Үкімет Ракхайн штатындағы әр адамды қорғап отыр деп мәлімдеді Мьянма басшысы Аун Сан Су Чжи. Алайда, оның айтуынша, қақтығысқа қатысты орасан жалған ақпараттар ағыны терроршылар мүддесіне қызмет етуде деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі BBC News-ке сілтеме жасап.
Аун Сан Су Чжи баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Мьянма лидері бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен арада телефон арқылы болған әңгімеде айтқан. Ол өкіметтің Ракхайн штатындағы барша халықты қолдан келгенше қорғауға алғанын жеткізген.
«Адами құқықтардан айырылу, демократиялық тұрғыда қорғау дегендердің не екенін біз бір кісідей, тіпті көбінен жақсы білеміз. Сондықтан да біз елдегі барлық адамдардың құқығы қорғалуын, саяси ғана емес, әлеуметтік және адами тұрғыда қорғалуын қадағалаймыз», – дейді Аун Сан Суу Чжи.
Сонымен қатар, ол бұл қақтығысқа қатысты жалған ақпараттар мен жалған суреттердің қаптауын, ондағы мақсат қауымдар арасында проблемаларды ушықтыру және терроршылардың мүддесі екенін айтқан.
Соңғы екі аптада елдің солтүстік-батысындағы Ракхайн штатынан 123 мыңнан аса адам көрші Бангладешке қашып барған. Басым бөлігі мұсылман болып табылатын рохинджа халқы мемлекеті жоқ ең көп санды этнос болып саналады. Олар Мьянмада көп жылдан бері қуғын-сүргінге ұшырап келеді.
Мьянма лидері Аун Сан Су Чжи елдің әскери диктатурасымен ондаған жыл саяси күрес жүргізіп, 1991 жылы күрестің бейбіт жолын таңдағаны үшін Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын алған болатын. Соңғы күндері Рохинджа қырғынына қатысты үнсіз отырғаны үшін ол халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшыраған еді.
Muslim.kz сайтынан