Қасиетті Рамазан айында Алланың мейірімін үміт еткен құлдары үшін нәпсіні шыңдаған тәрбие айы болды. Бірақ, өкінішке орай, рамазан айынан кейінгі өзге айларда бұл ізгі амалдар көпшілік мұсылмандардың өмірінде жалғасын таппауда. Бұл рамазан айында тақуалыққа жетпегеніміздің дәлелі. Алла Тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ
«Уа, мүміндер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер»[1].
Бұл айдың бітуімен құран оқуымыз азайып, құлшылық-ғибадаттарымыздан мән кететін болса, оразадағы діттеген мақсат тақуалыққа жетпегеніміз.
Рамазаннан кейін мұсылманға айтылар он кеңес[2]:
1. Апта сайын нәпіл ораза ұстау: Нәпсінің сағын сындырған сәт – аштық. Оразаны тек Рамазанмен байланыстыру әбестік болар. Пенденің шектен тыс қалауы қас-қағым сәт сайын түрткілеп тұрады. Ендеше, оған қарсы күш тек ораза екен. Нәпсіні тыйып, тәубеге келтіретін осы бір теңдессіз құлшылықты аптасына, тіпті айына бір рет жыл бойы жалғастырсақ жақсылық емес пе?
2. Құран оқуды жалғастыру: Рамазанда Алланың сөзіне үңілдік. Ой түйдік, әсерлендік. Оразадан кейін қалайша «Қош бол, Құран!» демекпіз. Тірілер үшін түскен қасиетті кітапты неге басқа айларда серігімізге айналдырмасқа.
3. Жүректі мешітке байлау: Алланың үйіне кірген құл өзін құрғақ жерден суға түскен балықтай сезінеді. Мешітте оқылған намаздың сауабын санап жатпай-ақ қоялық.
4. Туыстық қатынасты жаңғырту: Рамазан – ағайынның арасын жақындата түсіп, қарым-қатынасын күшейтетін, тума-туысты, көрші-қолаңды біріктіретін ай. Қуанышы мен қайғысында бірге болу – мұсылманның міндеті.
5. Рамазан келісімен жетімдер, қарттар, мүгедектер үйін іздеп кететін әдетіміз бар. Басқа кезде уақытымыз жоқ. Әрине, бұл біздің үлкен сылтауымыз. Сол себепті рамазаннан кейін де біздің игі жақсылығымыздан жоғарыдағы топқа қатысы бар адамдар үмітін үзбеу керек.
6. Оразада ашуланбаймыз, сабыр сақтаймыз, барынша көркем мінезді болуғы тырысамыз. Бұл басқа уақытта ашулануға, кек сақтауға, ғайбаттауға болады деген сөз емес.
7. Нәпіл намаздарға көңіл бөлу. Ораза кезінде тарауық намазына, қосымша нәпіл намаздарына ерекше көңіл бөлдік. Бұл үрдіс рамазаннан кейінгі уақыттарда да жалғасуы тиіс.
8. Рухани іздену: «Мұсылманның бір күні екінші күніне ұқсаса – ұтылыста», – депті ғұламалар. Мұны атам қазақ: «Көп тұрған су сасиды», – деп бір ауыз сөзбен түсіндірген ғой. Мұсылман адам әрдайым рухани ізденісте, дамуда болуы тиіс. Адамның ең жақын жолдасы әрі сырласы кітап демекші, кітаптан қолын үзбеуі тиіс.
9. Әрдайым дұғада болу: Ораза бойы Жаратушы Иемізге дұға-тілекті көбірек айтып, мұң-мұқтажымызбен бөлістік, қажетімізді сұрадық. Рамазанда мейірімді, дұғаны қабыл етуші Алла Тағала басқа айларда да осынау теңдессіз сипатынан айырылған емес, айырылмайды да. Дұға – мұсылманның қорғаны, қаруы, таянышы, сүйеніші. Адамзаттың асылы болған пайғамбарлар да әр ісінде, әр сөзінде дұғаны тастамаған. Мұны атам қазақ: «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», – деп әспеттеген. Көсегемізді көгертіп, өмірімізді өнеге ететін дұға-тілекті әрдайым айтып жүрудің маңызы зор.
10. Әрдайым Алланы еске алу: Рамазан – біз бен Раббымыздың арасындағы риясыз құлшылық. Ораза – Алланы көбірек еске алуға жетелейтін құлшылық. Біз кейде дүниелік болмашы жетістігімізді, аз-кем байлығымызды, қызметтік өрлеуімізді өзіміздің жеке қабілетімізбен, ақыл-ойымызбен, парасаттылығымызбен байланыстырып жатамыз. Болмашы тамшыдан жаратылған пенде екенімізге мән бермей, Ұлы Алланың құдіретін ұмытып жатамыз. Жер басып жүргеніміздің өзі Жаратушы Иеміздің сыйы, нығметі емес пе? Барша жаратылыстардың ішінде мұсылман болып жаратылуымыздың өзі теңдессіз нығмет емес пе? Алланы көбірек еске алу адамның бес күндік өмірге келудегі мақсатын айқындап беруге, Құдайға ұнамды құл болуға серпін береді.
Пітір садақасы
Қажетті заттарынан және қарыздарынан артық болып, зекет нисабы (85 гр алтын) мөлшерінде мал-мүлкі, ақшасы бар болған мұсылманның пітір беруі уәжіп болады. Нисапқа жетпесе пітір беруі уәжіп болмайды, бірақ бергені жақсы. Алла Тағала Құран кәрімде:
إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ
«Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз. Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге. Оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатын (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі»[3].
Бір хадис шәрифте:
فَرَضَ رَسُولُ اللهِ – صلى الله عليه وسلم – زَكَاةَ الفِطرِ طُهرَةً لِلصَّائِمِ مِنَ اللَّغوِ وَالرَّفَثِ، وَطُعمَةً لِلمَسَاكِينِ، مَنْ أدَّاهَا قَبلَ الصَّلَاةِ فَهِيَ زَكَاةٌ مَقبُولَةٌ، وَمَن أدَّاهَا بَعدَ الصَّلَاةِ فَهِيَ صَدَقَةٌ مِنَ الصَّدَقَاتِ
«Алла елшісі ﷺ пітір садақаны ауыздан шыққан ұнамсыз сөздерден жағымсыз ірекеттерден тазартушы, әрі кедейлерге ішер ас болсын деп міндеттеді, кімде-кім оны айт намазына дейін беретін болса, қабыл болған садақадан ал егер намаздан кейін берсе, әдеттегі садақаның сауабын алады.»[4]
Пітір садақасы Рамазан айында беріледі. Әке-шешеге, ата-әжеге, бала-шағаға, немерелерге, өз жұбайына және өзге діндегілерге пітір беруге болмайды. Кедей болу шартымен келінге, күйеу балаға, қайын енеге, қайын атаға, қайын ағаға, қайын ініге, өгей балаға пітір беруге болады. Әпке, көке, нағашы әпке, нағашы көке сияқты туыстарға пітір берудің сауабы көбірек болады.
Пітір садақаның мөлшері және төлеудің мерзімі
Пітір садақа мөлшері және төлеуге қолдануға болатын заттар туралы. – Пітір садақа бидай, ұн, кебек немесе кепкен жемістер арқылы берілетін болса, олардан жарты саа құрма немесе арпамен берілетін болса – бір саа мөлшерінде төленеді.
Пітір садақаны ұн немесе арпаның, бидайдың кебегімен төлегенде олардың құнын есепке алған дұрыс, мысалы, бидайдың жарты саағасының құны бидай ұнының жарты саағасының құнына тең келетін болса қолданылады. Бидай немесе ұнының уәжіп болған мөлшері: 1кг 459 г немесе құны; құрғатылған жүзім 2кг 918 г немесе құны. Пітір садақаны нанмен төлеген кезде тек оның құны ғана есепке алынуы тиіс;.
Пітір садақа төлеу кезінде бидайға қарағанда ұн бағаланады, ал ұнға қарағанда ақша бағаланады, себебі, ақша қажеттіліктерді барынша толық түрде, ал ұн бидайға қарағанда неғұрлым жылдамырақ қамтамасыз етеді, себебі, бидай тағамға пайдалану үшін алдымен диірменге тартылуы тиіс.
Жоғарыда көрсетілген мөлшерлердің құны Пайғамбарымыздың ﷺ дәуірінде бір-біріне жақын болатын. Ал қазір олардың құндарының арасында айырмашылық жоғары және әр аймақта әр түрлі. Сондықтан пітір садақаның мөлшері ретінде бір кедейді таңертең және кешке тойдыруға жететіндей мөлшерді өлшем ретінде алған абзалырақ.
Пітір садақаны ораза айты, мейрам күні мешітке осы мейрамда оқу үшін белгіленген намазға бармай тұрып төлеу ең жоғары мақтауға ие, себебі, Пайғамбар ﷺ осылай істеген, сондай-ақ, пітір садақаға қатысты ереже кедейлердің қажеттіліктерін жеңілдету түрінде берілген, яғни, осындай сый арқылы оларға мейрамға қуану және мейрам күні орындалуы тиіс рәсімдерді қуанышпен орындау мүмкіндігін беру көзделеді. Пайғамбардың ﷺ мұндай ниетінің жүзеге асуы, егер, пітір садақа айт намазы оқылғанға дейін таратылып берілсе барынша орынды деп санауға болады.
Егер кімде-кім ораза мейрамы күні пітір садақа төлемесе, онда ешнәрсеге қарамастан мұндай төлемнің міндеттілігі өз күшін сақтап қала береді және оны кейіннен немесе рамазан айында айттан бұрын төлеу де орынды, себебі, ол кедейлердің жағдайын жеңілдету үшін белгіленген және оның осылай анықталуы өз күшінде қалады.
Құран Кәрімдегі пітір садақасы туралы айтылған сүрелерден мынандай қорытынды жасауға болады.
Біріншіден – пітір садақа ораза ұстау барысында жіберіп алған қателіктерімізді жуып-шаюшы және кем-кетігін толықтырушы рөлін атқарады.
Екіншіден – тұрмысы нашар, зорға күнелтіп жүргендерге жәрдем беріп, оларға қол ұшын созу. Бұл бір жағынан қалталы жандарды жомарттыққа баулиды және қоғамда бауырмалдылық пен жәрдем берушілікті қалыптастырады.
Үшіншіден – пітір садақа беру арқылы көптеген сауапқа кенелері сөзсіз. Өйткені, Рамазан айында садақаның сауабы еселеніп беріледі. Дүниемізге береке кіреді. Алла тағала Құран Кәрімде:
«Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен садақа бермесеңдер, жақсылыққа қол жеткізбейсіңдер»[5], – дейді.
Ораза айты
Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін Аллаға шүкіршілік етіп, қуанышқа кенелетін шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңілі тазарған мұсылман Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып ерекше қуанышқа бөленеді. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.
«Айт» сөзі араб тілінен алынған, «қайту, оралу, мейрам, қуанышты күн» деген мағыналарды білдіреді. Ибн Араби: «Айт (оралу) деп аталу себебі, жыл сайын жаңа қуанышпен қайта келіп отырғандығынан» дейді.
Қазақ халқында айт күндері жеті, қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақкөңіл, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.
Ораза айт намазы әрбір мұсылман үшін уәжіп, яғни, орындалуға міндетті амал. Себебі, Пайғамбарымыз ﷺ ешқашан айт намаздарын тастамағаны әрі барлық адамдарға осы күні намазға шығуларын бұйырғаны белгілі.
Айт мерекесін өткізудің өз әдебі бар екенін де назарға алғаныңыз жөн. Осы күні ерте тұрып, мешітке барардың алдында жуынып, ғұсыл құйыну, жақсы иіс су себініп, ең жақсы киімдерді кию – айт мерекесінің шарттарынан.
Мұсылмандар шын жүректен қуаныш пен шаттық танытуы тиіс. Ел-жұрттың Жаңа жылда қуанып, бірін-бірі құттықтап жатуын елестетіп көріңіз. Әсілінде мұсылмандардың екі айт мерекесіндегі қуанышы бұдан да жоғары болуға тиіс. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Сондай-ақ айт құрметіне жайылған ақ дастархан басындағы имани әңгімелер, діни сұхбаттар, «Айт құтты болсын!» деген жүрекжарды тілектер мереке күнінің нағыз көркі, сәні мен салтанатына айналады. Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырудың да маңызы зор, осылайша жас ұрпақтың бойынан ораза айтқа деген сүйіспеншілігі қалыптасатынын ескеріңіз.
Ораза айтының тағы бір әдебі – намазға шығардан бұрын үйден бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемеу сүннет. Бұл амалға байланысты ардақты сахаба Әнас былай деп баяндаған: “Ораза айты күні Алланың Елшісі ﷺ ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін”.
Айт намазына жаяу барғанның сауабы мол. Сонымен қатар, мешітке бір жолмен барып, басқа бір жолмен қайту да айт мерекесінің әдебі. Бұл жөнінде ғалымдар Пайғамбардың ﷺ айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Олардың арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалаған, немесе екіжүзділерге Исламның күші мен ұлылығын көрсеткісі келген, Қиямет күні әр басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалаған деген жорамалдар бар.
Құрбан айт намазы ертерек оқылса, Ораза айт намазы сәл кешірек оқылады. Ораза айт намазын кейінге іргелітудің даналығы мұсылмандар пітір садақасын кедейлерге асықпай беріп алсын деген ойдан шыққан. Ораза айттың хадистерде «Ғид-у-лфитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар бұл күні мұсылмандар марқұмдарын да еске алып, Алладан оларға шапағат тілеп, дұға етеді.
Айт күндерінде мерекелі тәкбірлер айту да уәжіп. Бұл жайында Имам әз-Зухри былай деп баяндайды: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын”.
Міне, осы шарттарды орындау арқылы Айт мерекесін мәнді өткізуге мүмкіндік аламыз.
Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразамызды қабыл етіп,
баршамызға екі дүние бақытын нәсіп еткей!
[1] «Бақара сүрес»і, 183-аят.
[2] http://www.muslim.kz/kk/article/731-orazadan-keiingi-on-kenes.html
[3] «Тәубе сүресі», 60-аят
[4] Әбу Дәуіт хадистер жинағы.
[5] Әли Имран 92-аят.