Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2025 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен ел аумағындағы мұсылман зираттарында тазалық жұмыстары жүргізілді.
«Өткенге құрмет – тіріге міндет» ұранымен өткен сенбілікке ҚМДБ-ға қарасты барлық мешіттердің қызметкерлері, еріктілер және жергілікті зират әкімшіліктерінің мамандары белсене қатысты. Астана қаласында өткен тазалық жұмыстарына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы, ҚМДБ қызметкерлері, «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы және Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы арнайы қатысты.
Сенбілік аясында зират маңы қоқыстан тазартылып, қоршаулар ретке келтірілді. Сонымен қатар, зираттардың кіреберісіне зиярат әдебі мен бейіт тұрғызу тәртібі туралы мәлімет беретін ақпараттық тақталар орнатылды.
Ислам шариғатында қайтыс болған мұсылманға құрметпен қарау – үлкен сауапты амал. Марқұмды жуындырып, кебіндеу, жаназа намазын оқу және оны жер қойнына тапсыру – мұсылманның парызы. Қабірлерді күтіп-баптау – марқұмға тағзым етудің, өткенге құрмет білдірудің жарқын үлгісі.