Қасиетті Қадір түнінде облыс әкімі ауызашар берді

Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне сыйлық етіп берген қасиетті Қадір түнінде облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов ауызашар берді. Оған қажылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мекеме басшылары, өңіріміздегі мұсылман диаспораларының өкілдері, жергілікті жамағат, БАҚ және зиялы қауым қатысты.

Рамазан айының құрметіне жайылған дастарқан Құран Кәрім аяттарымен ашылып, жиылған қауымға өңір басшысы Ерік Сұлтанов жүрекжарды тілегін айтып, қасиетті Қадір түнімен құттықтады. Сондай-ақ берекелі дастархан басында жиылған өңіріміздің игі жақсылары да кезекпен сөз алып, барша мұсылман қауымды қасиетті Қадір түнінде жасаған дұға-тілектердің, ұстаған оразалардың қабыл болуын тіледі. Бұл жасалған игі ісі үшін облыс әкіміне ризашылықтарын білдіріп, асыл дініміздің қанат жайып, өрлеуіне үлес қосатын азаматтардың көп болуын тіледі. DSC08192

Ауызашар соңында ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы ораза ұстаудың мәні және ауыз аштырған кісіге берілетін сауап жайында уағыз айтты. Сонымен қатар Рамазан айы бойы ұйымдастырылып жатқан ауызашарларға 10 000-ға тарта адам қатысқанын тілге тиек етіп, ай бойы жасалған қайырымдылық іс-шараларға демеу көрсетіп жүрген өңіріміздің қайырымды жандарына шексіз алғысын білдірді.DSC08235

Қадір түні мешітке келген жамағатқа «Қызылжар» орталық мешітінде ауызашар мен сәресі уақыт аралықтарында үзбей дастарқан жайылып тұрды. Имамдар алдын ала дайындалған бағдарламаға сәйкес Рамазан айы, Қадір түні, ораза тақырыптарын қамтыған уағыз-насихат айтып, мешітке келген жамағат қасиетті түннің маңыздылығы мен ерекшеліктері жөнінде кеңінен мағлұмат алды. Сондай-ақ мешіттің іші-сырты толған адамға Қадір түні турасында арнайы жасалған бүктемелер, ҚМДБ-ның бастамасымен шыққан дискілер, Бас мүфти атынан кітаптар таратылды. Бұл кітаптардың орыс тілде болғанына байланысты өңіріміздің орыс тілді мұсылман бауырларымыздың, диаспора өкілдерінің тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.

DSC08251 (1)

Дәстүрлі  дініміздің негізгі қағидаларын қамтыған викториналық сұрақтар дайындалып, сұрақтарға дұрыс жауап берген адамдарға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Ал биылғы «Дін мен дәстүр» жылының аясында қазақ халқының ұлттық мұрасының көрінісі ретінде мешіт ауласына тігілген он екі қанаттық киіз үйлерде аузын ашқан жамағатқа Ислам дінінің, Қадір түнінің қадір-қасиеті жайында дайындалған бейнефильмдер көрсетілді.

Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде қасиетті Қадір түні Құран хатым аяқталды. Облыс имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы Құран хатым дұғасын жасап, Рамазан айы бойы тарауық намазын өткізіп, Құран хатым қылған Кемал қариға алғыс хат табыстап, барша қызылжарлықтардың атынан ризашылығын білдірді.

Мың айдан да хайырлы Қадір түні өңіріміздің барлық мешіттерінде де жоғары деңгейде өтті. Мешітке жиналған жамағат бұл қасиетті түнді құлшылық, ғибадаттарымен өткізіп, асыл дініміздің құндылықтары жайында мол мағлұмат берген дін қызметкерлеріне алғыстарын айтып, таң намазын оқыған соң тарқасты.

«Қызылжар» орталық мешітінің

 баспасөз қызметі.      

 

Return to Top ▲Return to Top ▲