ХИЖРИ АЙЛАРЫ ЖАЙЛЫ МАҒЛҰМАТ АЛДЫ

Мешітіміздегі жуырда басталған әйелдерге арналған діни сауат ашу курсының сабақтары жүйелі өтуде. Шәкірттерге араб әліппесі мен тәжуид ережесін меңгертуден бөлек, әр түрлі ислами тақырыптарда дәріс беріледі.

Өткен аптада облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Диляром Бектаева шәкірттерге бірнеше тақырыпта пайдалы мағлұмат берді. Алғашқы топта ай күнтізбесі бойынша он екі айдың атаулары мен әр айдағы абзал амалдар, міндетті құлшылықтар туралы уағыз насихат айтылды. Соның ішінде, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген Рәбиул-әууәл айы, құлшылыққа ерекше құлшындыратын қос ай – Рәжәб бен Шағбанның шарапаты, бұл айда айтылатын дұғалар, пендені рухани кемелдендіретін Рамазан айының маңызы, Шәууәлдағы алты күндік оразаның абзалдылығы және қажылық айы Зулхиджадағы парыз не ұнамды болған амалдар жайында айтылды. Сондай-ақ, «Ашхурул хурум», яғни харам айлары деп аталатын Мұхаррам, Рәжәб, Зулхиджа мен Зулқағданың қасиеттілігі, бұл төрт айда соғысуға, зұлымдық жасауға тыйым салынғандығы тілге тиек етілді.

Кезекті сабақтың тақырыбы мұсылманша жыл басы саналатын Мұхаррам айы мен ондағы Ашура күнінің абзалдылығы турасында болды. Ұстаз Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы, Мұхаррам» деген хадисін тілге тиек етіп, бұл айда ораза ұстаудың абзалдылығына тоқталды. Әсіресе, қасиетті айдың оныншы Ашура күнінің бірнеше тарихи оқиғалармен байланыстығын тілге тиек етті. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл күні ораза ұстауды өсиет еткендігін, алайда, дәл осы үрдісті ұстанатын яһудилер қауымына ұқсамас үшін, кейінгі не алдыңғы бір күнді қосып, екі күн ораза ұстаудың абзал екедігін жеткізді.

Үшінші күні шәкірттер хадистерде келген нәпіл оразалар жайлы естіп білді. Мешіт ұстазы Диляром Бектаева Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері немесе ай туған күндері нәпіл ораза тұтқандығын, күнара ауыз бекіткен Дәуіт пайғамбарымыздың оразасының абзалдылығын айтты. Оразаның нәпсіні тәрбиелейтін ғибадат екендігі әрі денсаулыққа пайдасы туралы сөз қозғады. Сабақ барысында шәкірттер тақырып аясында сауалдарын жолдап, біліммен сусындап шықты.

 

 

  Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр»
мешітінің баспасөз қызметі

 

Return to Top ▲Return to Top ▲