НАМАЗДЫҢ ҚАДІРІ

Намаз – діннің ең басты белгісі мен рәмізі, пенде мен Алланың арасындағы тұрақты байланыс. Сол арқылы адам күнә-кемшіліктерінен тазарады, туралықпен өмір сүруді нығайта түседі. Намаз пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер үшін, барлық ізгі пенделер үшін ең басты байлық, дүниедегі ең сүйікті іс.

Бес уақыт намаздан бөлек тарауих намазы еркектерге де әйелдерге де сүннет болған намаз. Тарауих намазы Рамазан айының әр кешiнде оқылады. Оқылатын уақыты құптанның соңғы сүннетімен үтiр намазының арасы. Мәселен, тарауих намазының бiр бөлiгiне үлгерген адам имаммен бiрге үтiр намазын оқып болған соң тарауих намазының қалған бөлiгiн оқып толықтырады. Уақытында оқылмай қалған тарауих намазының қазасы оқылмайды. Тарауих намазы жиырма рәкаттан тұрады.    

Үтір намазы рамазан айында ғана жамағатпен бiрге оқылады. Тарауих намазын екi рәкатта бір сәлем беріп және әрбiр төрт рәкатта бір тәсбих айтып оқу сауапты іс. Төрт рәкатта бір сәлем беріп оқыса да болады. Тарауих намазын мешiтте жамағатпен оқи алмағандар үйiнде оқуы күнә емес. Бiрақ мүмкіндік болса, мешiттегi жамағаттың  сауабын алуға мүмкіндік жасаған абзал.

Тарауих намазын оқу бекітілген сүннет. Расулулла ﷺ 3-4 күн тарауихты жамағатпен оқып кейін үйінен шықпаған еді. Себебін сұрағанда Алла елшісі ﷺ былай деп бұйырды:  «Тарауих намазының сендерге парыз болуынан (қиналып қала ма деп) қорыққаным үшін үйден шықпадым».[1]

Тарауих намазын имамның артынан ілесіп, намазды соңына дейін жалғастырудың сауабы жайында:

مَنْ قَامَ مَعَ الْإِمَامِ حَتَّى يَنْصَرِفَ كُتِبَ لَهُ قِيَامُ لَيْلَةٍ 

«Кімде-кім намазды имам аяқтағанға дейін бірге болса, түні бойы намаз оқығандай сауап жазылады»[2] деген.

Нәпіл намаздардың ішінде ең абзалы тәһажжут намазы. Тәһажжут намазы деп – құптан намазынан кейін бір ұйықтап тұрып, түнде оқылатын нәпіл намазды айтады. Рамазан түндеріне тәһәжжут намазын оқу ерекше сауабы мол амалдардан. Алла Тағала Құран кәрімде тәһажжут намазы жайында:

تَتَجَافَى جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ * فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَا أُخْفِيَ لَهُمْ مِنْ قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалбарынып, дұға етеді. Сондай-ақ өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жұмсайды.Дүниеде істеген игі істері үшін оларды (ақыретте) сый-сияпаттың, нендей тосын нығметтердің сақтаулы (жасырулы) екенін жан баласы білмейді»[3].

Алла елшісі ﷺ:

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, намазға тұрса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»[4].

Исламдағы ұлы имамдар түнгі намаздарына қатты көңіл бөлген. Әшәб ибн Абдулазиз Имам Малик туралы былай дейді: «Бірде ел жатқан уақытта сыртқа шықтым. Малик ибн Әнәстің үйінің жанынан өтіп бара жатып, оның намаз оқып жатқанын байқап қалдым. «Фатиханы» оқып болған соң, «Тәкәсүр» сүресін оқи бастады. «Сол күні берілген ырыс-береке мен несібелерден сөзсіз сұраласыңдар» аятына жеткен кезде кемсеңдеп, жылай бастады. Әлгі аятты қайта-қайта қайталап жылай берді. Мен баратын жеріме де бармай, көз алмай тыңдап қалдым. Осылайша ол таң намазына дейін жылады. Шапақ атқанда ғана, рүкүғке барып, намазын бітірді. Мен де үйге барып, дәрет алып, таң намазын оқу үшін мешітке бардым. Кейіннен күн шығып, айнала жарыққа толып, оның айналасына ілім алқасы жиналды. Мен жақындап барып жүзіне қарағанымда, жүзі нұр шашып тұрды. Сол кезде мен «Түнгі намазы көп болғанның күндіз жүзі нұрлы болады» деген хадисті есіме алдым».

Имам Ағзам да түнде ұйықтамай Құран оқитын. Кейде бір аятты таңға дейін қайталап жылайтын. Оның қатты жылағанын көршілері де естіп, жаны ашитын. 

Ал енді мүлдем намаз оқымайтын адамның жағдайына келер болсақ, ақыретте ондай адамның Алла алдында ақталуы өте қиын[5].

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَخَلَفَ مِن بَعْدِهِمْ خَلْفٌ أَضَاعُوا الصَّلَاةَ وَاتَّبَعُوا الشَّهَوَاتِ ۖ فَسَوْفَ يَلْقَوْنَ غَيًّا ﴿٥٩﴾ إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ صَالِحًا فَأُولَـٰئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ وَلَا يُظْلَمُونَ شَيْئًا 

«Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына, намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (қияметте) адасуларының сазайын тартады. Бірақ кім тәубе қылып, иман келтірген түрде түзу іс істесе, міне солар ешбір әділетсіздікке ұшырамай жәннатқа кіреді»[6].
         Бұл аятқа қатысты Ибн Аббас (р.а.): «Құрандағы «намазды қойып» дегендегі аяттың мағынасы түгелдей тастап қою емес, «намазды уақытынан себепсіз кешіктіру» делінген. Табиғиндердің имамы Сағид ибн әл-Мусайаб бұл аят турасында: «Бесін намазын екінді намазы кірер кезде оқу, екінді намазын ақшам намазына дейін кешіктіру, ақшам намазын құптан намазына дейін кешіктіру, құптанды таң намазы кіргенге дейін кешіктіру, таң намазын күн шығар  алдында оқу. Егер адам осы күйінде дүниеден өтетін болса, тозақта түбі терең ұсқынсыз болған  алаңға тасталады» делінген. Алла Тағала басқа бір аятта:

فَوَيْلٌ لِّلْمُصَلِّينَ ﴿٤﴾ الَّذِينَ هُمْ عَن صَلَاتِهِمْ سَاهُونَ

«Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарын немқұрайлы оқиды»[7]. Сағд ибн Әби Уақас былай дейді: «Пайғамбарымыздан намаздарына немқұрайлы болғандар жайында сұрадым: «Ол уақытын кешіктіру» деп жауап берді. Бұл адамдар намаз оқыса да намаздарын кешіктірген сол үшін оларға Алланың үлкен азабы бар. Құранда «уәил» деген сөз келген. Бұл тозақтағы алаң, оның ыстықтығы сондай дүниедегі таулар еріп кетер еді. Басқа бір аятта Алла:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ

«Әй мүміндер! Сендерді малдарың, балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар, зиян тартушылар»[8].

Тәпсір ғалымдары аяттағы «Алланы еске алудан» деген сөздерді бес намазға қатысты айтылады делінген. Көпшілік қазіргі уақытта дүние, сауда, өмірлік күйбеңмен бала өсіру қызығына батып, намаздарын тәрк қылуда. Пайғамбарымыз ﷺ: Адамның қиямет күні ең бірінші есепке алынатын амалы – намаз, егер намазы дұрыс болса, жетістікке жеткені, ал намазында нұқсан болса, құрдымға кеткені» делінген. Алла Тағала Құран Кәрімде тозақ иелерін сипаттап былай дейді:

مَا سَلَكَكُمْ فِي سَقَرَ ﴿٤٢﴾ قَالُوا لَمْ نَكُ مِنَ الْمُصَلِّينَ ﴿٤٣﴾ وَلَمْ نَكُ نُطْعِمُ الْمِسْكِينَ  ﴿٤٤﴾  وَكُنَّا نَخُوضُ مَعَ الْخَائِضِينَ

«Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» Олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік». «Әрі міскінді тамақтандырмайтын едік»[9].

Пайғамбарымыз ﷺ басқа бір хадисте:

      مَنْ فاتَتْهُ صَلاة الْعَصْرِ حَبِطَ عَمَلَهُ

«Кімде-кім екінді намазын қаза қылса, амалы құрдымға кетеді»[10], делінген.

Басқа бір хадисте:

» مَنْ حافَظَ عَلَيهْا كانَتْ لَهُ نُوراً وَبُرْهاناً وَنَجَاةً يَوْمَ الْقِيامةِ وَمَنْ لَمْ يُحافِظْ عَلَيها لَمْ تَكُنْ لَهُ نُوراً وَلا بُرْهاناً وَلا نَجَاةً يَوْمَ الْقيامةِ وَكان يَوْمَ الْقِيامةِ مَعَ فِرعونِ وقارون وهامان وأبي بن خلف «

«Кімде-кім бес уақыт намазға мұқият болса, қиямет күні ол құтылады әрі намазы оған дәлел болады және Алла оған бір нұр нәсіп етеді. Ал егер кімде-кім салғырт қараса, оның нұрын алып қояды әрі дәлелі болмайды және қияметте құтылу жоқ. Ол қиямет күні Перғауын, Қарун, Һаамаан, Абу ибн Халафпен бірге болады» делінген»[11].

Осы хадиске байланысты кейбір ғалымдар былай деп айтқан: «Егер кімде кім намазды байлық үшін тастаған болса, Қарунмен бірге тіріледі, егер басшылық үшін тастаған болса, перғауынмен бірге тіріледі, егер уәзірлік қызмет үшін тастаса, Һааманмен бірге тіріледі, егер сауда үшін тастаса, Абу ибн Халафпен бірге болады» – деп түсіндірген.

Омардан келген хадисте бір адам келіп Пайғамбарымыздан ﷺ: «Исламда ең абзал амал не? деді. Пайғамбарымыз ﷺ: «Уақытында оқылған намаз, егер кімде-кім намазды тастаса, дінінен айрылады, намаз діннің тірегі»[12] деді.

