«БЕРЕКЕ» ШАҒЫН АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Ұлттық мереке – Республика күніне орай облыс орталығының «Береке» шағын ауданында көптен күткен жаңа мешіт ашылды. Дін жанашырларының көмегімен тұрғызылған құлшылық үйі 250 адамға арналған. Жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысты.

Салтанатты іс-шара ең алдымен қасиетті Құран оқумен басталды. Кейін  Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөз сөйлеп, асыл дініміздің насихатталуына үлес қосқан демеуші азаматтарға алғысын білдірді.

«Алланың үйі «Береке» ықшам ауданына берекелі болсын! Дінімізде сауабы үзілмейтін ізгі амалдың бірі – мешіт салу. Сондықтан Аллаға иман келтірген мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт салуға ерекше ден қойған. Және бұл сауапты істі айрықша ықылас пен орындауға тырысқан. Осы мешітке ат салысқан барша ағаларымызға ҚМДБ атынан өз атымнан риясыз ризашылығымды білдіремін. Алла сіздерге разы болсын! Мешіт құтты болсын ағайын!»,- деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Алла үйінің лентасы қиылған соң, қонақтар мешіт ішін аралап, жаңа құлшылық ордасында алғаш рет намаз оқып шықты. Еңселі ғимарат 250 адамға шақталған. Жаңа құлшылық ордасы ерлерге және әйелдерге арналған намаз оқу залдарынан, Құран оқу бөлмесінен және шағын кітапханадан тұрады. Мешіт жанында сонымен бірге, асхана, имам бөлмесі, дәретхана бар.

Мешіттің салтанатты ашылуына орай Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Солтанхан, Жұмабек Рахимов, Қабдолла Бейісхан секілді елге белгілі айтыскерлер С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өз өнерлерін ортаға салып, арнау айтып, айтыстан үзінді көрсетті. Сондай-ақ, бұл күні мейрамханада жамағатқа ас берілді.

Return to Top ▲Return to Top ▲