Өңіріміздегі су тасқынынан біраз жерлестеріміз мал-мүлкінен, баспанасынан, айырылып, зардап шекті. Осындай қиын-қыстау сәттерде халқымыз өздерінің ауызбірлігін, адамилық, бауырмалдық қасиетін көрсетіп бір-біріне демеу болуда. Мешіт имамдары да елге төнген қарғын судың каупіне қарсы тұруға бірге атсалысып келеді. «Зекет қорына» түскен гуманитарлық көмекті судан зардап шеккен отбасыларға беру жөнінде бүгін Қызылжар орталық мешітінде имамдардың қатысуымен жиын өтті.
Бас имам Хамзат Қажымұратұлы жан-жақтан келген гуманитарлық көмекті белгілі тәртіппен, әділдікпен, аса жауаптылықпен мұқтаж отбасыларға берілуі керек екенін айтты. Халықтан жиналған көмек халықтікі екенін ұмытпауымыз керек-деді бас имам.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинайтын арнайы жедел штабтарына 100 тоннадан астам гуманитарлық жәрдем жинақталып, жіберілді.
Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарына 100,1 тонна ұн, 43 тонна ұн-жарма (күріш, қарақұмық, макарон, қант), 9 тонна күнбағыс майы т.б. жеткізілді. Бұдан бөлек 10 күн ішінде «Су тасқынынан зардап шеккендерге шұғыл көмек қайырымдылық керуені» акциясы аясында 18 жүк тасымалдайтын фура, 77 «ГАЗель», 1 тіркеме, 12 Toyota Alphard, 8 эвакуатор зардап шеккен өңірлерге азық-түлік, тұрмыстық заттар, құрал-саймандар, көрпе-төсек, киім-кешек тапсырылды.
Сондай-ақ 2 қайық, 3 дана қайыққа арналған қозғалтқыш, 2 дана жарық генераторы, 1776 резіңке етік, 54098 құрал-сайман табысталды. Мүфтият еріктілері 2492 адамға күнделікті ыстық тамағын әзірлеп, таратуда. Қайырымдылық шараларына ҚМДБ-ның 1113 қызметкері мен волонтерлер атсалысып жатыр.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының көптеген аудандары су тасқынынан зардап шегіп отырғаны белгілі. Ел басына түскен мұндай қиын жағдайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, қайырымды азаматтар барынша өз үлестерін қосуда. Осы сәтте сауапты іске ҚМДБ Солтүстік Қазақстан облысының өкілдігіне қарасты мешіт имамдары да атсалысуда. Соның ішінде Қызылжар қалалық мешітінің наиб имамы Нұрлан Могомедовтың ұйымдастыруымен су тасқынына қарсы шараларға көмекке келген 400 сарбазға әскери институтта түстік тамақ берілді. Оған Бескөл құс фабрикасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Оңдасын Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігі демеушілік жасады.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында 2 300 000 адамға ауызашар берілді.
Ауызашар дастарқандары Астана, Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ облыс орталықтары мен аудан, ауыл-аймақтарда орналасқан 1240 мешітте жайылды. Рухани шараға мешіт жамағатынан бөлек медресе шәкірттері, студент жастар, балалар мен мүгедектер үйінен келген жандар, сонымен қатар көпбалалы ата-аналар, жалпы көмекке мұқтаж азаматтар қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың бастамасымен Түркия елінің Бурса қаласы мен Мысыр елінде білім алып жүрген қазақстандық студенттерге де ауызашар берілді. Қасиетті Рамазан айында Бурса қаласындағы қазақстандық 120 шәкіртке ауызашар дастарханы жайылса, Мысыр елінде 200 студентке ауызашар берілді.
Сондай-ақ еліміздің 565 мешітінде 637 қари күнделікті тарауық намазында Құран Кәрімді хатым етті. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 2854 мешіт жұмыс істеп тұр. Соның 565-інде тарауық намазында Құран Хатым толық жасалып. Табиғи су апатына байланысты елге жерге дұға жасалды. Отыз күнде өңірлердегі барлық мешіттер бойынша 3300 рет Құран хатым оқылып, дұғасы жасалды.
Бұдан бөлек, Ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен Рамазан айына арналған тікелей эфирде уағыз-насихат көрермен назарына ұсынылды. ҚМДБ ұстаздарының қатысуымен өткен 16 бағдарлама «Munara TV» арнасы мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетілді. Сондай-ақ қасиетті Қадір түні «Munara TV» Республикалық бас мешіттен және «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Әзірет Сұлтан» мешітінен 5 сағаттық тікелей эфир ұсынды. Ал ұлық мереке – Ораза айт күні Діни басқарманың төл арнасы «Munara TV» мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан 1 сағаттық тікелей эфирде бағдарлама көрсетілді.
Рамазан айында Күнделікті тарауық намазынан бұрын «Құран аяттарының хикметі» тақырыбында жамағатқа уағыз айтылды. Ал ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 10 дін қызметкеріне және 20 көпбалалы отбасыға, барлығы 30 баспананың кілті табысталды. Республикамыз бойынша «Рамазан қоржыны» 29 377 көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да табысталды. «Рамазан тәттісі» жобасы аясында балаға тәттілер мен ойыншықтар таратылып келді.
Ораза айында елорданың және облыстардағы барлық мешіттерде тарауық намаздарынан соң жамағатқа бірнеше бағыт бойынша тегін автобустар мен тегін такси тасымалдау қызметін көрсету ұйымдастырылды.
Тәулік бойы жұмыс істейтін ҚМДБ-ның Діни ақпарат беру орталығы (Call-орталық) мен өкілдікке қарасты Call-орталықтарға 17 080-ға жуық қоңырау шалынып, Рамазанға қатысты сұрақтарға жауап берілді. Одан бөлек орталықтың мессенджері арқылы да бірнеше сұрақ қойылған.
Еске сала кетейік, кез келген діни мәселені ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа ісіне жауапты мамандарынан, сондай-ақ діни ақпарат орталығының (call-center) 8 707 233 30 30 телефон нөміріне қоңырау шалу немесе fatua@muftyat.kz поштасына хат жолдау арқылы сұрап біле аласыздар.
Қасиетті Қадір түніне орай Қызылжар Орталық мешітіне жиналған жамағатқа ауызашар берілген соң Рамазан айының құрметіне арнайы бағдарлама бойынша танымдық рухани сайыс өткізілді. Көпшілік қауымға викториналық сұрақтар жүргізіліп, алғыр жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған мұқтаж отбасыға баспана кілті табысталды.
Қызылжар орталық мешітінде өткен қадір түнінде Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Зекет және қайырымдылық қорының» жетекшісі Қасымхан Абдуллаұлы « Рамазан айының 30 күнінде -30 баспана» акциясы аясында 25 –ші баспананың кілтін мұқтаж отбасыға табыстады
Сондай-ақ жоғары оқу орындарында діни білім алып жүрген солтүстікқазақстандық шәкірттерге «Қолдан-қолға» жобасы аясында 1 500 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Рамазан айына орай қуанышқа кенелген жандар демеуші, мұрындық болған азаматтарға ризашылық білдірді.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
Мың айдан қасиетті Қадір түніне орай Қызылжар Орталық мешітінде ауызашар берілді. Қарилар қатар тұрып арнайы құран хатым дұғасын жасады.
Қадір түнінің қасиетін сезінуге мешітке ағылған жамағат қарасы көп болды. Бас имам Хамзат Қажымұратұлы «Қадір түні – мың айдан да қадірлі» тақыбырында уағыз айтып, жиналған жамағатқа қасиетті түнді дәріптеді. Рамазан айы құран түсірілген ай екені барша мұсылманға мәлім. Соған орай барлық мешіттерде құран хатым оқуға аса мән беріледі. Жылдағы дәстүр бойынша биылғы жылы да Солтүстік Қазақстан облыстық мешітіне Түркия елінен арнайы қари келіп құран хатым оқыды. Бүгінгі өткен Қадір түнінде барлығы үш қаримен бірге құран хатым дұғасы жасалды.
