Діни алауыздықтың (фитна) шығу себептері мен оның саяси астары

Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі,  бірінші кезекте экономикалық, табиғи рисурстарына емес ішкі тұрақтылығына, ауызбіршілігіне байланысты. Мемлекет өте кедей болуы мүмкін алайда айрандай ұйыған ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында  кез келген қиыншылықтарды жеңеді. «Байлық байлық емес, бірлік байлық» демекші қазақ халқының басына түскен талай қысылтаяң кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. Ал жүз-жүзге, ру-руға, ұлыстарға бөлініп, әркім өз пайдасын көксегенде кесапатқа, жаудың қолынан қырғынға ұшыраған. Аллаһ тағала Құран кәрімде:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

Бүлік (фитна), кісі өлтіруден қиын[1].

Ақиқатында, бүлік (фитна) ислам үшін де, мұсылмандар үшін де көптеген апаттардың себебі болып табылады. Сондықтан да бүліктен Аллаһ, Оның пайғамбары (с.а.у) алдын ала ескерткен.  Аллаһ тағала былай деген:

وَاتَّقُوا فِتْنَةً لَّا تُصِيبَنَّ الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنكُمْ خَاصَّةً ۖ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ

«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар!»[2]. Пайғамбарымыз (с.а.у) мына хадисі жоғарыдағы аятты толықтыра түскендей:

 

«هَلْ ترون ما أرى?» قالوا: لا، قال: «فإني لأرى الفِتَنَ تقع خِلالَ بيوتكم كَوَقْع المطَر».

«Сендер мен көріп тұрғанды көре аласыңдар ма?! Мен сендердің үйлеріңнің арасында жаңбыр сияқты бүлік-фитна жүргенін көріп тұрмын»[3] дегенін келтіреді.

ьььббб

Қиямет жақындаған кезде фитналардың көбейетіні жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у) да ескерткен болатын:

يتقارب الزمان وينقص العلم ويلقى الشح وتظهر الفتن ويكثر الهرج

Қиямет жақындағанда ілім азайып, сараңдық көбейеді, фитналар пайда болып, өлім етек алады[4].

Шынымен де соңғы жүзжылдық бүлік пен кісі өліміне толы, соғыс жүзжылдығы деп атануға лайық. 1914- жылғы бірінші Дүниежүзілік соғыстан бастап, отызыншы жылдардағы қолдан жасалған аштық, қазақтың бетке ұстар тұлғалары, қаймағы атанған Сәкен, Ахмет, Бейімбеттердің нақақтан нақақ атылуы, екінші дүниежүзілік соғыс, желтоқсан құрбандары оның барлығы осы жүзжылдықтың еншісіндегі қазақ басына төнген кесапат. Бұл еліміздің бостандығы, тәуелсіздігі жолында жасалған ерекше құрбандық. Аллаһқа шүкір тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Тәуелсіздікпен бірге асыл дініміз, тіліміз қайта оралды, бүкіл табиғи байлықтарымызды игеруге мүмкіншілік алдық. Кезінде КСРО да аты беймәлім, көлеңкеде болған Қазақстан әлемге әйгілі болып, алпауытты мемлекеттердің санасар дербес, өзіндік шекарасы бар, жер көлемі бойынша әлемде ойып тұрып, тоғызыншы орын алатын еліне  айналдық. Бұның барлығы әрине Аллаһ тағаланың мейірімділігі мен бабаларымыздың дұғасының арқасында.

Бұрынғы КСРО мемлекеттерінің көпшілігінде соғыс алаулары тұтанып, ішкі тұрақтылыққа сызат түссе, жүзден аса ұлыс өкілдері орналасқан қазақ елінде тыныштық орнады. Сол кездегі көптеген сарапшылар Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына күмәнмен қарап, кейбіреулер тіпті болашағына балта шапқан болатын. Дегенмен сындарлы тоқсаныншы жылдардан сүрінбей өтіп, жарқын болашаққа қарыштап қадам басты. Бұған негізгі  себеп Аллаһтың қалауымен нәсіп болған Қазақстан қазба байлықтары және мемлекет басындағы тұлғалардың жүргізген ұшқыр саясаты.

Бүкіл Менделеев таблицасының элементтері біздің кең байтақ елімізден табылады. Сонымен қатар әлемдегі үлесі де ауқымды.

2-сурет. Қазақстандағы негізгі қазба байлықтары

Бұл сандар әрине бізге ғана емес барша әлемге белгілі, және сол байлықтан үлесті болуға да кез келген мемлекеттің мүддесі бар.Осыншама байлықтың үстінде отырған 17 млнға жетер жетпес қазақтың маңдайына біткен Аллаһтың берекетіне қызыға да қызғана қарары анық. Осыдан жарты ғасыр бұрын бұған иемдену тек соғыспен жүзеге асырылатын, алайда кәзіргі кезде ондай тәсіл жүзеге аспайды. Оған жету үшін арнайы тәсілді ойлап шығару қажет етті…

