ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

АҚЖАР АУДАНЫНДА МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мерекесі Ақжар ауданында өтті.

Атаулы шараға арнайы Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Жұмажанов қатысып жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен  құттықтады және Пайғамбармыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі туралы уағыз айтты.

   Сонымен бірге мешітке қолдау білдіріп, діни іс-шаралардың өтуіне атсалысып жүрген азаматтарға облыстық бас имам Хамзат Қажымұратұлының атынан Алғыс хат табыс етті.

Мәуліт мерекесінің ең маңызды бөлігі Пайғамбарымызға салауат айтылып, асыл дініміз бен Пайғамбармыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі насихатталды. Ғибратты шарада қайырымдылық істері жасалды.  Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туған айына арналып дастархан жайылып, дәм берілді.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

АДАМГЕРШІЛІК – ДІНИ ТАҒЫЛЫМ

Әлемдердің Раббысы, барлықты жаратқан Алла тағала жер бетінде өмір сүретін, Алланың заңдарын жүзеге асыратын орынбасарын(халифа) жаратуын періштелерге білдіргенде, олар өз уәждерін айтып: Жер бетінде қан төгіс пен бұзақылық жасайтын адамды жаратасың ба, біз сізді пәктейміз, ұлықтаймыз, деп пікірлерін білдіреді. Періштелердің Адам баласын жаратуына қарсы болуы себебі, сыры, олардың жаратылысы, болмысы күнә атаулысына қарсы болуында болып тұр. Лауһыл махфузда (тағдырлар жазылған кітап) болашақта адам балалары бір бірінің қанын төгетіні, әр түрлі күнә, қылмыстар жасайтынын көріп, фитраттары, жан дүниелері қабылдамағандықтары себепті Адам баласының жаратылуына байланысты өздерінің пікірлерін айтуда. Алайда Алла тағала: Мен сіздер білмейтінді білушімін, деп білімімен, құдіретімен Адам атамызды жаратады. Өз жанынан жан(рух) үрлеп, жан бітіреді. Ең көркем суретте, жаратқандарының ішіндегі ең құрметтісі қылып, ақылды, саналы қылады. Адам ақылымен жақсы мен жаманды, күнә мен сауапты, әділдік пен жауыздықты ажыратып, айыра алатын мүмкіндік, қабілет дарытады. Кейін Алла тағала Адам атамызға білім үйретеді. Білімі періштелердің білімінен де асып түсіп, періштелер Алланың хикметін, Адам баласын жаратуындағы сырын, түпкі мақсатын түсініп, құрмет сәждесін жасап, тағзым етеді. Алла тағала адам баласын періштерлер мен хайуанның ортасында жаратты. Яғни біздерде періштелердің де қасиеті бар, сол сияқты хайуандарда болатын нәпсімізде бар. Періштелерде бар қасиет ол, шындықты, әділдікті, ақиқатты, тазалықты, кешірімділікті, сабырлықты, туралықты, арлылықты  тағы осы сияқты қасиеттерді жақсы көру, әрі оларды жасауға қабілеттіміз. Ал нәпсі дегеніміз ол: ішіп жеу, дүниеуи нәрселерді жақсы көру, күнә жасауға бейімділік, ақиқатты мойындамау сияқты нәрселер. Тек  кейбір нәпсі қалауларын Алла тағала рұқсат берді. Мысалға адалдан ішіп жеу, некелесіп отау құру, шектен шықпай әдемі киімдер кию, күнәден тыс сөйлеу, күнәдан тыс күліп ойнау, әзілдесу сияқты қажеттіліктер. Енді адам баласының адами болмысын сақтап тұрған не, қандай өлшемдермен адамгершілік сипатымызды сақтай аламыз. Адами болмысымызды сақтауда біздерді жаратқан иеміз Алла тағаладан артық нұсқаушы жоқ. Құранда «Ғасыр» сүресінде: «Адамзаттың барлығы зиян шегуде. Тек иман келтіріп, жақсы амалдар істеп, шындықты үгіттеуші, бір бірін сабырлыққа шақырғандардан басқалар», деген. Ғасыр деп бұл жерде уақытты айтуда. Қазақта бір ғасыр жүз жылға тең уақыт өлшемі. Яғни адамзат дінсіз жүз жыл өмір сүрсе азып тозып кетітінін білдіруде. Бұл орайда әркімде әр түрлі пікірлер болуы мүмкін. Қалай айтсақта «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаса, яғни адам балалары бір бірін туралайтын діні болмаса, сол тура жолда сабырлықпен өмірлерін жасамаса, адамның табиғаты бұзылатыны хақ. Адамгершіліктің ең жоғары сатыларын Алла тағаланың сүйікті құлдары елшілері, пайғамбарлары көрсетті. Адамзат адасып, азып тозып, рухани құлдырау шегіне жеткенде, олар тура жолға шақырып, әділдіктің жаршылары болды. Майкл Хард есімді ғалым «Жүз ұлы тұлға» атты кітабын жарыққа шығарады. Бірінші болып Мухаммед(а.с) тұрды. Өйткені ол Алла тағаланың тәрбиесінен өткен, тағдырдың сан қилы тауқыметін көрген, әділдікті ту еткен тұлға еді. Өмірінің шеге бүгесіне дейін, ұсақ түйегіне дейін зерттеліп, қағаз жүзіне түсірілген адам. Алла тағала құран кәрімде «Алланың елшісінде үлгі алатын көптеген жақсы қасиеттер бар» деген. Пайғамбар Мухаммед(ғ.а.с) бойында аманатшыл, шыншыл, қайырымды, ізетті, сабырлы, кешірімді, мейірімді, сенімді, қамқоршыл, қайратты тағы осы сияқты көркем мінездердің қазынасы болған. Пайғамбармыздың(а.с) осы көркем мінез қайнарынан сусындаған әрбір адам, бойына осы көркем мінездерді дарытып, адамгершіліктің биік шыңдарына көтеріледі. Қазақта «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген. Бұл мақал пайғамбарымыздың(ғ.а.с) ның ниет турасындағы хадисіне сәйкес келеді. Осы сияқты адамгершілік мақал мәтелдер төркіні құран мен хадистен нәр алған. «Мақал» деген сөздің аудармасының өзі «мә қол» айтылған дана сөз дегенді білдіреді. Әр бір қазақтың төрінде құран кәрім тұрғандай, Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі баяндалған кітабында қоса тұруы керек.

