Мешітке бару әдептері

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Аллаһ Құранда:
«Ей, адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеріңді алыңдар!» – деген (Яғни, әрбір намаз кезінде зейнетті киімдеріңді киіңдер). Ағраф.31
Және пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім үйінен дәретін толық алып, кейін адамдармен бірге немесе жамағатпен бірге немесе мешітте парыз етілген намазды оқу үшін шықса. Ол намазды оқып алса, онда Аллаһ оның күнәларын кешіреді«-деген. (Муслим).

1. Мұсылманның мешітке шығар кезде денесінің, киімінің таза болуы.
Аллаһ Құранда:
«Ей адам балалары! Әрбір құлшылық орынында зейнеттеріңді алыңдар!«. – деген. (Ағраф:31).
Яғни, көпшілікке белгілі болған нәрсе адам әдетте белгілі бір кездесуге немесе көпшілік жиналатын орынға, әсіресе сол кездесу, не отырыс оның жүрегінде елеулі орын алған бір құрметті кісімен болатын болса, онда ол ондай жайларға бару үшін мүмкіндігінше зейнеттеніп, алдын ала дайындық жасайды. Ондай болса мұсылмандардың мойындарындағы парыздарын өтеу үшін Аллаһтың үйіне жиналып алдын ала дайындық жасап, тазалықпен, киіммен, жұпар иісті сулармен зейнеттенгені одан да артығырақ.
Осы жерде қосымша айта кететін нәрсе; мұсылманға әркез фитрадан болған нәрселерге көңіл бөлу керек. Өйткені ол нәрсе оны барлық уақытта көркем кейіпте болуына көмектеседі. Мусғаб ибн Шайбаның Айша анамыздан (Аллаһ одан разы болсын) келтірген хадисінде Пайғамбарымыз(Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Он нәрсе фитрадан; мұртты қысқарту, сақалды жіберу, мисуак пайдалану, мұрынға су тарту, тырнақ алу, саусақ араларын жуу, қолтық түктерін жұлу, әурет түктерін қыру, дәрет сындырғаннан кейін сумен тазалау. (Муслим).
Және Мусғаб ибн Шайбаһ: Оныншысын еске түсіре алмадым. Мүмкін ауыз шаю болар, деген.
Абу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) келген хадисте: «Бес нәрсе фитрадан: Сүндеттеу әурет түктерін қыру, қолтық түктерін жұлу, тырнақтарды алу, мұртты қысқарту«-делінген. (Бухари, Муслим).
Және Абу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) келген тағы бір хадисте: «Барша мұсылманға Аллаһ үшін әрбір жеті күнде бір жолы толық жуыну керек. Сол жуынуында басы, денесін жууы қажет«-делінген. (Бухари, Муслим).

2.Мешітке намаз үшін жиналғандарды жағымсыз иіспен мазаламау үшін, мешітке шығар алдын пияз, сарымсақ,(чеснок) сияқты нәрселерді шикідей жемеу.
Кім намазхандарға жағымсыз иіспен азар берген болса, періштелерге де азар берген болады. Жабир атты сахабадан (Аллаһ одан разы болсын) келген хадисте: Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім сарымсақ не пияз жеген болса, біздерге жақындамасын немесе біздің мешітімізге жақындамай үйінде отырсын«-деген. (Бухари).
Жабир ибн Абдуллаһтан (Аллаһ одан разы болсын) жеткен тағы бір хадисте, ол кісі; «Аллаһтың елшісі (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пияз жеуден тиған болатын. Бір қажеттіліктің жеңуіне байланысты біз одан жеген едік. Сонда ол кісі:
– Кімде-кім бұл иісі жағымсыз өсімдіктен жеген болса, біздің мешітімізге жақындамасын. Өйткені адам не нәрседен азар шегетін болса, періштелер де содан азар шегеді-деді
» (Бухари, Муслим).
Осы тұста ескерте кететін жәйт; әрбір өзінің жағымсыз иісімен намазхандардың мазасын кетіретін темекі тағы сол сияқты нәрселер де, жоғарыдағы пияз бен сарымсақтың үкіміне кіреді. Яғни, кімде-кімнің денесінен, не киімінен, не тартқан темекісінен нашар иіс шығып тұратын болса, онда оларға да оның иісін кетірмей мешітке келуге болмайды. Сондықтан әрбір мұсылманға мешітке барар алдын, ондағы намазхандарға азар келтіріп, күнәлі болмау үшін, денесі мен киімінің тазалығын қадағалау қажет. Әрі кім сол жеген пиязы немесе сарымсағының иісін кетіретін істеріді жасаған болса, (мыс, артынша оның иісін кетіретін тамақтарды жеу, не оның иісі жоғалатындай уақыттың өтуі сияқты істер) онда оның мешітке баруының ешбір оқасы жоқ.

