Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі «Қызылжар» орталық мешітінде «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының қызметін цифрландыру» атты семинар өткізілді.
Аталған іс-шараға СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы және ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, өңірдің түкпір-түкпірінен келген дін қызметкерлері қатысты.
Семинарда ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы: «Біз қазіргі таңда IT саласының мамандарымен меморандум жасап жатырмыз. Жылдың аяғында осы республикадағы 20 облыс орталығындағы зираттар цифрландырып болғаннан кейін жыл аяғында іске қосамыз. Бұл әлі қолданысқа енгізілген жоқ. Осы облыс цифрландырып жатқан 15-ші өңір болып саналады. Соған байланысты техник мамандармен келдік. Біздің мешіттің жамағаттары, еріктілермен бірігіп, әр қабірдің басында орналасқан құлыптасты фотоға түсіреміз. Кейін біріктіріп барлығын жинаймыз»,- деді.
Ол өз сөзінде салттық қызмет көрсететін орталығы ҚМДБ ұсынған үлгіге сай жұмыс жүргізіп, қабірлерді және жерлеу рәсімдерін бірізділікке келу бағытындағы шаралар халықтан қолдау тауып жатқандығын жеткізіп отыр. Семинарда сонымен қатар «Qamqor-Sharapat» қызметі жайлы және ҚМДБ-ның «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» құжатына сай жерлеу, ас беру, басқа да діни рәсімдерді өткізу жолдары түсіндірілді.