Қасиетті қадір түнін ғибадатпен өткізуге жиналған жамағатқа Орталық мешітте сәресі беріліп, көпшілік мешітте ауыз бекітті. Сап түзеп таң намазы оқылып, жұртшылық мың айдан да қадірлі болған Қадір түнінің жақсылығы мен сауабын тілеп, тағы да ел тыныштығы үшін және су тасқынынан зардап шегіп жатқан халық үшін дұға жасады.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Бір мезетте бір дұға» атты игі бастамасына Солтүстік Қазақстан облысы өкілдігі мен жамағаты үн қосып, су апатына байланысты Құран оқып, дұға жасады.
Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы бастаған дін қызметкерлері мен барлық аудандардың имамдары мен мешіт жамағаты бір мезетте алақан жайып:
«Уа, Алла Тағала! Осы оқылған қасиетті Құран аяттарының нұрымен халқымызды, елімізді, жерімізді нұрға бөлей гөр. Халқымызды табиғи апаттардан, зілзаладан, топан судан, өрттен, кеселден, түрлі індеттерден аман сақтай гөр!
Уа, Алла! тасқын судан жапа шеккен жерлестерімізге Өзің жар болғайсың. Олардың басына келген сынақтың соңын қайырлы ете гөр. Жерімізді тасқын судан сақтай гөр»,- деп дұға етті.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Бір мезетте бір дұға» игі бастамасына еліміздің барлық өңірінде мешіт имамдары мен жамағаты үн қосып, су тасқынына байланысты Құран оқып, дұға жасады.
Атап айтқанда, жамағатпен бір мезетте дұға жасау Астана, Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ облыс орталықтары мен аудандарында құптан намазы алдында ұйымдастырылды. Имамдар жамағатпен бірге су тасқынынан зардап шеккендерге жеңілдік тілеп, Алла Тағаладан елдің амандығы мен тыныштығын сұрап дұға тіледі.
Тайынша ауданының бас имамы Зиятбек Ахметұлының басшылығымен және мешіт жамағатының ұйымдастыруымен он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айының кешінде аудан орталығындағы Жанар дәмханасында ораза ұстаған мұсылмандарға ауызашар берілді.
Оған Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы қатысты. Ауызашарға арналып жайылған ақ дастарқанға жетпістен аса аудандағы ақсақалдар мен ақжаулықты аналар және арнайы мешіт жамағаттары шақырылған. Дастарқан басына жиналған қауымға бас имам арнайы сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа тілегін білдірді.
Сонымен бірге бүгінгі қоғамда адам баласының өзгеруі, заманға бейімделуі, рухани толығу үшін құран негіздерін үйренуі туралы уағыз айтып, соңында Құран бағыштады. Одан соң аудан ақсақалдары жиналған қауымға ақ батасын берді.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің шәкірттеріне ауызашар берілді.
Жатақхана алдында 1000 студентке ауызашарға қажетті тамақ (су,нан, палау, құрма) таратылды. Ауызашар Оразаның маңызды бөлігі, әсіресе қасиетті айда ораза ұстайтындар үшін тамақ қабылдауды кейінге қалдырмау немесе тоқтатпау өте маңызды.
Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі.
Алла Тағала Рамазан айында тұтқан оразамызды қабыл етіп, барлық қайырымды істерімізді сауаптан жазғай!
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қызылжар қаласы мен аудан мешіттерінің жамағаты тарауықтан кейін тегін таксимен қайтады.
Тегін такси жүргізетін қайырымды жандар тарауық намазынан соң жамағатты үйді-үйлеріне жеткізіп тастау міндетін алып отыр.
Тарауық уақыты кеш келеді. Көптеген азаматтары түнде таксимен қайтуды қалтасы көтермейді. Сондықтан, Рамазан айында осындай бастама көтергеніне жамағат алғыстарын айтуда.
Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі