Елордада Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай ұйымдастырылған І халықаралық Құран жарысы жалғасуда.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен өтіп жатқан Құран жарысы бүгін қорытындыланады. Жарыстың екінші күнін отандасымыз Әлібек Жалиев бастады. Сондай-ақ бүгін Дағыстан Республикасы, Сауд Арабиясы Корольдігі, Иран, Әзербайжан мен Малайзия қарилары, тағы бір отандасымыз Иманәлі Мырзагелді бақ сынайды.
Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың @muftiyatkz ресми инстаграм-парақшасынан тікелей эфир арқылы көрсетіліп жатыр.
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш рет ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай өтіп жатқан І халықаралық Құран жарысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді.
Республикалық бас мешітте басталған халықаралық іс-шараның ашылуында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз жыл басында дін қызметкерлері үшін 2023 жылды діни салада «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияладық. Осы жыл аясында көптеген игі іс-шаралар жүзеге асты. Бүгінгі халықаралық Құран жарысы осы жыл аясында атқарылған ең ауқымды жұмыс болмақ. Алла Тағала қазақ даласын, осынау қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан баршамыздың жүрегімізді Құран нұрымен нұрландырып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Әмин!» деді.
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш рет ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай І халықаралық Құран жарысы басталды.
Республикалық бас мешітте өтіп жатқан халықаралық жарыс қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады. ҚМДБ Төрағасы оқылған Құран сауабын жуырда ғана Қарағанды шахтасында қаза тапқан азаматтардың, сондай-ақ Палестинадағы жазықсыз құрбандардың рухына бағыштады. Алла Тағаладан елге амандық, жер бетіне бейбіт заман тіледі.
Бұдан кейін қазақ даласына Ислам дінінің келуі жөнінде әзірленген арнайы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғысөз сөйлеп, қатысушыларды, құрметті қонақтарды құттықтады.
«Бүгін қазақ топырағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай тұңғыш рет өткізіліп отырған І халықаралық Құран жарысының негізгі мақсаты – бабалар аманатына амал ету, Құран құндылықтарын әлемдік деңгейде дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру» деді ҚМДБ Төрағасы.
Әлемнің 30-ға жуық елінен 27 қари қатысып жатқан Құран жарысы екі күнге жалғасады. Жарысты қазақ тілінде ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров пен араб тілінде Қажылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сырым Құрмаш жүргізуде.
Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың @muftiyatkz ресми инстаграм-парақшасынан тікелей эфир арқылы көрсетіліп жатыр.
Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласында 1-2-қараша күндері Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай тұңғыш рет өтетін І халықаралық Құран жарысының әділқазы мүшелерімен кездесті.
Кездесуге Осман Сахин (Түркия), Жахонгир Нематов (Өзбекстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы), Абдулла Әли Әлхашми (Біріккен Араб Әмірілігі) және әділқазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміре қатысты. Діни басқарма төрағасы шетелдік меймандарға алғысын білдіріп, маңызды жарыс жайлы айтып өтті.
«Ең алдымен Қазақ еліне қош келдіңіздер. Шақыртуымды қабыл алып келгендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ең үлкен іс-шарасының бірі – халықаралық Құран жарысы. Аталған жарысқа әлемнің 27 елінен үміткерлер келді. Ең мықты деген қарилар бақ сынағалы тұр. Сондықтан бұл ретте салмақ та, күш те сіздерге түсетіні анық. Қара қылды қақ жарған әділ шешімдеріңізбен елді қуанту нәсіп болсын. Сіздер, әрине, мұндай үлкен жарыстардың белортасында болдыңыздар. Әлемдегі көптеген мұсылман мемлекеттері Құран жарыстарын өткізіп келеді. Дегенмен Қазақ елі де мұндай айтулы жарысты биыл алғаш рет қолға алып отыр. Бұған дейін жыл сайын республикалық ерлер мен қыздар арасында Құран байқаулары өткізіліп келді. Жуырда Ақтау қаласында ХІІ Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан жарыс өтті. Төрешілік жасауда Алла жар болсын сіздерге. Меймандос, қонақжай Қазақ еліне қош келдіңіздер» деді Бас мүфти.
