Ислам діні аясындағы кітап иелері


            «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз…

Тату елге тыныштық орнайды, бейбiт елде ғана береке болады…»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

 

Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.  «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек….

Аллаһ тағаланың Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у)  соңғы пайғамбар етіп, әрі оған дейінгі Аллаһ тарапынан түскен діндерді растау үшін жібергендігі – басқа діндерге деген Ислам дінінің құрметі және ерекше ілтипатын білдіреді. Әрбір мұсылман Аллаһ  тарапынан жіберілген кітаптарға және пайғамбарларға  толық иман келтірмейінше иманы кәміл болмайды. Аллаһ тағала Құран кәрімде:


آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ وَقَالُواْ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ     

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді.       Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді».[1]

 

Басқа бір аятта:


قُولُواْ آمَنَّا بِاللّهِ وَمَآ أُنزِلَ إِلَيْنَا وَمَا أُنزِلَ إِلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَقَ وَيَعْقُوبَ وَالأسْبَاطِ وَمَا أُوتِيَ مُوسَى وَعِيسَى وَمَا أُوتِيَ النَّبِيُّونَ مِن رَّبِّهِمْ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ

مِّنْهُمْ وَنَحْنُ لَهُ مُسْلِمُونَ 

«Және оларға: «Біз Аллаға, бізге түсірілген Құранға әрі Ыбырайым, Ысмайыл, Ысхақ, Яғқұптарға (Ғ.С.), ұрпақтарына тағы Мұса, Ғисаға (Ғ.С.) берілген нәрселерге, сондай-ақ Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмаймыз. (Бәріне де сенеміз) және біздер Ол Аллаға ғана бой ұсынушымыз» деңдер».[2]

Сол секілді ислам діні ешуақытта адамның күштеп дінді қабылдауын құптамайды. Құранда ол жөнінде:


لاَ إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ قَد تَّبَيَّنَ الرُّشْدُ مِنَ الْغَيِّ فَمَنْ يَكْفُرْ بِالطَّاغُوتِ وَيُؤْمِن بِاللّهِ فَقَدِ اسْتَمْسَكَ بِالْعُرْوَةِ الْوُثْقَىَ لاَ انفِصَامَ لَهَا وَاللّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

«Дінде зорлау жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла әр нәрсені естуші, білуші».[3]

Баршамызға белгілі, ислам діні – бейбітшілік діні. Басқа дін өкілдерімен  соғысу тек өте қажеттілік туындағанда ғана қолданылады. Оның да өзіндік шарттары, ережелері бар. Мұсылмандар үшін ешбір себепсіз нәпсінің айдауымен басқа елмен соғысуға шариғатта тыйым салынған. Соғыс кезінде Пайғамбарымыз (с.а.у) ерекше әдеп, этика ұстана білген, балалар, әйелдер, қарттарды, дін қызметкерлерін соғыста өлтіруге тыйым салған. Соғыс уақытында егістік алқаптарын, ағаштарды,  маңызды стратегиялық ғимараттарды қиратуға жол бермейтін. Бәдір соғысында қолға түскен тұтқындарға Пайғамбарымыз (с.а.у) бостандықтары үшін он мұсылман баласын оқып, жазып үйретуді міндеттеген еді. Мұның барлығы исламның өмірсүйгіш, бейбітшіл дін екенін меңзейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у) өзімен соғыспаған басқа дін өкілдеріне жақсылық жасауды бұйырған. Құран кәрімде ол жөнінде:


لَا يَنْهَاكُمُ اللَّهُ عَنِ الَّذِينَ لَمْ يُقَاتِلُوكُمْ فِي الدِّينِ وَلَمْ يُخْرِجُوكُم مِّن دِيَارِكُمْ أَن تَبَرُّوهُمْ وَتُقْسِطُوا إِلَيْهِمْ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ 8 إِنَّمَا يَنْهَاكُمُ اللَّهُ عَنِ الَّذِينَ قَاتَلُوكُمْ فِي الدِّينِ وَأَخْرَجُوكُم مِّن دِيَارِكُمْ وَظَاهَرُوا عَلَى إِخْرَاجِكُمْ أَن تَوَلَّوْهُمْ وَمَن يَتَوَلَّهُمْ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

«Алла (Т.) дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді.(9) Шын мәнінде Алла (Т.) сендермен дін турасында соғысқандарды, жұрттарыңнан шығарғандарды және шығарылуларыңа көмекші болғандарды дос тұтуларыңа тыйым салады. Біреу оларды дос көрсе, солар залымдар»[4]

Ислам діні басқа дін өкілдерінің өздеріне тән діни рәсімдерін еркін орындауларына мүмкіншілік берген. Мұсылманға күйеуге шыққан христиан, иаһуди дін өкілдері кез келген уақытта шіркеулеріне, құлшылық үйлеріне баруға тыйым салынбаған. Күйеуі әйелінің алдында мұсылмандық міндетін мейлі басқа дін өкілі болса да, толық атқаруы ләзім.