3. Мешітке ертерек бару абзал.
Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмбетін мешітке ертерек шығуға құштарлаған. Мысалға Абу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз(Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер адамдар азан айту мен бірінші сапта намаз оқудың сауабын білсе еді, әрі сол сауапқа жету үшін таласты тек жеребе тастаумен ғана шешуге болатын болса, жеребе тастар еді. Егер мешітке ерте барудың сауабын білсе еді, онда оған жету үшін жарысар еді. Әрі егер құптан мен таң намазында қандай сауаптың бар екенін білген болса, онда оған еңбектеп болса да келер еді» (Бухари, Муслим).

4. Намазға жүрегінде Аллаһқа ықылас танытып, асықпастан, аптықпастан бару.
Кім намазға ертерек шығып, асықпастан, аптықпастан келген болса, бұл нәрсе оған намазына толық бой ұрып, және онда Раббысына шынайы ықылас танытуына мүмкіндік береді. Ал керісінше кім намазға ентіге асығып келсе, бұл нәрсе оның тынысының тездетіліп, ойының шашырап, намаздағы болған қорқынышы мен ықыласын кемітеді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір сөзінде намаз басталып кеткен болса да, оған жүгіре ентігіп, асығып келуден тиған. Бұған дәлелді Абу Қатада (Аллаһ одан разы болсын) келген хабардан көреміз. Ол кісі былай дейді: «Біз бірде Пайғамбармен (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыс тапырлап келген аяқтарының дауыстары естілді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазын бітіргеннен кейін; «сендерге не болды?» – деп сұрады. Олар; «біз намазға асыққан едік»-деді. Сонда Пайғамбар (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген ракағаттарыңды оқып, ал үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер«-деді. (Бухари, Муслим).
Және Абу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер намаз басталып кеткен болса, оған асығып жүгірмеңдер. Жүрген бойда, байсалдылықпен келіңдер. Үлгерген ракағаттарыңды оқып, үлгермеген ракағаттарыңды толықтырып бітіріңдер«-деген. (Бухари, Муслим).

5. Намазға бара жатқанда оқылатын дұға айту.
Намазға шыққан адамға Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітке шыққан кезде оқыған дұғасын айту абзал. Бұған дәлелді Ибн Аббастың өзінің нағашы әпкесі Маймуна анамыздың үйіне қонған кезде көргенін хабарлаған хадистен табамыз. Сол хадисінің соңында Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Біләл (Аллаһ одан разы болсын) келіп, Пайғамбарды намазға шақырып кетті. Ол кісі түндегі дәретін жаңаламастан тұрып намаз оқыды. Және ол кісінің мешітке бара жатқандағы дұғасы: «Иә Аллаһ менің жүрегіме нұр орнат, көзіме нұр бер, құлағыма нұр бер, менің оңымнан нұр бер және солымнан нұр бер, үстімнен нұр бер, астымнан нұр бер, алдымнан нұр бер, артымнан нұр бер, маған нұр бер«- деген сөз болды. (Муслим).

