ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

РАНТ МҮШЕСІ – СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ

Қызылжар өңіріне ақпараттық насихат тобының мүшесі ретінде арнайы іссапармен келген Жұмағұл Қанат облыстық Қызылжар орталық мешітінде өткен «Ислам және дәстүр құндылығы» атты семинарға қатысты.

          Семинардың мақсаты- дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны сондай ақ, ұлттық құндылықтарды дұрыс қалыптастыру үшін  ажырамас тамырдай тереңдеп кеткен ислам діні мен қазақы салт-дәстүрлерін, қазақ тарихын негізге ала отырып, уағыз- насихат, түсіндіру, ақпараттық жұмыстар, жастармен кездесулер өткізудің маңыздылығы жайлы айтылды. Қала және аудан имамдары тақырыпқа сай өз ойларын ортаға салды.

          облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

РАНТ МҮШЕСІ –ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі  Жамбыл облысы Байзақ ауданы, «Байзақ баба» аудандық мешітінің бас имамы Жұмағұл Қанат Қызылжар қаласына іссапармен келді.

РАНТ мүшесі  ақшам намазында Қызылжар  қалалық мешітінде, кейін құптан намазында Қызылжар орталық мешітінің жамағатымен кездесті. Онда қоғамның дерті және жүректің дерттері туралы уағыз-насихат  айтты.

облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Просмотреть запись

НАМАЗДЫҢ ХИКМЕТТЕРІ

       Жаратушы Иеміз о бастан-ақ барша құлшылықты ұлы даналықтармен міндеттеген. Адамдарға қиындық келтіріп, еркіндіктерін шектеу Алланың хикметтеріне мүлде жат нәрсе. Құлшылықтың адам үшін пайдасы кейде көзге көрініп тұрса, кейде көрінбейтіні белгілі. Пенденің жанын тазалау, жақсылыққа бойын дағдыландыру, кемшілігі мен күнәсі үшін кешірім тілеу болып табылады.

 На­маз – Алла пен құл ара­сын­да­ғы байла­ныс не­гі­зі. Бес уа­қыт на­маз­ды ор­ны­мен оқып, үл­кен кү­нә жа­са­ма­ған адам­ның кі­ші кү­нә­ла­ры ке­ші­рі­ле­ті­ні жайлы аят­тар мен ха­дис­тер бар. Құ­ран­да бы­лай дейді: «(Ей, Мұ­хам­мед!) Са­ған уахи етіл­ген кі­тап­ты оқып, на­маз­ды орын­да!. Кү­дік­сіз на­маз ар­сыз­дық пен жа­ман­дық­тан тыяды».

Ха­зі­ре­ті Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.ғ.с.) са­ха­ба­лар­ға: «Сен­дер­дің ара­ла­рың­нан бір адам­ның есі­гі­нің ал­дын­да өзен ағып, ол сол өзен­ге кү­ні­не бес рет шо­мыл­са, ол адам­да кір қа­ла­ ма?» – деп сұ­ра­ған­да, са­ха­ба­лар: «Жоқ қал­майды», – деп жауап қайыра­ды. Сон­да Алла Ел­ші­сі (с.ғ.с.): «Су­дың кір­ді та­за­лайты­нын­дай бес уа­қыт на­маз да кү­нә­лар­ды та­за­лайды» деді.

Бас­қа бір ха­дис­те бы­лай дейді: «Бес уа­қыт на­ма­з бен жұ­ма на­ма­зы үл­кен кү­нә жа­са­ма­ған адам­ды ке­ле­сі жұ­ма­ға дейін­гі жа­са­ған кү­нә­ла­ры­нан арыл­та­ды».

Ақы­рет­те адам ба­ла­сы есеп­ке тар­тыл­ған­да, ең ал­ды­мен на­маз сұ­ра­ла­ды. Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.ғ.с.) бы­лай дейді: «Адам­дар­дың қия­мет кү­нін­де ал­ғаш есеп­ке тар­ты­ла­тын ама­лы мен іс-әре­ке­ті – на­маз». Ұлы Раб­бы­мыз ха­бар­дар бо­ла тұ­ра пе­ріш­те­ле­рі­не бы­лай дейді: «Құ­лым­ның па­рыз на­ма­зы­на қа­раң­дар. Оны то­лық орын­да­п па, ке­міс­ті­гі бар ма»? Егер оның па­рыз на­маз­да­ры то­лық бол­са, на­маз сауабы то­лық­тай жа­зы­ла­ды. Егер па­рыз на­маз­да­рын­да нұқ­сан­дық бол­са, Алла Та­ға­ла бы­лай дейді: «Құ­лым нә­піл (сүн­нет) на­маз­да­рын то­лық оқы­ған ба екен?» Егер ол сүн­нет на­маз­да­рын то­лық оқы­ған бол­са, Алла Та­ға­ла «Құ­лым­ның нұқ­сан па­рыз на­маз­да­рын нә­піл­дер­мен тол­ты­рың­дар», – дейді. Одан кейін па­рыз бол­ған бас­қа амал­дар да осы­лайша есеп­ке тар­ты­ла­ды».

Иә, адам­ды ең көр­кем түр­де жа­ра­тып, жер­ді бе­сік, көк­ті ша­ңы­рақ, күн­ді шы­рақ етіп игі­лі­гі­не ұсын­ған Ұлы Жа­ра­ту­шы адам­ға бер­ген мұн­ша­лық ырыс-бе­ре­ке­ті­нің қа­ры­мы­на шү­кір ету­ле­рін қа­лайды. На­маз – күл­лі шү­кір­ді қам­ты­ған ғи­ба­дат. Мы­на кө­рін­ген жә­не кө­рін­бе­ген шек­сіз әлем қа­ңы­ра­ған са­рай емес. Ке­рі­сін­ше, он­да Алла Та­ға­ла­ға ғи­ба­дат ет­кен сан­сыз пе­ріш­те­лер бар. Кей­бір пе­ріш­те­лер жа­рал­ға­лы сәж­де­де. Ен­ді бі­рі жа­рал­ға­лы рү­күғ­та тұ­рып, Алла Та­ға­ла­ны пәк­теуде. Ен­ді бі­рі түрегеп тұ­рып, Алла Та­ға­ла­ны нұқ­сан­дық пен шірк атаулы­дан пәк­теп, ғи­ба­дат ету­де. Мі­не, на­маз­да осы пе­ріш­те­лер­де­гі ғи­ба­дат тү­рі­нің бә­рі бар. Сол се­беп­ті, әлем тұтастай Ұлы Жа­ра­ту­шы­ға ғи­ба­дат­та. Мы­са­лы, алып бәйте­рек­тер кі­ші­лі­гін паш етіп, қол­да­рын жер­ге жай­ған сүм­бі тал­дар са­мал жел­мен тер­бе­ле қоз­ға­лып, Жа­ра­ту­шы­ға ғи­ба­дат жа­сайды. Пла­не­та мен ас­пан де­не­ле­рі бір-бі­рін бейне бір Қағ­ба тә­різ­ді айна­лып, күл­лі әлем Ұлы Жа­ра­ту­шы­ны пәк­теп, өз тіл­де­рі жә­не іс-әре­кет­те­рі­мен ғи­ба­дат үс­тін­де. Мі­не, осы­ның бә­рі на­маз­да бар.

