1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде тағылымды кездесу өтті. Игі шараның негізгі мақсаты – елдің рухани өміріне өзіндік үлесін қосып, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол қалдырған ардақты ақсақалдарға құрмет көрсету.
Мешіт жанынан құрылған ақсақалдар алқасының мүшелеріне, сондай-ақ әр жылдары мешітте еңбек етіп, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарға атсалысқан азаматтарға арнайы дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Жиын барысында өңірдің бас имамы Аян Болатұлы ақсақалдарды Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, олардың ел мен дін жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
«Қария-халқымыздың қазынасы, ақылдың кені. Дәстүрлі дінімізде үлкенге құрмет көрсету, олардың батасын алу ерекше мәнге ие. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен өнегелі жолдарыңыз кейінгі буын үшін әрдайым үлгі. Мешіттің қалыптасуы мен дамуына атсалысып, талай жыл бойы еңбек еткен азаматтарға алғысымыз шексіз», – деді бас имам.
Кездесу барысында ақсақалдар өздерінің өмір жолы, мешіттегі қызметі мен естеліктері жайында әңгімелеп, кейінгі буынға ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар жастар тәрбиесі, үлкенге құрмет, имандылық пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері төңірегінде ой бөлісті.
Қазақ халқы қашанда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деп, үлкенді төрге шығарып, олардың батасын елдің берекесі санаған. Осындай игі кездесулер – аға буынның өнегесін насихаттап қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ізгілік пен өзара құрметті арттыра түсетіні сөзсіз.