6. Мешіттерге кірерде не, шығарда оқылатын дұғаларды айту.
Мешітке кірушіге былай дұға жасап кірген сүннет. «Иә Аллаһ! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Аллаһ! Мен үшін Өз рахметіңнің есіктерін аша гөр!»
Ал мешіттен шыққанда: «Иә, Аллаһ! Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне игілігің мен сәлеміңді жолда. Иә, Аллаһ! Мен Сенің кеңшілік-фазилетіңнен сұраймын»-делінеді.
Мешітке кірерде және шығарда осы дұғаларды айтуды Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмбетіне өнеге еткен. Ол кісі (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір сөзінде: «Егер біреулерің мешітке кірген болса Пайғамбарға (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәлем жолдасын. Кейін: «Иә Аллаһ! Мен үшін Өз рахметіңнің есіктерін аша гөр»- деп айтсын. Ал, егер шыққан болса: «Иә, Аллаһ! Мен Сенің кеңшілік-фазилетіңнен сұраймын»-деп айтсын.»-деген. (Абу Дауд риуаят еткен.).
Сонымен қатар мешітке кірушіге: «Ұлы Аллаһпен, Оның жомарт жүзінен, Оның мәңгілік сұлтандығымен мені қуылған шайтаннан сақта деп пана сұраймын»-деп айту сүннет істерден болады. Бұған дәлелді Амр ибн Астың келтірген хадисінен көреміз. Ол кісі: «Пайғамбар (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер мешітке кірсе: «Ұлы Аллаһпен, Оның жомарт жүзімен, Оның мәңгілік сұлтандығымен қуылған шайтаннан сақта деп пана сұраймын»-деп айтатын,-деп айттым. Сонда Ғұқба ибн Муслим «Осы ғана ма?» деді. Мен «ия, Пайғамбарымыз: (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім бұл дұғаны айтса, шайтан: «Ол менен бұл күнінің қалғанында қорғалынып қалды«- дейді, деген дедім. (Абу Дауд. ).

7. Мешітке кіргенде оң аяқпен кіріп, шығарда сол аяқпен шығу.
Мешітке кірушіге оң аяқпен кіру керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) солай істейтін. Сонымен қатар мешіт құрметті орындардың бірі. Оған оң аяқпен кіру оның құрметін ескергендік болады. Ал шығарда сол аяқпен шығу керек. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) солай істеген. Әрі мешіттен өзге орындардың барлығы құрмет жағынан одан төменірек. Жалпы оң қол мен оң аяқты құрметті, әрі фазилетті істерде қолдану, ал сол қол мен сол аяқты төменгі істерде қолдану шариғаттың үйрететін әдептерінен. Бұған Айша анамыздан (Аллаһ одан разы болсын) келген мына хадис негіз болады. Ол хадисте: «Пайғамбарымызға (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) аяқ киімді киюде, шашты тарауда, тазалықта, және барша істерінде оң жақтан бастау ұнайтын«- делінген. (Бухари, Муслим).
Ал, Анас ибн Малик атты сахаба (Аллаһ одан разы болсын): «Мешітке кірсең оң аяқпен бастап кіруің, ал шықсаң сол аяқпен бастап шығуың сүннеттен«- деген. (Хаким риуаят еткен. Және Муслимнің шартына қарай сахих хадис деген).

8. Мешітке кіргенде «Тахиятул масжид» (яғни, мешітке сәлем намазын) оқу.
Мешітке кіргенде отырмастан алдын екі ракағат мешітке сәлем намазын оқып алу Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған әмірлерінен.
Әби Қатада Ас-Салми атты сахабаның (Аллаһ одан разы болсын) келтірген хадисінде «Егер сендерден біреулерің мешітке кірген болса отырмастан екі ракағат намазын оқып алсын«-делінген. (Бухари, Муслим).

