Көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйлығы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы.
Әрбір саналы мұсылман баласы көркем меніздің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Солардың бірегейіне тоқталар болсақ:
Пайғамбар ﷺ жанұясымен:
Пайғамбарымыз ﷺ адамзатқа жанұямен қандай қарым-қатынаста болу керек екендігі жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсетіп кеткен. Пайғамбарымыз ﷺ әйелдеріне ерекше құрмет көрсете білген адам. Өзінің хадисінде:
خيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي
«Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын»[1] деген.
Пайғамбарымыздың ﷺ әділдігі:
Пайғамбар ﷺ адамдардың ішінде ең әділі еді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
يَا أَيّهَا الّذِينَ آمَنُواْ كُونُواْ قَوّامِينَ بِالْقِسْطِ شُهَدَآءِ للّهِ وَلَوْ عَلَىَ أَنْفُسِكُمْ أَوِ الْوَالِدَيْنِ وَالأقْرَبِينَ
«Уа, иман келтіргендер! Алла разылығы үшін куәлікке жүргенде, тіпті өздеріңнің ата-аналарыңның және туған туыстарыңның зиянына болса да, қара қылды қақ жарған әділ болыңдар».[2]
Пайғамбарымыз ﷺ заманында Бану Махзум тайпасынан болған бір әйел ұрлық жасаған кезде артынан руының ұлықтары келіп, үкімді іске асырмауын өтініп, кешірім жасауын сұрайды. Сол кезде пайғамбарымыз ﷺ ашуланған күйде: «Жаным құзырында болған Алламен ант етейін, егер оның орнында Мұхаммедтің қызы Фатима болса, сол үкімді іске асырар едім»[3] деген еді.
Пайғамбарымыздың ﷺ сөйлеу әдебі:
Алла Елшісінің сөзі анық әрі, нық шығатын. Тыңдаушы адам тез түсініп, жаттап алатындай халде болатын. Бұл жайында Айша анамыздан сұралған кезде:
كانَ يَتَكَلَّمُ بِكَلَامٍ بيِّنٍ فَصْلِ يَتَحَفَّظُهُ مَنْ جَلَسَ إِلَيْهِ
«Пайғамбарымыз ﷺ бір нәрсе жайында айтса, анық, үзіп айтатын қасындағы адам жаттап алатын»[4].
Пайғамбарымыз ﷺ балалармен қарым-қатынасы:
Әнастан жеткен хадисте:
كانَ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَمُرُّ بِالصِّبيانِ فَيُسَلِّمُ عَلَيْهِمْ
«Пайғамбарымыз ﷺ балалардың қасынан өтіп бара жатқан кезде амандасып өтетін»[5].
Намаз оқып тұрғанда егер баланың жылағанын естісе, анасы уайымдай ма? деп, намазын тез аяқтайтын.
Пайғамбардың ﷺ мейірімділігі мен кешірімділігі:
Алла Тағала Құран кәрімді сүйікті елшісі жайында:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«Уа, Мұхаммед!» Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік[6].
Пайғамбарымыз ﷺ саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде оларға қарсы дұға жасамаған.
Пайғамбарымыздың ﷺ қарапайымдылығы:
Пайғамбарымыз адамдардың ішінде өте қарапайыдысы еді. Ол байдың да кедейдің де шақыруын қабыл алатын. Пайғамбарымыз ﷺ:
لَوْ دُعِيتُ إِلى ذِراعٍ أَوْ كُراعٍ لَأَجَبْتُ ، وَلَوْ أُهْدِيَ إِليَّ ذِرَاعٌ أَوْ كُراعٌ لَقَبِلْتُ
«Мені қойдың жамбас етін пісіріп шақырса да, сирағын асып шақырса да, жауап берер едім және сыйға тартылса, қабыл етер едім.»[7] деген екен.
Бұл жерде «курағ» еті жоқ құр сүйекті айтып отыр. Адам үшін сыйлықтың сапасы оның құны емес маңыздысы адамның сол сыйлық тарту еткендегі ізгі ниеті мен пейілі.
Пайғамбарымыздың ﷺ уәдеге беріктігі:
Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде:
اِضْمِنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ ، أَضْمَنُ لَكُمْ الْجَنَّةَ : اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ، وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ، وَأَدُّوا إِذَا اُؤْتُمِنْتُمْ، وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ، وَغَضُّوا أَبْصَارَكُمْ، وَكَفُّوا أَيْدِيَكُمْ.
«Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар»[8], деді.
Көркем мінездердің патшасы тақуалық – Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан қашу арқылы Оның азабынан сақтану дегенді білдіреді. Тақуалық – иманнан кейін тұратын мүмінге ғана тән дара қасиет.
Тақуалық шынайы қорқыныш пен кіршіксіз махаббатты қоса қамтиды. Қорқу біржақты болмайды. Алладан қорқу Оны терең танып-білуге жетелейді. Бұл – адамның әртүрлі жаман қасиеттерден, індет көзі тәкаппарлық, қызғаныш пен көреалмаушылық секілді және тағы басқа да күнәлардан тазарып, парыздар мен сүннеттерге, бүкіл асыл қасиеттерге ие болу деген сөз. Міне, тақуалықтың ең жоғарғы дәрежесі – осы.
Алла Тағала былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ
«Уа, мүміндер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер»[9].
Оразадағы мақсат адамның тақуалық шыңын бағындыруы. Бұл барлық құлшылық түрінде болуы ләзім сипаттардың бірі.
Басқа бір аятта:
«Оның (құрбандықтың) еті де, қаны да Аллаға бармайды. Тек сендердің тақуалықтарың ғана Оған барады»[10] – дейді. Бұл аяттан біз кез келген құлшылықтың Алла тағалаға тигізер еш пайдасы жоқ, адамның сол құлшылықта жасағандағы тақуалығына байланысты екенін байқадық.
Атақты хадисте: «Алланың Елшісі ﷺ бізге көзге жас, жүрекке тебіреніс беретін әсерлі бір уағыз айтты. Біз: «Ей, Алланың Елшісі, бұл қоштасып жатқан адамның уағызындай болды ғой. Ендеше, бізге нені өсиет етесіз?» – дедік. Ол былай деді: «Сендерге Алладан қорқуды, сондай-ақ, қара нәсілді бір құлды басшы етіп тағайындаса да, тыңдауды және мойынсұнуды өсиет етемін…», деді.[11]
Атақты сахаба Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) тақуалықты былайша түсіндірген:
التقْوى هِي الْخَوْفُ مِنْ الْجَلِيلِ ، وَالْعَمَلُ بِالتَّنْزِيلِ ، وَالْقَنَاعَةُ بِالْقَلِيلِ ، وَالْإِسْتِعْدَادُ لِيَوْمِ الرَّحِيلِ
Тақуалық – ол Жаратушыдан шынайы қорқуың, Құран мен сүннетке амал жасауың, азға қанағат қылуың, соңғы сапарға дайындығың.
Тақуалық жемістері:
1-Алланың махаббаты нәсіп болады, Алла Тағала:
«Шүбісіз Алла тақуа жандарды жақсы көреді»[12].
2- Алланың екі дүниедегі мейірімділігі, Алла Тағала:
«Хақ тағала: «Азабымды қалаған құлымның басына келтіремін, ал рақымым болса, бар нәрсені қамтиды. Сондықтан рақымымды тек тақуалық аясында өмір сүретіндер, дүние-мүліктерінен Алла жолында һәм мұқтаждарға жұмсайтындар және барлық аяттарымыз бен өздеріне көрсетілген мұғжизаларымызға иман келтіргендеге ғана жазамын» деп айтты»[13].
3-Алланың жәрдемі, Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Расында, Алла азабынан қорыққан құлдарымен әрі Хақ тағаланың, өздерін көріп, бақылап тұрғанын жадында ұстап үнемі игі істер істейтін ізгі жандармен бірге»[14].
4-Алладан қорыққан құлдарға Алла жол көрсетіп, ойламаған жерден ризықтандырады, Құран Кәрімде:
«Кімде-кім Алладан шынайы қорықса, тығырықтан шығар жол ашып береді. Сондай-ақ оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді»[15].
5-Алланың достығы нәсіп болады, Құран аятында:
«Алла тақуа жандардың жанашыр досы»[16].
6– Тақулардың ізгі амалын Алла қабыл етеді, Құран Кәрімде:
«Расында Алла тақуа құлдарынан ғана қабыл алады»[17].
7- Күнәлары кешіріледі, Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Уа, иман келтіргендер! Ендеше Алладан лайықты түрде
қорқып, Оған қарсы келуден сақтаныңдар және әрдайым жібі түзеу сөз айтыңдар!
Сол арқылы Алла істеріңді түзу қылып, күнә-қателіктеріңді кешіреді»[18].
[1] Тирмизи хадистер жинағы
[2] «Нисә» сүресі, 135-аят.
[3] Муслим хадистер жинағы.
[4] Бұхари хадистер жинағы
[5] Бұхари хадистер жинағы
[6] «Әнбия» сүресі, 107- аят.
[7] Бұхари хадистер жинағы
[8] Ахмад хадистер жинағы.
[9] «Бақара» сүресі, 183-аят.
[10] «Хадж» сүресі, 37-аят
[11] Тирмизи хадистер жинағы
[12] «Тәубә» сүресі 4-аят.
[13] «Ағраф» сүресі, 156-аят.
[14] «Нахл» сүресі, 128-аят.
[15]«Талақ» сүресі, 2-3 аяттар.
[16] «Жәсия» сүресі, 19-аят
[17] «Мәидә» сүресі, 27-аят.
[18] «Ахзаб» сүресі, 70-71 аяттар.