ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

НАМАЗ УАҚЫТЫНЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚМДБ ХАБАРЛАМАСЫ

 Құрметті отандастар!

Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады. Осылайша, еліміздің барлық аймағы 5-ші сағаттық белдеуде орналасады.

Алла қаласа 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Қазақстан бойынша UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) +5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгереді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми www.muftyat.kz сайтындағы намаз кестесінен өздеріңізге қажетті ауыл мен қаладағы намаз уақыттары жайлы мәліметтерді алуға болады. Ал жұма намазына қатысты мәлімет төмендегі кестеде көрсетілді.

muftyat.kz

ИМАМ-МОЛДАЛАРҒА БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен орталық «Қызылжар» мешітінде өңірдегі молдаларды екі апталық оқыту семинары басталды.

 Семинар-кеңес облыс бойынша молдалардың білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында өткізіледі. Семинардың бірінші күні молдаларға орталық «Қызылжар» мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы «Құран. Тәжуид ережелері», «Сира», «Ақида» бойынша сабақ беріп, негізгі қағидаларды түсіндірді. Екі жұма бойы өткізілетін біліктілікті арттыруға арналған семинарда дін мен дәстүр құндылығы туралы, уағыз айту т.б. діни қағидалар түсіндіріледі.

облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРАН ЖАТТАУДЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

Иісі мұсылманның өмірлік миссиясы – Алланың разылығын алу, Алланың разылығына апаратын амалдармен айналысу.Амалдардың ішіндегі ең ардақтысы – Құранды оқу, жаттау.

      Құран – Алланың сөзі. Құран – құлшылық. Құран – ғажайып. Екі дүниеде де жақсылыққа жетелейтін ерекше қасиетті кітап Алламен байланысыңызға бір көпір десек те болады. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі тіпті соғыста Шейіт болған сахабаларын жерлейтін кезде де, Құран жаттағандарын өзгелерінен жоғары қойған екен. Адамның мына бес күн дүниедегі де, қияметтегі де, жұмақтағы да дәрежесі оның Құранына байланысты. Демек, байқағаныңыздай Құранды жаттап алу – ерекшелік. Бұл ерекшелік ерекше ықыласпен келері сөзсіз және жаттап алу әркімнің-ақ арманы. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең жақсысы – Құранды жатқа білген, Алланың дінін жақсы түсінген, Алладан қатты қорыққан, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған және туған туыспен қарым-қатынасы өте көркем болған жан,» – деген.  Аллаға шүкір, қазіргі уақытта «қари боламын» деп Құран жаттап, жақсы қадам бастап жүрген бауырларымыздың саны артып келеді. Ал енді біразы Құран жаттауды жаңадан бастағалы жүр. Бұл тұста, Құран жаттау барысында әдіс-тәсілдер, әрине, керек-ақ. Сөз арнасын әдіс-тәсілдер турасына бұрайық.

       Әуелі, әлбетте, амалдың басы – ниет. Ниет қандай болса, сауап соған сай беріледі. Өзіңізден сұрап алыңыз : «Құранды не үшін жаттаймын?» Әлдекімдердің «Әп-бәрекелді, қареке, қари» деген сөзі үшін ба, әлде Алла разылығы үшін бе ? Ниет мақсатты әрекеттің басында, ортасында, аяғында жаңарып отыруы керек. Жүрегіңізде тәкаппарлықттың түйірі болсын тұрмаса, Алла Тағала жеңілдік беріп қояды. Тағы бір ескеретініңіз, «Маған Құранды жаттап тезірек аяқтасам болды ма? » әлде мағынасына зейін қойып, жаттаудың жауапкершілігін шын сезініп жаттауды қатесіз аяқтау ма?!  

  • Құран жаттау кезінде өзіңізге нақты уақыт қойыңыз. (Әсіресе таңғы және кешкі уақыт)
  • Уақытылы ерте ұйықтап, ерте тұруға дағдыланыңыз.
  • Ойыңызды бөлетін заттардан арылыңыз. (Телефон, жаныңыздағы артық заттар)
  • Көзіңіз үйренген өзіңіздің жеке құраныңыз болсын
  • Сүрені тұрақты ұстазға тапсырыңыз. Және жаныңыздағы адамдарға көп тапсырыңыз
  • Әр адам жаттау тәсілі ыңғайына қарай (көзбен, тыңдап жаттау, көп оқып жаттау)
  • Жаттау кезінде дұғада болыңыз (Раббым зейінімді арттыра гөр)
  • Жаттау кезінде қиындықтар мен сынақтарға сабыр ете біліңіз
  • Тез, яғни асығыс жатталған құранды пысықтамаса ұмытылып қалады. Ешқашан тез жаттамаңыз.
  • Жаттаған сүрені жиі тыңдаңыз. (Әркімнің ұнап тыңдайтын қарилары болады)
  • Жаттаған сүрелерді намазыңызға қосыңыз.
  • Құранға күнделікті уақыт бөліңіз.
  • Құранға дем қойғанда арасында миыңызды демалдырып тұрыңыз. Бірден көп жаттаймын деп, өзіңізге қиындатып алмаңыз.
  • Құран жаттау кезінде қыдыру, дүкен аралауды азайту керек.
  • Сүре жаттағаннан кейін алдыңғы сүремен қоса жатқа айтып, бірге қайталаңыз. Ниетті әрдайым жаңалап, құран жаттағандармен араласып ақыл-кеңес сұраңыз.
  • Көп уайымдай бермеңіз. Себебі уайым жаттау қабілетін азайтады.
  • Күнадан алыс болыңыз, көзіңізді сақтаңыз.

    Құран жаттау кезінде қолданатын тәсілдердің бірі- құранды көбірек тыңдау. Және тыңдап көзбен ілесе оқып отыру. Жаттаған сүрені алдыңғы сүремен бірге қайталап, ұстазға тапсыру. Қате жаттаған жерін түзетіп алу.