9. Мешітте отыру.
Мешітте намазды күтіп отыру абзал істерден. Оның абзалдығын Пайғамбардың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисінен көре аламыз: «…Егер бір пенде мешітке кірсе, және оны онда ұстап тұрған нәрсе намазы болса, онда ол адам намазда болып есептеледі. Сендерден біреулерің намаз оқыған жерінен тұрып кетпейінше, періштелер оған: «Ия, Аллаһ! Оны рахметіңе бөле, Ия Аллаһ! Оны кешіріп, жарылқа. Ия Аллаһ! Оның тәубесін қабыл ет.»- деп тілейді. Және періштелердің оған жасайтын тілектері, ол адам сол отырысында біреуге азар беріп, қоймайынша немесе дәретсіздікке тап болмайынша жалғаса береді» (Бухари, Муслим).
Бұл хадистен көріп тұрғанымыздай, Құдіреті күшті Аллаһ Өзінің мешітте намазды күтіп отырған құлына намаз оқушының сауабын жазып қойған. Әрі Өзінің періштелеріне сол намазды күтіп отырған құлы үшін мейірім, жарылқау, кешірім, тәубемен тілек тілетіп қойған.
Ия бұл Аллаһтың шексіз мейірімі мен кең жомарттығы.
Бірақ осы үлкен сауап пен періштелердің дұға тілектеріне лайықты болу үшін мына нәрселерді ескеріп, қойған дұрыс. Олар:
Бірінші: Ол мешітте отырған адамның үйіне кетуінен, не жұмысына баруынан ұстап тұрған нәрсе оқу үшін күтіп отырған намазы болуы керек.
Екінші: Періштелердің намазды күтіп отырушы үшін жасайтын дұғалары, оның намаз оқыған орынында болуыменен байланысты.
Үшінші: Намазды күтіп отырушыға берілетін сауап пен періштелердің оған жасайтын дұғалары, оның өзгелерге сөзбен не іспен азар беруімен немесе дәретсіздікке ұшырауымен тоқтап қалады. (Ибн Хажардың «Фатхул Бари атты кітәбінан алынған. 4 том, 400 бет).
Осы тұста қосымша айта кететін нәрсе, адамдардың көбісі осындай фазилетті де, берекетті көп уақыттарды ғапылдықпен өткізіп алады. Мысалға Азан мен Қаматтың арасындағы уақыт. Адамдар көбіне осы уақытта мешітте намазды күтіп отырады. Бірақ адамдар осы уақыттарын көздерін өзге намазға тұрғандар мен Құран оқығандарға кезек-кезек аударып, немесе мешіттің қабырғаларындағы нақыштар мен безендірулерге назар салып, немесе сол сияқты пайдасыз істермен айналысып бейғамдықпен өткізеді. Егер олар осы сауаптар еселеніп, дұға-тілектер қабыл болатын уақытты Құран оқумен, Аллаһты естеп зікір етумен, ыждаһаттанып дұға-тілек жасауменен өткізсе, өздері үшін көп қайырлы болар еді.

10. Мешітте жату.
Мешітте жату айып есептелінбейді. Пайғамбарымыздың да (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте бір аяғының үстіне екінші аяғын қойып жататын кездері болған. Бухари мен Муслимдердің риуаят еткен хадистерінде, Абдуллаһ ибн Зайд ибн Ғасим атты сахабаның (Аллаһ одан разы болсын) Аллаһтың елшісінің(Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте бір аяғын екінші аяғының үстіне қойып жатқандығын көргендігі айтылған.
Ибн Шаһан Сағид ибн Мусайиаб былай деп айтты дейді: «Омар мен Осман да солай істер еді» Яғни, олар да мешітте Пайғамбарға (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұқсап жатар еді. (Абу Дауд риуаят еткен. ).
Бірақ мешітте жатқанда әурет жерінің көрініп қалуынан сақтану керек. Кейбір адамдардың аяқтарын құбылаға созып жатқандарды айыптайтындар бар. Бірақ бұл айыптау тиісті орында емес. Егер біреу мешітте болса да, мешіттен тысқары жайда болса да аяғын құбылаға созғаны үшін айыпты да, күнәлі де болмайды.
Бірақ ескеретін нәрсе мешітте жатқанда аяқты Құран кітаптарға қарай созуға болмайды. Өйткені көп жағдайда Құран кітаптары мешітте құбыла тұста, намазхандардың алдыңғы жақтарында қойылады. Әрбір мұсылман Аллаһтың сөзімен болған әдебі мен тағзымын жоғалтпауы керек. Адамдар отырыстарда оларға біреу аяғын созып отырса, жақтырмай, оларды қайтарады. Онда Аллаһтың сөзімен қалай болу керек? Әлбетте бұндағы қайтару одан да қаттырақ.

