Тәуелсіздік жылдары ғана дәстүрлі ислам діні тұрғысындағы сөздерді мешіттерден бөлек теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі еститін болдық. Бұл кешегі қыспақтан шыққан дінімізге деген тәуелсіздіктің жаңаша көзқарасы екеніне дау жоқ. Ал осы «дәстүрлі» деген сөздердің астарында қаншалықты мән-мағына жатқанын көпшілік біле бермейді. Неге бұлай нақтылай сөйлейміз?
Бұған басты себеп, соңғы кездері әлемде болып жатқан діни экстремизм деген жан түршігерлік жағдайлардың орын алуы болып отыр. Шын мәніне келгенде, экстремизм мен лаңкестік әрекеттерді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстыруға болмайды. Себебі, экстремизм, лаңкестік әрекеттер ислам дініне ғана емес, әлемдегі кез-келген дәстүрлі діндердің бір де біріне ешқандай қатысы жоқ, жат іс-әрекет болып саналады.
Дәстүрлі дегенде ислам діні тарихына бір сәт назар салайықшы. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі Құранның «Мәида» сүресінің үшінші аятын оқып «Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тәмамдадым. Сондай-ақ сендерге ислам дінін қоштап ұнаттым» деп айтқан. Қазақ халқының, Қазақстанды мекен еткен басқа түркі тектес этностардың ұстанатын ислам діні «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретіні баршаға аян.
Ислам тарихының алғашқы кезеңінде ислам тек қана Араб түбегінде таралғаны белгілі. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден өткен соң, Құранның әрбір аятының қашан, қайда, неге байланысты түсуі себептерін және хадисті жақсы білетін ұлық сахабалар Құран мен хадиске сүйене отырып, ижтиһат (Ижтиһад – ғалымдардың белгілі бір мәселеде құран, хадис, ижмағ, қиас секілді шариғи қайнар көздерден діни үкім шығаруы) қылып, діннің таралуына зор үлестерін қосқан. Осылай, ислам діні кең қанат жайып, көптеген ұлттар мен ұлыстар дінді қабылдап, сахабалар әдет-ғұрып, жер-су жағдайларына байланысты туындаған сан алуан мәселелерге нақты шешім шығарып үкімін беріп отырған. Мысал келтірер болсақ, көпшілікке кеңінен таныс Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің сахабасы Муғаз бин Жабалды р.а. елші қылып және қазылық қызметіне тағайындап, Йеменге жіберердің алдында Муғаздан «қалай үкім шығарасың» деп сұраған екен. Сонда елші: «Бірінші жауапты Құраннан, егер таппасам Сүннеттен, одан да таппасам, Құран мен Сүннетке сүйене отырып өзім ижтиһад қылып шешім шығырамын» деген екен. Бұндай жауапқа разы болған Пайғамбар (с.ғ.с.) елшіні бауырына басып құшақтап ризашылық танытқан екен.
Сахабалардың кезеңінен бастап-ақ дінді үйрететін мәзһабтар құрылды. Олардың ең алғашқылары қатарына Абдулла ибн Омар, ибн Аббас, Айша, Абдулла ибн Масғуд секілді саңлақ сахабалар құрған ислам негіздерін оқытып үйрететін мектептер болған. Бұлардан кейін келген табиғиндер заманында да Медине қаласында Саид бин Мусаяб, Куфада Ибраһим Нахаи, Альқама бин Масғуд, Басрада Хасан әл–Басри тағы басқа мәзһабтар бой көтерді. Соңғы кездері ислам тарихын жете білмей, «мәзһабтардың» шығу тарихын танымал болған төрт мәзһабпен ғана шектеп түсініп жүргендер де кездеседі. Көпшілігі көне кітап беттерінде ғана атаулары қалған, сол кезеңдегі аһли сунна жамағатында оннан аса мәзһабтар болғанын біле бермейді. Неге қазір төрт мәзһабты қана атаймыз? Бүгінгі күнге жеткен төрт мәзһабтың қалу себебі -толық шариғат талаптарына сай, фиқһ тағы да басқа шариғат ережелерін сақтай отырып, өз дәлелдерін халыққа терең түсіндіре білуде.
Осы жерде айта кетер жайт аталмыш мәзһабтарды дін атын жамылып, өзінің саяси мақсатына қолданған ағымдармен шатастыруға болмайды. Ал осы мәзһаб сөзі араб тілінде «бағыт», «жол» деген мағынаны бiлдiредi. Ал ислам құқық зерттеушiлерiнiң терминологияларында «мәзһаб» деп толық мужтаһидтік дәрежеге жетіп Құран және Сүннеттерді зерттеп, салыстырып, ижтихад қылып, олардан үкім алу жолдарын үйретіп, бағыт-бағдар көрсететін жолды айтады. Қорыта айтқанда, ең жоғарғы дәрежеге жеткен ғалым мужтаһид, оның үйретуші мектебi – мәзһаб деп аталады. Біріншіден, мәзһаб тек қана бiр ғалым-негiздеушiсiнiң еңбегi ғана болып табылмайды, ол негiзгi қағидаға және мужтаһид имамның көрсеткен жолдарын ұстана отырып осы мәзһабқа қосқан басқа да ғалымдардың еңбегінен де құралады. Бірақ, бұл жерде белгілі бір мәзһабтың, яғни өзі ұстанған мәзһабының ішінен шыққан мәзһаб мужтаһидін толық дәрежеге жеткен мужтаһидпен салыстыруға болмайды. Екіншіден, мәзһабты ұстану – бұл тек имамның ойлау жолымен келген тұжырымына ғана емес, қасиеттi аят, хадистерді түсiну жолдарына сүйену дегенді білдіреді.
