ЕЛОРДА ИМАМДАРЫ «ДАРХАН ДАЛА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» отандық туризмді дамыту жобасы аясында Астана қаласы өкілдігінің дін қызметкерлері Қызылжар қаласындағы бірқатар тарихи орындарға тағзым етті.

Сапар аясында Елорда имамдары алдымен Қызылжар қаласындағы 2008 жылы ашылған Абылай ханның ақ ордасы болған ғимаратқа келіп Абылай ханның аруағына арнайы Құран бағыштады. Тарихи маңызы бар, киелі орындағы этнографиялық жәдігерлерді көрді.

Содан кейін 19-ғасырда салынған көне мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, өткен жылы Рамазан айында ашылған  Ислам мәдениетінің мұражайына барды. Солтүстік өңірдегі рухани орда болып табылатын бұл мұражай ислам тарихы мен мәдениетін насихаттауда маңызды орын болып табылады.

         Елорда имамдары бүгінде қоғамның талқысында жүрген Петропавл қаласына ежелгі Қызылжар атауын беруге нақты айғақ болып табылатын Есіл өзенінің жағасына да барды. Бұл жерді мекен еткен қазақтар қаланы әуелден Қызылжар деп атаған. Себебi, қала Есiл өзенiнiң биiк жар қабағына орналасқан. Ол жар қабақтың топырағы қызыл болатын. Көктем сайын Есiлдiң суы тасығанда, лайланып, қызыл-қоңыр түске боялады. Халқымыз ешқашан қала аты мен елдi мекендердi адам есiмiмен атамаған. Имамдар Есілдің жағасына барып, қызғыш түске енген қызыл топырақтарды өз көздерімен көрді.

         Сонымен тарихи орындардың бірі қаладағы Ботаникалық саябаққа бас сұқты. 111 жылдық тарихы бар  1800 шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген екі мыңға жуық тропикалық, субтропикалық өсімдіктер өсіп тұр. Алланың шеберлігіне сөз жоқ, мұндағы көздің жауын алатын әрбір өсімдіктің өз ерекшеліктері бар. Баққа саяхат жасаған имамдар өсімдіктерді күтіп-баптап жүрген бағбандарға алғыстарын айтты.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