Кездесу барысында шетелдік әділқазылар қазақ жерінде өтіп жатқан мұндай айтулы жарысқа қазылық ету үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Жиын барысында наиб мүфти Ершат Оңғар халықаралық Құран жарысының ережесі туралы толық баяндап өтті.
Бүгін ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте І халықаралық Құран жарысының жеребе тарту рәсімі өтті.
Жеребе тарту рәсіміне наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы қатысып, қариларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ жарыстың ережесі мен шарттарын қосымша ескертіп өтті.
Елімізде тұңғыш рет Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтетін Құран жарысына 18-30 жас аралығындағы 26 елдің қарилары, сондай-ақ Қазақстан атынан екі жас қари қатыспақ.
Айта кетейік, Қазақ елінде алғаш рет өткелі отырған Құран жарысы ертең Республикалық бас мешітте сағат 10:00-де басталады. Екі күнге созылатын Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың ресми әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан тікелей эфир арқылы көрсетіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық мереке – Республика күніне орай тұңғыш рет өтетін І халықаралық Құран жарысында ел намысын кім қорғайды? Осы жөнінде аз-кем мәлімет беріп өтпекпіз.
Жарысты ұйымдастыру алқасы бірнеше ай бұрын әлемдік деңгейде өтетін ауқымды шараға қазақ елінің атынан шығатын қариларды іріктеді. Халықаралық ережеге сәйкес, бұл жарысқа қабылдаушы мемлекет атынан екі қари, ал қалған елдерден бір қаридан қатысатыны белгілі. Сондай-ақ тағы бір талап – қаридың жасы 18 бен 30 жас аралығында болуы шарт. Осылайша ұйымдастыру алқасы 2013-2022 жылдар аралығында елімізде өткен республикалық Құран Кәрім байқауларының жеңімпаздарын саралап көрді. Олардың қатарында Астанада өткен ІХ республикалық байқаудың жеңімпазы Абдулғаффар Тұрсыновтың жасы отыздан асып кеткендіктен, қалған алты қари арасында іріктеу жүргізілді.
Сөйтіп, ұйымдастыру алқасының шешімімен 2021 жылы Түркістанда Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқаудың «30 пара» номинациясы бойынша бас жүлде иегері Әлібек Жалиев (Шымкент қаласы) пен 2022 жылы Қызылордада өткен ХІ республикалық байқаудың жеңімпазы Иманәлі Мырзагелді (Жамбыл облысы) қатысатын болды. Қос қари да 2003 жылы дүниеге келген.
Тұңғыш рет елорда төрінде өтетін халықаралық Құран жарысында Әлібек пен Иманәлі қариларымызға Алла жар болсын деп тілейміз!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығына сәйкес Ахметшейов Асхат 2023 жылдың 27 қазанынан бастап «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық Ислами діни бірлестігінің филиалы, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық мешітіне бас имам болып тағайындалды.
Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Айтуған Тойбазар арнайы келіп бас имамды мешіттің жамағатына таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Аудандық мешіттің бас имамы болып біраз жыл қызмет атқарған, облыстық Қызылжар орталық мешітіне қызметке ауысқалы отырған Шаймерденов Шопанға алғыс айтылды.
Жұма намазына жиналған жамағатқа білім алудың пайдасы, ата-ананы құрметтеу, мейірімділік туралы уағыз-насихат айтылды.
Қазақстанда 25 қазан ұлттық мереке Республика күнін атап өтеді. Баршаға ортақ мерекеден Қызылжар орталық мешітінің ұстаздары мен имамдары да қалыс қалмады. Олар Республика күніне орай мешіттің шәкірттеріне арнайы мерекелік дастархан жайып құрмет көрсетті. Шәкірттер отан, туған жер, адамгершілік, имандылық тақырыбында өлең-тақпақтар айтты. Шара соңында құран оқылып, елдің бірлігі мен тыныштығы және тұрақтылығы үшін дұға жасалды.
