Экстремизм – қоғамдағы кез келген салада шектен шығуға қатысты пайда болған ұғым. Алайда экстремизм ұғымына асыл дініміз Исламды ілестіріп, оны тіпті терроризммен байланыстырып қойғаны өкінішті. Бұл әрине, ең әуелі кеудесінде Құдайға деген сенімі, адамдарға, қоғамға, өлі және тірі табиғатқа мейірім сезімі қалыптасқан ісі мұсылман баласының өзегін өртейді.
Лаңкестік әрекеттер бола қалған жағдайда оны да бірден мұсылмандар жасаған етіп көрсететіні тағы да жанды жейді. 2001 жылғы Нью-Йорктегі терактіден кейінгі әлемнің мұсылмандарға деген көзқарасын бейнелейтін әйгілі көркем фильмде мұсылман образындағы бас кейіпкердің: «Менің атым – Хан. Мен – террорист емеспін», – деп ұрандайтын сәті бар.
Сол секілді дінге деген жанашырлығы бар адамдардың, қоғамның шама келгенше Исламның экстремизмге қарсы екенін білдіріп жатқаны көңіл қуантады. Десе де, тұтас әлемнің бұл мәселеде әлі беті бері қарай қойған жоқ. Яғни, әлі күнге мұсылман десе, құбыжық көргендей күй кешетін адамдар бар.
Шектен шығушылардың қателігі әрі мұсылмандарға тиіп отырған кесірі – дін атын жамылуы. Ғылым игеру мен білім алу, тұлғалық даму мен отбасылық қарым-қатынастағы кейбір шектеулер, өнер мен мәдениет, әр елдің өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ман-сұқтау – ең әуелі осындай «әсіредіншілдердің» ісі.
Олар ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «үрейлендірмеңдер, сүйіншілеңдер», «ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер» деген қағидасын ысырып қойып, орта жолды ұстану дегенді тіпті ойына да алмай, шектен шығады. Ал дінімізде шектен шығуға тыйым салынған.
ұран Кәрімдегі «Осылайша сендерді орташа үммет еттік» аяты мен хадистерде келген «орта жолды ұстану» қағидасы экстремизмнің Исламнан әлдеқайда алыс екенін көрсетеді.
Екіншіден, Ислам діні – ақылмен қабылдап, парасатпен ұстанатын дін. Оны күшпен қабылдау немесе қабылдату дұрыс емес. Өйткені, Құрандағы ең ұлы аят «Аятул-Курсиден» кейінгі «Бақара» сүресінің 256-аятында Алла Тағала: «Дінде зорлық жоқ» деп бұл мәселенің де нүктесін қойған.
Үшіншіден, Ислам – адам баласын жақсылыққа шақырып, мейірімге, сабыр мен ізгілікке үндейтін, бейбітшілік пен әділеттің туын желбіреткен дін. Теріс пиғылды топтар атауы да, заты да тыныштықты, бейбіт өмір мен келісімді насихаттайтын Алла Тағаланың ақ жолын бүркемелеп қана қоймай, зорлық-зомбылық пен қатыгездікке барып жүр.
Өздерін «нағыз мұсылман» деп атағанымен, шын мәнінде, Ислам ұстанымына мүлдем қарсы әрекет етіп отыр. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі өмір жолында тек бейбіт насихатты таңдап, надандықпен дұшпандық емес, көркем мінез арқылы күрескен.
Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіпті өзіне зұлымдық жасап, шектен шыққан жақындары мен басқа да адамдарды кешіріп, бір өсиетінде: «Мұсылман – тілі мен қолынан басқа мұсылмандар зиян шекпейтін адам» (Бұхари, Мүслім) – деп шынайы мұсылманның бейбітсүйгіш бейнесін сипаттап берді.
Төртіншіден, экстремизм салдарынан жазықсыз жандар жапа шегеді. Елімізде және алыс-жақын шетелдерде болған лаңкестік әрекеттердің басында экстремистік топтар мен радикалды көзқарастағы адамдар тұрғаны анық. Өзінің ұстанымын ғана дұрыс, басқалардыкін бұрыс деп санайтын радикалдардың түбінде кісі өлтіруге дейін бару ықтималдығы жоғары.
Құран мен сүннетті ұстанам десе де «Кім де кім жазықсыз бір адамды өлтірсе, бүкіл адамды өлтіргенмен тең» деген аятты естен шығарады.
Адамды өлтіруді тек жанын алу, тіршілігін тоқтатумен өлшенбейді. Жоғарыда айтылғандай білім алу, тұлғалық даму, отбасылық және қоғамдық қатынаста шектеліп, әбден оқшауланған адамның қайтыс болған адамнан айырмасы болмайды.
Адам біреудің айтқанымен жүретін, дегеніне көнетін хайуан немесе басқа да тіршілік иесі емес. Әрбір ересек адамның өзіндік көзқарасы, өмірлік ұстанымы болады. Барлық адам балиғатқа тола сала мұсылмандық парызын өтемеуі мүмкін, бірақ та уақыт өте келе ақылы иманға, иманы ғибадатқа жетелері сөзсіз.
Адамда экстремистік көзқараста болуының себебі ретінде дінді үстірт түсіну, білімнің жетіспеушілігі мен шетелдік ағымдардың ықпалын айта аламыз. Ал оған тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы – жастарға дәстүрлі діни білім беру тетіктерін көбейту әрі дамыту.
Еліміздегі діни тұрақтылықтың тірегі саналатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі ұстанымы да – осы. Имам-ұстаздарымыз да Исламның бейбітшілік діні, экстремизмнің діннен ауытқу және адасудан сақтанудың төте жолы – дұрыс діни білім алу екенін ұдайы насихаттап келеді.
Дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – қазақ халқының діни болмысына ең жақын, байыпты жол. Оны тек ҚМДБ-ға қарасты мешіт-медреселердің имам-ұстаздарынан үйреніп, діни сауатын ресми оқу орындарында ашқан жөн. Сонда ғана қоғам бейбіт түрде радикалдардан тазарады.
Қорыта айтқанда, экстремизм – Ислам жолы емес. Ондай көзқарастағы адам өзін қанша жерден мұсылман десе де, исламнан алыстаған болып есептеледі. Ғасырлар бойы байсалды дінді, парасатты жолды ұстанып келе жатқан еліміз үшін экстремизм, радикалды көзқарастағы адамдардың қоғамда өмір сүруі кімді болмасын алаңдатпай қоймасы белгілі.
Екінші жағынан, бірдің кесірі мыңға тиіп, шектен шыққан «діншілдердің» кесірінен асыл дініміз Исламға, оны ұстанушы мұсылман жамағатына сөз келіп жатқаны да өкінішті. Олар мешітке еркін кіріп-шығып жүргендіктен былайғы жұрт кімнің қандай жолда екенін аңғармауы да мүмкін.
Тек ұрандап болсын, ақырындап болсын, айтқымыз келетіні – Исламда экстремизм жоқ, ал экстремизмде Ислам жоқ!..
Ермұрат ШОПАН