Аллаһ тағала басқа дін өкілдерімен тіпті пікір таластырғанда да әдеппен, байсалдылықпен әрекет етуге әмір береді. Құранда ол жөнінде:

وَلَا تُجَادِلُوا أَهْلَ الْكِتَابِ إِلَّا بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ إِلَّا الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنْهُمْ وَقُولُوا آمَنَّا بِالَّذِي أُنزِلَ إِلَيْنَا وَأُنزِلَ إِلَيْكُمْ وَإِلَهُنَا وَإِلَهُكُمْ وَاحِدٌ وَنَحْنُ لَهُ مُسْلِمُونَ 

« Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз» деңдер».[5]

Пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінде иаһудилер мұсылмандарға Тауратты ескі ғибри тілінде оқып, араб тілінде түсіндіреді екен. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кітап иелеріне сенбеңдер, дегенмен оларды өтірікке де шығармаңдар оларға бізге түскен Құранға иман келтірдік және сендерге түскен Тауратқа да иман келтірдік деп айттыңдар»[6], деп әмір еткен.  Ислам дінінің басқа діндерге мейірімділігінің бір көрінісі – басқа дін өкілдерінің құлшылық үйлеріне, шіркеулеріне тиіспегені. Омардың халифалық кезеңінде мұсылмандар Палестинаға кірген кезде шіркеуде тұрған уақытында намаздың уақыты келіп қалады, сол уақытта шіркеу басшысы намаз оқуды ұсынады бірақ ол бас тартады, бас тарту себебін болашақта мұсылмандар халифаның намаз оқығанына сүйеніп, шіркеуді бұзып, орнына мешіт тұрғыза ма деген қауып бар екенін айтады. Ол намазды сыртта тұрып оқиды. Не деген хикмет, не деген парасаттылық!!

Ислам діні басқа дін өкілдерімен татулықта, ауызбіршілікте болуды әмір етеді. Оның бір мысалы басқа дін өкілдеріне үйленуге рұқсат етуінде, сондай-ақ олардың харам саналмаған тағамдары мұсылмандар үшін халал етуінде. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

الْيَوْمَ أُحِلَّ لَكُمُ الطَّيِّبَاتُ وَطَعَامُ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ حِلٌّ لَكُمْ وَطَعَامُكُمْ حِلٌّ لَهُمْ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الْمُؤْمِنَاتِ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِنْ قَبْلِكُمْ إِذَا آتَيْتُمُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ مُحْصِنِينَ غَيْرَ مُسَافِحِينَ وَلا مُتَّخِذِي أَخْدَانٍ

«Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілген (Христиан, Яһуди) дердің тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілген (Христиан, Яһуди) дерден де абыройлы әйелдермен мәһерлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді».[7]

Бұл аяттар арқылы Аллаһ тағала кітап иелерінің тағамдарын халал етуімен олармен тығыз байланыс құрып, араласып тұруға, зиярат етуге шақырады.

Ислам дінінде сондай-ақ кітап иелерімен сауда-саттық жасауға, ауырған кезде оларды зиярат етуге рұқсат етеді. Пайғамбарымыз (с.а.у) қайтыс болған кезде дулығасының бір иаһудиде қарызына кепілдеме ретінде қалдырғаны белгілі. Сахабалар мал сойған уақытта көршілері кітап иелері болса, соларардан бастап тарататын болған.

