«АҚ БАТА» ОБЛЫСТЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

Облыс орталығында ақсақалдар арасында бата беруден «Ақ бата» облыстық сайысы өтті. Іс-шараға Петропавлдан, аудандардан ақсақалдар қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар салт-дәстүр жайында білімдерін көрсетіп, сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңде ақсақалдарға әртүрлі жағдайларда айтылатын баталардың тақырыптары берілді. Олар сол бойынша бата берді.

«Дін мен дәстүр егіз ұғым. Сондай-ақ қазақта «батаменен жер көгерер» деген нақыл сөзі бар. Осы еліміздің бір берекесін арттыру мақсатында және ақсақалдарымыздың мәртебесін көтеру мақсатында осы іс-шараны ұйымдастырдық. Заманға қарай адамы. Бірақ ақсақал болғаннан кейін, 60-70-тен асқаннан кейін дастарханда отырып бата бере алатындай жағдайда болу керек. Бата беру үшін де адамның жүріп өткен жолы болуы қажет. Өзіндік айтар сөзі болғаны жөн. «Жас кезіңде байқарың болмаса, қартайғанда айтарың болмайды» деген бар», – дейді облыстың бас имамы Хамзат Әділбеков.

Сайыс барысында қатысушылар бата беру өнерімен қатар, діни білімдері мен салт-дәстүрге жетіктігін көрсетті. Қазылар алқасы ақсақалдардың бата беру шеберлігін, тіл байлығы мен шешендігін бағалай отырып, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде «Қызылжар» қалалық мешітінің атынан келген Тәли Кәриев бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Return to Top ▲Return to Top ▲