Жамбыл ауданының Благовещенка ауылындағы “Ғабдол-Бәри” атындағы мешітте біздің сүйікті де ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туылған айына орай ұйымдастырылған Мәуліт мерекесі болып өтті. Бұл шараға облыстық Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Мұхамеджан Аман және Қызылжар орталық мешітінің ұстазы Мирзоев Мұхаммед Солих қатысты. Олар мешітте жиналған жамағатқа Мәуліт оқып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірі мен өнегесі жайлы уағыз-насихат айтты.
Шара соңында аудандық “Ғабдол-Бәри” мешітіне келген қонақтармен жамағатқа мерекелік дастархан жайылды.
Сіздерді егеменді елдігіміздің, тұғырлы тәуелсіздігіміздің, айбарлы азаттығымыздың айғағы Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын!
Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын бұл күн қазақ халқының мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Бұл күн ата-бабаларымыз аңсаған арманының жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған күн.
Бүгінде әлемнің алпауыт елдері мойындаған Қазақстан Республикасының қалыптасу кезеңі өте күрделі.
Ұлан байтақ алқапты алып жатқан қазақ даласы аса ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлар жүріп өткен жолы, бұралаң соқпақтары – табиғат тағдырдың қазақ халқына берген сынақтары іспетті. Осындай сынақтардан қазақ халқы сүрінбей, тізесі бүгілмей, еңсесін биік ұстап, аман-есен өтті. Тағдырдың бұл сынақтары ұлтымызды ширатты, шыңдады. Рухы биік, өр халық намысын ешкімге таптатпады. Ғасырлар бойы дербес, тәуелсіз мемлекет болуды аңсаған ата-бабаларымыздың арманы 1991 жылы орындалды.
Әлем тарихында тұңғыш тәуелсіз Қазақстан Республикасы пайда болды. Дәуіріміздің шежірелі жылдарында үлкен жетістіктерге жеткізген ұлы күш – елдің бекем бірлігі. Баянды болашаққа бет алған тәуелсіз Қазақстан Республикасы – ортақ жетістігіміз, ортақ мақтанышымыз!
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халқымызға береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгі болс
Бала кезімізден естіп өскен «Отан неден басталады?», деген сұраққа жауап іздеген, әртүрлі жауаптармен әуендетіп айтылған өлең шумақтары есімізде. Иа, Отан деген ұғым сыры тереңде жатқан, жан дүниемізбен тұтасып кеткен. Туып, өсіп, өніп, өрбіп, уақыты келгенде мәңгілік тұрағымыз да болатын жеріміз –өзіміздің атамекеніміз. Тағдырды адам баласы өздігінен таңдамайды. Қай жерде тұратының, қандай ұлт болатының, реңі-түсі қандай болатының ол Құдайдың тағдырымен болады. Тұрған жеріміз, Отанымыз, тіліміз Құдайдың бізге аманаттап берген белгілері, нығметтері десек артық айтқандық болмас.
Дінімізде аманатты қызғыштай қорғап, көзіміздің қарашығындай сақтау парыздың парызы саналады. Құранда Құдай Тағала: « Сіздерді Адам ата мен Хауа анадан таратып, бір бірімізді тану үшін, ұлттар мен ұлыстарға бөлді, бір өзіне ғана сиынып, бір өзінен ғана қорқуды, жер бетінде тату тәтті ғұмыр сүруді бұйырды». Отанымыздың тыныштығы үшін, сол жерде өмір сүріп жатқан халықтардың бақытты өмір сүрулері үшін, балалары ойнап, адамдары кәсіптерін жүргізуі үшін оны қорғау, сол Отанда өмір сүріп жатқан әр азаматтың асыл міндеті.
Қазақта: «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Отан от басынан басталады» деген көптеген қанатты сөздер бар. Пайғамбарымыздың (ғ.а.с) хадисінде: «Екі көз күймейді: «»Біріншісі, күнәсіне өкініп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» деген. Тарих беттерінде қазақ даласы әр түрлі қиын қыстаулардан өтті. Сондай қиын кездердің бірі Жоңғар шапқыншылығы еді. Жәй жатқан елдің мазасын алып, еш хабарсыз шабуылдарын жасап, мал жандарын айдап әкететін. Бірде сондай жағдай болып, мал жандарын даулап, қазақ билері Жоңғар қоңтайшысы Цэван Рабданға барады. Ханнан қорыққандарынан барған билер жасқаншақтанып, сөздерін жеткізе алмай тұрғанда, сол кезде әлі аты танылмаған, он төрт жаста болған бала Қазыбек: «Дат, тақсыр!» – деп алға шығады да: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз. Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм тұзымызды ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» -деген. Бұл сөздерге тәнті болған хан, атын сұрағанда, бала атым Қазыбек дейді. Дауысын қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің атын Қаз дауысты Қазыбек болсын деп, олжадан түскен мал жандарын қайтарып берген екен. Міне осындай өжет би батырлармыз елім деп, жерім деп, өлімнен қорықпай Отанымыз Қазақстанның болашағына жол ашты. Әрбір адамға өзінің туып өскен отбасы, үйі, ауылы ыстық. Жыраққа шықса, шет елдерге барса, туған жеріне деген сағынышы өсе түседі. Пайғамбарымыз дін тарату жолында Меккеде кәпірлер тарапынан көптеген қиыншылықтарға шыдайды. Қастандық жасап, пайғамбарды өлтіруді ойлағанда, Меккеден Мадина қаласына көшуге мәжбүр болады. «Хазрауа» деген жерге жеткенде, түйесін тоқтатып, Мекке тарапына ұзақ қарап:
– Аллаға ант етемін! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқіметіне ұшарамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген.
Қарап тұрсақ адамзаттың асылы, жаратылыстың абзалы ардақты пайғамбарымыз (ғ.а.с) туған жерге деген жүрек жарды сөздерін тарих беттеріне алтын әріптермен жазып кетті. Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы шаршайтын ұлан байтақ жеріміз біздерге аманат. Сырттан жау келсе, «Өлсек – шейітпіз, қалсақ – ғазимыз» деп қорғауымыз міндетіміз. Жаудың жаманы қазақ атамыз іштен шыққаны деген. «Іштен шыққан жау жаман», «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» алғаны, отанымыздың тыныштығын солар бұзады. Біздер «Мемлекет маған не берді?» деп емес, «Мен Отаныма не бердім» деген сұрақты өзіміздің санамызға қоюмыз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла тағаланың досым деген пайғамбары, кейінгі келген пайғамбарлардың атасы саналатын Ибраһим Һалилолла (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер!», – деп дұға жасайды екен. Ата бабамыз аңсаған егеменді, тәуелсіз ел болдық. Жеріміз бар, тіліміз бар, дәстүріміз бар, Отанымыз бар. Құдайға шүкіршілік жасайық, сонда біз осы жетістіктеріміздің қадіріне жетеміз. Қолымыздағы бар нәрсенің қадірін бағалайық. Алла Тағала Отанымыз Қазақстанды бай қуатты етсін!.
Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесін тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтуде.
Мешіттерде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, Тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда. Жер-жерде сауапты да, салауатты іс-шара – мәуліт кешін ұйымдастыру жалғасын тауып келеді.
Ғ. Мүсірепов ауданы орталық мешітінде өткен атаулы шараға арнайы облыстық бас имам Хамзат Қажымұратұлы қатысып жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады және Пайғамбармыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі туралы уағыз айтты.
Жиында облыстық бас имам діни іс-шаралардың өтуіне атсалысып жүрген Қуат Қорғанбайұлына Алғыс хат табыс етті.
Мәуліт мерекесінің ең маңызды бөлігі Пайғамбарымызға салауат айтылып, асыл дініміз бен Пайғамбармыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі насихатталды. Спорттық іс-шаралар өтті, сонымен қатар ғибратты шарада қайырымдылық істері жасалды. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туған айына арналып дастархан жайылып, дәм берілді.