Солтүстік Қазақстан облысына арнайы іс-сапармен республикалық бас мешіттің наиб имамы, РАНТ мүшесі Әділхан Оразов келіп, өңір жұртшылығымен және дін қызметкерлерімен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Іс-сапардың алғашқы күні Әділхан Оразов облыс, аудан және қала имамдарына арналған «Уағыз айтудың әдебі» тақырыбында семинар өткізді. Жиында ол уағызшының жауапкершілігі, сөз саптауы, тыңдаушыға әсер ету мәдениеті мен діни насихаттың мазмұндық сапасына ерекше тоқталды.
Сондай-ақ қазіргі қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруда имамдардың рөлі зор екенін атап өтті. Семинар барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
Кешкі уақытта қаладағы «Қызылжар» мешітінде ақшам намазынан кейін жамағатқа арналған рухани кездесу ұйымдастырылды. Ақ дастархан басында Әділхан Оразов Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі туралы тағылымды уағыз айтып, оның адамзатқа қалдырған рухани мұрасының маңызын кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар құптан намазы алдында да осы тақырып аясында жалғасқан уағыз барысында Пайғамбар сүннетін ұстанудың қоғамдағы орны, мұсылманның күнделікті өміріндегі әдебі мен жауапкершілігі сөз болды. Кездесу жамағатқа ерекше рухани әсер қалдырды.
Сапардың екінші күні, қасиетті жұмада, Әділхан Оразов «Тазалық – иманнан, таза қоғам – мұсылмандықтан» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Уағыз барысында ислам дініндегі тазалықтың орны, оның тек сыртқы емес, ішкі рухани тазалықпен тығыз байланысты екені кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ қоғамның дамуы мен тұрақтылығы әрбір адамның тазалығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екені айтылды.
Жалпы, екі күнге созылған іс-сапар барысында өңір имамдары тәжірибе алмасып, жамағат рухани азық алды. Мұндай кездесулер діни тұрақтылықты нығайтуға, халықтың рухани деңгейін арттыруға және қоғамда ізгі құндылықтарды қалыптастыруға үлкен ықпал ететіні сөзсіз.