Әрі на­маз­да адам­ға па­рыз, сүн­нет ғи­ба­дат тү­рі­нің бә­рі бар. Бір мұ­сыл­ман на­маз­ға тұр­ған­да «Аллаһу әк­бар» деп бас­тайды. Яғ­ни, я, Ұлы Жа­ра­ту­шым! Мы­на әлем­ді сен жа­рат­тың. Ме­ні де сен жа­рат­тың. Мен се­нің құ­лың­мың. Сен Ұлы­сың. Одан кейін Алланы пәк­теп, ма­дақ­та­ған дұ­ға оқы­ла­ды. Яғ­ни, ей, Ұлы Ием! Се­нің еш­қан­дай ор­та­ғың да, се­рі­гің де жоқ. Сен нұқ­сан­дық атаулы­дан мүл­дем ада­сың, пәк­сің. Осы­лайша мұ­сыл­ман әрі қа­рай қы­ра­ғат­қа бас­тар­да бар­лық қуыл­ған шай­тан­нан жә­не олар­дың жа­ман­дық пен ке­се­пат­тық іс-әре­кет­те­рі­нен Алла Та­ға­ла­ға сиына­ды. Бұл жер­де әл­сіз­ді­гін се­зі­ніп, Ұлы бі­реуді па­на­лау бар. Бұ­дан кейін қы­ра­ғат оқи­ды. Яғ­ни, на­маз­да Құ­ран оқу да бар. Әрі на­маз­да ора­за да бар. Өйтке­ні, адам на­маз­да бір нәр­се же­се, на­ма­зы бұ­зы­ла­ды. На­маз­да зе­кет те бар. Бү­кіл бес уа­қыт на­маз адам­ның ша­ма­мен жиыр­ма төрт са­ға­ты­ның бір са­ға­тын ала­ды. Адам өзі­нің күн­дік өмі­рі­нің бір са­ға­тын зе­кет етіп, Алла Та­ға­ла жо­лы­на бе­ре­ді. Оның қа­ры­мы ре­тін­де ақы­рет­те Алла Та­ға­ла жән­нат­ты бер­мек. Жән­нат – адам­ның қиялы­на сыйма­ған, көз кө­ріп, құ­лақ ес­ті­ме­ген, бұл фә­ни­дің ба­қыт­ты мың жы­лы оның бір сә­ті­не де тұр­май­тын аса ға­жайып мәң­гі­лік ба­қыт ме­кені. Алайда, кей­бір мұ­сыл­ман­дар бұл ғұ­мыр­да өзім­нің діт­те­ген ме­же­ме же­те­мін, сон­дық­тан да бір са­ғат мен үшін аса қым­бат деп қан­ша ты­ры­сып, жиыр­ма төрт са­ға­тын жұм­сап, өмір ба­қи ұм­тыл­ға­ны­мен кө­бі­не­се мақ­сат­та­ры­на же­те ал­майды. «Бі­реу­лер оқы­сам» деп ар­ман­дайды. Оқы­ған соң жақ­сы қыз­ме­тім бол­са дейді. Оған қо­лы жет­се де қа­на­ғат­та­на қой­майды. Одан әрі жо­ға­ры кө­рін­ген биік­ке шық­сам деп ар­ман­дайды. Фә­ни ғұ­мыр­дың биігі ешқашан біт­пейді. Бі­рі біт­се, бі­рі мен мұн­да­лап тұ­ра­ды. Бі­реу­лер ба­лам бол­са, ар­тым­да тұяқ қал­са деп ой­лайды. Бі­рақ ер­тең ба­ла­сы әке­сін дәл өзін­дей жақ­сы кө­ре ал­мауы мүм­кін. Не­гіз­гі мақ­сат пен тә­лім-тәр­бие­сін бе­ре ал­ма­са, кә­рі­лер үйі­нен орын алуы ық­ти­мал. Ен­ді бі­реу­лер би­лік­ке қол жет­кіз­сем деп, көк­пен та­лас­қан шың­ға қа­рай күл­лі өмі­рін сарп ете­ді. Ен­ді жет­тім де­ген­де не өлім мұ­ны қуып же­те­ді, не шық­қан шы­ңы­ның оңай емес еке­нін, оның жер­ден қа­ра­ған­да әл­де­қайда суық еке­нін, кез-кел­ген сәт­те найза­ғай-найза­ның ұшы­на шан­шы­ла ке­ту ық­ти­ма­лы бар еке­нін аң­ға­рып, үл­кен дер­тке ду­шар бол­мақ. Қыс­қа­сы, фә­ни ғұ­мыр­дың фә­ни бе­ті­не қа­ра­ған бе­ті еш­қа­шан адам­ның жан-дү­ниесі­не ра­қат әкел­мейді. Ал на­маз оқы­ған адам­ның әр­бір іс-әре­ке­ті Аллаһ үшін бол­ған­дық­тан, қал­ған жиыр­ма үш са­ға­ты да Алла үшін са­на­лып, күл­лі өмі­рі құт-бе­ре­ке­ге ай­нал­мақ. Өйтке­ні, на­маз оқу­шы – ғұ­мыр­ға не­ге кел­ге­нін ұғы­нып, өз мін­де­тін қал­тқы­сыз ат­қа­ру­ға ты­ры­сып, фә­ни­де өзін «жат жұр­ттық» са­нап, мәң­гі­лік ба­қыт ме­ке­ні мен өзін сүйіп жа­рат­қан Ұлы Жа­ра­ту­шы­сы­на қа­рай аса са­ғы­ныш­пен қа­дам бас­қан адам. Сон­дық­тан ақыр­ғы Пай­ғам­бар (с.ғ.с.): «На­маз – кө­зім­нің нұ­ры», – дейді.

На­маз­да қа­жы­лық та бар. Мұ­сыл­ман­дар на­маз оқы­ған кез­де құ­бы­ла­ға қа­рап тұ­ра­ды. Яғ­ни, өзін бейне бір Қағ­ба­ның ал­дын­да күл­лі мұ­сыл­ман­мен бір­ге на­маз­ға тұр­ған­дай се­зі­ніп, Ұлы Жа­ра­ту­шы­ға мойынсұ­нып, жү­рек­пен те­рең тағ­зым ете­ді.

На­маз – адам­ды Жа­ра­ту­шы Жап­пар Иеге жа­қын­да­та­ды. Рух пен ерік­ті кү­шейте­ді. Адам­ды са­быр мен шү­кір­ге үйре­те­ді. Құ­ран­да бы­лай дейді: «Са­быр мен на­маз ар­қы­лы Алладан жәр­дем ті­лең­дер. Бі­рақ бұл Алладан қо­рық­қан­дар­дан өз­ге­ге қа­шан да ауыр кел­мек».

