БАС МҮФТИ «HALAL EXPO-2024» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Тараз қаласында ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің ұйымдастыруымен «HALAL EXPO-2024» халықаралық көрмесі басталды. Көрменің ресми ашылуына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

ҚМДБ Төрағасы алғысөзінде «QMDB Halal» сертификатын иеленген отандық және шетелдік кәсіпорын өкілдеріне ризашылығын білдірді.

«Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан халалды насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан айтулы шаралардың бірі. Бүгінгі таңда діни басқарманың ұйымдастыруымен халықаралық «HALAL EXPO» көрмесі төртінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін еліміздегі ірі қалалар  – Астана, Шымкент, Алматы шаһарларында ұйымдастырылды.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» деген. Бұл аятқа амал еткен күллі мұсылмандардың қарашаңырағы саналатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал көрмесін жыл сайын әрбір өңірде ұйымдастыруда.

«HALAL EXPO-2024» көрмесі белді кәсіпорындар мен беделді кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлері мен дін мамандарын, өндірушілер мен тұтынушыларды бір шаңырақ астында біріктіретін мәдени мерекенің шамшырағы іспеттес. Бұл түрлі ұлт пен ұлыстардың басын қосып, өндірушілер мен тұтынушылардың арасын жалғап, пікір мен тәжірибе алмасудағы таптырмас басқосу» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, екі күнге созылатын көрмеге «QMDB Halal» таңбасымен халал өнім өндіретін 70-ке жуық отандық кәсіпорындармен бірге бірнеше шетелдік өнімдер де (ет, құс, сүт, балық, бал, май өнімдері, жартылай дайын және кондитерлік өнімдер, Халал косметикалар, шұжықтар, БАД, тағам қоспалары, гигиеналық заттар, жуғыш заттар, фаст-фудтар, балмұздақтар, сусындар, т.б.) қойылған. Бірегей іс-шара Тараз қаласының Көрме залында (Төле би көшесі, 18/6.) өтіп жатыр.

Return to Top ▲Return to Top ▲