ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

ЗАҒИП ЖАНДАР ҮШІН БІРЕГЕЙ МҮМКІНДІК

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2024 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында «Ізгі қоғам» бағытының маңызын тағы бір атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің елге арнаған бір сөзінде мүгедектігі бар жандарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін айтқан болатын.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ізгі қоғам – Исламның басты міндеті» атты мақаласында: «Қазір көптеген дін атын жамылған түрлі ағымдар мүгедектігі бар азаматтарға өздерінің діни ұрандарын таңып, идеологиясын белсенді түрде жүргізуде. Тіпті хал үстінде жатқан қаншама жандар өзге діннің сеніміне ереді. Өткен жылы діни сауат ашу курстарына қосымша «Намаз оқуды үйрету» және «Құран жаттау курсын» ашуды тапсырған болатынбыз. Мұндай курстар өз нәтижесін беріп келеді. Ендігі кезекте мүгедек жандар үшін арнайы курс ашып, асыл дінімізді насихаттауды қолға аламыз. Мақсатымыз – ерекше қажеттілігі бар жандарға дін насихатын жүргізу, Алланы таныту. Осы ретте бейнетаспаға түсірілген уағыздардың бірқатарына сурдоаударма жасауды жоспарлап отырмыз» деп, бұл бағыт аясында көптеген шаралардың жоспарланғанын мәлімдеген еді.

Осы орайда біздің Алматы облысында өкілдік тарапынан зағип жандарға арналған «Брайл дәрістерін» оқыту курсы қолға алынған болатын. Брайль қарпі – көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы жазу жүйесі. Бұл әліпби көзі көрмейтін адамдарға жазу мен оқуға мүмкіндік береді. «Брайл дәрістерін» оқыту курсының мақсаты – көзі көрмейтін, бірақ, Құран үйренуге деген ықыласты жандарға білім беру.

Қазіргі таңда бұл жоба алғашқы жемісін берді. Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінің ұстазы, арнайы маман Айнұр Хұмарбекқызы өңірімізге қарасты 6 әйел ұстазға 2 ай бойы Брайл әдісін үйретті. Алдағы уақытта аталмыш ұстаздар Құран үйренуге ықыласты зағип жандармен етене жұмыс істемек ниетте.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бағдарлық баяндамасында өзге де бастамаларды көтерді. Бұл ауқымды жобалар осы жылы жүзеге асуы тиіс. Біз өз тарапымыздан аталмыш мақсаттардың мәнін ұғып, әр уақытта ел мен қоғам игілігі үшін қызмет етуге әзірміз.

Мадияр ТАҒАЙБАЙҰЛЫ,

Алматы облысының бас имамы

 БАШҚҰРТ ҚЫМЫЗЫН ІШУГЕ БОЛА МА?

Қымыз еліміздің әр өңірінде әр түрлі дайындалады. Ол көбіне жылқының жеген шөбіне, қымызды ашытатын күбінің ағашына, күбіні ыстайтын шөптің ерекшелігіне байланысты әр түрлі болады. Бірақ қымыздың ең басты күтімі-оның қалай жасалуында, оны жасайтын адамның шеберлігінде.

 Башқұрт қымызын жылқының сүтінен арнайы ыдыстарды былғап ашытады. Кейде оны «Бал қымызы » деп те жатады. «Бал қымызы» деп, бал немесе басқа да тәтті қосылып дайындалған қымызға айтылады.

          Имам Әбу Ханифа және Имам Әбу Юсуфтың жеткізуі бойынша ашыған болса да, жылқы сүті адал деп есептелген. Ал адамды мас қылатын сусындардың үкімі басқаша. Алла елшісі (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мас етуші ішімдіктердің бәрі харам. Көп ішкенде мас ететіндердің азы да харам»,-деп үкім еткен (Нәсаи, Ибн Мәжа және Ахмад риуаяты).

Таза табиғи қымыз сусыны «халал сусын» ретінде саналады. Ал оның құрамындағы ашығаннан туындаған спирттің мөлшері аз болғандықтан және адамды мас қылдыратын көрсеткішке жетпейтіндіктен, Ханафи мәзһабы  бойынша харам үкімін тудырмайды. Соңғы уақытта шетелден келетін қымыздар туралы қойылатын сұрақтар көп. Тұтынушылардың айтуы бойынша, олар бас айналдырып, мастық дәрежеге жеткізеді. Олай болса мұндай қымыздан сақтанған абзал.

Біріншіден, ол өнімдерді таза қымыз санатына жатқызуға болмайды. Себебі, құрамына бие сүті, сиыр сүті, бал, ашытқылар кіреді. Құрамындағы бал ашыту процесін жеделдетеді.