На­маз – адам ба­ла­сы­ның тән та­за­лы­ғы мен жан та­за­лы­ғы. Рух азы­ғы мен ар азы­ғы. Адам на­маз ар­қы­лы Ұлы Жа­ра­ту­шы­ға тағ­зым етіп, өзі­нің пен­де­ші­лі­гі­не тәубе ете­ді.

Қанат Мұстафин

«Нұр» мешітінің имамы

БАС МҮФТИ «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін елордада ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбында қыз-келіншектерге арналған іс-шара өтті. Ауқымды шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, алғысөз сөйледі.

«Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда қоғамда, әлеуметтік желілерде дін тақырыбы жиі қозғалатын болды. Әсіресе әлеуметтік желілерде өз бетінше пәтуа беріп, халықтың наразылығын тудыратын жағдайлар жиіледі. Мұндай құбылыстар елдегі діни ахуалға теріс әсерін тигізетіні анық. Сондықтан бұл бағытта де белсенді жұмыс атқаруымыз керек. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі – әйелдер қауымы. Сондықтан менің тапсырмама сай мүфтият жанындағы Әйел-қыздар секторы белсенді жұмыс тәртібіне көшті. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шарамыз да Әйел-қыздар секторының баянды бастамасы деп білеміз. Алла Тағала басқосуымызды берекелі етсін!

Әйел-қыздар секторы былтыр 2023 жылы белсенді жұмыс атқарды. Республика бойынша мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарына қатысып, уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп, семинарлар, білім сайысы, қайырымдылық шаралар, мәдени шара, шеберлік сағаттары және түрлі спорттық шаралар секілді қоғамдық-мәдени бағыттарда да жалпы саны 10 986 шара атқарылып, 408 828 адам қамтылды. 

Осы істердің бәрінде әйел жамағатының үлкен үлесі бар. Биыл да сектор жұмысы жандана түседі деп білеміз. Бәріміз де – қоғамның бір бөлшегіміз. Сол себепті қоғамда болып жатқан жақсылы-жаманды оқиғалардың бәрі бізге оң және теріс әсерін тигізеді. Сондықтан қоғамдағы теріс әрекеттерді бәріміз бірігіп түзетуіміз қажет» деді ҚМДБ Төрағасы. 

Айта кетейік, іс-шарада Исламдағы әйел мәртебесі туралы насихат айтылып, ұлттық дәстүрімізді жаңғырту мақсатында бесікке салу, атастыру, құрсақ шашу сынды салт-жоралғылары көрініс тапқан қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ жиналған әжелер, аналар, қыз-келіншектер арасында «Қандай дәстүр?» сұрақ-жауап викторинасы ойнатылып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді еске түсірді.

muftiat.kz

ҚАЖЫНЫҢ РУХАНИ КЕЛБЕТІ

Ислам діні бес негізден тұрса, соның бірі қажылық. Қасиетті жерлерге зиярат жасау, құлшылылық рәсімдерін атқару шамасы келген мұсылман баласына парыз саналады. Құранда Әли Имран сүресі 97 аятында:   فِيهِ آيَاتٌ بَيِّـنَاتٌ مَّقَامُ إِبْرَاهِيمَ وَمَن دَخَلَهُ كَانَ آمِنًا وَلِلّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلاً وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ الله غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ 

«Онда айқын дәлелдер және Ибраһимнің орны бар, кімде кім оған кірсе қамсыз балады. Шамасы жеткен адамдардың Алланың ризашылығы үшін Кағбаны хаж етуі парыз. Кімде кім қарсы келсе, Алла күллі әлемнен беймұқтаж» делінген. Қажылықтың шариғаттағы анықтамасы белгілі бір уақытта, белгілі бір жерде, тиісті амалдарды атқару арқылы өтелетін құлшылық. Яғни қасиетті Зул Хижжа айында, қасиетті Кағбаға зиярат жасап, пайғамбарымыз үйреткеніндей амалдармен құлшылық жасау рәсімі. Құлшылық үш түрге бөлінеді. Бірі дене құлшылығы болса, намаз, ораза сияқты, енді бірі қаржыға байланысты зекет, ұшыр, садақа сияқты мал- дүниені тиісті жерлерге сарып қылу арқылы атқарылады. Ал қажылық болса, мал дүние мен дене құлшылығын қоса атқарылатын құлшылық түрі. Қажылық, мұсылман болған балиғат жасына толған ер болсын, әйел адам болсын, ақыл есі дұрыс, азат болған, қажылық жасауға шамасы жеткілікті, бала шағасы қайтып оралғанға дейін таршылық көрмейтін адамға парыз болады. Өздігінен жүріп тұра алмайтын, жолды көтере алмайтын жасы егде тартқан қарияларға қажылық жасау парызы мойындарынан түседі. Пайғамбарымыз(а.с): «Шамасы келіп тұрып, қажылықты орындамаған адам, қаласа иаһуди болып, қаласа насрани болып өмірден өтсін» деген. Түсінген адамға бұл қатты ескерту. Қажылықтың үш парызы болса, соның бірі ихрамға кіру болып табылады. Ол дегеніміз денемізге екі бөлек матаны орау ғана емес, сонымен бірге жан дүниемізді дүниеуи болмысынан рухани болмысқа өту болып табылады. Махшар әлемінде Алла тағаланың құзырында тұрғандай сезімге өтіп, байы бар, кедейі бар, ақ пен қара барлығы атақ мансаптарын ұмытып, «Лабайка» деп, Алланы көріп тұрғандай «Ихсан» күйіне өтіп, Алланың ризашылығын қалап, күнәләрінің кешірілуін тілеп, қажылықтың тәртіптерін қаз қалпында орындауға ниет қылады. Алланы көрмесе де, Алла мені көріп тұр деп, ықыласын Аллаға қойып, қажылығын орындайды. Пайғамбарымыз(а.с): «Қажылық кезінде жаман сөз айтпаған, дұрыстықтан айырмаған адам анасынан туған күнгідей күнәсіз болады» деген. Абай атамыз айтқандай: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» дегендей, иманның парыздарын мойындап, жан дүниесімен сеніп, қабылдап қана қоймай, сол иманнан айырылып қалмайтындай білімді де игеру керек. Шал ақын атамыз:

«Иман қой, ақыл қойшы, нәпсі бөрі

Бөріге қой алдырмас ердің ері

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Ала алмас ешбір нәрсе шайтан, пері»

Бұл өлең шумақтарында «таяқты қатты ұстап тұрудағы» мақсат дінде мықты болуды меңзеп тұр. Дінде мықты болу үшін білімді болу шарт. Сол себепті қажылықты ниет қылған адам, жергілікті мешітке келіп, қажылықтың арнайы курстарын яғни дәрістерінен өту керек. Сондай ұлы сапарға ат үсті бару, қателіктерге ұрындырып, қажылықтың сауаптарынан құр қалуы мүмкін. Екінші рет қажылық жасау сәті түседі ме, түспейді ме бір Аллаға мәлім. Айтып өткеніміздей, қажылықта тән құлшылығы мен мал дүние құлшылығы қоса атқарылады. Мысалға қажылықта тауаф жасап болғаннан кейін,  екі бас нәпіл намаз оқу уәжіп делінген. Ал намаз оқу білмесе, қажылығында кемшілік болады. Қажылыққа адам өмір бойы дайындалу керек десек, артық айтқандық болмайды. Иманның жеті парызы білу, дұрыс ақидада болу, намазды он екі парызымен оқу, қажылық рәсімдерін жасағанда (ихрам киген соң, Қағбаны тауаф еткеннен кейін, Сафа мен Маруа арасындағы сағида) оқылатын арнайы дұғаларды арапшасын немесе қазақша мағынасында оқу. Қажылықты барлық қағидаттарына сай атқарып келгеннен кейінде, қажы атына сай өмір сүру керек. Халал мен харамды айыра білуі керек. Алла тағала харам қылғанды адал болады деп отырса несі жақсы. Барлық құлшылығы бекер болып, діннен шығып кетеді.

Ертеде бір мұнафиқ адам қажылық жасап, ел жұрттың алдында «қажы» деген құрметке ие болған екен. Арақ шарабы бар тойда харамнан дәм татпай отырған адамға, сен кімсің, көрмейсіңбе, қажылыққа барып келген менде ішіп отырмын ғой депті. Бұл барып тұрған надандық. Сондықтан қажы адам сауап пен күнәні жақсы білу керек. Алла харам деген нәрсе харам(арам), ал Алла халал(адал) деген нәрсе халал. Тіпті пайғамбарлардын да бір нәрсені адалдауға немесе харам деуге хаққысы жоқ. Қажылық міндетін орындауға дүние жүзі мұсылмандары бір жерге «Әл Харам» мешітіне жиналады. Миллондаған адамдар, тілдері басқа, түрлері басқа, түстері басқа адамдар «Алла» деп келеді. Барлықтары Алла тағаланың қадірлі қонақтары. Ешкімді ренжітпей, ұрыс жанжал шығармай, дауыс көтермей, тәртіп сақтау ол да құлшылық. Топ басшысына бағыну уәжіп. Пайғамбарымыз(а.с): « Үш адам сапарға шыққан кезде араларынан біреуін басшы етіп тағайындасын» деп бұйырған. Қажылықты ниет қылып, үйдің табалдырығын аттағаннан бастап, қажылық құлшылығы басталады. Сондықтан қажылық құлшылығына мұқият болу керек. Мысалға намазда намазды қабыл қылмайтын істі байқамай істеп қойса, қазасын өтейді. Ал қажылықта қате жіберсе, қайтіп келгеннен кейін оны қалай өтейді. Пайғамбарымыз (а.с): «Менің мешітімде оқылған намаз мың намазға тең, ал «Әл Харам» мешітінде оқылған бір намаз басқа жерде оқылған  жүз мың намаздан артық» деген. Сол сияқты жаман қылықтардың да күнәсі сан есе артып шыға келеді. Қажылықты ниет қылып, ықыласын салып барған адам сабырлы, кешірімді, салмақты, байсалды, әдепті болу керек. Риякершіліктен сақтану керек. Пайғамбарымыз(а.с): «Үмбетім қатты алаңдайтын нәрсе кіші серік келтіру» деген, ол дінді өзінің дүниеуи мақсаттарына пайдалану. Мысалға қажылыққа барған адамның ниеті «қажы» деген атаққа бола барса, Алланың ризашылығын іздемесе, Алла ондай қажылықты қабыл қылмайды. Ол қажылықтың қадыр қасиетін ұғыну керек.

Ертеде керуенге ілесіп, бір әйел адам қажылыққа барады. Құтты жер, қасиетті жер деген сөздерден, алтыннан салынған, қымбат тастармен көмкерілген бір ғажап жер деп ойласа керек. Барса төрт бұрышты кішкентай, қара тастан қаланған үйді көріп, көңілі суып қалады. Жан жағын айналып, төбесіне дейін шығып көріп, сонау жерден осыған бола келдім бе?- деп, Қағбаның қасиетінің қадіріне жетпепті. Қазір көріп отырғанымыздай көптеген адамдар сол жердің қасиетінің бабына жете алмай отырған жәйттар бар. Азғантай қиыншылыққа шыдай алмай, «ойбай» салып жатқандар баршылық. Қажылыққа рахат іздеп бармайды. Ол жер құлшылықтың жері. Пайғамбарымыз (а.с): «Қажылық ол машақат» деген. Сондықтан бізде шаршаған адамды қажыған деп айтады ғой. Қажы атанған адам сол атқа сай болуы керек. Жұрт сыйлап, төрге шығарса, өнегелі, ғибратты, тәрбиелі өсиеттер айтып, туралыққа, жақсылыққа, ізгілікке шақыра білуі керек. «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қайырлы нәрсе айтсын немесе үндемесін»(Бұхари). Бейәдеп сөздер, өсек аяң, ғайбат сөздер айтып отырса, оның жасаған құлшылығынан не пайда, барлығы бекер болып кетуі бек мүмкін. Қорыта айтқанда мұсылман адам Алламен кездесуге әрдайым дайындық үстінде. Қаһф сүресінде соңғы аятында да Алла тағала:  فَمَن كَانَ يَرْجُو لِقَاء رَبِّهِ فَلْيَعْمَلْ عَمَلًا صَالِحًا وَلَا يُشْرِكْ بِعِبَادَةِ رَبِّهِ أَحَدًا    

«Кім Раббысына жолығуды үміт етсе, онда жақсы істер істесін, Раббысына ғибадат құлшылық жасауда оған ешкімді серік қоспасын!» делінген. Қажылық жасамағандар қажылық жасауды нәсіп етсін, ал қажылық жасағандар қажы атына лайықты болуға тырысайық.

Абылай Құрмашұлы

 «Мухсин» мешітінің бас имамы

ҚҰРАН ЖӘНЕ ОТБАСЫ

Отбасы – қоғамның іргетасы. Алла Тағала «Фурқан» сүресінің 54-аятында: «Һәм судан (ұрық тамшысынан) адамзатты жаратып, оны туыстық және құда-жекжаттық (қайын жұрттық) байланыста еткен де – Сол (Алла). Әрі сенің Раббың Құдіретті!» – деген.

Жер бетінде ең алғаш болып Адам ата (оған Алланың сәлемі болсын) отбасын құрған. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 30-аятында: «(Есіңе ал, уа, Пайғамбар) Сонда сенің Раббың періштелерге: «Мен жерде бір орынбасар (адамзат) жаратамын!» – деген еді. (Періштелер): «Сонда Сен бұзақылық қылып, қантөгіс жасайтын біреуді жаратасың ба? Ал біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді. (Алла): «Шындығында, Мен сендердің білмегеңдеріңді білемін!» – деді. «Мәида» сүресінің 27-аятында: «(Уа, Мұхаммед) Қауымыңа Адамның екі ұлы туралы хабарды шынайы түрде оқып бер. Ол екеуі құрбандық шалғанда біреуінікі қабыл болды да, екіншісінікі қабыл болмады. (Құрбаны қабыл болмағаны бауырына): «Мен сені сөзсіз өлтіремін» деді. (Бауыры): «Ақиқатында, Алла ізгілікті тек тақуалардан қабыл алады», – деді. Бұл аяттардан жер бетіндегі ең алғашқы Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) отбасы екенін білеміз. Содан бері Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақтар жалғасып келеді. Ибн Абидин Роддул Мухтар кітабында: «Біз үшін Адамнан басталып қияметке дейін, кейін жәннатта жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – деген.

Некелесіп, отбасын құру – Алла Тағаланың адамзат баласына міндеттеген заңы. Шариғатымызда ерлі-зайыпты атануы неке қиюдан басталады. 

1. Отбасы құрудың алғашқы шарты – неке қидыру. Алла Тағала «Нәхл» сүресінің 72-аятында: «Алла сендерге (ерлерге) өздеріңнен (адамзаттан) жұбайлар жаратты әрі жұбайларынан балалар мен немерелер жаратты һәм жақсы нәрселерден ризық берді. Сонда да олар жалғанға (пұттарға) сеніп, Алланың нығметін (Исламды) теріске шығара ма?» – деді.

2. Ислам діні қоғамның біртұтастығына мән береді. Ал отбасы – бірлік пен ынтымақтың қайнар көзі. Отбасы – шағын мемлекет. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамдар! Асылында, Біз сендерді ер мен әйелден жараттық та, бір-біріңді тану үшін халықтар, тайпаларға бөлдік. Ақиқатында, Алланың құзырындағы ең ардақтыларың – тақуаларың. Расында Алла Білуші әрі Хабардар!» –деді.

3. Алла Тағала барлық жаратылысты жұп-жұбымен жаратқан. Одан адам да, жан-жануарлар да, өсімдіктер әлемі де тыс қалмайды. Алла Тағала «Зәрият» сүресінің 49-аятында: «Сондай-ақ үгіт алуларың (Алланың құдіретін тануларың) үшін әрбір нәрседен (ер, әйел етіп) екі жұп жараттық!» – десе «Ясин» сүресінің 36-аятында: «Жер өсіретіндерден (өсімдіктерден), олардың (адамдардың) өздерінен және олар білмейтіндерден (басқа да жаратылыстардан) жұптар жаратқан (Алла) Пәк!» – деді.

4. Алла Тағала ерді әйелге, әйелді ерге ынтық етіп жаратқан. Олар бір-біріне болған сүйіспеншілік негізінде өзара одақ құрады. Бұл одақтың ең басты мақсаты – адамзат жер бетінде қияметке дейін қалуы үшін артына ұрпақ қалдыру, көбею. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 1-аятында: «Уа, адамдар! Өздеріңді бір жаннан (Адам атадан) жаратып, одан жұбайын (Хауа ананы) жаратқан, сосын ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар! Өздерің атымен бір-біріңнен сұрайтын Алладан қорқыңдар және туыстық байланысты (үзуден сақтаныңдар). Асылында Алла сендерді бақылайды», – деді.

Шариғатымызда еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің, яғни бір жыныстылардың неке қиюы, жыныстық қатынасқа баруы – харам. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, лағынеті шайтанның ісі. Еркекпен жыныстық қатынасқа түскен еркек және әйелмен жыныстық қатынас жасаған әйел өз табиғатына (фитраға) қайшы әрекет етеді. Себебі Алла Тағала адамзатты тіпті жануарларды да еркегін ұрғашысына және ұрғашысын еркегіне құштар етіп жаратқан. Басқаша болуы – табиғатқа қайшы. Бұл жайында Алла Тағала «Нәбә» сүресінде: «Сендерді жұп-жұп етіп жараттық», – дейді. Сол себепті Алла Тағаланың айтқанын орындау арқылы ғана адам баласы жаратылу табиғатына сай тіршілік ете алады. 

5. Ислам отбасын құруға қызықтырып, оны пайғамбарлар мен елшілердің жолы етті. Алла Тағала «Рағыд» сүресінің 38-аятында: «Біз (уа, Пайғамбар) сенен бұрын да (талай) елшілер жіберіп, оларға жұбайлар мен ұрпақтар бергенбіз», – деді.

6. Ислам отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін бекітті. Ер адамның әйелінің, әйелдің күйеуінің алдында бекітілген құқықтары бар. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 21-аятында: «Және бір-біріңмен қосылып әрі олар (жұбайларың) сендерден ауыр серт (неке келісімін) ала тұра, сендер (уа, ерлер) оны (мәһрді) жұбайларыңнан қалайша қайтарып алмақсыңдар» десе, «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Сондай-ақ жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, кейде ұнатпаған нәрселеріңде Алла көп игілік жасауы мүмкін», – дейді. Ал «Ниса» сүресінің 34-аятында: «Алланың бірін-бірінен артық еткені һәм жұмсаған мал-мүлкі (мәһр, нәпақа шығарғаны) арқылы ерлер әйелдерді басқарады. Әрі ізгі әйелдер толық бойсынушы, Алланың қорғауымен (ері жоқта) жасырын нәрселерін сақтайды», – деді. Осы аяттағы «ерлер әйелдерді басқарады» деген аяттан ерлерге берілген кейбір артықшылықтарды білсек болады. Яғни пайғамбар және елші, имам, азан, қамат айтушы ер адам болатынын аңғарамыз. Сол сияқты ер адамның мұрадағы үлесі әйелдің екі есесіне тең екенін, бір ер адамның куәлігі, екі әйел адамның куәлігіне тең екенін білеміз. Сондай-ақ дүниеге келген балаға әкесінің тегі беріледі. Ол жайында «Ахзаб» сүресінің 5-аятында: «Оларды әкелерінің атымен шақырыңдар. Солай ету – Алланың алдында әділ», – деді.

Ер адам – отбасының асыраушысы, әйелі мен балаларын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан отбасындағы ер адамның рөлі кемедегі капитан сияқты. Ер адам салиқалы көркем мінезі арқылы үйдің тірегі айналады. Ал әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Егер ерлі-зайыптылар міндеттері мен өз орындарын білсе, баянды да бақытты ғұмыр кешеді. Ер мен әйел бір-біріне қызмет етуі арқылы Аллаға жақындайды.
 

7. Исламдағы отбасылық қарым-қатынас өзара сыйластыққа, араларындағы сырды жаймауға және бір-біріне тіл тигізуден сақтануға негізделген. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 35-аятында: «Егер екеуінің (жұбайлардың) арасының ажырауынан қорықсаңдар, (жарастыру үшін) ердің туысынан бір төреші, әйелдің туысынан бір төреші жіберіңдер. Һәм ол екеуі (төрешілер) татулықты қалайтын болса, Алла екеуінің (жұбайлардың) арасын жарастырады. Ақиқатында, Алла – Білуші, Хабардар», – деді.

