ЖАСТАРҒА ӨНЕГЕ БОЛСА  ЕКЕН

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деген ғибратты сөз бар. Бала тәрбиесі жауапкершілігі зор, салмағы ауыр міндеттердің бірі. Сондықтан өскелең ұрпақтың ертеңгі тағдыры біздерге, аға буын өкілдеріне сын екенін естен шығармаймыз. Жастардың тәрбиесі туралы сөз қозғауым тегін емес. Жақында көппен бірге мен де «Хабар» телеарнасынан Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Маямеровтің «Көзқарас» бағдарламасына берген сұхбатын көрдім. Жоғарыда жастардың болашағына алаңдайтынымды айттым. Бас мүфти де өз әңгімесінде келешек ұрпақтың жат ағымдарға адаспай, дұрыс жол таңдауына тілектестік білдірді. Ержан Малғажыұлы діни ағымдардан төнген қауіптің зор екенін дөп басып айтты. Жастардың ертеңгі күніне алаңдауы заңды. Өйткені, жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар аз емес. Болашақтың кілті – жастардың қолында. Қоғамға кесапаты зор жолды таңдағандардың тағдырын дұрыс арнаға бұру жалғыз адамның еншісінде емес, біз де дін қызметкерлеріне қолымыздан келген көмекті бергеніміз жөн.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Бас мүфтидің сұхбаты жайлы өз арамызда «дөңгелек үстел» басында отырып, ой бөлістік. Ержан қажы Малғажыұлының айтқандарының ішінен осы жат ағымдар туралы толғанысын жүрген жерімізде, әсіресе, жастардың ортасында айтып, көпшілікке ой салу қажет деген шешімге келдік.

Меніңше, алдағы уақытта мешіт имамдары жат ағымдар туралы оқушылармен оқу-ағарту, түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Балалар аңғал келеді, кейді олардың осы бір көңілшектігін арам ойлылар өз пайдасына асырып жатады. Сондықтан жергілікті жерлерді ақпараттық түсінік жұмыстарын күшейтетін уақыт жетті.

Еліміздің Бас мүфтиі салмақты сөзі, парасатты пайымы арқылы жастарға үлгі тұтар азамат екен. Жақында Солтүстік Қазақстан облысына келген сапарында да биязылығымен көңілімізден шыққан еді. Дін жолындағы адамдарға қарап жастарымыз бой түзер болса, ертеңгі күніміз алаңсыз болмақ.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

Солтүстік Қазақстан

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Return to Top ▲Return to Top ▲