«Жылулық сыйла»

СҚО-да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Жылулық сыйла» акциясы өтіп жатыр.

Оның аясында қордың облыстық филиалы өкілдері әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы және жалғызбасты аналарға 10 тонна көмірді тегін таратты. Қасиетті жұма күні мұндай көмекке ие болған жандардың бірі – Аққу Ысқақова. Көпбалалы ана жұбайы Ербол екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр.

«Мешіттен көмір апарып беретіндерін айтып хабарласқанда қатты риза болдым. Әлемді алаңдатып отырған қауіпті індет еліміздің әрбір тұрғынына салмағын салып отыр ғой. Осындай қысылтаяң уақытта жанашыр азаматтардың табылғаны қуантпай қоймайды. Үйде жұбайым ғана жұмыс істейді. Осы жолы отын алуға қаражатымыз жетпей қалған еді. Жүректері мейірімге толы жандарға алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны.
Сауабы мол шараны өңірдің барлық ауданындағы мешіттері қолдады. Бүгінде қайырымды істер легі өңіріміздің ауылдарында да басталып кетті. Айта кету керек, қара отынды сатып алу және оны жеткізу жомарт жандар берген қаражаттың арқасында мүмкін болды. Шамамен бұл мақсатқа 200 мың теңге жұмсалды.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері қор өкілдері «Қайырымды жұма» акциясын ұйымдастырып келеді. Осы уақыт аралығында көмекке мұқтаж 15 отбасыға азық-түлік пакеттері табысталды.

Return to Top ▲Return to Top ▲