8. Ерлі-зайыптылар бір-бірін толықтырушы. Алла Тағала Құранда: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер», – деді. Ендеше, бақытты отбасын құру үшін ерлі-зайыптылар бір-біріне киім сияқты жылулық, әдемілік бере білу керек. Міне, сол кезде ғана бақыттың дәмін татады.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №1, 2024 жыл

АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ САЛУ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ

  Арнайы іссапармен Аққайың ауданына  барған облыстық облыстық Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы аудан орталығының зиялы қауымымен кездесті.

           Мұнда мешіт жамағаты мен ауылдың мұсылман қауымының аудан орталығынан мешіт салу туралы мәселесі сөз болды. Арнай қор құрып, жиналған қорға жауапты адамды бекіту, құрылысты жоспарлау, салу сияқты мәселелер тиісті адамдарға жүктелді.  «Әрине, мешіт салу жұмысы оңай шаруа емес. Алланың қалауымен, жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, мұсылман жамағатының құлшылық жасайтын Алланың жердегі үйін салу біздің парызымыз,-деді бас имам.

облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО БАС ИМАМЫ ТИМИРЯЗОВ АУДАНЫ МЕШІТІНІҢ ЖАМАҒАТЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы  Тимирязов ауданына арнайы іссапармен барды.

Қасиетті жұма күніне сәйкес келген кездесуде  Тимирязов аудандық мешітінің жамағаты бас имамның жұма уағызын тыңдады.  Содан кейін жиналған жамағат өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Мешітте қордаланған мәселелер аз емес, соның ішінде мешіттің есеп-қисабын жүргізуге есепші алу, жаңадан имам тағайындау, алқа мүшелерін қайта сайлау, мешіттің жылу мәселесі және дәрет алуға арналған арнайы бөлме ашу сияқты шешімін күткен мәселелер ортаға салынды. Айтылған мәселелерді мұқият тыңдаған бас имам Хамзат Қажымұратұлы  бұл мәселелердің кейбірі қаржымен шешілетін болғандықтан, алдағы уақытта жұмыс жүргізілетінін айтты.

облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

 

ТӘУБЕ ЕТУДІҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы, бізді және әлемдерді жоқтан бар еткен Аллаға ғана лайық. Алланың ардақты елшісі, адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың мөрі Мұхаммед пайғамбарымызға және оның отбасы мен ізбасарларына салауат пен сәлем болсын!

Тәубе ету-адам баласына бұл дүниеде берілген үлкен нығымет. Оның есігі пенде өмірден озғанға дейін жабылмайды. Өйткені, Алла Тағала пендесін күтеді, тәубе еткен пендесін жақсы көреді. Қасиетті құранда: «Расында, Алла тәубе етушілерді жақсы көреді, әрі таза болушыларды да жақсы көреді» деген. Ибн Фәрис:» Тәубе»сөзінің тілдік мағынасы «қайту ,оралу» дегенді білдіреді»,-деп айтқан. Ал , Ибн Мунзир:»Тәба иләллаһ»(Ол Аллаға қайтты) сөз тіркесі «өз күнәларынан құтылып «Аллаға бойсұнуға бел буды» деген мағынаны білдіретінін айтқан. Ендеше, «тәубе» сөзінің шариғи мағынасы Алладан қорыққандықтан күнәдан арылу; күнәнің жиіркенішті екенін сезіну; Аллаға бағынбағаны үшін өкіну; осыған ұқсас жаман ,жиіркенішті әрі күнәлі істерге енді қайтып оралмау; нақты жігерлік танытып ,шешім қабылдау және осы үшін барлық сақтық шараларын жүзеге асыру дегенді білдіреді.

Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде: «Барлық Адам атаның балалары қателесуші» деп айтылғандай адам баласы қателесуші, бірақ тәубе етуші де болу керек. Өйткені, Атамыз Адам (ғ.с.) өз қателігін мойындады, тәубе етіп, Алладан кешірім сұрады. Алайда Оны азғырған шайтан тәубе еткен жоқ, қателігін мойындамады, тәкаппар болды. Сол сияқты адам баласы өткеніне өкініп, тәубе етсе, Адам (ғ.с.) атасына ұқсағаны, ал тәубе етпесе, шайтанға ұқсап, тәкаппар болғаны.

Құран аятта:

«Уа, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер! (Сонда ғана) Раббыларыңнан күнәларыңды жойып, іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннатқа кіргізу үміт етіледі. Алла ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді қорламайды…» («Тахрим» сүресі, 8-аят).

Бір қисса:

Бірде Мұса (а.с.) пайғамбарға үмметінен бір кісі келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жаман адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамнан алыс жүрейік», – деп өтінеді.Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам менің құзырымда ең жаман адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткеннен соң баласын жетектеген бір адам теңізге қарай бет алады. «Мына адам Алланың құзырында нендей жаман күнә жасады екен» деп Мұса пайғамбарға ой келеді. Ертесіне кешегі үмметі тағы келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жақсы адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамға құрмет көрсетіп, жақын жүрейік», – деп өтінеді. Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам Менің құзырымда ең жақсы адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткен соң тағы да кешегі баласын жетектеген адам өтеді.Бұл кеше ғана Алланың құзырында ең жаман адам болған еді, бүгін қалайша ең жақсы адамға айналды екен деген ой еріксіз мазалайды. Мұса (а.с.) пайғамбар Раббысына: «Уа, Раббым! Кеше Сенің құзырыңда ең жаман адам кім екен, бізге көрсетші» деп дұға еткенде ең жаман адамды көрсеттің. Бүгін «Сенің құзырыңда ең жақсы адам кім, бізге көрсетші дегенімізде тағы да кешегі ең жаман деген адамды көрсеттің. Қалайша бір күнде ең жаман адам, ең жақсы адамға айналды?» – деп сұрайды.

Сонда Алла Тағала: «Кеше ол адам баласын жетектеп теңіз жағасына барды.

Сонда баласы әкесіне қарап: Әке, мынау не? – деп сұрады.

Әкесі: Балам, бұл теңіз, – деді.

Баласы: Әке, теңізден үлкен не бар? – деп сұрағанда

Әкесі: Балам, теңізден үлкен мұқит бар, – деп жауап берді.

Баласы: Әке, мұқиттан үлкен не бар? – деді.

Сонда әкесі: Балам, мұқиттан үлкен жер шары бар, – дегенде,

Баласы: Әке, жер шарынан үлкен не бар? – деп тағы сұрады.

Әкесі: Балам, жер шарынан да үлкен мына бейбақ әкеңнің күнәсі, – деді.

Баласы: Әке, әкемнің күнәсінан да үлкен не бар? – дегенде,

Әкесі: Балам, бейбақ әкеңнің күнәсынан да үлкен Алланың шексіз рахымы, мейірімі бар, – деп жауап берді. Міне, сол үшін Мен оның күнәсін кештім», – деп бұйырады.