Қазақстан тәуелсіздігімен бірге қол жеткізген діні, тілі жыл өте дамып, мұсылмандыққа бетбұрушылардың саны көбейіп, қазақ елі рухани жағынан да баи түсті. Әрине бұл өз кезегінде қазақтың байлығына көз алартқан  мемлекеттер үшін кедергі еді. Өйткені адамдар жаппай дінге бетбұратын болса, Аллаһтың алдындағы, қоғамның алдындағы және жанұясының алдындағы міндетін түсінер еді. Рухани байыған адам бойын әлбетті арақ-шарап ішуден, ойын сауық орындарына бойын аулақ ұстар еді, парақорлық, несие алу азаяр еді. Ислам діні үйреткендей еліне, жеріне деген құрметі оянар еді.  Өйткені халықты рухани аздыру оның салдары көп ұзатпай аталған ұлтты дәрменсіз, әлжуаз етеді. Бұл тұста не істеу қажет?!  Бұған қол жеткізу үшін жалғыз жол ол адамдарды бір-біріне қарама-қарсы қойып, арасына от салу. Бұрынғы замандағыдай руара жанжал немесе халық арасында төре, қара халық деп бөлу мүлдем негізсіз. Сен ақсың сен қарасың дейтіндей, бізде қара нәсілді адамдар жоқ. Ең тиімді жол мұсылмандардың арасын жік-жікке бөлу, біреуінің сенгенін енді біреуі мойындамау, біреуді кәпірге шығарып, біреуді пасық қылу. Міне, осы тұста нағыз бүлік оты бастау алды. Біреуі бір ғалымды тыңдаса, енді біреуі жоқ ол адасуда өйткені ол арнайы ғалымдардан дәріс алмаған деп шықты. Осы кезде сұрақ туындайды бұл бүліктің басталуындағы түп-тамыры қайда жатыр деген?!

Өздеріңізге мәлім қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде дін ілімін аңсаған жастар жан-жаққа ағыла бастады. Сауд Аравия, Ливан, Түркия, Ливия, Египет, Марокка, Сирия, Пакистан  секілді ислам мемлекеттеріне барып, ислам дінін үйренді. Өз елінің дәстүрін, дінмен біте қайнаған әдет-ғұрыптарынан, ата-бабадан мирас болып, қалған асыл дінінен хабарсыз жастар дінмен бірге сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін де бойына сіңіріп, елге оралған соң қоғамда қарама-қайшылықтар туғызды. Мыңдаған жылдар қанға сіңген сол қанмен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан ислам дінін әп-сәтте жоққа шығарғандар шықты. Оларды ғасырлар бойы адасып келген деп пұтқа табынушы мүшріктердің деңгейіне апарып қойды. Осы тұста бір жанұяда бірінші ұлы сопы, екінші ұлы тәкфирші, үшінші ұлы таблиғ жамағатынан болып шыға келді. Еліміздегі мешіттерде бұрыш-бұрышта жеке дара өздері ислам насихаттап басқаны адастыға шығарды. Кейбіреулер жоғарыдан мемлекетті түбегейлі ислам мемлекетіне айналдыру керек десе, енді бірі жұпыны киініп, үйді-үйді аралап «кәлимә» айтқызды. Әрине тәуелсіздік таңы атқан 90-жылдары діни білім алған имамдарымыз да аз еді. Рухани шөлдеген халықтың талабына төтеп бере алмады. Есесіне оның жауабын шетелден білім алған жастар беріп бауырларына басып өздеріне қаратып алды. Міне осыдан халық арасында әртүрлі жамағаттар, ағымдар пайда болды. Ағымдар өз кезегінде материалдық тұрғыда өте қауқарлы, өйткені шетелде олардың қуатты демеушілері болатын. Аузында құраны бар әрбір азаматты періште санайтын біздің ұлт оның парқына терең үңілмеді, мұсылманшылдыққа бет бұру басты мақсат болды. Ағымдардың жетегіне өздері ергеннен кейін өздерінің жақындарын да соған тартты. Өздері келіп еті сенікі, сүйегі менікі деп сенім үмітімен тапсырған балалары кейін уақыт өте өздеріне қарсы шықты. 2010-жылдары жиырма жыл өтпей еліміз діни топтармен секталардың ордасына айналды тәкфіршілер, уахабисттер, таблиғ жамағаты, хизбуттахрир, ахмадия жолын ұстанатындардың саны көбейіп, қоғам шытынап шыға келді. Осылардан тәлім алған ізбасарлары елімізді біраз дүрбелеңге салып, оның соңы жарылыстар, кісі өліміне, шетел асып соғыс алаңдарында жандарын тапсырумен аяқталды. Арамшөпті қанша жұлсаң да тамырымен жұлынбаса қайтып шығары мәлім. Бұл ағымдар елімізде нағыз бүліктің бастамасы болып отыр. Әрине олар өздерінің әдістерін оларға да қолданғанын қалайды. Алайда оламен күресудің жалғыз жолы – ол ілім.

Елімізде Аллаһқа шүкір кәзіргі таңда діни білім алам деушілерге барлық жағдайлар жасалған. Ат терлетіп, шетел асудың қажеттілігі жоқ. Осы уақытта елімізде 1 жоғарғы оқу орын, 9 медресе, 2 қарилар дайындайтын орталық бар. Аталмыш оқу орындарда еліміздің білікті діни мамандары ұстаздық қылады, сонымен қатар араб тілін меңгеру үшін араб мемлекеттерінен ұстаздар арнайы келіп, дәрістер жүргізеді.  Бітірген дін мамандар еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттерде қызмет атқарады. Өзге елге барып, жатбүйрек болмаудың жалғыз жолы – алғашқы діни білімін еліміздің оқу орындарында қалыптастыру. Кезінде медресе көрген, араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген бабаларымыз Абай, Шәкәрімдер елде жүріп данышпан атанған. Қазақ даласында неше түрлі даулар болған, жер дауы, жесір, дауы, ру дауы…. алайда діни алауыздық дін дауы болған емес. Қазақтың тоз-тоз болып, шашырап кетпеуінің себебі де осы асыл дініміздің арқасы. Сол үшін дінімізді қастерлейік, көлденең келген көк аттының сөзіне ілеспей, ауызбіршілігімізді сақтайық, бірлігі жарасқан ел болайық

 

[1] Бақара сүресі, 191-аят

[2] әл-Әнфәл сүресі, 25-аят

[3] Бұхари хадистер жинағында келген

[4] Бұхари хадистер жинағында келген

 

Return to Top ▲Return to Top ▲