Екіншіден, егер қымызды сақтау температурасы сақталмаса, құрамындағы спирттің пайыздық мөлшері көбейіп кетуі ықтимал.

Үшіншіден, спирт сырттан әдейі қосылды ма, жоқ па, ол да белгісіз.

Егер қымыз ашытылмаса, оны сусын ретінде қолдануға рұқсат етіледі. Қымызға басқа да қоспалар қосылып ( бал, ашытқылар, қышқыл сүт бактериялары) ашытылса және адамды мас ететіндей дәрежеге жеткізсе, оның (ашытылған) азын да, көбін де қолдануға тыйым салынады.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «АС-СИХАХ» КІТАБЫ ЖЕТКІЗІЛДІ

Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ұлттық қорға енген мұралардың қатарында Отырардан шыққан ғұлама әрі ақын Исмаил бин Хаммад әл-Жауһари әл-Фарабидің «Ас-Сихах» атты кітабы да бар. Кітап атауының қазақша аудармасы «Тіл тәжі және араб тілінің дұрыс сөздері» деп аталадыдеп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері «Архив – 2025» бағдарламасы аясында Мысыр Араб Республикасынан көптеген тың деректерді елге жеткізді.

Сириядағы «Әл-Ассад ұлттық кітапханасынан табылған құнды еңбек  – 40 мың түбірді біріктірген араб тілінің классикалық түсіндірме сөздігі ретінде бағалы. Сөздік араб тілі ғана емес, әдебиеті жөнінде де аса бай мағлұмат береді. Отырарлық ғұлама ғалымның аталған еңбегінің тағы бір қолжазба үлгісі Каир қаласындағы әл-Азһар универсиетінің кітапханасынан анықталып, көшірмесі алынды.

2022 жылы архивтің қызметкерлері елге жеткізген  «Ас-Сихах» еңбегі ғалымдар тарапынан зерттелуде. Құнды мұраның елімізде жоқ түпнұсқасының бір бөлігінің табылуы маңызды жаңалықтың бірі саналады. Себебі Исмаил әл-Жауһари әл-Фарабидің бұл шығармасы жалпы 6 томнан тұрады. Осыған дейін ғұламаның «Ас-Сихах» еңбегінің бір томы Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында қолжазба күйінде сақталған болатын. Мұнан бөлек бұл құнды еңбектің әртүрлі қолжазба нұсқалары Лондон, Берлин, Лейден, Париж қалаларындағы кітапханалардың қорында бар. Архив мамандарының Мысырдан тапқан нұсқасы елдегі нұсқаларды толықтыратынына сенім мол,- деді Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің ғылыми өкілдері Ресей, Франция, Қырғызстан, Белоруссияның мемлекеттік архивтерінде, сонымен қатар, Түркия, Иран, Египет сияқты елдердің кітапханалары мен архивтерінде жұмыс істеп, Қазақстан тарихына қатысты барлығы 20 мың парақтан астам құжат анықтап, көшірмесін әкелді.

«Мұнара» газеті

ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫНА ЖАУАПТЫ МАМАНДАР ЖИЫНЫ

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіттердегі Жастар ісі секторының жұмысына жауапты дін қызметкерлері бас қосып, жылдық жұмыс жоспарын талқылады.

Жиынға Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов пен ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Күзекбай арнайы қатысып, сектор жұмысын жандандыруға қатысты ой-пікірлерін бөлісті.

Жиын барысында Астана өкілдігі бойынша Жастар ісі секторына жауапты Рақымжан Талғатұлы «Ислам және дәстүр құндылықтары» жылы болып жарияланған 2024 жылға арналған жұмыс жоспарымен қысқаша таныстырып өтті. Мешіт жастары арасында өткізілетін білім жарыстары, спорт сайыстары, қайырымдылық акциялары мен түрлі қоғамдық шаралар жайлы баяндады.

Қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы өз сөзінде биылғы Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Жастар ісі секторына ерекше мән беріп, «ел болашағы саналатын жастармен жаңаша тәсілдер арқылы жұмыс істейтін уақыт келді. Жастар ісі секторы кешенді жоспар әзірлеп, жыл бойы тың форматтағы шараларды жүзеге асыруы тиіс» деген үндеуін жастарға жеткізіп, сектор жұмысын арттыруға арналған бірқатар тапсырмалар берді.

ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Кұзекбай Бағыжан да биылғы жылы жоспарланған шаралар ауқымды екендігін айтып, Бас мүфти артқан сенімге сай жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Биылғы жылы Жастар ісі секторына ҚМДБ жанынан «Жастар кеңесін» құру, Республикалық Жастар форумы, «ДінТеллект» республикалық интелектуалдық білім сайысы ұйымдастыру секілді ауқымды жүмыстар жүктелгенін жеткізді.

muftyat.kz

ТҮРКІСТАНДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ (ФОТО)

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» тақырыбында республикалық конференция өтті.

Алқалы жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, профессор Досай Кенжетай, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, академик Саттар Мәжитов, белгілі ақын, республикалық «Дәстүр» журналының директоры Қасымхан Бегманов, этнограф Досымбек Қатран, Қ.А.Ясауи атындағы университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып өз ойларын ортаға салып баяндама жасады.

Қонақтар конференцияға дейін ұлттық дәстүріміз дәріптелген қойылымды тамашалап, Бас мүфти сәбидің тұсауын кесіп, көне кітаптарға арналған көрмені аралады. Кейін жылдың алғашқы іс-шарасы қасиетті Құран аяттарымен басталып, Діни басқарманың 2023 жылы атқарған ауқымды жұмысын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Алғаш сөз алған ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Дін мен дәстүр құндылығы» жылының маңызына тоқталып, салт-дәстүріміздің тәрбиелік рөлін атап өтті.

«Біз «Алты жыл аш болсаң да атаңның салтын ұмытпа» деген қағиданы берік ұстанған ұлтпыз. Біз қазіргі әлемдік сын-қатерді ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Өздеріңіздің қатысуларыңызбен алғашқы жиынымызды жақсы ниетпен әулиелер мен хан-сұлтандарымыздың мәңгілік мекені болған рухани астанамыз – Түркістан шәрінде өткізіп отырмыз. Алла Тағала жиынымызды нәтижелі еткей. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен әмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет…» деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейін әдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дәстүрге тыйым салмады. Өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дәстүрге қарсы шығып, халықтың ашуына тиюде. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған.

Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Бұл – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару – үлкен қателік. Құран мен хадистің негізгі мұрат-мақсатын ұғынбаған кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда. Әрине, мұндай сәттерде имамдарымыз қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, тентегін тезге салып отыратын ақсақалдардың орны ерекше деп атар едім.

Бабалар ұстанған сара жолды жалғастыру біздің басты міндетіміз болып қала береді. Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман», – деген екен. Ендеше, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – сіз бен бізге жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлықтаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз. Баршаңызды осынау ортақ аманатты бірге орындауға шақырамын. Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрін құрметтеген ұрпақтан болуын нәсіп еткей» деді Бас мүфти.

Сонымен қатар республикалық конференцияда баяндамашы ғалымдар дін мен дәстүр, қазақ фольклорындағы дәстүр, зайырлы білім алу, ұмыт болған ұлттық қазына тақырыптарында ойларын жеткізді.

muftyat.kz

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ КЕНТАУДА ЖАҢА МЕДРЕСЕНІҢ КІРПІШІН ҚАЛАДЫ

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысындағы жұмыс сапары аясында Кентау қалалық мешіті жанынан салынып жатқан медресе кірпішін қалау рәсіміне қатысты.

«Үш кезеңнен тұратын құрылыстың мерзімі 5 жылға жоспарланған. Оқу ғимаратының жалпы ауданы 4500 ш.м құрайды. Оның ішіне екі қабатты жатақхана, оқу корпусы, асхана және спорт зал кіреді. Оқу ғимараты да екіқабаттан тұрады. Сынып бөлмелері, кітапхана, конференц-залға дейін қамтылады. Медресе бір мезетте 120 баланы қабылдауға дайын» деді Кентау қаласының имамы Ғалымжан Әйекеев.

Құрылыс жұмысымен танысқан Бас мүфти Бағдарлық баяндамада айтылған Хадистану ілімін толығырақ қамту керек деді. Сондай-ақ құрылыс барысында ескеретін жайттарға тоқталып, әртүрлі мәселелерді атап өтті.

Айта кетейік, мешіт және медресе құрылысы 2025 жылы аяқталмақ.

muftyat.kz

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ИМАМДАРЫНЫҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Биылғы жыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасына сәйкес өңір имамдарының қатысуымен жылдың алғашқы мәжілісі өтті.

Облыстық Қызылжар орталық мешітінің бас имамы  Хамзат Қажымұратұлының төрағалығымен өткен жиынға аудан-қала имамдары, мешіт ұстаздары және алқа билер мүшелері қатысып, «Ислам мен Дәстүр құндылығы» жылында атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды. Жиында облыстың бас имамы  дін қызметкерлеріне  ҚМДБ Төрағасының бағдарлық баяндамасында айтылған  жоспарларға орай алдағы атқаратын жұмыстар бойынша  нақты тапсырмалар жүктеді.

