РАНТ тобының мүшесі Қызылжарда

Наурыз 19th, 2023
Наурыз айының 16 жұлдызында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты Алматы қаласындағы  Байкен мешітінің наиб имамы және РАНТ (Республикалық  ақпарат-насихат тобының) мүшесі Дүйсебаев Нұрболат Аманбайұлы арнайы іссапармен Солтүстік Қазақстан өңірі Қызылжар қаласына келді.  Іссапар барысында алдымен қала имамдарымен кездесіп, жат ағымнан сақтану, тәңіршілдік туралы  семинар өткізді.  Содан кейін, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті» №66 республикалық мемлекеттік мекемесіндегі жазасын өтеушілермен  және   Солтүстік Қазақстан «Қылмыстық атқару Жүйесі Департаментіне» қарасты №48 республикалық мемлекеттік мекемесіндегі жазасын өтеушілермен кездесулер өткізді.  Солтүстік Қазақстан облысы  Қызылжар қалалық мешітінде ақшам намазынан кейін ауызашарға жайылған дастархан басында «Жетістікке жетушілер кімдер?» деген тақырыпта уағыз айтылды.  Сонымен қатар құптан намазынан алдын жиналған жамағат та  «Ықылас» және «Ораза» жайында уағыз тыңдады. Наурыз айының 17 жұлдызы, яғни Күндердің сұлтаны қасиетті жұма күнінде  Қызылжар орталық мешітінде «Рамазан мейірім айы» жайында уағыз айтты.

Қызылжар орталық мешітіндегі наурыз мерекесі

Наурыз 17th, 2023
Қызылжар орталық мешітінің ұйымдастыруымен мешітте наурыз мерекесі аталып өтті. Әйел- қыздар секторы наурыз көже қайнатып, ыстық бауырсақ пісірді. Күндердің сұлтаны жұма күнгі намаздан шыққан жұртшылық арнайы дайындалған фуршет дастарханынан дәм ауыз тиді. Мешіттің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы жұма күнгі жиналған жұртшылыққа Наурыз – береке мен ынтымақтың бастауы екендігін айтты. Біз, ежелден келе жатқан жыл басы Наурызды қыстан аман-есен шыққан халықтың жаңа жалға жеткеніне шүкірлік етуі, жаңа істерге ниет етіп бастамашы болуға, ынтымақ пен ауызбірлікті нығайту мақсатында халықтық мереке ретінде дәріптеуіміз керек,-деді. Зағипа Ахметова Қызылжар орталық мешітінің баспасөз хатшысы

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти РАМАЗАН – РУХАНИ КЕМЕЛДЕНУ АЙЫ

Наурыз 16th, 2023

Қадірлі отандастар!

Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын!

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді. Рамазан айының қадірі мен қасиетін терең түсінген ізгілер оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасаған. Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Қасиеті мен шарапаты мол айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, жан-дүниемізді тазартуға тырысқан абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген. 

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай.

Рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылуды көздеген адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр ету де – үлкен сауап. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деген. 

Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.

Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Жаратушы Жаббар Иеміз келер жылғы ораза айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей! Әмин!

ҚМДБ ЖАНЫНДАҒЫ САРАПШЫЛАР КЕҢЕСІНІҢ IV МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Наурыз 15th, 2023

Бүгін Алматы қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Сарапшылар кеңесінің IV мәжілісі өтті.

Жиынды ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды екенін, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайтынын ерекше атап өтті. Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі исламды насихаттауда, жастарды ізгілікке тәрбиелеуде өнімді еңбек етіп келеді. Сіздер де ортақ іске атсалысып, белсенділік танытып келесіздер. Алла разы болсын! Ендігі мақсат – жыл басында жоспарланған жұмыстарымызды жүйелі түрде жүзеге асыру» деді. Мәжіліс жұмысында ҚМДБ-ның рухани, діни, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлі, ҚМДБ-ның 2023-2027 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасы, Республикалық және жергілікті ақпараттық-насихат тобы мүшелеріне арналған құжаттардың жобалары талқыланды. Сонымен қатар дін атын жамылып, қоғамда дінге қатысты түсінбеушілік тудырып жүрген жат діни ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою, жастарды олардың идеологиясынан сақтандыру, қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу т.б. мәселелер талқыланды.

БАС МҮФТИ ОРАЗАҒА ОРАЙ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Наурыз 15th, 2023

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оразаға орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында кәсіпкерлерге үндеу жасады. 

«Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеп жақсылық болып қайтатынында күмән жоқ. Мұндайда халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демей ме?! Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген. Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімді жеткіземін. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы ісіміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Return to Top ▲Return to Top ▲