Шындығында тәубенің қабыл  болуы – адамның білместікпен, қателікпен күнә іс істеп, кейін осы ісі үшін лезде өкінуінде. Ал егер адам күнә жасап күнәсына өкінгенімен сол жаман ісін жалғастыра беретін болса, соңында өлім өңешке келгенде оның тәубесі қабыл етілмейді. Мұндай тәубе мәжбүрліктен жасалған тәубе. Тәубе ету адам баласының жаратылысында бар қасиет. Олай дейтініміз әу баста Адам (ғ.с.) Алланың сынағына тап болып, тыйым салынған жемісті жеп қойған қателігі үшін тәубе етті. Алла Тағала оның тәубесін қабылалды. Жоғарыда атап өткеніміздей адам баласы нәпсі мен шайтанның жетегіне еріп қателесуі әбден мүмкін. Алайда жасаған қатесін жуып-шаятын тәубе деген сабынды қолдануы тиіс. Бұл пенде үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Ахметчеев Асхат Бахадырұлы

Есіл ауданының бас имамы

МИҒРАЖ ТҮНІ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Қадірлі жамағат!

Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі бойынша айлардың саны – он екі, олардың төртеуі – харам айлар. Міне, адамзаттың игілігі үшін ең дұрыс әрі мінсіз жүйе – осы. Ендеше, бұл айларда өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар» («Тәубе» сүресі, 36-аят) деп ескертеді.

Осы төрт ұлық айлардың бірі – Ережеп. Ал Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түн, яғни Ислам тарихында орын алған маңызды оқиға – Миғраж.

Осы түнді Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) оны Харам мешітінен Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы «Исра» сүресінің 1-аятында: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз, пәк. Ол шәк-шүбәсіз бәрін естуші, бәрін де көруші», – деп баяндалады.

Одан кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түннің бір уақытында Ақса мешітінен аспандағы Сидратул-мүнтахаға көтеріліп миғраж жасаған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Миғраж түнінде көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілек жасады, оларды ғафу етуді сұрады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын», – деп дұға жасағанда, Алла Тағала оны: «Намаз – мүміндердің миғражы», – деп қуантқан. 

Алла Тағала Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты баршамызға нәсіп болсын!

Аса Мейірімді Алла Тағала Ережеп пен Шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, Рамазан айына аман-есен жеткізсін! Біздің миғражымыз болған намаздарымызда еліміздің, халқымыздың амандығын және әлем тыныштығын тілейік! Қасиетті Миғраж түніндегі құлшылық пен дұғаларымыз қабыл болғай. Әмин!

muftyaf.kz

НАҒЫЗ ЕР – ОТБАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болғай.

Алла Тағала қасиетті Құранда отбасында ер адамның рөлі мен орнын ерекше атап өткен. «Ниса» сүресінің 34-аятында былай делінген: «(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер – әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қорған болу, қамқорлық жасау сынды мәселелерде) әлдеқайда артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың (әйелдеріне мәһір беру һәм отбасының нәпақасын табу сынды) маңызды жауапкершілік арқалағандығы…».

Мұхаммед Али ас-Сабунидің «Тәпсірлердің таңдаулысы» еңбегінде осы аятқа байланысты мынадай түсініктеме берілген: «Яғни ерлер – әйелдердің басқарушы және қорғаушылары. Оларға әмір береді, кейбір істерді жасаудан тыяды. Олар үшін қаражат жұмсап, мемлекет басшысының халықты басқарғаны тәрізді оларды басқарады. Өйткені Алла ерлерге керегінше мол ақыл, басқару қабілетін берді және нәпақа табуды жүктеді. Оларға әйелдерді қорғауға, бақылауға және солар үшін қаражат жұмсап, тәрбие беру міндетін берді».

Осы аят жайлы ғұлама Әбу Суғуд: «Ерлер ақылдарының толықтығы, салмақты және қуатты болу жағынан үстем етілген. Сондықтан пайғамбарлық, имамдық, куәлік және Алла жолындағы күрес тәрізді міндеттер ерлерге берілген», – деген екен. 

Расында Алла Тағала бұл аятта нағыз ер адам ғана әйелге әрқашан қорған болатынын ерекше меңзеп тұр. Сонымен қатар отбасын асырау, бала-шағаны жақсылыққа тәрбиелеу ер азаматтың асыл міндеті екенін баяндаған. Бұл аят ер адамға барлық істе үстем, биік болу керектігін үйретуде. Демек үлгі-өнеге көрсетуде ер азамат алдына жан салмауы тиіс. Ер адам ешқашан ұсақталмауы керек. Ұсақталу – жігіттің қасіреті. Әр нәрседе ұсақтала беру – әлсіз адамға тән сипат. Өзінің биік дәрежесінде қалған ер ғана отбасын, айналасын жақсылыққа жұмылдыра алады. Ғабит Мүсірепов: «Еркектің көркі ақылында…» – десе, Бауыржан Момышұлының: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл», – деген
сөзінде жан бар.

Ұсақталмауға итермелейтін жақсы қасиеттің бірі – әйелдің кейбір майда істерін елемеу және әрқашан кешірім жолын ұстану. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірімділік», – деген екен. Халық арасында «Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз бар. Алайда ыдыс-аяқ тек ас үйде сылдырлайтынын ұмытпаған абзал. Ас үйдегі әрбір сылдыр еткенге еркек араласа берсе, қадірі қашпай ма? 

Кейде ондай ұсақ-түйек нәрселерді елемеудің қайыры көп. Себебі әйелдің көңіл-күйі құбылмалы. Нәзік жандылар күніне қаншама эмоцияны бастан кешеді. Әйел эмоциясын шығару арқылы көңілі жай табады. Осы сәтте ер адам өткізіп жіберсе, әрқашан тәрбиелеуші тұлғаның дәрежесінде қалады. Ал керісінше әрекет жасап, әйелімен жарысып, ашуға берілсе оған үлгі-өнеге болу қасиетінен айырыла бастайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мүмин ер кісі мүмин бір әйелге ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», – деп өсиет еткен.

Халқымыз «Еңбегімен ер сыйлы» дейді. Еңбек ету – ер адамның абыройын арттыратын іс. Ер кісі үйленген сәттен бастап отбасының ас-суы, киім-кешегі, тұратын баспанасы, қысқасы үйдің барша шығыны мен қажеттіліктері оның мойнына жүктеледі. Өйткені отбасын асырау – әкенің міндеті. Алла Тағала Құранда: «Оларды жақсылап тамақтандырып, киіндіру – әкенің мойнында» («Бақара» сүресі, 233-аят) деп ескерткен. Тағы бір аятта: «Ризығы кең отбасын кеңдігімен асырасын. Кімнің ризығы тар болса, ол Алланың бергенімен отбасын асырасын. Алла әрбір жанға Өзі бергенінен артығын жүктемейді. Алла қиыншылықтан соң тез арада жеңілдікті береді» («Талақ» сүресі, 12-аят) делінген.