Мухсин мешітінің бас имамы

Абылай Құрмашұлы  

ТӘКАППАРЛЫҚ

Жарылқап Раббым Алла болсын пана,

Жету үшін әр істің байыбына.

Адам деген саналы атымыз бар,

Жаратқан бергеннен соң ой мен сана.

Осы күнде көп адам ілінуде,

Менмендіктің жоғары санатына.

Бай – кедейді, күштілер – әлсіздерді,

Басынады сенумен мансабына.

Ұмытып бұл жалғанның жалғандығын,

Мастанады  біреулер атағына.

Бірақта ескеретін қағида бар,

Адамды келтіретін тәубасына.

Раббымыздың алдында бірдей құлмыз,

Отырсақта бүгінде хан тағына,

Бейбақпыз, Алламызға мұқтаж жанбыз,

Жетуді армандайтын Жәннатына,

Сол Жәннаттың иісін сезбейтіндер –

Шайтанды айналдырған жолдасына.

Менменсіп, соғып жүрген кеуделерін,

Түседі үмітсіздік опасына.

 

Расында, шексіз мақтау менен мадақтар бір Аллаға тән! Біз Алланың өзіне ғана мақтаулар айтамыз және Алланың өзінен ғана жәрдем тілейміз. Алланың өзінен ғана күнәларымыздың кешіруін сұраймыз. Жанымыздың жамандығы мен қателік істеріміздің кесірінен Аллаға сыйынған күйде сақтанамыз. Алла тағала кімді тура жолға салса, онда оны ешкім адастыра алмайды, ал Алла кімді адастырса, енді ешкім оны тура жолға сала алмайды. Алладан басқа сыйынуға тұрарлық, құлшылыққа лайық тәңір жоқ. Ол Алла жалғыз, оның серігі жоқ, әрі расында Мұхаммед с.ғ.с Алланың құлы және елшісі екендігіне куәлік етеміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с – ға оның жанұясына, сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Құрметті оқырман қауым! Баршамызға Алланың тыныштығы, рахымы және берекесі болсын. Сөз басындағы өлең жолдарының туылуына тірек болған осы мақаланың тақырыбы тәкаппарлық жайында болмақ.

Жалпы тәкаппарлық дегеніміз – адамның  әуелгі жаратылған болмысынан шатастырып, бізді жоқтан  бар еткен Алла тағаланы ұмыттыратын үлкен дерттердің бірі. Кез келген заманды қарайтын болсақ, осы дертке көптеген адамдар шалдыққан болатын. Оған апаратын бірден – бір себептердің бірі – адам қолындағы уақытша билік, күш-қуат, атақ, мансап арқылы өзін басқа адамдардан биік ұстауы. Бұл дерт әуелгі бастан Алланың әміріне қарсы шығып, Адам ғ.с – ға сәжде етуден бас тартқан лағынетті Шайтаннан бастап осы күнге дейін жалғасып келе жатқан үлкен мәселе. Демек менмендікке беріліп кететін адам шайтанның арбауында жүріп, үлкен қатерге жолығатын адам. Оған – жаратқан Раббысын толық, кәміл дәрежеде танымаған, Алламенен байланысы өте әлсіз адамдар шалдығады. Бір Аллаға, оның ардақты елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с – ға иман келтірген, ой менен санасы толық қалыптасқан адамға қасиетті Құран Кәрімнің осы аяты үлкен дәлел болып табылады:

«Жер бетінде алшаң басып жүрме, расында сен жерді тесе де алмайсың, биік таулармен де теңесе алмайсың» («Исра», сүресі 37-аят) . Шынында да бұл аятта Алла тағала өзінің ұлылығын көрсетіп, біздерге жер бетін алшаң баспай, өзінің ұлылығын сезініп, біздерден әлдеқайда биік тауларға қарап, хикметіне жетуімізге тікелей нұсқап отыр. Сондықтан да болар, біздің ата – бабаларымыздан біздерге өсиет боп қалған ұлы бір сөз бар. Ол Мұратыңа жеткен адам болсаңдағы, айтпа балам, биікпін деп халқыңнан.Ал мұратына жеткен адам қандай десек, ол – ақиқатында Алласын таныған, ақ пен қараны ажырата білетін, әр айтқан сөзі менен әр жасайтын іс – әрекетін бір Алламен ғана байланыстыра білетін адам. Себебі, Қасиетті Құранның келесі аятында Алла тағала: Мен сендерді және де жындарды тек қана өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым– деп біздің бұл өмірдегі миссиямызды айқындап қойған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір құдси хадисте Раббысынан мынадай хабар жеткізген: «Алла Тағала былай дейді: «Тәкаппарлық пен ұлылық Маған ғана тән. Кімде-кім сол сипаттарға менімен таласатын болса, оны жәһаннамға лақтырамын» (Ибн Мәжжә хадистер жинағы).

Расында да барша шүкір менен мадақтарға тек әлемдердің Раббысы жаратқан Алламыз ғана лайық. Үстіміздегі келтірген аят пенен хадиске сүйене отырып шығаратын сөздің мәйегі – тәкаппар болған құл, Алла тағаланың үлкен ашуына ұшырайды. Шынайы тақуа, момын мұсылман, сол қасіретке ұщырататын күнәдан ада болуы тиіс.  Жалпы мұсылман адам қарапайым, кішіпейіл болуы керек. Әрқашан өзінің әлсіздігін еске алып тұрып, Алланы көп ұлықтауы қажет.

Алла тағала баршамызды өзінің сүйікті құлдарының қатарынан қылып, тәкаппарлық дейтін үлкен зардаптан сақтауын нәсіп етсін.

Ақжар аудандық 《Үлкен – Қарой》

мешітінің наиб имамы

                                                                                    Көкен Ержан

 

 

ЕКІНШІ ХАДИС

ЖАҚСЫ СӨЗ

الْكَلِمَةُ الطَّيِّبَةُ صَدَقَةٌ

(Әл кәлима ат-таиба садақа)

Хадистің аудармасы: Жақсы сөз –  садақа

 (Бұхари хадистер жинағы)

        Түсіндірмесі: Сөздың сиқырлық қасиеті бар, адамды күлдіреді, кейде жылатады. Екі бауырдың арасын жарастыратын да таластыратын да сөз. Орнымен сөйлей алу – данышпандықтың белгісі.

Адамдармен сөйлескеніңде сөздің ең жақсысын таңдап, әсемдеп айтуың Алланың құзырында садақа бергенмен бірдей. Сол себепті екінші адамға айтар сөзіңді  сыйлық ретінде сана. Біреуге сыйлық алған кезде адамның талғамын, жасын, саған жақындығын ескергеніңдей, айтар сөзіңе де солай мұқият болғайсың. Қазақ атамыз «Он пәленің тоғызы тілден» днп бекер айтпаса керек. Төмендегі тілдің кесапаттарынан аулақ болғайсың;

Бірінші кесапат: Аллаға серік қосу;

               Екінші кесапат: Күпірлікпен айыптау;

               Үшінші кесапат: Білімсіз адамның дін атынан сөйлеуі;

               Төртінші кесапат: Өзіне қатысы жоқ сөзге араласу;

               Бесінші кесапат: Сөзді көбейту;

               Алтыншы кесапат: Күнә амалдармен мақтану;

               Жетінші кесапат: Орынсыз сөз таластыру;

               Сегізінші кесапат: Балағат сөз;

               Тоғызынша кесапат: Қарғыс;

               Оныншы кесапат: Өлең, жыр тыңдаудың шегін білмеу;

               Он бірінші кесапат: Әзілдің шекарасын білмеу;

               Он екінші кесапат: Құпияны жария ету;

               Он үшінші кесапат: Уәдені орындамау;

               Он төртінші кесапат: Өтірік айту;

               Он бесінші кесапат: Ғайбат;

               Он алтыншы кесапат: Өсек;

ЕЛОРДА ИМАМДАРЫ «ДАРХАН ДАЛА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» отандық туризмді дамыту жобасы аясында Астана қаласы өкілдігінің дін қызметкерлері Қызылжар қаласындағы бірқатар тарихи орындарға тағзым етті.

Сапар аясында Елорда имамдары алдымен Қызылжар қаласындағы 2008 жылы ашылған Абылай ханның ақ ордасы болған ғимаратқа келіп Абылай ханның аруағына арнайы Құран бағыштады. Тарихи маңызы бар, киелі орындағы этнографиялық жәдігерлерді көрді.

Содан кейін 19-ғасырда салынған көне мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, өткен жылы Рамазан айында ашылған  Ислам мәдениетінің мұражайына барды. Солтүстік өңірдегі рухани орда болып табылатын бұл мұражай ислам тарихы мен мәдениетін насихаттауда маңызды орын болып табылады.

         Елорда имамдары бүгінде қоғамның талқысында жүрген Петропавл қаласына ежелгі Қызылжар атауын беруге нақты айғақ болып табылатын Есіл өзенінің жағасына да барды. Бұл жерді мекен еткен қазақтар қаланы әуелден Қызылжар деп атаған. Себебi, қала Есiл өзенiнiң биiк жар қабағына орналасқан. Ол жар қабақтың топырағы қызыл болатын. Көктем сайын Есiлдiң суы тасығанда, лайланып, қызыл-қоңыр түске боялады. Халқымыз ешқашан қала аты мен елдi мекендердi адам есiмiмен атамаған. Имамдар Есілдің жағасына барып, қызғыш түске енген қызыл топырақтарды өз көздерімен көрді.

         Сонымен тарихи орындардың бірі қаладағы Ботаникалық саябаққа бас сұқты. 111 жылдық тарихы бар  1800 шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген екі мыңға жуық тропикалық, субтропикалық өсімдіктер өсіп тұр. Алланың шеберлігіне сөз жоқ, мұндағы көздің жауын алатын әрбір өсімдіктің өз ерекшеліктері бар. Баққа саяхат жасаған имамдар өсімдіктерді күтіп-баптап жүрген бағбандарға алғыстарын айтты.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

БІРІНШІ ХАДИС

НИЕТ

إنَّما الْأَعْمالُ بِالنِّيَّاتِ

(Иннәмәл  ә’мәәлу бин ниәәт)

Хадистің аудармасы: Негізінде амалдар ниетке байланысты

 (Бұхари хадистер жинағы)

        Түсіндірмесі: Ниет – адам баласының нақты мақсатын қозғаушы күш болып есептеледі. Біз көбіне адамның ісіне қарап баға береміз. «Пәленше мешіт салған екен», «пәленше анасын қажылыққа алып барыпты» т.б. Әрине жақсы іс өз мақтауын табады, дегенмен сол істі жасаған кездегі адамның ниеті, түпкілікті мақсаты маңыздырақ. Ғалымдар айтқандай: «таудай амалдарды жаман ниет бұзса, шаңның түйіріндей амалдарды шынайы ниет үлкен сауаптарға кенелтеді». Сол себепті бір іске кіріскен кезде өзіңе сұрақ қой: «Мен бұл істі не үшін жасап жатырмын» деп, өйткені ниетіңе қарай қарымтасы болады.

                  Әр істі жасаған кезде ниетіміз дұрыс болсын бауырым!

ДІН ӨКІЛДЕРІ ИСЛАМ МУЗЕЙІНДЕ БАС ҚОСТЫ

Қызылжар қаласындағы Ислам музейінде облыстық мешіттің имамдары мен православиелік, және католиктік шіркеулердің жетекшілері бас қосты.

 Музейдегі бүгінгі іс-шараға келген Әл-Фараби атындағы мектептің 10-сынып оқушылары 16- қараша халықаралық толеранттылыққа арналған күн екенін және оның маңыздылығы туралы дін өкілдерінің сөздерің тыңдады. 1995 жылы БҰҰ мемлекеттері «Төзімділік принциптері Декларациясы» қабылданған. Бұл мереке адамзатты соғыстар мен келіспеушіліктерді тоқтатуға, өзінің ғана емес, басқа халықтарды, басқа діндер мен дүниетанымдарды құрметтеуге, кемсітушіліктің кез-келген түріне қарсы тұруға және қалыптасқан стереотиптерді жоюға шақырады.

Дінаралық келісім мен тұрақтылыққа бағытталған Ислам музейіндегі бүгінгі кездесу оқушыларға да, іс-шара қатысушыларына да жақсы әсер қалдырды.

Облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ОБЛЫСТЫҢ БАС ИМАМЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы  Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесті. 

Онда бас »Жастар және уақыт» тақырыбында арнайы сабақ өткізіп, бүгінгі таңда жастар үшін уақытты жүйелей білудің аса маңызды екенін түсіндірді. Адам баласына берілген ең баға жетпес құндылықтардың бірі уақыт. Біз уақытымызды бос нәрселерге ысырап етіп алмауымыз керек. Бос өтіп кеткен бір сәт уақытты қайтарып ала алмайтынымызды түсінгеніміз абзал. Уақыттың шектеулі екенін үнемі естен шығармай, пайдалы іспен шұғылдану керек. Өзіңе берілген уақыттың ішінде білім үйрен, ғылым ізде, өзіңе, отбасыңа, жақындарыңа, еліңе пайдаң тиетін жақсы іс жаса.  Егер кешегі біліміңізге еш білім қоспасаңыз, бір ізгі амал жасамасаңыз, бойыңыздағы бір ұнамсыз қылықты жоюға тырыспасаңыз онда күніңіздің босқа өткені-деді бас имам Хамзат Қажымұратұлы.

Студенттер бүгінгі кездесуден жақсы әсер алғанын, мұндай кездесудің өздеріне пайдалы болғанын айтты.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Біріккен Араб Әмірліктерінде басталған халықаралық конференцияға қатысты.

Әбу-Даби қаласында Шариғи пәтуалар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ғылыми жаңалықтарға шариғаттың көзқарасы: әдістемелік, практикалық, моральдық» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференцияда Біріккен Араб Әмірліктері Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі Шейх Нахаян бен Мубарак Әл-Нахаян, БАӘ Пәтуа беру кеңесінің төрағасы Абдулла бен Бейа, Мысыр Араб Республикасының мүфтиі Шауқи Аллам, БАӘ Жарты қызыл ай ұйымының директорлар кеңесінің төрағасы Хамдан Мусаллам Әл-Мазруи арнайы баяндама жасады.

Басқосуда қазіргі ғылыми жаңалықтарға қатысты пәтуа шығару мәселесі талқылануда. Атап айтқанда, адам ағзасына смарт чиптерді енгізу мәселесіне қатысты шариғат көзқарасы жайлы пікір алмасулар өтуде.

Источник: muftyat.kz

АДАЛ КӘСІП ЕТУ – МҰСЫЛМАННЫҢ ҒҰМЫРЛЫҚ ҰСТАНЫМЫ

Тіршіліктегі әрбір жан иесі шыр етіп дүние есігін ашып жан тәсілім етіп, о дүниеге аттанғанға дейінгі аралықта пешенесіне жазылған ризық-несібенің дәмін татады. Оған Хақ-Тағаланың әр-Раззақ сипаты кепіл. Бұл туралы Алла Тағала Құран-Кәрімде:

يَا أَيُّهَاالنَّاسُ اذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ هَلْ مِنْ خَالِقٍ غَيْرُ اللَّهِ يَرْزُقُكُم

مِّنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ فَأَنَّى تُؤْفَكُونَ

 «Өздерің айтыңдаршы, сендерге көктен және жерден ризық беретін Алладан өзге жаратушы бар ма?» (Фатыр сүресі, 3 аят) деп бұйырған. Сондай-ақ, Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифінде: «Адам баласы өзінің ризығын алмай бұл фәниден қайтпайды…», – дейді. Яғни, әрбір жұмыр басты пенденің бұл ғұмыр-дариядан өзіне өлшеулі несібесін алатыны хақ. Осы себептен де атам Қазақ: «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген ғұмырлық тәжірибеге негізделген қағидамен өмір сүрген.

          Шынтуайтында, мұсылман баласы ризықты Жаббар Хақтың жазатынын біліп, өз несібесіне ие болу үшін қал-қадірінше еңбектенеді. Ал, Ұлы Жаратушы төккен терің, жасаған амалыңа қарай ризық-несібеңді береді. Тәңір-Хақ – әл-Адл, яғни, Жаббар Иеміз – әділеттілердің әділеттісі! Ол кімді жарылқаса да, жазаласа да кемел әділеттіліктің Иесі. Бұл туралы Алла Тағала Құран-Кәрімде:

اللَّهُ يَبْسُطُ الرِّزْقَ لِمَن يَشَاءُ مِنْ عِبَادِهِ وَيَقْدِرُ لَهُ إِنَّ اللَّهَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ

 «Алла құлдарынан кімді қаласа, несібесін кеңітеді де тарылтады. Күдіксіз Алла әр нәрсені толық біледі» (Ғанкабут сүресі,62 аят) деп бұйырады. Яғни, Ол аз немесе молынан ризық-несібені таттырса да жарылқаушы һәм несібеңді кемітпей беруші. Әрі сол ризық-несібені иеленуге күш-қайрат пен қабілетті беретін де Ұлы Жаратушы! Тек жұмыр басты пенде өз ризық-несібесін тауып жеуде – Алла Тағала тарту еткен қабілет-қарыммен аянбай тер төгіп, еңбек етуі тиіс. Бұл тіршілік аксиомасы!

          Иә, адам баласы кемел сана мен тіршілікке икемді қабілет иесі болғандықтан, дәйім нан талап қып, еңбек етуі қажет. Тіршілік етуге қабілет-қарымы бола-тұра шарасыздық танытып, жарлы-жақыбайдың күйіне түсуі – ар көтермейтін сын.

Бірде Алла Елшісіне ансарлардан бір сахаба қайыр сұрайды. Хақ Елшісі әлгі ансардан үйінде қандай мүлкі бар екенін сұрайды. Ол бір ғана төсенішінің және су ішетін ыдыс  аяғының бар екенін айтады. Тәңір Елшісі: «Осы мүлкіңді алып кел», – дейді. Ансар үйдегі сол бұйымын дереу алып келеді. Хақ пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол бұйымдарды ашық сатылымға шығарады. Бір алымсақ бір дирхамға, келесі алымсақ екі дирхамға бағалайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төсеніш пен ыдысаяқты екі дирхамға сатып, пұлын иесіне беріп: «Бір дирхамға бала-шағаң үшін қорек ал, бір дирхамына ара сатып алып, оны маған алып кел», – дейді. Жарлы сахаба Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырғанындай бір дирхамды отбасына жұмсап, бір дирхамға ара сатып алып келеді. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араға сап жасап беріп, онымен отын жинап, соны сатуды және он бес күннен соң қайта келуді бұйырады. Жарлы сахаба арасымен отын жинап, оны сата бастайды. Уәделі уақытта Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, 10 дирхам кірісі бар екенін қуана жеткізеді. Хақ Елшісі тапқан табысына өзіне керек киім-кешек, азық-түлік алуға кеңес беріп: «Өстіп маңдай теріңмен табыс табуың ақырет  күні пешенеңдегі қайыршылық табынан әлдеқайда қайырлы. Тіленшілік тек шарасыз қалған жағдайда, қарызға белшесінен батқан немесе адамды құрдымға кетіретін кісі өлтірудің бодауын төлейтін жағдайларда ғана болады»  (Әнес б. Малик риуаят еткен) дейді.

