоқ. Алайда, жұмысшының ақысы жұмыс аяқталған соң беріледі»,[7] – деп жауап берді.

Расулулла (ﷺ) бір сөзінде:

وَللهِ عَزَّ وَجَلَّ فِي كُلِّ يَوْمٍ مِنْ شَهْرِ رَمَضَانَ عِنْدَ الإِفْطَارِ أَلْفُ أَلْفِ عَتِيقٍ مِنَ النَّارِ كُلُّهُمْ قَدِ اسْتَوْجَدُوا النَّارَ فَإِذَا كَانَ آخِرُ يَوْمٍ مِنْ شَهْرِ رَمَضَانَ أَعْتَقَ اللهُ فِي ذَلِكَ الْيَوْمِ بِقَدْرِ مَا أَعْتَقَ مِنْ أَوَّلِ الشَّهْرِ إِلَى آخِرِهِ

«Хақ Тағала Рамазанның әр күнінде ауызашар сәтінде тозаққа лайық болған мыңдаған пендесін тозақтан азат етсе, Рамазанның соңғы күні тозақтан Рамазан бойы азат еткендей құлдардың санын азат етеді», – деген.[8]

Рамазан айында мұсылман үшін екі қуаныш бар:

لِلصَّائِمِ فَرْحَتَانِ فَرْحَةٌ عِنْدَ فِطْرِهِ وَفَرْحَةٌ عِنْدَ لِقَاءِ رَبِّهِ

Ораза ұстағанға екі шаттық бар. Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – Қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады[9].

Ораза ұстаушыларға Алла Тағала жәннатында ерекше мекен дайындаған:

إِنَّ فِي الْجَنَّةِ بَابًا يُقَالُ لَهُ الرَّيَّانُ يَدْخُلُ مِنْهُ الصَّائِمُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ يُقَالُ أَيْنَ الصَّائِمُونَ فَيَقُومُونَ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ فَإِذَا دَخَلُوا أُغْلِقَ فَلَمْ يَدْخُلْ مِنْهُ أَحَدٌ

«Шын мәнінде, Жәннатта «Райян» деген қақпа бар, Қиямет күні одан ораза ұстағандар ғана кіреді. Олардан басқа ешкім де кіре алмайды. «Ораза тұтқандар қайда?» делінгенде, олар тұрады.  Олардан басқа ешкім де ол қақпадан кіре алмайды. Олар кіріп болғанда, қақпа жабылып, одан ешкім де кірмейді»[10].

Рамазан айында жасалатын умраға мол сауап уәде етілген. Ол туралы мына хадисте айтылады:


    عَنْ عَطَاءٍ، عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ ـ رضى الله عنهما ـ قَالَ لَمَّا رَجَعَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم مِنْ حَجَّتِهِ قَالَ لأُمِّ سِنَانٍ الأَنْصَارِيَّةِ ‏»‏ مَا مَنَعَكِ مِنَ الْحَجِّ ‏»‏‏.‏ قَالَتْ أَبُو فُلاَنٍ ـ تَعْنِي زَوْجَهَا ـ كَانَ لَهُ نَاضِحَانِ، حَجَّ عَلَى أَحَدِهِمَا، وَالآخَرُ يَسْقِي أَرْضًا لَنَا‏.‏ قَالَ ‏»‏ فَإِنَّ عُمْرَةً فِي رَمَضَانَ تَقْضِي حَجَّةً مَعِي‏»‏‏
 

Пайғамбар (ﷺ) қажылықтан оралған кезде Умму Синан әл-Ансариден: «Қажылық жасауыңа не кедергі?» – деп сұраған. Умм Синан әл-Ансари былай деп жауап берген: «Күйеуімнің екі түйесі бар. Ол соның біреуіне мініп, қажылыққа кеткен кезде екіншісі жерімізді суаруға қолданылады». Сонда Пайғамбар (ﷺ) оған: «Рамазан айында умра жаса. Ол (сауабы бойынша) қажылықпен бірдей болады»[11], – деген.



[1] Әт-Тарғиб уат-тарһиб, Мишкәтул-масабих, кәнзул-уммал.

[2] Бұхари хадистер жинағы

[3] Ахмад, Әбу Дәуіт, Тимизи.

[4] Байһақи хадистер жинағы

[5] Бұхари хадистер жинағы.

[6] Ибн Мәжә хадистер жинағы.

[7] Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Хиббан риуаят етті. («Әт-Тарғиб»)

[8] хадисті Ибн Аббастан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Хиббан және Имам Байһақи риуаят етті. («Канзүл-Ъүммәл»)

[9] Муслим хадистер жинағы.

[10] Бұхари хадистер жинағы.

[11] Бұхари хадистер жинағы.

Return to Top ▲Return to Top ▲