МҰСЫЛМАННЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН МҮМКІНДІГІ

Қасиетті Рамазан айы.

Рақыммен басталатын он күндігі,

Мұсылманның ең үлкен мүмкіндігі,

Алланың рақымына ие болып,

Құлшылықта көрініп белсендігі,

Кешірімнің он күні одан кейін,

Алланың мейрімінің шексіздігі,

Отынан құтқаратын айдың соңы,

Біздерге үлкен нығмет бергендігі,

Оразаны адамдар түсінсе екен,

Қаншалықты қадірлі екендігін..

Құрметті мұсылман қауым, міне бір жыл уақыт сырғып өтіп, біз қасиетті Рамазан айына да тағы жақындап қалдық. Рамазан айына жету өте үлкен нығмет. 2024 жылғы Рамазан айы, наурыздың 11-і күніне келіп тұр. Енді осы Рамазан айының ерекшелкітері жайлы айтып кетейік.

Жыл сайын мүміннің өмірі Алла Тағалаға қызмет етудің ерекше түрі – оразамен безендіріледі. Рамазан айында ораза ұстау барша мұсылманға парыз. Құранда: Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар

 Әрбір мұсылман Аллаға құлшылық етіп, Оның әмірлерін орындауы керек. Алла Тағала Жаратушымыздың таусылмас байлығы мен мейірімі жасырылған қасиетті Рамазан айында баршамызға ораза ұстауды бұйырды. Бұл айда Алла Тағала адамдарға үлкен нығметтер жіберіп, күнәларын кешіріп, мейіріміне бөлейді. Рамазан айы барлық жаратылыстар үшін, әсіресе адамдар үшін шексіз байлықтың қайнар көзі болып табылады. Қасиетті Рамазан айы, бейнелеп айтқанда, өмірімізге – береке, ақыретімізге – сауапқа толы құнарлы алқап болып табылады. Күзгі жаңбыр жерді барлық шаң-тозаңнан тазартатыны сияқты, Рамазан айы да мүміндерді күнәлардан тазартады. Хадисте: «Кімде-кім Рамазан айында иманмен және сауабын Алладан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (әл-Бұхари, Муслим).

Адам баласы ақыретте сауап алу үшін бұл жер бетінде өмір сүріп, Алла Тағалаға құлшылық етеді. Қасиетті Рамазан айында адамдар Алланың мейіріміне бөленіп, кешіріміне ие болу үшін есепсіз сауап алу мүмкіндігіне ие болады. Хадистердің бірінде: «Егер Алланың құлдары бұл айдың нығметі мен қасиетін білсе, Рамазан айының бір жылға созылғанын қалар еді» (Бәйһаки Әбу Масғуд әл-Ғифариден риуаят еткен хадис). Мүбәрәк Рамазан айында жасалған жақсылықтың сауабы бір адамға мыңнан жазылады. Кәдімгі күнде оқылған Құранның әрбір әрпі он сауапқа тең болса, Рамазан айында әрбір оқылған әріп үшін Алла мың сауап береді.

 Рамазан айы-бұл 11 ай бойы өзінің құмарлықтарымен, нәпсі қалауымен үнемі күрескен адамның, оларды жеңуге мүмкіндік алатын уақыты. Бұл айда жыл бойына рухани тағамға мұқтаж екенін ұмытып кеткен адамдар, рухани түрде жаңартылады. Рамазан барлық мұсылмандардың көзін Құдайға бұрады, Алланың ұлылығын, рақымы мен мейірімділігін тағы бір рет түсінуге көмектеседі. Қасиетті Рамазан айы-рухани тазарудың, жыл бойына жасалған күнәларды өтеудің ең жақсы уақыты. Рамазан айы әділдік пен ізгілікті нұсқап, рухани байлықты сыйлайды. Табиғат көктемде жаңадан өмірге келетін сияқты, Құдайға барынша жақындау сезімі осы берекелі айда артады. Әрбір Аллаға шынайы иман келтірген адам, күнәлар мен лайықсыз істерді мүмкіндігінше шектеуге тырысады. Оның жүрегінде жақсы істерге деген ұмтылыс артады: кедейлерді тамақтандыру және киіндіру, үмітсіз адамға көмектесу және зұлымдықты жою. Сондықтан Рамазан-бұл әркімнің жан дүниесіндегі барлық жақсы нәрселердің гүлдену уақыты іспеттес. Алла баршамызды Рамазан айына амандықта жетуді нәсіп етсін.

Көкен Ержан

«Үлкен – Қарой мешітінің наиб имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