11. Мешітте ұйықтау.
Мұқтаждық туындаған сәтте мешітте ұйықтауға да болады. Пайғамбарымздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәуірінде Асхабу Суффа деп аталынған сахабалар (Аллаһ олардан разы болсын) және кейбір кедейшілікте болған мұсылмандар Аллаһтың елшісінің (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде тіршілік жасайтын. Олар мешітте ішіп-жеп, ұйықтап демалатын. (Бұл дерек Имам Бухаридің риуаятында келген:442).
Омардың ұлы Абдуллаһ та үйленгенше мешітте ұйықтайтын болған. Бұны Нафиғтың келтірген хабарынан көреміз. Ол кісі:
«Абдуллаһ ибн Омар (Аллаһ одан разы болсын) маған өзінің жас, бойдақ, әлі әйелінің жоқ кезінде Пайғамбардың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде ұйықтайтынын хабарлады«-деген (Бухари, Муслим).
Ескертпе: Егер кім мешітте ұйықтап жатқан кезінде жүніп болып қалған болса, ғұсылдану үшін мешіттен тезірек шығуға әрекеттенгені жөн.

12. Мешітте сауда-саттық жасауға, жоғалған затты іздестіріп сұрауға болмайды.
Өйткені мешіт ондай істер үшін құрылған емес. Мешіт Аллаһты еске алу үшін, Құран, намаз оқу үшін, және адамдарға дін әмірлерін үйрету сияқты істер үшін құрылады.
Абу Һурайрадан келген хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер біреудің мешітте бір нәрсені сатып жатқанын, не сатып алып жатқанын көрсеңдер, оған: «Аллаһ сенің саудаңды пайдасыз етсін «-деп айтыңдарАл біреудің жоғалған затты сұрап іздестіріп жатқанын көрсеңдер,оған:»Аллаһ саған оны қайтармасын»-деп айтыңдар«-деген. (Муслим, Ахмад, Абу Дауд).
Бұл хадистің ашық мағынасынан көріп тұрғанымыздай, мешітте сауда-саттық жасағанға «Аллаһ сенің саудаңды пайдасыз етсін»-деу, ал жоқты сұрап іздестіргенге «Аллаһ саған оны қайтармасын»-деп айту сүннет болады.
Ал, мешітте біреу ешбір мұқтаждықсыз немесе адамдарға өз халін жалған баян ете отырып, өтірікпен, тілемшілік жасайтын болса, не мешіттегілерге сұрауымен зарарын тигізетін болса, онда оған тиым ескерту айтқан дұрыс.
Жалпы, мешітте болсын, мешіттен тысқары жайда болсын, зәру, қатты қажет жағдайларда болмаса, тілемшілік жасау тиым етілген харам істерден. Ал біреу өзгелерден жәрдем сұрауға шын мәжбүр болған болса, және сұрауы барысында, намазхандардың үстінен аттап мазасын алмаса, не оларға өз халін жалған баяндап, өтірік айтпаса, не олардың айтып, оқып жатқан зікірі мен Құрандарына немесе алып жатқан білімдеріне, имамның айтып жатқан құтпасына кедергісін тигізбесе, осы сияқты мешіттегілердің жасап жатқан ғибадаттарын үзіп, мазасын алмаса,онда сұрауының оқасы жоқ.
Себебі Абу Дауд Абдурахман ибн Абу Бакрдің (Аллаһ одан разы болсын) былай деп айтқан хадисін жеткізген: «Аллаһтың елшісі (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Сендердің араларыңда бүгін міскінді тамақтандырған адам бар ма?«-деп сұрады. Сонда Абу Бакр: «Мен мешітке кірген кезімде бір сұраушының қайыр сұрап жатқанын көрдім. Абдурахманның алдынан нанның сынығын таптым да, соны алып оған бердім«-деді.
Мунзири деген ғалым кісі Муслимнің сахих хадистер топтамасы мен Нисайдің хадистер кітәбында Абу Хази Салман Ал-Ашжағидан осыған ұқсас хадис келген дейді.
Бұл хадис мәжбүрлік итермелеген жағдайда қайыр сұрауға болатындығына және мешітте қайыр сұраушыға садақа беруге болатындығына дәлел.