   Кей адамдарға құранды дәптерге көшіру арқылы жаттау ыңғайлы. Бұл да мықты тәсілдердің бірі.

   Құран жаттағанда 33 реттік тәсілі. Жаттайтын бетті  аудио арқылы бірнеше қайталап тыңдаңыз. Жаттағалы жатқан бетті 3  бөлікке бөліп әр қайсысын 33 рет қайталап оқу. Жоғарыда айтылған тәсілмен жаттағаннан кейін таңертең және кешке қайталауға тырысыңыз. Бұл тәсілде ыңғайлы болу үшін электронды таспихты пайдалануға болады.

Құранды тек жаттау ғана емес, онымен амал етуге, құранмен жүруге тырысыңыз. Жасым келіп қалды деп сылтау айтпаңыз. Шынайы ниетіңіз бен амалыңыз болса, Алла сізге нәсіп етеді.Елімізде қазіргі таңда 2000-нан астам қари бар. Балаларым маған жұмақта тәж кигізеді деп қана қоймай, сізде құран жаттап өз ата-анаңызға тәж кигізіңіз. Намаз бастағалы қанша жыл, сол жаттаған 3-5 сүреден аса алмай жүрмісіз. Алладан зейініңізді арттыруын тілеңіз, дұға жасап, құран жаттауды бастаңыз!

ҚЫЗЫЛЖАРДА «АТАЛАР МЕКТЕБІ» ҚҰРЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен ҚМДБ-ның « Ислам және Дәстүр құндылығы» іс-қызметтері бағытының аясында өңірдегі белсенді ақсақалдардың қатысуымен алқалы кеңес өтті.

Кеңестің мақсаты мешіт жанынан «Аталар мектебін» құру, және оның жұмысын жандандырып, халыққа насихаттау.

          Қызылжар орталық мешітінде өткен атаулы шараға өңірдегі беделді ақсақалдар мен имамдар қатысты. Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында бірқатар іс-шаралар өткізіп, жаңа бастамалар мен игі кездесулер ұйымдастырып келе жатқанын тілге тиек етті. Бүгінгі ашылып отырған «Аталар мектебі»   алдағы уақытта қоғамдағы жастарға дұрыс бағдар беруге, салт-дәстүр, әдет-ғұрып негіздері туралы насихаттау бағытында арнайы жоспар құрып, жұмыс істейтін болады,-деді бас имам.

 облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

БАРААТ ТҮНІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Ізгілердің өмір жолына үңілсек, олардың өз уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Әсіресе Алла Тағалаға жақындататын, сауаптар еселеніп берілетін айларда, күндерде, түндерде, сағаттарда Алланы еске алу, намаз, ораза секілді құлшылықтарды арттыратын. Сондай сауапты түндердің бірі Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған түн. Ол қасиетті түн «Бараат түні» деп аталады. Биыл Бараат түні ақпан айының 24-інен 25-іне қараған түнге сәйкес келіп тұр.

Бараат «кешірім, тағдыр, тозақтан құтылу түні» деп те аталады. Бұлай аталуының себебі осы түні тағдырға қатысты ризық-несібе, ажал, өмірге келу және өмірден өту секілді нәрселер нақтыланады. Алланың мейірімімен қаншама адамның күнәсі кешіріліп, тозақ отынан құтылады. Бұл түннің артықшылығы жайлы хадистерде, сахабалар мен табиғиндің сөздерінде баяндалған. Төменде бұл түннің артықшылығы жайлы келген хадистерді баяндап өтсек:

Бараат – күнәлар кешірілетін рахмет түні. Айша (Алла одан разы болсын) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Айша! Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – Шағбан айының ортасындағы түн. Алла Тағала бұл түні пенделеріне мейіріммен қарайды, кешірім сұраушыларға кешірім береді, мейірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Алайда пиғылы жаман адамды мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да», – деген (Байһақи). Келесі хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла Тағала Шағбан айының ортасы болған түні пенделеріне мейірімін жаудырады. Тек қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқасының барлығының күнәсін кешіреді», – деген (Ибн Мәжа).

Бараат – тозақтан құтылуға мүмкіндік беретін түн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәбірейіл Маған келіп: «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні көптеген адамдарды тозақтан азат етеді. Олардың саны қалб тайпасының қойларының жүнінен асып түседі. Тек осы түнде Аллаға серік қосушыларға, бір-біріне өштесіп жүрген адамдарға, туысқандық қарым-қатынасты үзушілерге, изарын тәкаппарланып тобықтан төмен түсіретіндерге, ата-анасына қарсы шығатындарға, араққа салынғандарға мейіріммен қарамайды», – деді (Байһақи).

Бараат – бір жылдық (ажал, дүниеден өту, ризық-несібе т.б) тағдыр жазылатын түн. Айша (Алла одан разы болсын) анамыздан келген риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға: «Бұл түннің, яғни Шағбан айының ортасындағы қандай түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Ол түнде не болады?» – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түнде сол жылы дүниеге келетіндер және сол жылы дүниеден өтетіндер жазылады. Ол түні пенделердің амалдары көтеріліп, ризықтары белгіленеді», – деді.

Бараат – дұғалар қабыл болатын түн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шағбан айының жартысы толғанда түнін намазбен, күндізін ораза ұстаумен өткізіңдер. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқанда: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін. Қане, не сұраушы бар?» – деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», – деген. (Ибн Мәжа). Сондықтан Шағбан айын көп құлшылықпен өткізуіміз керек. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда көп ораза ұстаған. Айша (Алла одан разы болсын) анамыздан жеткен хадисте: «Алла елшісінің Шағбан айында ұстағандай көп ораза ұстағанын (басқа айда) көрмедім», – деген. Әсіресе Шағбан айының 13, 14, 15 күндері ораза ұстаған абзал. Сондай-ақ бұл түннің басқа түндерден айырмашылығы Бараат түнінде күн ұясына батқаннан бастап Алла Тағалаға құлшылық жасап, дұға ете беруге болады. Ал басқа түндерде ол түннің соңғы бөлігінде. Осы түнді жақсылап пайдаланып, Алла Тағаладан күнәмызды кешіруін, мұқтаждығымызды, уайым-қайғымызды кетіруін және адал ризық-несібе сұрап, көп дұға қылуымыз керек. Имам Шафиғи: «Бес түн бар, ол түндерде тілеген дұғалар кері қайтарылмайды» деп, соның ішінде Шағбан айындағы Бараат түнін де айтқан. 

Ілгерідегі ғалымдар бұл түнді құлшылықпен өткізуді мұстахаб деген. Сондықтан бұл түнді Құран оқу, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айту, тәсбих тарту, нәпіл намаздар оқу секілді құлшылықтармен өткізу керек. Өйткені бұл түні белгіленген, арнайы жасалатын ғибадат түрі жоқ. Намаз жамағатпен оқылмайды, жеке-жеке оқылады.

Усама бин Зәйдтен (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шағбан Ережеп пен Рамазан айларының арасындағы адамдар бұдан ғапыл болып жататын ай. Бұл айда амалдар Алла Тағалаға көтеріледі. Мен амалымның ораза ұстаған хәлімде көтерілуін қалаймын», – деген (Нәсаи). Осы хадиске айтылғандай, адамдардың көбі ғапыл болып жататын айда, бұл айдың басқа айлардан артықшылығын түсініп, көп тәубе етіп, күнәмыздың кешірілуін Алладан сұрап, осы Бараат түнін тиімді пайдаланып, нәпіл оразалар ұстап және түнгі құлшылықтарды атқарып, мол сауапқа кенелуімізді Алла Тағала нәсіп етсін! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла! Бізге Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз», – деп дұға жасайтын. Алла Тағала баршамызға Шағбан айын берекелі етіп, Рамазан айларына аман-есен жетуімізді нәсіп етсін!

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл

 

 

ОНЫНШЫ ХАДИС

ТЕК АЛЛАДАН СҰРА!

إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلْ اللهِ، وَإِذَا اِسْتَعَنْتَ فَاسْتَعَنْ بِاللهِ

(Изә сә әлтә фәсәлиллаһ, уа изәста‘нтә фәста‘ин  биллаһ)

Хадистің аудармасы:  Егер сұрасаң Алладан сұра, егер жәрдем тілесең Алладан жәрдем тіле

(Тирмизи хадистер жинағы)

Түсіндірмесі: Дұға жасау арқылы мұсылман Раббысынан қалағанын сұрайды, өйткені дұға тілектерімізге, мінәжаттарымызға жауап беретін тек бір Алла. Өмірде қандай қиындық болса да үмітін үзбей мойымай ісін бір Аллаға тапсыратын болса, Дұға қабыл болу үшін тілімізден шығатын әрбір сөзіміз дұрыс болу керек. Дұғаның қабыл болуының  өзіндік әдептері бар. Соларға қысқаша тоқталып өтсек:

1-Ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз, Алла Тағалаға серік қоспай әрі ниетін риадан (көрсетіп істеу) сақтап, бір Алланың разылығы үшін дұға жасау, Одан ғана сұрау.

2-Харамнан алыс болу. Дұғаның қабыл болуының шарттарының бірі – адамның харамнан алыс болуы, жеген тағамы, киген киімі, тапқан табысы адалдан болу.

3- Дұғадағы шынайылық. Адамның Аллаға жасаған дұғасы жүректен шынайы түрде шығуы ләзім. Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мүбарак хадисінде: «Алланың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға етіңдер, сондай-ақ Алланың жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз жанға Алла жауап бермейтінін біліңіздер» , – деген.

4- Қарапайымдылық таныту. Дұға тілеуші пенде дұға еткен кезде Алланың алдында өзін төмен ұстай білуі қажет. Алла Тағала Құран Кәрімде:  «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» .

5-Құран мен сүннетте келген дұғалармен дұға ету.

6- Дұға жасағанда шектен шықпау, тек жақсылыққа бағытталу.

7- Алланың көркем есімдерімен дұға ету. 

8-Дұға жасаушы дәретті болу және қолын жоғары көтеріп дұға жасауы.

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТАН САҚТАНУ

Жаратқан махаббатпен адамзатты,

Аллаға мадақ болсын шарапатты,

Адамзаттың асылы Мұхаммедке,

Жолдаймыз ілтипатпен салауатты.

Әрқайсымыз сыналып жаратылдық,

Өтуден бұл сынақтан өмір атты.

Бірімізге бұл өмір тәтті болса,

Бірімізге болады тастан қатты.

Сыры мен сынағы көп бұл жалғанда,

Жеңу керек сабырмен әр сынақты.

Дүниенің алданбай ләззатына

Ойлау керек өмірді арғы жақты.

Шалқып – тасып жүруден аулақ болып,

Ұстау керек ортаны тиянақты.

Құранда Жаббарымыз еткен әмір:

Ішіп – жеу, болмау керек ысырапты.

Берілген басымызға әр нығметке,

Шүкір етіп, болайық ыждаһатты.

Біз бұрын қандай едік, қазір қандай?

Ұмытып кейде жүрміз қанағатты.

Шашылып той жасаймыз дүркіретіп,

Қаратып өзімізге жамағатты.

Құдайы астарда да жарысамыз,

Болмау үшін басқаға жаман атты.

Адамдардың алдында арлы болып,

Арсыз жүрміз ұмытып ақиқатты.

