«Асыл арна» бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударды

«Асыл арна» телерадиокомпаниясының қызметкерлері бір күндік жалақысын «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорына» аударды.

«Уақып» қорына алғашқы қаржылай көмекті Қазақстан Тұңғыш президент қоры жасаса, Дін және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевта өз тарапынан осы қорға бір айлық жалақысын құйып, көпке үлгі көрсеткені белгілі. Осы өнегелі істің ізімен «Асыл арна» телерадиокомпаниясының қызметкерлері де өзінің бір күндік айлығын «Уақып» корпоративтік қорына қаржылай көмек ретінде аударды.

«Мемлекет мүддесін көздеген игі бастамаға қолдау көрсету – әрбір азаматтың міндеті әрі әртүрлі әлеуметтік жобалардың іске асуына жасалған үлкен мүмкіндік. «Асыл арна» телеарнасы да осы игілікті іске өз үлесін қосуға асығып, жақсы әрекетті алғашқылардың бірі болып жасауға тырысты», дейді «Асыл арна» телерадиокомпаниясының басшысы Мұхамеджан Тазабек.

Естеріңізде болса, «Уақып» қайырымдылық қоры Қазақстан президентінің тапсырмасымен әртүрлі әлеуметтік жобаларды қолдауды жүзеге асыру үшін құрылған болатын. Оның қызметі – коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретінде сауапты амалдарды қаржыландыруға, білім-ағартушылық шараларды жүргізуге, елге пайдалы игі шараларға көмек көрсетуге, сонымен қатар, көмекке зәру, мейірімге мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетуге бағытталады.

kazislam.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