13. Мешітте дауыс көтермеу.
Сайб ибн Иазид деген кісі былай дейді: «Мешітте тұрған едім бір кісі мені таспен ұрып түртті, қарасам Омар ибн Хаттаб екен. Ол кісі маған: «Анау екеуін шақырып келші»-деді. Ол екеуін оған алып келдім. Сонда Омар ол екеуіне: «Кімсіңдер» немесе «Қайдан боласыңдар» деді. Олар:»Тайф елінен боламыз»-деді. Оларға Омар: «Егер сендер қаламыздан болғандарыңда (яғни, Медина қаласының тұрғындары болғандарыңда), Аллаһтың елшісінің мешітінде дауыстарыңды көтеріп сөйлегендерің үшін, қаттырақ ұрып ескертер едім«-деді. (Бухари).
Бұл хабар мешітте дауыс көтеріп сөйлеудің жағымсыз, макруһ істерден екеніне дәлел. Және Хазіреті Омар ешнәрсені дәлелсіз айтпайтын. Сондықтан бұл хабарды Пайғамбардан (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) естігеннен кейін айтып жатқаны даусыз.
Расында мешітте дауыстың көтерілуінен өзге намаз оқып, Құран оқып, Аллаһты естеп ғибадат қылушыларға кедергі, зарар бар.
Кейбір ғұламалар мешітте дауыс көтеруді екі түрге бөлген. Бірінші түрі: ілім үйрету, насихаттап қайырлы істерді үйрету мақсатында дауыстың көтерілуі. Бұл дауыстың көтерілуінің рұқсат етілген түрі. Екінші түрі: жәй бір сөздермен, әңгімелесумен дауыстың көтерілуі. Ал бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей макруһ істерден» (Ибн Хажар. «Фатхул Бари» 1/658)

14. Мешіттен азан айтылғаннан кейін шығу тиым етілген.
Мешітте отырған кезде азан айтылса, одан себепсіз шығып кету макруһ. Себепті жағдайларға дәретті жаңарту, және сол сияқты істер кіреді. Абу Шағса деген кісі өзінің жеткізген хабарында былай дейді: «Біз мешітте Абу Һурайрамен бірге отырған едік, азаншы азан айтты. Сол уақытта бір кісі тұрды да, кете бастады. Абу Һурайра оған мешіттен шығып кеткенше көзін салды. Кейін Абу Һурайра: «Бұл пенде Абу Қасымға, (яғни, Пайғамбар саллалаһу ғалайһи уа салламға) қарсы келіп, күнәһар болды«-деді. (Муслим).
Бұл хадистен алынатын негіз, егер біреу мешітте отырғанында азан айтылса, оған ешбір себепсіз сол уақытта кірген парыз намазды оқып алмайынша шығуға болмайды. Азан айтылғаннан кейін мешіттен шығудың тиым етілуінің тағы бір себебі,шыққанында оны бір істер шұғылдандырып, жамағатпен бірге намаз оқуынан тосып қоюы мүмкін.

15. Мешітке бара жатқанда, намаз оқымастан алдын қолдың саусақтарын бір-біріне айқастырудан тиым.
Жалпы жағдайларда саусақтарды айқастырудың ешбір айыбы жоқ. Бірақ мешітке шыққан адамның намаз оқымастан алдын саусақтарын айқастыруына болмайды. Бұған дәлелді Қағб Ибн Ғужра атты сахабаның (Аллаһ одан разы болсын) айтқан мына хадисінен көреміз. Ол хадисте: « «Сендерден біреулерің дәретін толық етіп алып, арнайы мешітке қарай ниет етіп шықса, онда ол саусақтарын айқастырмасын. Өйткені ол намазда. (яғни, намаз оқып жатқанмен тең) – делінген. (Абу Дауд. ).
Және осы хадисті риуаят етіп отырған сахабаның Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте де, мешіттерден тысқары уақыттарда да бірнеше рет саусақтарын бір-біріне айқастырған кездері болғандығын айтқан. Осындай хабарды Абу Һурайраның келтірген хадисінен де көреміз. Абу Һурайра ол хадисте: «Пайғамбар (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен бірге екі ракағат намаз оқыды. Кейін сәлем берді де, орнынан көтеріліп мешітте көлденен тұрған ағашқа, оң қолын сол қолының үстіне, саусақтарын айқастырған күйде қойып сүйеніп тұрды. Ол кісі ашуланып тұрғандай көрінді«-деген. (Бухари, Муслим).
Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) саусақтарын араластырып ұстағаны туралы дерек Абу Мусаның (Аллаһ одан разы болсын) келтірген хадисінде де келеді. Ол хадисте Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүмін пенде мүмін пенде үшін бірін-бірі бекемдеп тұратын құрылыс сияқты-деді де, саусақтарын бір-біріне айқастырып көрсетті«-делінген. (Бухари, Муслим).
Жоғарыда Кағб ибн Ғужрадан келген хадиспен төменде айтылып өткен хадистерді топтастырғанда шығарылатын қорытынды, саусақтардың бір-біріне айқастырылуының тиым етілетін кезі, адамның үйден мешітке намазды мақсат етіп шыққан уақыты мен мешітте намазды күтіп отырғандағы уақыты. Себебі бұл уақыттарда пенде жай намазға бара жатса да, намазды күтіп отырса да, намаз оқып жатқан адамның үкімінде болады. Ал арнайы дәрет алып бара жатқан намазы мен күтіп отырған намазын оқып болғаннан кейін және осы тиым етілген кезден басқа жағдайлардың бәрінде де саусақтарды айқастырып ұстаудың ешбір айыбы жоқ.

16. Мешітте рұқсат етілген дүние сөздерін сөйлеу.
Мұсылман кісінің өзінің мұсылман бауырымен мешітте рұқсат етілген дүние сөздерімен сөйлесуі күнә емес. Өйткені Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де, оның сахабалары да мешітте дүние істері жайында әңгімелесетін еді. Бұған дәлелді төмендегі хадистен таба аламыз:
Саммағ Ибн Харб Жабир Ибн Самраға:
-Пайғамбармен бірге отыратын ба едің-деп, сұрақ қояды. Ол:
-Ия, Пайғамбар (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көбіне таң намазын оқыған жайынан күн шыққанша тұрмас еді. Күн шыққанда орнынан көтерілетін. Және сахабалар сол кездерде бір-бірімен әңгімелесетін. Жаһилетте болған істерді естеп күлісетін. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) естіп күлімсірер еді. (Муслим).
Бірақ мешітте рұқсат етілген дүние істерімен әңгімелескен кезде мына нәрселерді естен шығармау керек. Олар:
1- Маңайындағы намаз оқушыларға, Құран оқушыларға, іліммен шұғылданушыларға азар беріп, мазаламау керек.
2- Мешітте дүние істерімен әңгімелесуді әдетке айналдырып алмау керек.
3- Сол әңгіме барысында өтірік, ғайбат, өсек сияқты харам етілген күнәлі сөздер мен істерге түсіп кетпеу керек.
4- Ұзаққа созбау керек.
5- Мешітте дауысты қатты көтермеу қажет.
6- Сауда-саттық сөздерін айтпау керек.

17. Мешітте ішіп-жеу.
Мешітте ішіп-жеудің оқасы жоқ. Аллаһтың елшісінің (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте ішіп-жеген кездері болған. Ол кісінің бұл ісі оның рұқсаттығына дәлел. Абдуллаһ Ибн Харис Ибн Жузин Аз-Забид деген кісі: «Аллаһтың елшісінің (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) уақытында мешітте нан, ет жейтінбіз«-деген. «Ибн Мажа. ).

18. Мешіт тазалығын сақтау.
Яғни, мешітте қажетсіз қоқыс заттарды тастамау, тамақ, сусынның қалдықтарын төгіп, шашпау, оның ішіне түкіріп, қақырмау.
Осы тұста мына нәрсені қосымша айта кетеміз. Егер мешітте жайнамаз орнына құм, не топырақ төселген болса, онда намазды аяқ киіммен оқу сүннет. Себебі Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше мәрте аяқкиіммен намаз оқыған. Тіпті аяқкиіммен намаз оқуға бұйырғаны да бар.
Абу Сағид Ал-Худри деген сахаба айтады: «Бірде Аллаһтың елшісі (Аллаһтың игілігі мен жақсылығы болсын) сахабаларымен намаз оқып жатқан кезінде, намаз үстінде аяқ киімдерін шешіп,сол жағына қойды.Артында ұйып тұрушылар да бұл істі көргеннен кейін аяқ киімдерін шешіп тастады. Аллаһтың елшісі (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазын түгеткеннен кейін: «Сендерді аяқ киімдеріңді шешіп тастауларыңа не нәрсе итермеледі-деп сұрады. Сонда олар:
Сіздің аяқ киіміңізді шешкеніңізді көріп, біз де аяқ киімдерімізді шешіп тастадық. –деді. Сонда Аллаһтың елшісі (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):
Маған Жәбірейіл періште келіп, аяқ киімдерде нәжіс, не ластық бар екенін хабарлады«- деді. Кейін тағы:
Егер сендерден біреулерің мешітке келген болса, аяқ киімдеріне қарасын. Олардан нәжіс не ластық тапқан болса, жерге үйкеп кетірсін де, сол аяқ киімдерімен намазын оқысын» –деді. (Абу Дауд. ).