Таң намазында Омарға қастандық қылынғанда да намазын бұзбастан жалғастыра берген және өз сөзінде: «Кім намазды жоғалтса, оның дінде үлесі жоқ» деген.

Атақты хадисте келгендей: «Кімде-кім бес уақыт намазға бекем болса, Алла тағала оған бес кереметті нәсіп етеді: өмір таршылығынан, қабір азабынан босатылады, амал дәптері оңынан беріледі, сират көпірінен найзағайдай жылдамдықта өтеді және жәннатқа есепсіз кіреді. Ал егер кім немқұрайлықпен қарайтын болса, Алла оны он бес азаппен жазалайды. Бесеуі дүниеде, үшеуі өлім шағында, үшеуі қабірде, үшеуі қабірден шыққан кезде. Дүниедегі азабына келетін болсақ, өмірінің берекесін алып қояды, жүзінен салихалылардың белгісін жояды, амалдары Алланың сауабына кенелмейді, дұғасы көтерілмейді, салихалыларға қатысты дұғада үлесі болмайды. Өлім сәтіндегі азапқа келетін болсақ, бейшара қалыпта өледі, аш күйде, сусаған күйде, дүниенің теңіздерін ішсе де сусыны қанбайды. Қабірдегі азапқа келетін болсақ, қабірі оған таршылық қылады, тіпті қабырғалары бір-біріне айқасып кетеді екен, қабірі оттай болады, күндіз-түні шоқта аунағандай болады және қабірінде «шужағ» деген жыланмен азапталады. Қабірден шыққаннан кейінгі азабы, қияметте қатты азап, Алланың ашуы, тозаққа кіру міндет болады» деген[13]

Намазды немқұрайлы оқу жайында Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: бір адам мешітке кіріп, намаз оқиды, содан кейін пайғамбарымызға ﷺ келіп сәлем береді, Пайғамбарымыз ﷺ оның сәлемін қайтарып: «Қайт, сен намаз оқыған жоқсың» деді. Ол қайтадан оқыды. Содан кейін тағы да келіп сәлем береді. Пайғамбарымыз ﷺ оның сәлемін қайтарып: «Қайт, сен намаз оқыған жоқсың» деді. Ол тағы да алдындағыдай намазын оқып, пайғамбарға ﷺ сәлем береді: Ол үшінші мәрте: «Қайт, сен намаз оқыған жоқсың» деді. Үшінші мәртесінде әлгі адам: «Ей, ақиқатпен жіберілген Алланың елшісі, бұдан қалай жақсырақ оқимын, үйретші» деді. Пайғамабарымыз ﷺ: «Намазға тұрғаныңда тәкбір айт және өзіңе Құраннан жеңіл болғанын оқы, содан кейін рүкуғқа бар, рукуғтың хақысын толық бергеннен кейін денеңді тікте содан кейін сәжде қыл, сәжденің хақысын толық бергеннен кейін отырыс қыл, отырыстың хақысын толық бергеннен кейін тағы да сәжде қыл, ол сәжденің хақысын бер. Міне намазыңның барлығын осылай істейтін бол[14]», деді.

Басқа бір хадисте:

وَثَبَتَ عَنْهُ صلى الله عليه وسلم أَنَّهُ قال: » أَشَدُّ النَّاسِ سَرِقَةً الَّذِي يَسْرِق مِنْ صَلاتِهِ: قِيلَ وَكَيْفَ يَسْرِقُ مِنْ صَلاتِهِ؟ قَال: لَا يَتِمُّ رُكُوعَها ولا سُجُودَها ولا القراءةَ فيها «

«Ұрылардың ең жаманы намазда ұрлық жасағандар. «Ол қалай болады дегенде? «Рукуғын, сәждесін, қирағатын толық жасамайды»[15] деді.

Намаз, мінәжат – дінннің ең басты белгісі, ең басты рәмізі. Ислам дінінде ол пенде мен Рабының арасындағы тұрақты байланыс. Сол арқылы пенде Раббысына үйреніседі, күнә-кемшіліктерінен тазарады, туралықпен өмір сүру салты да нығая түседі және сол намаз арқылы әуейіліктің азғыруы мен нәпсінің қыспағынан сақтанады. Намаз пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер үшін, барлық ізгі пенделер үшін ең басты байлық, дүниедегі ең сүйікті іс.


[1] Бұхари хадистер жинағы

[2] Тирмизи хадистер жинағы

[3] «Сәжде» 16-17 аяттар.

[4] Бұхари хадистер жинағы.

[5] Имам Зәһәбидің «Кәбәир кітабынан

[6] «Мәриям» сүресі, 59-аят.

[7] «Мәғун» сүресі,  4-5 аяттар.

[8] «Мунафиқун» сүресі.

[9] «Муддассир» сүресі, 44-аят.

[10] Бұхари хадистер жинағы

[11] Бұхари хадистер жинағы

[12] Байхақи хадистер жинағы

[13] Бірнеше хадистердің жиынтығы

[14] Имам Ахмад хадистер жинағы

[15] Имам Ахмад хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