Өскеменде «Қариялардың II өңірлік форумы» өтті (ФОТО)

Халықаралық қарттар күні қарсаңында ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында «Қариялардың өңірлік  II форумы» болып өтті.

Алқалы басқосуға ҚМДБ Діни істер бөлімінің басшысы Камалжан Тұрдыбаев, Шәриғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары Сансызбай Шоқанов, қала, аудан имамдары, «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, облыстық Ардагерлер кеңесінің  төрағасы Жаңабай Ашимов, облыстық Дін істері басқарамасының бөлім басшысы Айтқұрман Тұрғанбаев қатарлы ресми тұлғалар қатысты.

Сонымен қатар жиынға арнайы шақырумен Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Бас мүфтиі Жанболат қажы Оқтаубаев келді.

Форумға Өскемен өңірі бойынша  қала, аудандардан барлығы 150-дей ақсақал жиналды.

«Рухани жаңғырудағы қариялардың рөлі» деген атпен өткен бұл форумда рухани жаңғырудағы ақсақалдардың орны, ұлттық кодты сақтау, озық дәстүрлерді насихаттау қатарлы келелі бастамалар талқыланды.

Шара екі бөліммен ұйымдастырылып, облыстық «Халифа Алтай» мешітінде болған I бөлігінде ҚМДБ-дан шығарылған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітаптың таныстырылымы өтіп, ұлттық салт-дәстүрге байланысты рәсімдер зерделенді.

«Жерлеу рәсімдерін бірізділіке салу мақсатында Діни басқармадан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап басылған болатын. Осы кітапты таныстыру, халыққа кеңінен насихаттау бүгінгі таңдағы басты міндет болып отыр. Бұл орайда ақсақалдарымыздың рөлі аса зор. Ауыл-аймақтың ақылшы ақсақалдары жаназа және жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру ісіне бастамашы болып, Діни басқарманың бастамасын қолдауы керек. Біз бұл шараларды рухани жаңғыру аясында осы жиынның басты мақсаты ретінде белгілеп отырмыз» деп атап өтті, жиынның ашылуында ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы.

Бұдан соң ҚМДБ бөлім басшысы К.Тұрдыбаев сөз сөйлеп, ел бойынша жаназа мен жерлеу рәсімдерін бір жүйеге түсірудің  уақыты жеткендігін айта келе, Діни басқармадан осы бағытта белгіленіп отырған шараларға тоқталды.

Жиында сөз алған Шәриғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары Сансызбай қажы Шоқанов Жаназа мен жерлеу рәсімдері жайлы аталған кітаптың маңызын жан-жақты талдап, түсіндірді.

Басқосуда Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Бас мүфтиі Жанболат қажы Оқтаубаев сөз сөйлеп, екі жақты қарым-қатынастың маңыздылығы жайлы айта келіп, осындай игі бастамаларға үнемі шақырып, ортақтастырып келе жатқан ҚМДБ-ға, Өскемен аймағы өкілдігіне алғысын білдірді. Ол сонымен қатар «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын Алтай Республикасындағы қандастарымыз да негізе алып, қолданатындығын жеткізді.

Шара барысында жиынға қатысқан қариялар  сауалдар қойып, ұсыныс- пікірлерін ортаға салды.

Жиында ҚМДБ Өскемен аймағы өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы мәйітхана салу, бірыңғай табыт, кебіннің жаңа үлгілерін таныстырды. Өкіл имамының құнды ұсынысы жиынға қатысқан ақсақалдар тарапынан бірауыздан мақұлданды.

Жиынның келесі бөлігі Д.Серікбаев атындағы ШҚТМУ ғимаратының мәжіліс залында өтті. Форумның бұл бөлігінде зайырлылық және рухани жаңғыру құндылықтар сараланды.

Шарада ҚМДБ Бөлім басшысының орынбасары Сансызбай Шоқанов, «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы төрағасының орынбасары

Ә. Мұхтарханов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов және облыстық Дін істері басқарамасының бөлім басшысы Айтқұрман Тұрғанбаев сонымен қатар басқа да қариялар сөз сөйлеп, қариялар форумының өзектілігін айта келе, бұл форумның жыл сайын дәстүрге айналғандығын жеткізді.

Жиында Елбасының рухани жаңғыру бастамасы сараланып, құнды ұсыныстар мен бастамалар айтылды.

Форумының соңында руханият шараларына үлес қосып келе жатқан бірқатар қариялар ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай»

мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