Ескертпе:
Қазіргі заманда мешіттерде жайнамаз орнына кілемдер төселеді. Сондықтан адамдар мешітте жайнамазды ластап қоймау мақсатында аяқ киімдерін шешіп кіреді. Сондықтан Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды аяқ киіммен оқуға байланысты сүннетін іске асырып, сауабына жеткісі келгендерге, өз үйлерінде болғанда, не сапарға, не серуенге шыққан уақыттарда намаздарын аяқ киімдерімен оқыса болады.

19. Әйелдердің мешітке баруы.
Әйел кісілерге мешітке келулеріне рұқсат. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендердің біреулеріңнің әйелдердің мешітке баруға рұқсат сұраса, оны қайтармаңдар«- деген. (Бухари, Муслим).
Бірақ әйелдердің үйлерінде оқыған намазы мешітте оқыған намазынан артығырақ.
Мешітте шығуды қалаған әйелдер мына мәселелерді ескеруі керек:
Оған бүлік пен жаман пікірлерге себеп болмау үшін әтір сулармен жұпарлануға, өзгенің назарын өзіне аударатын дәрежеде көркемденіп, зейнеттенуге болмайды. Абдуллаһтың әйелі Зейнептен келген хадисте, Зейнеп (Аллаһ одан разы болсын): «Аллаһтың елшісі бізге: «Егер сендерден біреулерің мешітке барған болса, әтір сулардан себінбесін» –деп айтты– дейді. (Муслим).
Сондықтан Құран мен сүннеттерде келген дәлелдерге қарай әйел кісіге, егер исламның одан талап ететін әдептерін ұстанып, үстіне киген киімін дұрыстап, иманы әлсіздердің жаман пікірге түсіп әсерленуіне себеп болмауы үшін, бойындағы, киіміндегі зейнеттерін жасырынқырап жүретін болса мешіттерге шығуларына рұқсат.
Ал, өзгелерге бет-жүзінің әдемілігі мен дене пошымының сымбаттылығын көрсету мақсатында болған әйелге мешітке кірулерінен тиылғаны дұрыс. Жалпы өзгелерге бүлік туғызатын ондай халде болған әйелдерге мешіт емес, сонымен көпшілік топталатын орындарға да шықпағаны дұрыс.
Сонымен мешітке келген әйелдерге намаздарын ер кісілерге араласпай, олардың артқы жақтарында оқулары керек. Әйел кісілер ер кісілерден неғұрлым алыстаған сайын, сол нәрсе олар үшін соғұрлым жақсырақ, әрі абзал.
Абу Һурайра (Аллаһ одан разы болсын) Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан сөзін жеткізген:
«Ер кісілердің намаздағы саптарының жақсырағы алдынғысы, ал нашарырағы соңғысы. Ал, әйел кісілердің намаздағы саптарының жақсырағы соңғысы, нашарырағы алдынғысы» (Муслим).
Өйткені әйел кісілердің ер кісілерге жақын болуы шаһуаттарды оятып, намаздың өзегі болған ықыласты әлсіретуі ықтимал. Сондықтан шариғат мешітте болса да ер кісілердің әйелдерден, әйел кісілердің ерлерден алысырақ болуын талап етеді.

«Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы

Алыпқашев Аян Болатұлы

 

Return to Top ▲Return to Top ▲