Мұсылман деп соғамыз кеудемізді,

Ұғуға тырыспаймыз шариғатты.

Алланың әміріне әлсіз болып,

Мықты қып жібереміз балағатты.

Жақынбыз осы күнде қиянатқа,

Қиып тастап діндегі аманатты.

Тәубеге келейікші ағайындар,

Бойымыздан кетіріп кінәратты.

Құлшылықты келтіріп қалыбына,

Алламызға арттырып махаббатты.

Шүкір етсек Жаратқан арттырады,

Аллаға құл болайық парасатты..

Көкен Ержан

Ақжар аудандық «Үлкен – Қарой»

мешітінің наиб имамы:

КӨРЕ АЛМАУШЫЛЫҚ

         Көре  алмаушылық деген не?  Адамның өзгелерде қол жеткізген жақсылықтарды  қабылдай алмау сезімі. Яғни  көре алмаушылық  бір адамның  өзінде болуын қалаған әр түрлі қабілетпен  басқа да нәрселердің басқа біруде  болғанын іштей  қызғану. Көре алмаушылықта адамның ішіндегі дерттердің бірі.  Ибн Омар  (р.а)  жеткізген хадисте: « Тек екі нәрседе ғана қызғаныш танытуға болады. Алла Тағала құран беріп онымен күні-түні құлшылық жасаған және Алла Тағала мал-дүние беріп, күні түні қолындағы дүниесімен қайырымдылық еткен кісіге» деген. ( имам Бұхари)   Расында  бір мұсылман екінші мұсылман бауырымыздың  бойындағы бір жақсылыққа  қызыға қарауы мүмкін, бірақ оны көре алмай  жамандауға бармау керек, керсінше Алла  менде де солай етсе ғой деп дұға  тілеу керек.  Біріміз білсек , біріміз білмейміз- көре аламаушылық аспан мен жердегі алғашқы  күнә. Бұрында өткен ғұламалар:              « Көре алмаушылық аспандағы ең алғашқы жасалған күнә. Ібіліс Адам (а.с) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық етті.  Сонымен бірге, жер бетінде де ең әуелі жасалған қылмыс пен  күнә көре алмаушылықтың салдарынан болды. Адам (а.с) ұлдары бірі екіншісін іштарлық кесірінен өлтірді»  деген.                                                                       Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Кімнің Алла берген бір нығметі болса, оған бір көреалмаушы іштар табылады. Тіпті, мін мен айыптан бойы таза адамға да тырнақ астынан кір іздеуші біреу табылады…»,  деген екен                                       Абай Құнанбайұлы мынадай өлеңінде:

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа қалма езбеден.   

Іштарлықтың неден туындайтыны, қызғанышты оятатын не, көре алмаушылыққа қалай соқтығасың − бәрін осы бір шумақ өлең ғана түсіндіре алды.

Хариса бин Нұғман (р.а.) риуаят етеді: Үш нәрсе менің үмметіме жабысып жүреді: бал ашу, көреалмаушылық және жаман ой, – деді Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Сонда біреу:

– Уа, Алланың Елшісі! Ол жамандықтардан қалай құтылуға болады? – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер көреалмаушылық жасасаң, Алладан кешірім сұра. Жаман ой келсе, оны қазбалама. Бал ашып қойсаң (білместікпен), соған қарай әрекетіңді жасай бер, – деп жауап берген екен» (Табарани). Алла Тағала  Фалақ  сүресінде  хасад (көре алмаушылық) етушіден, яғни көре алмаушының көреалмаушылығынан Алла Тағалаға сыйынуды  бұйырған «Әрі көреалмайтынның іштарлығы кезіндегі жамандығынан сақта» («Фәлақ» сүресі, 5-аят),  деп дұғаға қосуымызды кеңес еткен.

Наржігітов Зиятбек

«Тайынша»  аудандық  мешітінің  бас имамы 

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНДЕ (1913-1918 ЖЖ) ЖАРНАМАЛАНҒАН ДІНИ ЕҢБЕКТЕРДІҢ МАЗМҰНЫ

Шамамен бір ғасыр алдынғы қазақ халқының негізгі мақсаты, ұстанған саясаты бүгінмен салыстырғанда мүлдем өзгеше болды. 1913-1918 жылдары басылған «Қазақ» газетінің жауапты редакторы Ахмет Байтұрсынов, кеңес үкіметі шырмауынан құтылу үшін өз мәдениетімізді, дінімізбен ата тарихымызды ұмытпай сақтап қалу арқылы тәуелсіз Қазақстанды құруды мақсат тұтты.

Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды қазақ ағартушылары бұл жолда ерен қызмет қылған. Ахмет Байтұрсыновтың өзі бастамашы болып, алғашқы жарыққа шығарған еңбегі (сахих жазу) имла үлгісінен расында халықты сауаттандырып, білімділікке бастайтын жолдың негізін қалағанын байқаймыз. Бұл жазу түрі Арабша әріптерден құрастырылды. «Қазақ» газетінде жиі көзге түсетін «Жазу құралы» атты тақырыпшадағы барлық хабарлар осыған дәлел болмақ. Сонымен қатар қазақ халқының дінге жақындығының белгісі ретінде қазақтар арасында алысты-жақынды кең таралып тұрған бұл газет беттерінде қазақтан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін жарнамалап, оқуға шақырып жатқанын көруге болады.

Тақырып аясындағы ізденісіміздің нәтижесінде тура бір ғасыр алдыңғы Ресей құрамындағы қазақ халқының дінге деген ықыластары мен жазылған кітаптардың мазмұны өте құнды екеніне көз жеткіздік. Ислам негізі бойынша ең маңызды сала саналатын ақида (сенім), фиқһ және ахлақ секілді тақырыптардың қолға алынуы, сондай қиын-қыстау кезеңде бола тұра қазақ халқының діннен әсте алшақ кетпегенін білдіруде.