Ғасырлар бойы басқа дін өкілдері мұсылман мемлекетінің аясында кеңшілікте, тепе-теңдікте өмір сүріп келген. Басқа дін өкілдеріне деген мейірімділік ешбір дінде болмаған. Бірде бір яһуди дініндегі бір адам мұсылмандардың әмірі Омарға Алиді жамандап шағымданған екен. Сол кезде Омар Алиді шақырып алып : «Тұр Хасанның әкесі шағымданушының қасына отыр деп әмір еткен болатын. Сол кезде Алидің түрі өзгеріп кетеді. Іс біткеннен кейін Омар Әлиден сұрады: «Сені мынау кітап иесімен тең қылып қойғаныма өкпелемедің бе, түрің өзгеріп кетті ғой? » деді. Сол кезде Али: «Жоқ, әлбетте олай ойламадым, өйткені сен мені Хасанның әкесі деп шақырдың түрімнің өзгергені кітап иесінің мұсылманмандарда  «әділдік жойылды» деген пікір қалыптаса ма деп қорықтым » деді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбарак хадисінде: «Келісімге келген басқа дін өкілдерін өлтірген адам жәннәттің иісін де иіскемейді» [8]деп ескерткен.

Әлем жұршылығының ислам дініне жаппай кіруі, оның тез қанат жаюы ислам дініндегі басқа дін өкілдеріне деген теңдікті көрсетенді. Бірде имам Али (сол кездегі мұсылмандардың әміршісі) өзінің дулығасын жоғалтып алады, іздеп жүріп бір кітап иесінің үйінің қасынан табады. Ол әлгі кітап иесін алып, сол уақыттағы қазы Шурейхтің алдына әкеледі де айтады: «Мынау менің дулығам, бұны мен оған сатпадым әрі сыйламадым» дейді. Қазы Шурейх: «Мұсылмандардың әміршісінің сөзіне не айтасың» дейді. Әлгі адам: «Бұл дулыға тек менің дулығам, ал мұсылмандардың әміршісі болса өтірікші» дейді. Қазы Алиге қарап: «Сөзіңізді қуаттайтын дәлеліңіз бар ма» дейді. Сол кезде Али күліп: «Шурейх, жарайсың, менде дәлел жоқ» дейді. Содан кейін әлгі дулығаны кітап иесіне беріп босатады. Ол аздан соң бұрылып, қайта келіп: «Мен бұл үкімнің пайғамбарлардың үкімі екеніне куәлік етемін. Менің хақымды мұсылмандардың әміршісінен алып берген дінді жіберген Аллаһтан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммедтің оның елшісі екеніне куәлік етемін, ал дулыға болса, Аллаһпен ант етейін, ол сенікі» деген екен. Міне бұл нағыз мұсылмандардың басқа дін өкілдерімен жасаған әрекеті көп жағдайда олардың ислам дінін өз еріктерімен қабылдауымен аяқталған. Басқа дін өкілдерінің ислам жайлы айтқан ой-пікірлеріне бір мысалдар келтірсек:

Франция императоры бірінші Наполеон (1769-1821 ж.ж.): «Аллаһу тағаланың бар және бір екендігін Мұса алейһиссалам өз ұлтына, Иса алейһиссалам өз үмбетіне, ал Мұхаммед алейһиссалам бүкіл әлемге білдірді. Арабстан толығымен пұтқа табынатын еді. Иса алейһиссаламнан алты ғасырдан кейін Мұхаммед алейһиссалам өзінен бұрын келген Ибраһим, Исмаил, Мұса және Иса алейһиссаламдар уағыздаған Аллаһу тағаланы арабтарға танытты. Арабтардың қасындағы ариандар (Ариюс мазһабындағы христиандар) және Исаның ақиқат дінін бұзып, оларға үш тәңірі, яғни Аллаһ, Аллаһтың ұлы, Қасиетті рух сияқты сенімдерді таратуға тырысқандар шығыстағы бейбіт өмірдің шырқын бұзған еді. Мұхаммед алейһиссалам оларға тура жолды көрсеткен, Аллаһтың бір екендігін, Оның әкесінің де, баласының да жоқ екендігін айту арқылы бірнеше құдайға сыйынудың пұтқа табынушылықтан қалған әдет екендігін түсіндірді». Кітаптың тағы бір жерінде Наполеон: «Жақын арада бүкіл әлемнің зиялы адамдарын жинап, бір үкімет құруға және бұл үкіметті Құранда жазылған негіздер бойынша басқаруға мүмкіндік табамын деп ойлаймын. Тек Құранда жазылған негіздердің дұрыстығына сенемін. Бұлар адамды бақытқа жеткізеді»[9] дейді.

