ҚМДБ: облыс имамдарының жылдық есеп беру жиыны басталды

Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында облыс, өңір өкіл имамдарының есеп беру Төралқа мәжілісі басталды.2014 жылда республика бойынша атқарылған іс-шаралар есебін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы тыңдауда. Облыстың бас имамдары Діни басқарма басшыларына үгіт-насихат, оқу-ағарту, діни курстар, БАҚ-пен жұмыс, сайт жұмыстары, мешіт істері, қайырымдылық шаралар, жат ағымдармен жұмыс, т.б. бағыттар бойынша есеп беруде. Игілікті шаралар бейне ролик негізінде көрсетіліп, жан-жақты талқылануда. Есеп беру жиыны екі күнге созылады.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін қызметкерлеріне жат ағымда жүрген жастарды дәстүрлі дінге шақырудың тетіктері мен әдістері жайлы сөз қозғады. Биыл ҚМДБ жанынан құрылған Ақпарат-насихаттық тобы (АНТ) 356  620 кездесу өткізіп, 1 млн.  168 мыңнан астам тұрғындарымызға дін жайында халықтың көкейінде жүрген сұрақтары бойынша ақпараттарды жеткізді. Айта кетер жайт, 2014 жылы жат ағымда жүрген 450 адам дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын ресми мойындап, райынан қайтты.

Республика бойынша мешіттер жанындағы сауат ашу курстарында 22 592 адам діни білім алды.

Өзекті діни мәселелер бойынша, соның ішінде «тәкфіршілер», «хижрат», «жиһад» ұғымдары және қазіргі заман туралы 23 пәтуа шығарылды.

Қасиетті Рамазан айында 17 280 тұрмысы төмен отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді. Еліміз бойынша осы айда 550 447 адамға ауызашар беріліп, 480 рухани шаралар өткізілді.

Қазіргі уақытта ҚМДБ-ның құрылымында 3 967 діни мамандар қызмет атқарады.

ҚМДБ Баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