Діни кітаптардың жарнамаларына қосымша ақпарат ретінде газет беттерінде бұл кітаптардың қай санаттағы оқырмандар үшін және мазмұнында не жайлы сөз қозғалғандығына да тоқталып өтілген.

«Қазақ» газетінде басылып шыққан қазақ дін ғалымдарымыздың жазған бірнеше кітаптары жайлы деректерді ұсынамыз.

Тіл құралы – Мектепте 2-ші жылы оқылатын қазақ тілінің сарфы (Қазақ газеті, № 105).

Иман һәм намаз – Бастауыш мектептің екінші жылына арналған жаңа ғылымхал кітабы (Қазақ газеті, № 106).

Иман – Итиқад – Тілі таза қазақша, имласы (жазылуы) түзу. Мағынасы усулі-тағлим жағынан балалардың аңғаруына жатық. Кітаптың авторы бірінші ғылымхал кітабының жазушысы Жүсіп Темірбеков (Қазақ газеті, № 115).

Пайғамбар заманы – Тілі қазақша, имласы «Қазақ» имласы. Басылуы әдемі. Бастауыш мектептердің соңғы жылында оқыту үшін арналып жазылған. «Қазақ» имласымен Әліппе және Қырағат тілі кітаптарын оқыған қазақ балалары үшін «Пайғамбар заманы» ең пайдалы һәм керекті кітап. Бұл кітап мектеп кітабы болуымен бірге әр түркіше танитын алаш азаматының алып оқуына тұратын кітап. Кітапта пайғамбар алейхис саламның туғанынан өлгеніне шейін болған қал-жайы, тұрмысы, мінездері түгел жазылған (Қазақ газеті, № 130).

Құран құралы – Бұл кітап қазақша әліппені әбден түсініп, оқып шыққаннан кейін бастауыш екінші бөлім шәкірттеріне Құран оқу жайын үйрететін кітап. Кітаптың имласы қазақша, жазылу реті усулі-тағлим бойынша жазылған (Қазақ газеті, № 147).

Иман – Ислам – Бастауыш мектептің 2-ші жылы үшін қазақша ғылымхал басылып шықты (Қазақ газеті, № 159).

Мақала соңында айтар түйініміз, тарих қиында-қатпарлы кезеңдерді өз қойнауына көмді. Алайда бір ғасыр бұрынғы қазақ зиялыларының зар-мұңдары мен ерен қызметтері еш зая кетпеді. Өйткені олар дәстүрлі Ислам дінінің бүгінге дейін аман-есен жетуінде шешуші рол ойнады. Сол еңбектердің нәтижесінде қазір қазақ елі ата-бабадан қалған дәстүрлі дінін ары қарай өркендетіп, жас ұрпақтардың дұрыс тәрбие алу жолында аянбай қызмет етіп жатыр.

Мақалаға көз салар болсақ, қазақ халқы тек қазіргі таңда ғана емес өткен тарихында да дінді жақсы түсініп, шариғат шеңберін толықтай білгендігін байқаймыз. Осы себепті қазақ халқы арасында діни бөлінушілік мәселелері аса көп туындай қоймағанды. Қазіргі таңдағы діни түсініспеушіліктердің кейбір себептері де осындай ата-бабадан қалған құнды тәрбиенің жетіспеушілігінен болуы бек мүмкін. Біз осындай олқылықтарға жол бермейтін болсақ, ел ішінде дінаралық татулық пен бірізділік орнығып діни бүліктерден аман боламыз.

Батыржан Темирханов

 Облыстық дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушысы

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Су – тіршілік көзі, күнделікті тұрмысымыздың, құлшылығымыздың ажырамас бөлігі. Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 30-аятында:

وَجَعَلْنَا مِنَ الْمَاءِ كُلَّ شَيْءٍ حَيٍّ أَفَلا يُؤْمِنُونَ

«Тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда да иманға келмей ме?» – деп айтқан. 

Тәпсір ғалымдары: «Бұл аятта су жер бетіндегі барлық жаратылыстың тіршілік көзі екені айтылуда», – деген. Расымен де жер бетіндегі барлық тіршілік иесі үшін су қажет. Жер бетінің 77,5 пайызын су алып жатыр. Қаншама тіршілік иесі судың себебімен өмір сүріп, тепе-теңдігін жоғалтпай келеді. Мысалы, судың булануының салдарынан аспанға бұлт түзіліп, жаңбыр жауады. Жер бетінде егістік, өсімдіктер шығады. Су күннің жылуын жерге қарағанда көбірек тартатын болғандықтан, суық аймақтардың бірден жылып кетпеуіне, ыстық аймақтардың салқын болып тұруына су ықпал жасайды. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Зұмар» сүресінің 21-аятында:

أَلَمۡ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ أَنزَلَ مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءٗ فَسَلَكَهُۥ يَنَٰبِيعَ فِي ٱلۡأَرۡضِ ثُمَّ يُخۡرِجُ بِهِۦ زَرۡعٗا مُّخۡتَلِفًا أَلۡوَٰنُهُۥ ثُمَّ يَهِيجُ فَتَرَىٰهُ مُصۡفَرّٗا ثُمَّ يَجۡعَلُهُۥ حُطَٰمًاۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَذِكۡرَىٰ لِأُوْلِي ٱلۡأَلۡبَٰبِ

«Көрмеймісің, Алла аспаннан жауын жаудырып, оны жердегі қайнарларға қарай ағызуда. Кейін сол арқылы алуан түсті егін шығаруда. Содан соң сол егіннің сарғайып, солып қалғанын өз көзіңмен көресің. Ол содан кейін оны қу сабан мен қиқымға айналдыруда. Шүбәсіз, осының өзінде ақыл иелері үшін талай ғибрат бар», – деп айтқан.

Ата-бабаларымыз: «Су – өмір нәрі», «Су – ырыстың көзі, Еңбек – кірістің көзі», «Су бар жерде ырыс бар» деу арқылы судың маңызын насихаттаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ أوَّلَ ما يُسألُ عنهُ العَبدُ يومَ القيامةِ مِنَ النَّعِيمِ أنْ يُقالَ له: أَلَمْ نُصَحِّ لَكَ بَدنَكَ ونُرْوِكَ مِنَ الماءِ البارد

«Қиямет күні пенденің ең әуелгі жазғырылып сұралатын сұрағы: Біз сенің тұла-бойынды суық сумен сергітіп, шөліңді қандырып жүрмедік па?!» – деген (имам Термизи).

Сонымен қатар Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне суды ысырап етпеуді, оны үнемдеуді, ағын суды ластамауды насихаттаған. Бүгінгі жұма уағызымызда суға қатысты негізгі үш әдепке тоқталатын боламыз:

Бірінші: Шариғаттағы судың үкімдерін білу

Ислам құқығы кітаптарында суға арналған арнайы баптар, бөлімдер бар. Онда судың адам өміріндегі қадірі мен қасиеті, құлшылық үшін маңызы, оның тазалыққа арналған қызметі егжей-тегжейлі баяндалады. Мысалы, тазалануға жарамды судың жаңбыр суы, теңіз суы, өзен суы, құдық суы, қар мен бұршақ суы және бұлақ суы дейтін түрлері болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

اللَّهُمَّ طَهِّرْنِي بالثَّلْجِ والْبَرَدِ، والْماءِ البارِدِ اللَّهُمَّ طَهِّرْنِي مِنَ الذُّنُوبِ والْخَطايا، كما يُنَقَّى الثَّوْبُ الأبْيَضُ مِنَ الوَسَخِ.

«Уа, Аллам! Мені қармен, бұршақпен және салқын сумен тазалашы. Уа, Аллам! Ақ киімді кірден тазалағаныңдай мені де күнәларымнан және қателіктерімнен тазалашы», – деп дұға еткен (имам Мүслим).

Жалпы шариғаттың сипаттауында дәретке жарамды не жарамсыздығына байланысты су бес түрге бөлінеді:

  1. Таза және тазалаушы су. Бұл – шүбәсіз таза су. Дәретсіздіктен тазартады және нәжісті кетіреді.
  2. Таза және тазалаушы, бірақ пайдалануы мәкруһ су. Бұл қоқыс аралаған тауықтар, жыртқыш құстар және мысық секілді жануарлар ішкен су.
  3. Таза, бірақ тазалаушы емес су. Бұған қолданылған су жатады. Қолданылған су дегеніміз – кіші немесе үлкен дәретсіздіктен тазару үшін, немесе дәрет үстіне дәрет жаңарту үшін аяқ немесе дене толық тиген су. Оны басқа адам дәрет пен ғұсыл үшін қолдана алмайды.

Кіші немесе үлкен (ғұсыл) дәреті жоқ адам жуынбай тұрып, ыдыстағы немесе ваннадағы суға қолын малса, су «қолданылған» болып саналмайды. Бұған Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) мына сөзі дәлел: «Мен де, Алланың Елшісі де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ортамызға қойылған бір ыдыстағы сумен бірге жуынатынбыз. Су алғанда қолдарымыз соғылысып қалатын. Менен озып кететіні соншалықты, тіпті: «Маған да қалдырыңыз, маған да қалдырсаңызшы» – деуімнен басқа амалым қалмайтын. Екеуміз де жүніп күйде болатынбыз», – дейді (имам Бұхари, Мүслим).

Дәрет алу үшін немесе тамақтанудан бұрын яки кейін қол жууға немесе ауыз, мұрынды шаюға ыдыс бетінен алақан уысымен қалқып алынған су «қолданылған» болып саналмайды.

Сол сияқты ағаш пен жеміс суы таза болғанымен «тазалаушы» бола алмайды. Қайнау нәтижесінде ішіне оны мөлдірлігінен айыратын бір нәрсе түсіп кеткен су «тазалаушы» үкімін жоғалтады. Оған араласқан таза әрі қатты зат оны «су» атауынан «тұнба» атауына айналдырса, ол «тазалаушы» үкімін жоғалтады. Мысалы, мия тамыры ерітілген су мия тұнбасына айналып, «тазалаушы» болмайды.

  1. Нәжістенген су. Судың нәжістенген, нәжістенбегенін білу үшін, алдымен судың төмендегі екі түрімен танысуымыз қажет:

а) Ағынды су. Сипаттарының (дәмі, иісі, түсі) бірі өзгермейінше ағынды су мүлде нәжістенбейді. Бассейндегі судың ағып шығарылатын жолы мен краны бір мезгілде ашық болса, ағынды судың үкіміне кіреді.  

ә) Ақпайтын тоспа су. Бұл судың көлемі аз да, көп те болуы мүмкін.

Көлемі аз суға нәжіс түссе, нәжістенеді. Тіпті еш өзгермесе де. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тоспа су жайында:

لَا يَبُولَنَّ أَحَدُكُمْ فِي المَاءِ الدَّائِمِ الَّذِي لَا يَجْرِي، ثُمَّ يَغْتَسِلُ فِيهِ

«Сендерден ешкім ақпайтын тоспа суға дәрет сындырмасын, сосын оның ішінде (қалай) жуынады», – деген (имам Бұхари).

Нәжістенген көлемі аз суды тазарту үшін, орнынан ағып кететіндей көлемде үстіне таза су құяды. Ал көлемі үлкен су деп – бір жағын қозғағанда екінші жағы қозғалмайтын көлемдегі су. Ханафи ғұламаларының пәтуәсінда көлемі 49м2 су «көлемі үлкен» суға жатады. Ал тереңдігіне келсек, суды қалқып алғанда түбі көрінбеуі қажет. «Көлемі үлкен су» сипаттарының бірі өзгермейінше нәжістенбейді. Көлемі үлкен судың бір жерінен нәжіс көрінсе, дәрет судың басқа жерінен алынады.

  1. Таза, бірақ тазалығы күмәнды су. Бұл судан есек пен қашыр секілді жануарлар ішкен су. Бұл су өзінен көп мөлшердегі таза сумен араласса, тазалығы күмәнсіз суға айналады. Өзінен басқа таза су бар болса, оны ғұсыл мен дәретке қолдануға болмайды. Бұл сумен өзінен басқа таза су жоқ болған жағдайда ғана дәрет алуға болады. Тазалығы күмәнді болғандықтан, одан кейін тайаммум алу мустахаб. Бұл сумен дене мен киімдегі нәжісті кетіруге болады.

Осылайша фиқһ кітаптарында судың өзі кең түрде талданады. Суға осыншалықты көңіл бөлу арқылы асыл дініміз судың қадірі мен қасиетін насихаттайды.

Екінші: Суды ысырап етпеу

Су – Алла Тағаланың адамзат баласын берген үлкен нығметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Такасур» сүресі, 8-аятында.

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

«Сосын сендер сол күні нығмет атаулыдан міндетті түрде сұраласындар», – деп ескерткен.

Мұсылман адам әрбір ішіп-жеген және басқа да қажеттіліктері үшін қолданатын су нығметі үшін Раббысына шексіз шүкірлік білдіруі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтанғаннан кейін: «Бізді тойдырып, сусын берген әрі мұсылман еткен Аллаға мадақ болғай!» – деп дұға етуді үйреткен (имам Әбу Дәуід).

Халық даналығында: «Судың да сұрауы бар», «Су бергеннің – сауабы бар. Су төккеннің жауабы бар» деген сынды керемет нақыл сөздер айтылған. Мұның астарында суды үнемдеу, суды ысырап етпеу, суға ұқыпты қарау деген көптеген мағына жатыр. Судың нығметі үшін шүкіршілік ету құр тілмен айтумен жүзеге аспайды. Оны дұрыс, тиімді, үнемдеп және ұтымды пайдалана алған жайғдайда ғана шүкіршілігіміз өз мәресіне жетеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 3-ші аятында:

وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«… жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді әсте ұнатпайды», – деп айтқан.

Егер суды ішкеннің өзінде Алла Тағала бізге шамадан тыс қолдануды тыйып, оны ысыраптың қатарына жатқызса, басқа мақсатта оны қолданған кезімізде тіпті сақ болуымызды аңғартады.

Дұрыс, дәрет алу – құлшылық әрі тазалық деп танылады. Бірақ оның өзінде суды шамадан тыс шашып-төгуге болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّهُ سَيَكُونُ فِي هَذِهِ الأُمَّةِ قَوْمٌ يَعْتَدُونَ فِي الطُّهُورِ وَالدُّعَاءِ

«Бұл үмбеттің ішінде дәрет пен дұғада шектен шығатын бір топ болады», – деген. Имам Айни (Алла оны рақымына алсын): «Дәреттен шектен шығу дегені көп құйып (төгіп) және мөлшерін арттырумен суды ысырап етуі», – деп түсіндірген. Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Суды (дәретте) аз қолдану кісінің білімін көрсетеді», – деген екен. Ғалымның шәкірті Мәруәзи: «Әскери тұрақта Әбу Абдулланың (имам Ахмед) суын әзірлеп бердім. Оның аз сумен жуынғанын көрген жұрт дәрет алуды білмейді екен деп айтпауы үшін көлегейлеп тұрдым», – деп айтқаны бар.

Қисса

Бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәретті қалай алу керек?» – деп сұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір құмған су алдырды. Екі қолын үш рет жуды. Сосын жүзін үш рет жуды. Кейін қос білетін жуды. Басына масих тартып, екі сұқ саусағын құлағына кіргізді, бас бармағымен құлағының сыртына масих тартты. Сосын екі аяғын жуды. Мұнан кейін:

كَذَا الْوُضُوءُ فَمَنْ زَادَ عَلَى هَذَا فَقَدْ أَسَاءَ وَتَعَدَّى وَظَلَمَ       

«Дәрет осылай алынады. Кімде-кім бұдан арттырса, жаман етіп, шектен шықты, зұлымдық жасады», – деген екен.

Сол себепті мешіт дәретханаларындағы «Суды ысырап етпеңіз» деп арнайы жазылған ескертпелер бекер емес. Бұған әрбір мешітке келіп, дәрет алушы үлкен мән беруі қажет. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Барлық ғалымдар бірауыздан теңіз жағасында болса да, суды ысырап етпеу керектігін айтқан», – дейді.

Олай болса, барлығымыз бір адамдай өзен, теңіз, құдық, арық сияқты су көздерін қарашыдай сақтап, таза әрі табиғи күйін кейінгі ұрпаққа қалдыруға күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Судың барлық адамға пәк күйінде жетуі, деніміздің саулығына, құлшылығымыздың бүтіндігіне, тіршілік жасауымызға тікелей байланысты. Сондықтан суды сақтау дініміздің міндеті әрі талабы.

Қисса

Бір күні Сағд атты сахаба дәрет алып жатқанда, қасынан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өтіп бара жатып: «Уа Сағд! Андағы не деген ысырап!» – деп сұрайды. Сол кезде Сағд: «Дәрет алғанда да ысырап бола ма?» – деп таңғалады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине, болады. Өзеннің жағасында болсаң да, ысырап етуші болма», – деп ескертіп, барлық адамзат баласы ұстанатын қағиданы бекітіп берді (имам Ахмад).

Үшінші: Су көздерін ластамау

Мұсылман баласы тәнімен қатар жанын, үйін, қоршаған ортасын таза ұстап, су көздерін де ластамауы тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің тәні мен жанының тазалығына көңіл бөлгені сияқты қоршаған ортаның тазалығына да ерекше көңіл бөлген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағаштың түбіне, көлеңке, сая жерлерге, бұлақ көздеріне, көлдерге, жолға, жан-жануарлардың ұясы мен ініне дәрет сындыруға тыйым салған. Мысалы, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы: «Лағынетке ұшырағандардың қатарында болудан сақтаныңдар», – деп айтады. Сонда сахабалар: «Олар қандай адамдар?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көпшілік жүретін жолға, саялы көлеңкеге, суға және ағаштардың түбіне дәрет сындырып былғайтындар»,  – деп жауап береді.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздері қоршаған ортаның экологиялық тазалығы, қоғамдық демалыс орындары мен табиғат аясындағы өзен, көл, арық және бұлақ сияқты су көздерін таза ұстау жайлы. Ауыз судың және су қорларының ластануы табиғаттағы тепе-теңдікті бұзады. Көптеген аурулардың таралуына әкеліп соғады.

Халқымызда да «суға түкірме», «суға дәрет сындырма», «суға қоқыс төкпе», «суды былғама» деген сынды тыйым сөздерді жиі айтып, тәлім-тәрбие берген. Суға түкіру қазақ халқының адамгершілік құндылықтарына теріс, ол діни-этикалық нормаларға да қайшы. Сол үшін «суға түкіру», «суға дәрет сындыру» немесе «адамның жолына үлкен немесе кіші дәретке отыру» іспетті тыйымдар тек дәстүрден немесе діннен ғана бастау алады деп бөлген дұрыс емес. Мұның астарында дінді қазақ мәдениетінен, дәстүрінен бөліп жару мақсаты жатыр. Біз керісінше дін мен дәстүрді, мәдениетті біріктіріп қарағанда ғана көптеген құндылықтарға қол жеткіземіз. Дінді ұлт мәдениеті мен тарихынан немесе дәстүрден сылып тастауға болмайды. Діні мен дәстүрін ардақтап, қатар ұстаған қазақ опасыздық қылған адамға: «Ішкен құдығыңа түкірме» деп айтады. Демек су, өзен, құдық болсын жалпы су табиғаты құрметті әрі қадірлі дүние.

Қадірменді жамағат!

«Қолдағы алтынның қадірі жоқ» демекші, күнделікті көріп жүрген нығметтерге үйреніп, оның қадір қасиетін ұмытамыз. Судың да көп жағдайда қадір қасиетін лайықты дәрежеде түсінбей жатамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік сүресі, 30-аятында:

قُلْ أَرَأَيْتُمْ إِنْ أَصْبَحَ مَاؤُكُمْ غَوْرًا فَمَنْ يَأْتِيكُمْ بِمَاءٍ مَعِينٍ

«Қане, айтыңдаршы, бар суларың жер түбіне тартылып ізім-қайым жоғалып кетсе, сендерге қайтадан тұщы қайнар суды кім шығарып бере алады?!» – деп ойлануға шақырады.

Бұдан түйетініміз, суды, жалпы табиғатты ежелгі болмысында сақтау – мойнымыздағы аманат. Осыған кері әрекет еткен кісі тек өзіне емес, қоғамға, барлық адамзатқа үлкен зиян тигізбек. Қазіргі күні тұрмыста қолданылатын қарапайым үнемдеу әдістері арқылы судың қорғалуына үлкен үлес қосқан боламыз. Суды қорғау – өмірді қорғау деген сөз. Ендеше, суды үнемдеуді өзімізден бастайық!

Алла Тағала баршамызға амандық, жұртымызға молшылық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

ТЕОЛОГТАР МЕН ПСИХОЛОГТАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару комитеті департаментінің ұйымдастыруымен теологтар мен психологтарға арналған семинар өтті. Атаулы шараға облыстың бас имамы Хамзат Қажымұратұлы қатысты.

Семинар барысында тыңдаушылар қоғамдық келісім мен дін саласындағы мемлекеттік саясаттың ерекшеліктерімен танысып, Қазақстандағы діни ахуал мен негізгі проблемалар, тенденциялар бойынша ақпарат алды. Шараның мақсаты жат діни ағымдар, діни-экстремистік және деструктивті сипаттағы әртүрлі идеологиялардың таралуына жол бермеу.
          Дін саласы күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі деуге болады. Осы тұста  қоғам арасында діни ақпарат беріп, халықты экстремистік ағымнан қорғау – теолог-мамандардың міндетіне кіреді. Теологтің де, психологтің де жұмысы түсіндіру және оңалту. Бұл тұрғыда сіздер атқаратын міндеттер өте маңызды,- деді бас имам.

облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

 РАНТ МҮШЕСІ – СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Жұмағұл Қанат  Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік Университетінің студенттерімен кездесті.

          Іс-сапардың екінші күніжастармен кездескен Рант мүшесі бүгінгі таңда казино мен букмекерлік компаниялардың құлына айналған, құмар ойынның шырмауына түскен лудомандар жайлы айтты. Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін білімді жастар нақты ұғынуға тиіс. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, бұл дерттің зиянын барынша түсініп жастарымыз барынша сақтанып жүргені абзал,-деді.

          Бұл кездесуге облыстың бас имамы Хамзат Қажымұратұлы да қатысты.

Рант мүшесі басқа да қоғамдағы өзекті жайттарды ортаға салып, салихалы ойларымен бөлісті.

облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