Томас Карлайл (1795-1881 ж.ж.)Мұхаммед алейһиссалам келместен бұрын арабтар тұрған жерге үлкен от келіп түсетін болғанда, олар жоқ болып өртеніп кетер еді. Олардан ешқандай белгі де қалмас еді. Алайда, Мұхммед алейһиссалам келгеннен кейін бұл шөл дала оттың ошағына айналғандай болды. Делиден Гранадаға дейінгі жерлер алаулаған отқа ұқсады. Ол кісі ұлы найзағай секілді болды, оның айналасындағы барлық адамдар одан ұшқын алған еді»[10]

Ганди (1869-1948 ж.ж.): «Мұсылмандар ең жарқын және жеңісті күндерінде де шектен шықпаған. Ислам діні әлемді Жаратушыға және Оның туындысына таңдануды бұйырады. Батыс әлемі үрейге толы өмір сүріп жатқанда Шығыста жарқыраған Ислам жұлдызы азап шеккен дүниеге жарық, бейбітшілік және еркіндік әкелген еді. Ислам діні алдамшы, жалған дін емес. Үнділер бұл дінді құрметтеп, зерттейтін болса, оларда мен сияқты Исламды жақсы көретін болады. Мен Ислам дінінің пайғамбарларының және оның жанындағылардың қалай өмір сүргенін көрсететін кітаптарды оқыдым. Бұлар мені қызықтырғаны соншалық кітаптардың аз екендігіне қынжылдым. Мен мынадай қорытындыға келдім: Исламның шұғыл дамуы қылышпен жүзеге аспаған. Керісінше, қарапайымдылығы, қисындылығы және пайғамбарларының кішіпейілділігі, әрқашан сөзінде тұратындығы, туыстар мен барлық мұсылмандарға деген мейірімділігі арқылы адамдардың көңілінен шығып, жүректерінен орын алған».[11]

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті қашан да бейбітшілік мекені болған. Ата-бабамыз өз жеріне тағдыр айдап келген барша өзге ұлт, дін, ұлыс өкілдерін сыртқа тепкен емес. Керсінше Құдай дарытқан бауырмалдық қасиеттерінің нәтижесінде кең құшақ ашып туыс болып сіңісіп кеткен. Еш бір ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар болмаған. Барлығы басқа салған қиын тағдырдың қасіретін бірге арқалай білген. Соның арқасында бүгінгі тәуелсіз күнге жеттік. Сол кездегі қарапайым халықтың қоғам арасындағы татулығының жемісі – бүгінгі бақытты күндеріміз. Ата жолын ескере отырып бүгінгі таңда қандай да бір саяси қақтығыстарға еліктеген қарапайым халықтың арасында өздігінен ұлтаралық қатығыстар болады дегенге сенбейміз. Тек саяси жоспарлары бар белсенділер өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін халықты бір-біріне айдап салып, елдің берекесін алу арқылы жеке пайдаларын жаратып немес саяси іс-әрекеттерін жүзеге асырып жатады. Бұндай қыңыр ойлы кесапаттардың арбауына түспеуіміз керек. Елінің тыныштығын ойлаған әр азамат қандай жағдайда болмасын елдің берекесін алатындай әрекетке бармағаны жөн. Әйтсе де бөтен ойлы бұзақылардың айласынан құтылу да оңай емес. Тек баршамыз бір нәрсені ұмытпауымыз керек: біздің көп ұлттылығымыз тәуелсіздігімізге еш кедергі келтірмейді, керсінше біз өзіміздің ұлттар татулығының әсем көрінісімен барша әлемге үлгі екенімізді естен шығармайық. Бұл біздің тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы басты бағытымыз болуы тиіс.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

ұстазы Әділбеков Хамзат



[1] Бақара сүресі 285-аят

[2] Бақара сүресі 136-аят

[3] Бақара сүресі 256-аят

[4] Мумтахина 8-9 аяттар

[5] Ғанкабут сүресі 46-аят

[6] Бұхари хадистер жинағында

[7] Мәида сүресі 5-аят

[8] Бұхари хадистер жинағында

[9] http://zhamagat-kyzylorda.kz/kaz/content/atakti-tulgalardin-sozderi Черфилистің «Bonaparte et Islam» атты еңбегінен

[10] [10] http://zhamagat-kyzylorda.kz/kaz/content/atakti-tulgalardin-sozderi «Арабтар, Мұхаммед алейһиссалам және оның ғасыры» атты еңбегінен

Return to Top ▲Return to Top ▲