ОТАН  ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Бала кезімізден естіп өскен «Отан неден басталады?», деген сұраққа жауап іздеген, әртүрлі жауаптармен әуендетіп айтылған өлең шумақтары есімізде. Иа, Отан деген ұғым сыры тереңде жатқан, жан дүниемізбен тұтасып кеткен. Туып, өсіп, өніп, өрбіп, уақыты келгенде мәңгілік тұрағымыз да болатын жеріміз –өзіміздің атамекеніміз. Тағдырды адам баласы өздігінен таңдамайды. Қай жерде тұратының, қандай ұлт болатының, реңі-түсі қандай болатының ол Құдайдың тағдырымен болады. Тұрған жеріміз, Отанымыз, тіліміз Құдайдың бізге аманаттап берген белгілері, нығметтері  десек артық айтқандық болмас.

Дінімізде аманатты қызғыштай қорғап, көзіміздің қарашығындай сақтау парыздың парызы саналады. Құранда Құдай Тағала: « Сіздерді Адам ата мен Хауа анадан таратып, бір бірімізді тану үшін, ұлттар мен ұлыстарға бөлді, бір өзіне ғана сиынып, бір өзінен ғана қорқуды, жер бетінде тату тәтті ғұмыр сүруді бұйырды». Отанымыздың тыныштығы үшін, сол жерде өмір сүріп жатқан халықтардың бақытты өмір сүрулері үшін, балалары ойнап, адамдары кәсіптерін жүргізуі үшін оны қорғау, сол Отанда өмір сүріп жатқан әр азаматтың асыл міндеті.

Қазақта: «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Отан от басынан басталады» деген көптеген қанатты сөздер бар. Пайғамбарымыздың (ғ.а.с) хадисінде: «Екі көз күймейді: «»Біріншісі, күнәсіне өкініп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» деген. Тарих беттерінде қазақ даласы әр түрлі қиын қыстаулардан өтті. Сондай қиын кездердің бірі Жоңғар шапқыншылығы еді. Жәй жатқан елдің мазасын алып, еш хабарсыз шабуылдарын жасап, мал жандарын айдап әкететін. Бірде сондай жағдай болып, мал жандарын даулап, қазақ билері Жоңғар қоңтайшысы Цэван Рабданға барады. Ханнан қорыққандарынан барған билер жасқаншақтанып, сөздерін жеткізе алмай тұрғанда, сол кезде әлі аты танылмаған, он төрт жаста болған бала Қазыбек: «Дат, тақсыр!» – деп алға шығады да: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз. Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм тұзымызды ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан  болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» -деген. Бұл сөздерге тәнті болған хан, атын сұрағанда, бала атым Қазыбек дейді. Дауысын қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің атын Қаз дауысты Қазыбек болсын деп, олжадан түскен мал жандарын қайтарып берген екен. Міне осындай өжет би батырлармыз елім деп, жерім деп, өлімнен қорықпай Отанымыз Қазақстанның болашағына жол ашты. Әрбір адамға өзінің туып өскен отбасы, үйі, ауылы ыстық. Жыраққа шықса, шет елдерге барса, туған жеріне деген сағынышы өсе түседі. Пайғамбарымыз дін тарату жолында Меккеде кәпірлер тарапынан көптеген қиыншылықтарға шыдайды. Қастандық жасап, пайғамбарды өлтіруді ойлағанда, Меккеден Мадина қаласына көшуге мәжбүр болады. «Хазрауа» деген жерге жеткенде, түйесін тоқтатып, Мекке тарапына ұзақ қарап:

      – Аллаға ант етемін! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқіметіне ұшарамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген.

Қарап тұрсақ адамзаттың асылы, жаратылыстың абзалы ардақты пайғамбарымыз (ғ.а.с) туған жерге деген жүрек жарды сөздерін тарих беттеріне алтын әріптермен жазып кетті. Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы шаршайтын ұлан байтақ жеріміз біздерге аманат. Сырттан жау келсе, «Өлсек – шейітпіз, қалсақ – ғазимыз» деп қорғауымыз міндетіміз. Жаудың жаманы қазақ атамыз іштен шыққаны деген. «Іштен шыққан жау жаман», «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» алғаны, отанымыздың тыныштығын солар бұзады. Біздер «Мемлекет маған не берді?» деп емес, «Мен Отаныма не бердім» деген сұрақты өзіміздің санамызға қоюмыз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла тағаланың досым деген пайғамбары, кейінгі келген пайғамбарлардың атасы саналатын Ибраһим Һалилолла (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер!», – деп дұға жасайды екен. Ата бабамыз аңсаған егеменді, тәуелсіз ел болдық. Жеріміз бар, тіліміз бар, дәстүріміз бар, Отанымыз бар. Құдайға шүкіршілік жасайық, сонда біз осы жетістіктеріміздің қадіріне жетеміз. Қолымыздағы бар нәрсенің қадірін бағалайық. Алла Тағала Отанымыз Қазақстанды бай қуатты етсін!.

Абылай Құрмашұлы

«Мухсин» мешітінің    бас имамы  

Return to Top ▲Return to Top ▲