ӨКІЛ ИМАМ ӨЗІНЕ БЕРІЛГЕН АВТОКӨЛІК КІЛТІН МЕШІТТЕГІ ТАЗАЛЫҚШЫ ӘЙЕЛГЕ ТАБЫСТАДЫ

Бүгін қасиетті жұма күні ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Ақмола облысында өкіл имам болып еселі қызмет еткен Қанат қажы Қыдырмин елордадағы еліміздің басты діни-рухани орталығы  – Әзірет сұлтан мешітіне наиб имам қызметіне ауысты.

Көкше жұрты осында тоғыз жыл бас имам болып қызмет атқарған Қанат Қыдырминге ерекше ықылас танытып, ризашылық білдірді. Көкше жұртының атынан елге танымал азаматтар Мұрат қажы Ыдырысов пен Болат Жанәділов ізгі тілектерін айтып, иығына жапан жауып, жеңіл көлікті сыйға тартты.

Қанат Қыдырмин өзіне қолдау білдіріп, асыл дінімізді насихаттауға үлес қосқан барша қауымға жүрек тебірентер лебізін жеткізді. Өзіне жапқан шапанды күн сайын азан үнімен жұртты ұйытқан мешіт азаншысы Алтынбек Аманжоловқа, ал, жеңіл көлікті мешіттің тазалықшысы болып еңбек ететін жалғызбасты ана мен оның отбасына тарту етті.

Ал, Ақмола облысының жаңа бас имамы болып Астана қалалық «Әлжан ана» мешітінің бас имамы қызметін атқарған Қуаныш Жұмабайұлы Сәбит тағайындалды. Наиб мүфти Серікбай қажы Ораз жаңа имамды таныстырғасын оған жаңа қызметте табыс тіледі.

Ақмола облыстық «Науан Хазірет»

мешітінің баспасөз хатшысы

Return to Top ▲Return to Top ▲