Көріп отырғанымыздай Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ер-азаматтың алақан жайып, қайыр сұрағанын дұрыс көрмей, қара жұмыс істесең де, қара терге малшынып, адал еңбек етіп, табыс табуды жөн санаған. Алла Тағала Құран-Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُواْ لِلّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ

«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар.» (Бақара, 172) деп азықтың халалын ғана емес, адал кәсіп етіп, маңдай термен табыс табуды меңзеген һәм бұйырған. Иә, сонда ғана біздің тапқанымыз «ризықтың жақсысы» болмақ. Атам қазақ та: «Үдере көшкен уығын сындырады, еңбекке жегілген жұмысын тындырады» дейді. Яғни, жемісті жұмыс жасасаң, бейдауа ғұмыр кешпей, өмірің келісті болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін өмір заңдылығы.

  Осы тұрғыда Хақ Елшілері өз қауымдарына қалай үлгі-өнеге бола алған еді? Бір-екі мысал берер болсақ:

Задында, пайғамбарлар – Ұлы Жаратушының қалауымен ерекше зүбәражат жаратылған адамзаттың иір бұтақ ардақтылары болып саналады. Пайғамбарлар мұқым ғалам үшін илаһи нығмет һәм адамзаттың бақ құсы десек асыра айтқандық емес. Хақ Елшілері Жаббар Хақтың бұйырған илаһи үкімдерін мұртын бұзбастан қаз-қалпында сақтап жеткізіп, оны қалай ұғып, қалай тұтыну керектігін үйретуші – тәлімгерлер. Олардың ұлы миссиясы – илаһи хақиқатты паш ету болғандықтан, пайғамбарлар бұл міндетті мінсіз атқарған.

Пайғамбарлар дінбасы болғанымен, олар дінді дүние ісіне пайдаланбаған. Олар әрдайым алушы емес, беруші қол бола білген. Мысалы, пайғамбарлар тізбегінің алтын арқау, күміс жалғауы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عن المِقدَامِ بن مَعْدِ يكَربَ رضي اللَّه عنه ، عن النبي صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم قال : « مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَاماً خَيْراً مِن أَنَ يَأْكُلَ مِن عمَلِ يَدِهِ ، وَإِنَّ نَبيَّ اللَّه دَاوُدَ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم كان يَأْكلُ مِن عَمَلِ يَدِهِ » رواه البخاري .

«Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген» деп, теміршілік кәсіптің пірі болған әзіреті Дәуіт пайғамбардың еңбекқорлығын өзгелерге өнеге етіп көрсеткен болатын.

Ал, Пайғамбарлық нән сораптың қаранары, ілкі ислам көшбасшысы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай кәсіппен шұғылданған еді?

Дүние есігін ашпай тұрып әкесінен, алты жаста анасынан, сегіз жаста атасы Әбдумутәліптен айырылып, одан соң көкесі Әбу Тәліптің қамқорылығында өскен Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаршадайынан еңбек етті. Ол алғаш рет шопан болып еңбек еткен еді. Иә, шопандық оның пайғамбарлық ұлы миссияны атқармас бұрын басынан кешірген ұлы еңбек мектебі еді. Қой қайырып, мал күзеткен сол күндері туралы пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Алла шопандық жасамаған ешқандай пайғамбарды жібермеген», деп шопандық кәсіптің артықшылықтарын айтып беретін.

           Сахабалары:

  • Уа, Алланың Елшісі! Сен де (шопан) ме?», – деп сұрағанда, ол:
  • Иә, мен де Меккенің Карарит деген жерінде қой бақтым, – деген болатын.

Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімдіктің қасіретін тарта жүріп, сегіз жасында-ақ көкесі Әбу Тәліпке масыл болмай, кәсіп қылды. Бұл сөз жоқ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын ерінбей еңбек етуге үндеген сұлу сүннеті еді.

Тарихи деректерде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ер жетіп, жиырма үш жасқа толғанда Меккенің бай саудагер әйелі Хадиша бинти Хуалидпен мудараба келісімі негізінде керуенбасы болып, сауда-саттық жасағандығы айтылады. Мудараба деп – капитал мен еңбекті ортақтастырып, кәсіп жасауды айтамыз. Бұл келісім түрі араб қоғамында Исламға дейінгі сауда-саттық саласында кеңінен қолданысқа ие болған. Кейін Ислам шариғаты да мудараба келісімін құптаған еді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда-саттыққа қалай араласқан еді?

Хадиша анамыз халықаралық сауда-саттық жасай алатын білікті һәм дипломат адам іздеген болатын. Себебі, Хадиша анамыз осы жолы өте ірі көлемде жүк тиеген керуенді» Сирияға жібермек болады. Осы іске Хадиша анамыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) керуенбасылыққа тағайындайды. Оған серік әрі бақылаушы етіп Майсара атты қызметшісін қосып жібереді.

Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда есептеріне өте мұқият еді. Тіпті, ішкен бір кесе суының да есебін жасайтын. Бірде Майсара керуенбасының есепке беріліп кеткенін көріп:

– Әй, Мұхаммед! Бірнеше сағаттан бері ненің есебін шығара алмай жатырсың?

Әй, Майсара! Керуеннің есептері мен өзімнің жеке есептерімді бөлген

едім. Алайда, қалай екенін білмеймін, кішкене араласу байқалады. Керуеннің ақшасы менің ақшама қосылып кетті ме? Әлде менің ақшам керуеннің ақшасына қосылып кетті ме? Білмеймін. Осылай күмәнданып, басымды қатырғанша сен куә бол – өз ақшамды керуеннің ақшасына қосамын. Керуеннің бір дирхамы маған өткенше, менің дирхамым керуеннің есебіне өтсін, – деп жауап береді.

Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұқыптылығына һәм есепке деген кіділіген таңырқаған Майсара тілі байланып, үн-түнсіз қалады. Шынтуайтында, Майсара қанша жылдан бері сауда керуеніне еріп жүріп, дәл «Мұхаммед Әминдей» (Сенімді Мұхаммед) ішкі тазалығы жоғары дегдар жанды көрген емес еді.

Осы тұста айтып өтетін жайт, сол замандағы үрдіс бойынша саудагерлердің көпшілігі затын өткізу үшін ант-су ішіп жататын. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса, жоғарыда айтып өттік, сауда жасағанда, ант су ішпей-ақ алымсақты сендіре алатын. Шам базарында осыны аңғарған бір яһуди саудагері Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккенің ең атақты пұттары Лат пен Уззаның атынан ант етуін сұрайды. Жаңа ғана күлімсіреп тұрған Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түрі қара күреңтіп, өзгеріп, қабағы түйіліп, даусы да өзгеріп сала береді. Сонда, Шамның базары болашақ пайғамбардың мынадай қатқыл, кесімді сөздерін естіді:

– Сен мен сенбеген, жансыз нәрселердің атынан мені ант етуге шақырып тұрсың ба? Мен сүйкімсіз пұттардың атынан ешқашан ант етпеймін.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арайлы дауысын естіген Шам базары әп-сәтте илаһи реңкке бөленіп, басынан мүлде басқа рухани күйді кешіреді. Әлгі, яһуди саудагер болса, таңданған күйі базардан ұзай береді.

Сөйтіп, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйдасын ұстаған сауда керуені шылқыған мол табыспен Меккеге келеді. Ол  қылдай қате жіберместен, Хадиша анамызға асқан ұқыптылықпен өз есебін тапсырады. Хадиша анамыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше мұқиятттылығына, шынайылығына тәнті болады. Хадиша анамыз шексіз разылық танытып, керуенбасы Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әу баста келіскен еңбекақыдан артығымен төлеп, қосымша түрлі сыйлықтар тарту етеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үзеңгілес серіктерін және мұсылман қауымын әрдайым өз маңдай терімен нәпақа табуға үндеген. Мұсылманның қас сипатының бірі ретінде қанағатшыл болуды, мүсәпір күйге түсіп, алақан жайып, ешкімге кіріптар болмау керектігін насихаттаған. Тіпті, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өнегелі өмірімен жеке тұлғаның әлеуметтік-экономикалық жай-күйі қалай болу керектігін де үйреткен.

Сахабаларының бірі:

– Уа Алланың Елшісі! Маған қайырлы бір іс туралы айтсаң. Ол істі жасағанымда Алла да, адамдар да жақсы көрсін!», дейді.

Хақ Елшісі:

– Дүниеқұмар болма. Сені сонда Алла жақсы көреді. Өзгенің мүлкіне сұқтанба, сонда адамдар да сені жақсы көреді, – деп жауап береді.

Рафи Бин Хадиждің риуаяты бойынша сахабалардың бірі Алла Елшісінен: Уа, Алланың Елшісі! Қандай табыс адал (таза)?» деп сұрайды. Сонда Хақ Елшісі: Адамның маңдай тері төгілген заңды сауда – ең таза табыс», деп жауап береді.

Парасат падишасы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадис-шарифінде үмбетін адал сауда-саттық һәм еңбек етуге үндеп: «Ризықтың оннан тоғызы саудада. Ал, оннан бірі түйе мен сиыр тәрізді ірі қара немесе қой мен ешкі сияқты ұсақ малдарда», деп бұйырған.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына адал сауда-саттық жасауды Хақ жолында жасалған жиһад деп суреттеген. Хадиске нақты тоқталатын болсақ: «Өзің және отбасың үшін адал еңбек ет. Өйткені, бұл – Алла жолындағы бір жиһад. Біліп қой, Алланың көмегі заңды саудамен бірге», деп айтылған. Тіпті: «Әділ және сенімді саудагерлер – пайғамбарлар, адал адамдар және шәйіттермен бірге» деп адал кәсіптің сауабы мол екенін жеткізеді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір айтқан діни үкімді алдымен өзі мүлтіксіз іске асыратын. Қанағатшылдық һәм адал маңдай термен еңбек ету туралы да сахабаларына не айтса, бірінші өзі сол істе амалымен үлгі болатын. Оның сонау балалық шағынан бастап, Мәдинада Ислам мемлекетін құрып, көз жұмғанға дейінгі өнегелі өміріне назар салсақ,  сөзі мен ісінің сабақтасып жатқанына, тірі жаннан садақа алмағанына көз жеткізе аламыз. Жақсылықтың жаршысы болған Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұқым мұсылман баласын масыл болудан сақтандырып, керісінше өз еңбегімен өмір сүруге үндеген. Осы себептен де, саңлақ сахабалар тіршіліктің ауыр тауқыметін тартса да, кісі қолына қарап күн кешуден барынша алыс тұратын.

          ХХ ғасыр – ғылыми технократияның дамыған дәуірі. Бұл дәуірде жұмырбасты әрбір пенде заманға сай кәсіп иесі болумен дәуір тудырған бәсекеге лайықты азамат бола алады. Осы бәсеке алаңында мұсылман баласына өз саласының майталманы болумен қатар адал әрі қағілез бола білуі керек. Өйткені, масылдық – ислам діні құптамаған іс. Ал, алақан жайып қайыр сұрау – азаматтыққа сын. Сол себепті, әрбір мұсылман азамат Аллаға иланып, нар-тәуекел етіп, өз табиғаты мен болмысына лайықты адал кәсіп иесі болуы шарт. Осы жолда Алла Тағала баршамызға адал әрі шынайы болу білуді жазғай!

Мұстафин Қанат

«Нұр» мешітінің    бас имамы

ЖАСТАР АРАСЫНДА  «DINTELECT» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ

Жастар арасында ауызбірлікті, татулықты арттыру, ілімге білімге деген махаббатты ояту мақсатында облыстық Сәбит Мұқанов атындағы кітапханада жастар арасында діни тақырыпта DINTELECT интеллектуалды білім сайысы өткізілді.  Сайысқа барлығы төрт  топ қатысты. Қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындалған және белсенділіктерін көрсетті.

Бұл сайыста жеңіске жеткен топ республикалық деңгейде өткізілетін сайысқа қатысатын болады.

Алдағы уақытта осындай форматта түрлі интеллектуалдық ойындар өтізіліп тұратын болады.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

БАС МҮФТИ І ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай ұйымдастырған І халықаралық Құран жарысы өз мәресіне жетті. Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Халықаралық жарысты қорытындылаған ҚМДБ Төрағасы ауқымды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша дін жанашырларына, қатысушы қариларға, қазылар алқасына алғысын білдірді.

«Алланың қалауымен, баршаңыздың жанашырлықпен жасаған қолдауларыңызбен Қазақ елінде тұңғыш рет ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай өткен І халықаралық Құран жарысын жоғары деңгейде ұйымдастырдық. Аллаға сансыз шүкірлер, мақтау мен мадақтар болсын.

Қазақ халқында «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шығады» деген нақыл сөз бар. Менің ойымша, сіздер әлемдегі ең үздік таңдаулы қарисыздар. Осы ретте лайықты жүлдеге ие болған барша қариларды құттықтаймын. Әрқайсыңыз марапатқа лайықсыздар.

Расында, қари үш жағдайда, яғни жаттаған Құранды ұстазына тапсыру, тарауық намазында имамдық ету, осындай жарыстарға қатысу арқылы Құранын пысықтай түседі. Сіздер екі күнге созылған халықаралық Құран жарысында Алланың сөзін тағы да пысықтай түсіп, жеңіске жеттіңіздер. Алла Тағала баршамызға Құран аяттарын толық жаттап, оған амал етуді жазғай. Құранның шапағатына бөленіп, екі дүние бақытына кенелейік. Әмин» деді Бас мүфти.

Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы І халықаралық Құран жарысына қазылық жасаған қари-ұстаздар – Осман Сахин (Түркия), Жахонгир Нематов (Өзбекстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы), Абдулла Әли Әлхашми (Біріккен Араб Әмірілігі) және әділқазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміреге алғыс хат табыстады.

Ал қазылар алқасының шешімімен елімізде тұңғыш рет өткен Құран жарысының жеңімпаздары төмендегідей:

І орын ($20 000) – Ильяс Хажри (Марокко Корольдігі) 

ІІ орын ($ 15 000) – Турпал-Али Садыков (Ресей Федерациясының Шешен Республикасы)

ІІІ орын ($ 7 000) – Малек Абдулла Албадин (Либия мемлекеті)

ІІІ орын ($ 7 000) – Сағд Салим (Алжир Халықтық Демократиялық Республикасы)

ІV орын ($ 5 000) – Абдурахман Фараж Хафиз Барағи (Мысыр Араб Республикасы)

V орын ($ 3 000) – Мұхаммед Адиб бен Ахмет Разани (Малайзия)

Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың @muftiyatkz ресми инстаграм-парақшасынан тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Return to Top ▲Return to Top ▲