          Сондай ақ, жиын соңында жыл бойы жоғары деңгейде қызмет атқарған имамдар Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталды.

облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО: КЕЗЕКТІ АУДИТ ЖҮРГІЗІЛДІ

Солтүстік Қазақстан облысында айлық аудит жұмыстары жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларын технолог Аружан Аралбай орындады. 

«Айлық аудит барысында «Ctr chiken» фаст-фуд дәмханасы, «Happy cake» кондитерлік цехы, «Bey» және «Компот» қоғамдық тамақтану орындары тексерілді. Аудит барысында кәсіпорындардың бекітілген халал стандарт талаптарын сақтайтына көз жеткізілді. Дегенмен де, кейбір кәсіпорындарға кішігірім ескерту де айтылды», – дейді маманымыз.

облыстық Қызылжар мешітінің баспасөз хатшысы

ДӘСТҮРІМІЗДІ НАСИХАТТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАСТАМА

17 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі имамдар мен ұстаздарға Бағдарлық баяндамасын жолдап, дәстүрімізді насихаттауға басымдық берді. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әр жылдың атауын бекітіп, сол бағытта жұмыстарға басымдық беріп келеді. Бас мүфти 2023 жылды діни қызмет аясында «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Осы бағытта жалпы саны 550-ден аса іс-шара өтті.

ҚМДБ Төрағасы атап өткендей, қоғамды ізгілікке үндеу – дін қызметкерлерінің басты мақсаты болып қала береді. Сол үшін биыл «Мешіт жамағатымен ізгі қоғам» жобасын жүзеге асыру туралы бастама көтерілді. Жоба аясында облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейде мешітке келуші жамағат арасында өзара түсіністік пен мұсылмандық әдепті насихаттай отырып, қоғамды ізгілік пен бірлікке үндейтін іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің Бағдарлық баяндамасында: «Қазір әлемдік қауымдастық өзінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға күш салуда. Өйткені жаһандану заманында дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіздер.

Осындай мәселелер мен бастамаларды ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенемін» деді.

Бас мүфти мәлімдегендей, соңғы уақытта қоғамда дін мәселесіне қатысты көптеген пікірлер айтылуда. Соның ішінде дәстүрлі дініміз бен жат ағымды бір санатқа жатқызып, айыптайтындар да аз емес. Қала берді «дін қызметкерлері дәстүрді насихаттамайды» деген сын тағуда.

«Асылында Діни басқарма – халқымыздың дәстүрлі жолын насихаттап, салтымыз бен ғұрпымызды дәріптеп келе жатқан бірегей рухани орда. Осы бағытта мүфтият бұған дейін «Дін мен дәстүр» жылын жариялаған болатын. «Дін мен дәстүр» кітабының бірнеше томы шықты. Ол жамағатқа тегін таратылды. Былтырғы жылы осы жұмыстарды жүйелеу және алдағы уақытта да жалғастыру мақсатында ҚМДБ Орталық аппаратынан «Дін мен дәстүр» бөлімін аштық.

Өздеріңізге мәлім, мүфтият жыл сайын жұмыстарды жүйелеу үшін қоғам талабына сәйкес басымдық беретін бағыттарды айқындап келеді. Дін мен дәстүр; ізгі қоғам; ихсан және насихат; діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру бағыттары діни қызмет пен қоғам үшін аса маңызды. Биыл да осы бағыттар бойынша жұмыстарға басымдық беру қажет деген ұйғарымға келдік» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игі басқосудың бірінде: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын», – деген болатын.

Шынында, қазіргі уақытта өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесі аса маңызды. Біз олардың сана-сезіміне дәстүрлі Исламның дәнін егіп, жат ағымдардың шырмауынан сақтауымыз керек. Оның төте жолы – ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақтың жері, тілі, діні, дәстүрі үшін тер төккен тұлғаларының өнегелі өмір жолы мен ел үшін сіңірген еңбектерін дәріптеу, дін саласындағы, әсіресе жат ағымдардың алдын алу, діни оңалту салаларындағы жұмыстарды жетілдіру.

Халық даналығында: «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген нақыл бар. Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері.

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.

Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.

Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, үлкен істер мен игі жобаларға бастамашыл болып отырғаны қуантады.

Самат ӘЛІБАЕВ,

Батыс Қазақстан облысының бас имамы

МҰСЫЛМАНДЫҚ МЕКТЕП ЖАҢҒЫРМАҚ

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің 2024 жылға арналған Бағдарлық баяндамасын жариялады. Биылғы Бағдарлық баяндамада кезек күттірмес бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның бірі – ғылыми-зерттеу орталығын ашу.

Бұл жөнінде «Биыл Діни басқарма жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашамыз. Аталған ғылыми орталықты ашудағы негізгі мақсат – еліміздегі діни ахуалға тиісті талдау жасап және қазақ топырағынан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін зерттеп, оны жарыққа шығару. Сонымен қатар қазақ ақын-жазушыларының, жырауларының еңбектеріндегі дін тақырыптарын жинақтап, халқымызға жеткізу» деп мәлімдеді Бас мүфти.

Бұл ауқымды және маңызды жобада ұлтымыздың рухани құндылығы көрініс тапқан дидактикалық-философиялық мазмұндағы моральдық-этикалық ұғымдар мен әдептілік және мінез-құлық мәселелері жан-жақты, кең көлемде қалам тербеген қазақ даласы данышпандарының құнды діни еңбектері зерттеп-зерделеу және оқырманға ұсыну көзделген. Атап айтқанда, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындары» трактатынан тарқата отырып, Хәкім Абайдың «Қара сөздері» ғақлиясындағы хикметтер, Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білігінен» Мәшһүр Жүсіптің шығармаларына дейін даналықтар, Қарахан мемлекетінің дін қайраткері Ахмет Иүйнекидің «Хибат ул-Хақайықынан» бастап, Шәкірімнің «Мұсылмандық шарты» шариғи шығармасына дейінгі, сондай-ақ сопылық мектептің іргесін қалаушы Қожа Ахмет Иасауи,  Пір Бекет, Марал ишан сынды қазақтың діни ғалымдарының туындыларын жалпы оқырманға ұсыну мақсатында қажырлы жұмыс күтіп тұр дегені. Сонымен қатар, сонау Мөңке би мен Төле би бабамыз мен Бөлтірік шешеннен бастап, би-шешендердің өмірбаяны мен өсиеттері, Бұқар жыраудан бастау алатын жыраулардан келіп жеткен рухани мұраларды жаңғырту қолға алынады. Бұл халқымыз күткен

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев асыл дінімізді халыққа дұрыс жеткізу жөнінде: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе…» деген болатын.

Аталмыш орталық халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды ғылыми түрде дәріптеп, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті зерделеп, бұхара халыққа ұсынады деп үміт етеміз.  

Қазақ ойшыл ғұламалары ислам ғылымының дамуына өзіндік үлес қосқаны мәлім. Ислам өркениетінде біздің ата-бабамыздың рухани мұрасының орны ерекше. Демек, ендігі кезекте бабалар мұрасын жандандыру, өскелең ұрпаққа жеткізу сіз бен біздің асыл борышымыз.

Төлеби Оспан,

Алматы қаласының бас имамы 

  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТКІЗІЛУДЕ

ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен республика бойынша халал бағытына жауапты бақылаушы өкілдер мен технолог мамандарға арналған семинар және практикалық іс-тәжірибе өткізілуде.

 ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлының төрағалығымен өткен семинарға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, Ұлттық аккредиттеу орталығының департамент директоры Алмат Орынғалиұлы, Астана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Қарлығаш Түйтеқызы қатысты.

«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміз жыл сайынғы бағдарлық баяндамасында халал бағыты бойынша бірқатар ауқымды жобалар мен маңызды шараларды бекітіп, толыққанды орындалуын тапсырып келеді. Сондықтан да, халал саласындағы ортақ мақсат пен мүдделерді бірлесе жүзеге асыруда бүгінгі жинымыздың маңызы зор деп есептеймін», – деген Ершат Ағыбайұлы кәсіпкерлер мен тұтынушыларға халал сертификаттың мұсылман қауымының сенімі мен халықтың аманатын арқалайтын құжат екендігін айтты.

Сонымен қатар, семинарда аккредиттеу және оның тиімділігі, қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитарлық талаптар жөнінде кеңінен түсіндірілді. Және де, қатысушылар халал стандарттау жүйесі мен тәртібі, азық-түлік қауіпсіздігі, ет және сүт өнімдеріне қойылатын ветеринарлық талаптар, халал дәрілік заттар мен профилактикалық өнімдерді сақтауға, тасымалдауға, сатуға қойылатын жалпы талаптар жөнінде дәріс тыңдады.

Айта кетейік, екі күнге жалғасатын семинар теориялық және практикалық бөлімнен тұрады. Облыстық өкілдер алған білімдерін бірден іс-тәжірибеге қолданып, түрлі бағыттағы кәсіпорын өндірісмен танысатын болады.

myftyat.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