Сахаба Муғауия әл-Қушайри (Алла оған разы болсын) бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Біздің мойнымызда әйелдерімізге қатысты қандай міндеттер бар?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ішкеніңнен ішкізесің, жегеніңнен жегізесің. Не кисең, соны кигізесің. Қатты сөкпейсің. Үйдің ішінен басқа жерде бөлек жатпайсың», – дейді. Расында ер адам өзіне қатысты міндеттерді дұрыс орындаса, отбасында абыройы артады.

Исламда ізгі әйелдің де Құдай қосқан жары алдында атқаратын міндеттері мен ақылары бар. Жоғарыда келтірілген «Ниса» сүресінің 34-аятының жалғасында Алла Тағала: «…Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық бағынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің ақысын аяқасты етпей (арын, отбасылық сырларды, отбасына тән абырой мен мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар…» деп баяндайды.

Бұл аятта ер азаматтың басқаруында болған әйелдердің хәлі кеңінен айтылған. Шынтуайтында салиқалы әйел Аллаға, күйеуіне бағынады. Ізгі әйел өзіне қатысты міндеттерді, жасауы тиіс амалдарды мұқият орындайды және өзін зинадан сақтайды. Күйеуінің дүниесіне қиянат жасап, таратып жібермейді. Сонымен қатар олар ерлеріне қатысты өз араларында болған сырларды құпия ұстайды.

Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, керемет насихат айтады. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 187-аятында: «…Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)…» делінген. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятты: «Олар сендер үшін жанға жайлылық, рақат, тыныштық, сендер де олар үшін дәл сондайсыңдар», – деп тәпсірлейді.

Алла Тағала бұл аятта ер мен әйелді киімге теңеу арқылы көп нәрсені астармен жеткізуде. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) айтқандай, Алла Тағала жомарт, халим, астарлап айтады. Халқымызда «Адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Жақсы киім адамға қалай көрік берсе, жақсы әйел ерге, жақсы ер де әйелге солай көрік береді. Демек ер мен әйел – бір-бірін көрікті ететін жандар.

Киім адам денесіне ең жақын нәрсе болғандықтан, ер мен әйел бір-біріне ең жақын жандар болуы тиіс. Киім денедегі кемшілікті немесе айыпты жасырып тұратыны секілді, ер мен әйел бір-бірінің айыбын, кемшілігін өзгелерден барынша жасыруы қажет. Киім ыстық пен суықтан қалай қорғаса, ер мен әйел бір-бірін өмірдің түрлі сынақтарынан қорғап, қорғаныш болуы керек. 

Алла Тағала сіз бен біздің отбасымызға бақыт пен береке нәсіп етіп, мойнымыздағы міндеттерді абыроймен атқаруға күш-қуат пен даналық бергей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №1, 2024 жыл

МҰСЫЛМАННЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН МҮМКІНДІГІ

Қасиетті Рамазан айы.

Рақыммен басталатын он күндігі,

Мұсылманның ең үлкен мүмкіндігі,

Алланың рақымына ие болып,

Құлшылықта көрініп белсендігі,

Кешірімнің он күні одан кейін,

Алланың мейрімінің шексіздігі,

Отынан құтқаратын айдың соңы,

Біздерге үлкен нығмет бергендігі,

Оразаны адамдар түсінсе екен,

Қаншалықты қадірлі екендігін..

Құрметті мұсылман қауым, міне бір жыл уақыт сырғып өтіп, біз қасиетті Рамазан айына да тағы жақындап қалдық. Рамазан айына жету өте үлкен нығмет. 2024 жылғы Рамазан айы, наурыздың 11-і күніне келіп тұр. Енді осы Рамазан айының ерекшелкітері жайлы айтып кетейік.

Жыл сайын мүміннің өмірі Алла Тағалаға қызмет етудің ерекше түрі – оразамен безендіріледі. Рамазан айында ораза ұстау барша мұсылманға парыз. Құранда: Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар

 Әрбір мұсылман Аллаға құлшылық етіп, Оның әмірлерін орындауы керек. Алла Тағала Жаратушымыздың таусылмас байлығы мен мейірімі жасырылған қасиетті Рамазан айында баршамызға ораза ұстауды бұйырды. Бұл айда Алла Тағала адамдарға үлкен нығметтер жіберіп, күнәларын кешіріп, мейіріміне бөлейді. Рамазан айы барлық жаратылыстар үшін, әсіресе адамдар үшін шексіз байлықтың қайнар көзі болып табылады. Қасиетті Рамазан айы, бейнелеп айтқанда, өмірімізге – береке, ақыретімізге – сауапқа толы құнарлы алқап болып табылады. Күзгі жаңбыр жерді барлық шаң-тозаңнан тазартатыны сияқты, Рамазан айы да мүміндерді күнәлардан тазартады. Хадисте: «Кімде-кім Рамазан айында иманмен және сауабын Алладан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (әл-Бұхари, Муслим).

Адам баласы ақыретте сауап алу үшін бұл жер бетінде өмір сүріп, Алла Тағалаға құлшылық етеді. Қасиетті Рамазан айында адамдар Алланың мейіріміне бөленіп, кешіріміне ие болу үшін есепсіз сауап алу мүмкіндігіне ие болады. Хадистердің бірінде: «Егер Алланың құлдары бұл айдың нығметі мен қасиетін білсе, Рамазан айының бір жылға созылғанын қалар еді» (Бәйһаки Әбу Масғуд әл-Ғифариден риуаят еткен хадис). Мүбәрәк Рамазан айында жасалған жақсылықтың сауабы бір адамға мыңнан жазылады. Кәдімгі күнде оқылған Құранның әрбір әрпі он сауапқа тең болса, Рамазан айында әрбір оқылған әріп үшін Алла мың сауап береді.

 Рамазан айы-бұл 11 ай бойы өзінің құмарлықтарымен, нәпсі қалауымен үнемі күрескен адамның, оларды жеңуге мүмкіндік алатын уақыты. Бұл айда жыл бойына рухани тағамға мұқтаж екенін ұмытып кеткен адамдар, рухани түрде жаңартылады. Рамазан барлық мұсылмандардың көзін Құдайға бұрады, Алланың ұлылығын, рақымы мен мейірімділігін тағы бір рет түсінуге көмектеседі. Қасиетті Рамазан айы-рухани тазарудың, жыл бойына жасалған күнәларды өтеудің ең жақсы уақыты. Рамазан айы әділдік пен ізгілікті нұсқап, рухани байлықты сыйлайды. Табиғат көктемде жаңадан өмірге келетін сияқты, Құдайға барынша жақындау сезімі осы берекелі айда артады. Әрбір Аллаға шынайы иман келтірген адам, күнәлар мен лайықсыз істерді мүмкіндігінше шектеуге тырысады. Оның жүрегінде жақсы істерге деген ұмтылыс артады: кедейлерді тамақтандыру және киіндіру, үмітсіз адамға көмектесу және зұлымдықты жою. Сондықтан Рамазан-бұл әркімнің жан дүниесіндегі барлық жақсы нәрселердің гүлдену уақыты іспеттес. Алла баршамызды Рамазан айына амандықта жетуді нәсіп етсін.

Көкен Ержан

«Үлкен – Қарой мешітінің наиб имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