Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық конференцияға қатысты.
Халықаралық басқосуға арқау болған тақырып – «Ислам қауымдастығы және бейбітшілікті нығайту мәселелері».
Ислам елдерінің дін қайраткерлері мұсылман мемлекетерінің өзара рухани келісім және бейбітшілікті нығайту тетіктерін талқылады. Делегаттар мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін сөз етіп қана қоймай, өзара келісім туралы құжаттарға қол қойды.
Мүфти-хазрет БАӘ сапары аясында Абу Даби Әмірлігінің Тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Басқосуда тараптар халықаралық конференцияда сөз болған ынтымақтастықты нығайту бағытында атқарылар ауқымды шаралар туралы пікір алмасты.
Бас мүфти елімізде әр үш жыл сайын Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары құралтайының діндераралық түсіністік пен татулықты сақтаудағы рөлін атап өтті.
Ержан қажы Малғажыұлы сапар барысында мұсылман елдерінің мүфтилерімен ресми кездесулер өткізді.