Сан ғасырлардан бері кең байтақ даламызды ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, бір Құдайға сыйынып, дінім ислам, кітабым Құран деп дін істеріндегі жетекші Имам Ағзам көрсеткен бағытты ұстанып, қарапайым да тыныш, ынтымақ пен бірлікте өмір сүргеніне тарих куә. Бүгінгі тақырыпқа арқау болған дәстүрлі ислам яғни, Әбу Ханифаның ислам дінін түсіндірудегі көрсеткен сара жолы сан этностардан құралған халқымызға тиімді де ыңғайлы болып, ұлтымыздың өзіне тән табиғаты мен тұрмыс тіршілігімен тығыз байланысып, қазіргі уақытқа дейін жалғасын тауып келеді. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Жеңілдетіндер ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар» деген хадисі және әр халықтың әдеп-ғұрыптарын сақтап дінді түсіндіруі бұның басты себебі болып табылады.
Шынымен, Құранның түсуі, хадистің айтылу кезеңдері белгілі бір шектеулі уақытты қамтыған болатын, ал, күнделікті болып жатқан өмірдегі оқиғалар, шешімін күткен жаңа мәселелер тоқтаусыз туындап жатады. Қарапайым халықтың болып жатқан жағдайларға ислам дінінің қайнар көздерінен өздері шешім шығарып, сұрақтарына жауап таппасы анық. Сондықтан еліміздегі мұсылман қауымы Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады, өйткені қаншама дәлелдер келтіріп, Құранның түсу себептерін, үкімдерін тіпті аяттағы әрбір әріптерге жеке тоқталып кейін дәлел ретінде хадистерден, ижмағ, қиас тағы басқа негіздерге сүйене отырып дәлел келтіріп қана қоймай, басқа да мәзһабтардың алдында келтірген дәлелдерін салыстырып дәлелдеу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сахабалардың көзін көріп, солардан тәлім алған, толық мужтаһидтік дәрежеге жеткен ұлы имамның көрсеткен жолынан басқа жол іздеу қазіргі таңда адасқандық болады. Сан ғасыр қызмет еткен, алда да қызмет ете беретін Әбу Ханифа бағытының құндылығы да осында. 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның кіріспесіндегі ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлінің атап көрсетілуі жайдан-жай емес.
Ұлы имамның өмір тарихына тоқталсақ сүнниттік бағыттағы Ханафи мәзһабының негізін қалаған, жалпы халыққа Имам ағзам Әбу Ханифа атымен танымал болған Нуғман бин Сабит, Куфа қаласында дүниеге келіп, хиджра жыл санауы бойынша 80 – 150 жылдары өмір сүрген. Қысқаша айтқанда, 52 жыл Омауилер билігі кезінде, 18 жыл Аббасидтер халифаттығы кезеңінде өмір сүрді. Әбу Ханифа табиғиндерден саналады. Өйткені сахаба Анас бин Мәликті көріп, одан «ғылым үйрену барлық мұсылмандарға парыз» деген хадисті жеткізген деленеді. Сондай-ақ әл-Харам мешітінде сахаба Абдулла бин Харис аз-Зайдимен кездесіп одан мына хадисті: «Дінде кім фақих болса, Алла тағала оларға жақсылық және еш өлшеуі жоқ ризық берді» деген хадисті жеткізген. Осы орайда Мұхаммад пайғамбардың (с.ғ.с.) хадис шəрифінде: «Үмбетімнің ең қайырлылары – менің ғасырымда өмір сүргендер. Олардан кейінгі қайырлылар – олардан кейін келгендер. Олардан кейін қайырлы болғандар – солардан кейін келгендер» делінген. Бұл хадис сахабалардан кейін келген табиғиндердің басқа мұсылмандарға қарағанда дәрежелерінің қаншалықты жоғары екендігін айқын көрсетеді. Одан өзге, «Аллаһ кімге игілік қаласа, соған дінді дұрыс түсінуді нәсіп етеді» деп айтқан хадисі де еріксіз еске түседі.
