Солтүстік Қазақстан облысына жаңа бас имам тағайындалды. Бұдан былай жауапты қызметті өңірге жақсы таныс дін өкілі Аян Болатұлы Алыпқашев атқарады. Жаңа бас имамды өңір жұртшылығына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков таныстырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тиісті бұйрығын оқып берді.
Аян Болатұлы Алыпқашев – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының тумасы. Ол «Нұр-Мүбәрак» университетін тәмамдап, кейін Түркия елінде білімін жетілдірген. Діни саладағы еңбек жолын өңірде жалғастырып, 2012 жылдан бері облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде наиб имам қызметін атқарып келеді.
Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы бас имамы Хамзат Әділбеков өңірдегі діни қызметті бес жыл бойы атқарып, халықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын насихаттауға елеулі үлес қосты. Қызметі барысында ол өңірде өткен маңызды шараларға белсене қатысып, жастарды имандылыққа, ізгілікке және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үндеді. Сондай-ақ ата-баба дәстүрі мен діни тағылымды сабақтастыра отырып, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беруге күш салды.
Бес жылдық қызметтен кейін Хамзат Әділбеков Астана қаласына ауысты. Ол өзіне көрсетілген қолдау мен сенім үшін барша солтүстікқазақстандықтарға алғысын білдіріп, өңір жұртшылығына ақжолтай тілегін жеткізді.
Ал жаңа бас имам Аян Болатұлы Алыпқашев алдағы уақытта өңірдегі діни-ағартушылық жұмыстарды одан әрі дамытуға, халықтың рухани қажеттіліктеріне жауап беруге және жастар тәрбиесіне бағытталған бастамаларды жалғастыруға ниетті.