Әбу Ханифа мәзһабының фиқх ілімін түсіндірудегі негіздерін екінші халиф Омардың Құран мен хадистерді талдап түсіндіру жолдарынан алды. Сонымен қатар, Әбу Ханифа төртінші халиф Әлидің ислам халифаттығын Куфа қаласына көшіруін, кейінен осы орталықтан шыққан шариғат үкімдеріне сай алынған пәтуалар мен мәселелерді кеңінен пайдаланды. Әбу Ханифа Хамад бин Аби Сулейман, Ибраһим Нахаи, Алқама ән-Нахаи сияқты ұстаздарынан ілім алған. Бұған қоса Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ұлық сахабаларынан болған Құранға ең алғашқы тәфсир жасаушылардың бірі саналатын, Ирак еліне фиқх ілімін таратудағы бірінші ұстазы Абдулла ибн Масғудтың толықтай көрсеткен ұстанымдарын алған.
Әбу Ханифа мәзһабының ең маңыздылығы тек фиқх мәселесіндегі негіздермен тоқталып қалмай, сол кезеңдегі сенім, тағдыр, тұрғысында Хауариж, Муғтазила, Парсы философиясы секілді күрделі тақырыптарды қамтыған ой-пікірлеріне ұтымды дұрыс жауаптар беріп отырды.
Ислам әлемінде бес жүз жылдан аса уақыт осы Ханафи мәзһабының негізінде көптеген пәтуалармен мәселелердің шешімі шығарылды. Бұның басты себебі Ханафи мәзһабын тарқатқан Имам Əбу Юсуф, Мұхаммед Шайбани, Зуфар бин Хузайл жəне Хасан бин Зияд секілді өз мәзһабтарының ішінде мужтаһидтік дәрежеге жеткен атақты шəкірттері болды. Кейбір қолжазба деректерде имамның көзі тірісіндегі дәріс алған шәкірттерінің өзі қырық мыңның үстінде болған делінеді.
Өткенді саралап, қазіргі таңдағы Қазақстандағы діни жағдайларға оралсақ, халқымыз егеменді ел болып, өз тәуелсіздігіне қол жеткізгендігіне екі онжылдықтың жүзі болды. Осы уақыт аралығында қол жетген жетістіктеріміз де, жіберген кемшіліктеріміз де жоқ емес. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары елімізге ислам дінін бетперде қылып, өздерін нағыз дінді таратушымыз дейтін ағымдардың енуі.
Бүгінгі күні жастардың дінге деген кызығушылықтарын ескерсек, мешіт имамдарының айтылып жатқан уағыз-насихаттарына қарамастан кейбір жастарымыздың теріс пікірде жазылған интернет сайттарынан, кітапшалардан, т.б. оқып-үйренуі олардың діни ілімдеріне, психикалық ой-өрісіне, сана-сезіміне әсер етіп, ұлттық рухани бағытта өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретін жағдайларға алып келуде.
Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында, Қазақстандағы псевдоисламдық ағымдарға қарсы ата-бабаларымыздың ежелден ұстанып келе жатқан, исі қазақ халқымыздың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен біте қайнасқан имам Ағзам мәзһабын негізге ала отырып, рухани сауаты жоғары, білімді жастарымызды көбейту үшін ұлттық рухымыздың мәйегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ғұламалардың жазған еңбектерін кеңінен пайдалануымыз керек. Осылайша, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тура жол көрсетіп, ел тізгінін қолына алар жастарымыздың көздері ашық, көкірегі ояу болуын қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар олардың қоғамға қаншалықты зиянды жақтары бар екендігін айтып түсіндіргеніміз абзал. Өйткені, еліміздегі теріс діни ағымдардың көбеюі, осы ағымдарға кірген бауырларымыздың бір-біріне және қоғамға көзқарастарының және ой-пікірлерінің, іс-әрекеттерінің сол тараптан басқарылуы халқымыздың бейбіт тіршілігі мен сан ғасырлардан бері қолданып келе жатқан салт-дәстүрлерімізге, сонымен бірге Ханафи мәзһабының жолын ұстаған діни ұстанымымызға орасан зор зиян келтіреді.
Алла тағала Құранның «Бақара» сүресінде «дінде зорлық жоқ» деген аят келтірген, бұл, біріншіден, ислам дініне зорлықпен тартуға болмайтындығын білдіреді, екіншіден, қабылдайтын болса, әркім мұсылмандықтың қандай түрін болса да қабылдасын, қалаған жолды ұстасын деген түсінік емес, ежелгі тарихы мен теориялық негіздері бар ұстанымды таңдау қажеттігін білдіреді. Біздің сөз басында «дәстүрлі ислам діні» деуіміздің мәні де осында.
Ал исламды қабылдаған кісілер дінінің қойған талаптары мен шарттарын, бұйрықтарын орындап, мұсылмандар арасында топқа, жікке бөлінбеу әрқайсысына міндет болып табылады. Әрбір адам өз елінің азаматы ретінде, өз мемлекетінің, қоғамның және келешек ұрпақтың тыныш өркендеп өсіуіне, болашағына жауапты екендігін естен шығармауы қажет. Сонда ғана қазіргі таңда әлемде кең етек алып отырған індеттерпен күресіп, теріс, арам пиғылдағы идеология мен саясатқа, ланкестік әрекетердің қанат қағуына жол бермейтін боламыз.
Дүйсенбай Кенжетай қажы
БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,
ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы,
«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы