ХАРИЖИЛЕР

Харижи – Исламда ең алғаш пайда болған діни адасқан ағым. Бұл ағымға ерушілер кәзіргі уақытта кейбір араб мемлекеттерінде кездескенмен олар саяси немесе діни ағым ретінде өз күшін жойған. Дегенмен тарихта аттары қалған. Бұндай аты қалса да заты жойылған ағымдар жайлы білу діни тұрақтылықты ізгі тұтқан  кез келген мұсылман пендесі үшін қажетті мәлімет.

Бұл ағым тарихы хазіреті Әли дәуірінде Сыффин соғысынан кейін Мағауиямен «тахкимді» (келісім) қабыл еткені үшін үлкен күнә жасады деп күпірлікпен айыптаудан басталады. Ақырында олар Әлидің әскерінен шығып өздеріне харижиттер (бөлініп шығушылар) деген атаудың таңылуына себеп болды. Олар бұл атауды қабылдағанмен басқаша түсініктеме береді. Олар Құран кәрімнің мына аятын дәлелге келтіреді:

وَمَن يَخْرُجْ مِن بَيْتِهِ مُهَاجِرًا إِلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ ثُمَّ يُدْرِكْهُ الْمَوْتُ فَقَدْ وَقَعَ أَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ

Сондай-ақ біреу үйінен Аллаға, Пайғамбарға бола шықса да, оған өлім жетсе, сонда оның бодауы Алланың өзіне тән болады.[1]

Осы аятты дәлелге алып, Аллаһ разылығы үшін жанұяларын тастап жиһадқа шықтық деп пайымдайды.

Бұл ағымның басқа да аттары болғанымен (Шурат, Харурия) харижи көпше түрі хауариждер деген атпен танымал.

Олардың сипаттары жайында Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбарак хадистерінде он шақты жерде келген:

يخرج منه قوم يقرؤون القرآن، لا يجاوز تراقيهم، يمرقون من الإسلام مروق السهم من الرَمِيّة.

Олардан бір қауым шығады құран оқида алайда оны толық түсінбейді, жебеден шыққан садақ оғы секілді исламнан тез шығады.[2]

روى الإمام البخاري في صحيحه عن الصحابي الجليل أبي سعيدٍ الخُدْري أنه قال: بينما نحن عند رسول الله وهو يقسم قسماً -أي يقسم مالاً-، إذ أتاه ذو الخويصرة، وهو رجل من بني تميم، فقال: يا رسول الله اعدل! فقال: ويلك! ومن يعدل إذا لم أعدل، قد خبتُ وخسرتُ إن لم أكن أعدل. فقال عمر: يا رسول الله ائذن لي فيه فأضرب عنقه؟ فقال: دَعهُ، فإن له أصحابا يحقر أحدكم صلاته مع صلاتهم وصيامه مع صيامهم -أي من شدة عبادتهم-، يقرؤون القرآن لا يجاوز تراقيهم  ، يمرقون من الدين كما يمرق السهم من الرمية..

Имам Бухари хадистер жинағында келген хабар бойынша Абу Сағид әл-Худри айтты: Бірде пайғамбарымыз бөліс жасап жатқан кезде Бану Тамимнан болған  Зу Хуайсара деген адам келіп: «Ей Аллаһтың елшісі әлідік жаса» деді. Ол (с.а.у) айтты: «Саған өкініш келсін, кім әділдік жасайды егер мен әділдік жасамасам, қасіретте болып опық жер едім ғой егер әділ болмасам». Сол кезде Омар: «ия Аллаһтың елшісі рұқсат бер мен оның басын алайын» деді. Пайғамбар (с.а.у) : «Тиіспе, шын мәнінде оның намаз, оразада берік достары бар және Құран оқиды алайда толық түсіне алмайды, діннен жебеден шыққан оқ секілді тез шығады» деді.[3]

Шаһрстанидің «Миләл уә нихал» кітабында хауариждер деп әр заманда бекітілген мұсылман басшыға қарсы шығатын қауымды айтады.[4]

Олардың исламдағы ең алғаш рет ағым ретінде пайда болу тарихына қайтатын болсақ, көп ғалымдардың пайымдауынша Осман кезіне қайтады. Алайда жеке тұлға ретінде пайғамбарымыз (с.а.у) кезінде де пайда болғаны келтіріледі. Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір жорықтарында соғыс олжаларын бөліске салған кезде Абдолла Зи әл-Хуайсара әт-Тамими жайында жоғарыда айтып өткенбіз. Бұл ең алғашқы харижилік көрініс болғанымен ағым, топ ретінде байқалмады. Бұзақы топ ретінде Османның кезінде (Османның өлімінен кейін) пайда болғанымен саяси, діни мақсаттағы топ ретінде тек Әлидің кезінде күш алады. Жоғарыда айтылған Хуайсара алғашқыда Әлимен бірге болып, (Тахкимнен) Мағауиямен келісім жасағаннан кейін ауысқандығы риуаят етіледі, тіпті Әлиге «тәубе ет» деген де осы адам [5] деген риуаят бар.  Әлиден бөлінгеннен кейін Хуайсара топтың белсенді тұлғасы болғанымен әскерді Шабс ибн Рабиғи әт-Тамими,  намазда Абдолла ибн әл-Кауи Ияшкури басқарды. Олар тікелей басшылыққа қарсы келгеніне қарамастан Әли оларды бейбіт түрде тура жолға шақырады. Осы мақсатта Абдолла ибн Аббасты жіберді. Ол Әлиден бөліну себепетерін сұраған кезде үш себепті алға тартты:

Біріншіден, «тахкимді» (келісімді) қабыл етумен Аллаһтың мына аятына қарсы шықты:

إِنِ الْحُكْمُ إِلَّا لِلَّهِ

Билік Аллаға ғана тән.[6]  Негізінде соғысты Аллаһтың үкімі көрінгенше жалғастыра беру керек еді. Олар болса адамдардың төрелігіне бойұсынды.

Екіншіден, ол «жамал» иелерімен соғысты алайды олардың қашқандарын өлтірмеді, әрі соғыс олжаларын алмады. Егер олар мұсылман болғанда олармен соғысуға жол жоқ еді, ал егер кәпір болса, неге соңынан ілесіп өлтірмеді және соғыс олжаларын алмады.

Үшіншіден, ең ақырғы ол келісім барысында  өзінің бойынан мұсылмандарға басшылық міндетін алып тастады, ал егер  мұсылмандардың әміршісі болмаса ол кәпірлердің әміршісі.

Ибн Аббас олардың Құран аяттарының мағынасын дұрыс түсінбегендіктерін айтып, «тахким» мәселесі үкімге жүгіну одан да маңыздылығы төмен әрекеттерге жүретіндігін айтып, Құран аятын мысалға келтірді:

وَإِنْ خِفْتُمْ شِقَاقَ بَيْنِهِمَا فَابْعَثُوا حَكَمًا مِّنْ أَهْلِهِ وَحَكَمًا مِّنْ أَهْلِهَا إِن يُرِيدَا إِصْلَاحًا يُوَفِّقِ اللَّهُ بَيْنَهُمَا ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلِيمًا خَبِيرًا

Егерде екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, еркектің ағайынынан бір төреші, әйелдің ағайынынан бір төреші жіберіңдер. Егер ол екеуі жарастыруды қаласа, Алла да, екеуінің арасын үйлестіреді.         Күдіксіз Алла толық білуші, анық хабар алушы.[7] Бұл аяттарда екі ерлі зайыптыларды табыстыру үшін екі жақтан төрешілер тағайындауға болатынын көрсетеді. Ал егер кімде-кім төрешілікті жоққа шығарса, ол кәпір болады. Мұсылмандардың қаны төгілуіне жол бермеу үшін төрелікке жүгіну, ол ерлі зайыптыларды табыстырудан да маңыздырақ.

Екінші мәселеге келетін болсақ, «жамал» соғысында болғандардың арасына мұсылмандардың анасы Айша анамыз бар. Сонда Айша анамызға қастандық жасамақсыңдар ма? Егер ол біздің анамыз емес десеңдер күдіксіз діннен шығасыңдар, өйткені Аллаһ тағала Құран Кәрімде:

النَّبِيُّ أَوْلَىٰ بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنفُسِهِمْ ۖ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ ۗ

Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық. Оның жұбайлары олардың аналары. [8]

Үшінші мәслеге Әлидің өзінің тахкимде  «мұсылмандардың әміршісі» деген атын алып тастауы ол Әлиді сөгетін нәрсе емес. Одан да абзал  жан бүкіл әлемнің сардары Мухаммад (с.а.у) Худайбия келісімінде мүшріктер Аллаһтың елшісі деп жазуға бас тартқанда Мұхаммад Абдолланың ұлы деп жазып, пайғамбарлығын өшірген. Пайғамбарлық әлбетте басшылықтан жоғары. Осы дәлелдерді келтіргеннен кейін харижилердің біраз бөлігі дұрыс жолға қайтады.[9] Хабарларда келгендей ибн Аббас хауариждермен болған сұхбатынан кейін халифа Әли «олар екіжүзділер» ме? деді. Ибн Аббас : «жоқ олардың жүзінде екіжүзділік белгі көрінбейді, жүздерінде сәжденің белгісін көрдім және олар құран оқиды» деді.

Олардың бүліктері Әлидің халифатынан кейін де Умаяттардың[10] кезеңінде де жалғасты олардың атақты бесінші халифа атына лайық болған Омар ибн Абдул Әзиз кезеңінде Харижилерге қарсы күрестер жүргізіп оларды біраз жылдар мысын басты. Алайда халифаттың көп аймақтарына тарап үлгерген  харижилер Аббаситтер[11] кезеңінде әлемге өздерін жар сала паш етті. Аббасия халифаттылығын алғашқы кезеңдерінен ақ олар ислам халифатына қарсы соғыстар жүргізді онда онмыңдаған адамдар жазым болды.[12]Ол көтерілістердің ең ауқымдысы, Хорасан, Тунис, Сирия аймақтарында тұтанды.

Тарихшылар харижилердің жиырмадан астам ағымдары болғаны жайында келтіреді.  Дегенмен олардың бөлінулері үлкен мәселелерде емес фарғи (ұсақ) мәселерде бөлінеді. Атақты ағымдарын айтар болсақ, олар: әл-Махкамал Улә, әл-Әзариқа, ән-Наждат, ас-Сафария, әл-Ибадия. Бұлардың кәзіргі заманда барлығы жойылып, тек Ибадия ағымы ғана өзін сақтап қала алды.

Ибадилер (араб.: إباضية‎) — харижилердің орташа көзқарасты фракциясы саналатын сүнниттер мен шииттерге ұқсамайтын ағым. Һижри VII-ші ғасырда пайда болып, негізін қалаған Абдуллаһ ибн Ибадтың есімімен аталған. Халифаттың билігіне қарсы шығып, өздерінің мемлекеттерін  құрған (Солтүстік Африкадағы Ливия, Тунис жерінде). Оман мемлекетінің көп бөлігі ибадилер. Алжир, Тунис, Ливия елдерінде,Занзибар аралында қауымары бар.

Олардың негізгі ұстанымдары:

  • Олардың ұстанымдарына қайшы келетін кез келген басқару жүйесі кәпір жүйе.
  • Үлкен күнә жасағанды кәпірге шығару.
  • Муғтазилит ағымдары секілді құранды жаратылған деп иман келтіреді.
  • Оларда иман ауызбен айту, жүрепен бекіту, амалмен дәлелдеу.
  • Осман мен Әлиді (Аллаһ олардан разы болсын) және оларды қолдағандарды кәпірге шығарады.
  • Кез келген адам егер әділдік орнатса, халифа басшы болуға лайық.
  • Зинақор адам жазаға тартылмайды.
  • Ер адамдарға жала жабу амалы жазаға тартылмайды.
  • Құран кәрімдегі «Юсуф» сүресін жоққа шығарады олардың ойынша Құранда ғашықтар жыры келмеуі керек еді.
  • Етеккірі келген әйелге намаз оқуды міндеттейді.

Харижилердің сипаттарынан:

  • Орта жолды қабылдамайды, кез келген топ олармен бірге немесе оларға қарсы болу керек. Олардың кейбір ұстанмынын қабылдап кейбір ұстанымына қарсы болуға жол жоқ. Адам не жақсы не жаман басқаша айтқанда адамның бойында жақсы қасиет пен жаман қасиет жиналуы әсте мүмкін емес.
  • Мінездерінде тұйықтылық қаталдылық ерекше орын алады, оларға қарсы шығушыларға деген озбырлық мұсылманның кейбір қателіктері үшін қатаң шешім қабылдап оларды өлтіру олардың қанына сіңген сипат.
  • Өздерінің шешімдерінде ешбір атақты сахабалардың, ғалымдардың сөздеріне тоқталмайды. Түсінуді терең білімді қажет ететін құран аяттарының көмескі аяттарын өздерінің түсінігі бойынша пайымдайды.
  • Өздерінің ұстанымдарында өте табанды,  оларды өлім жазасы қайтарған емес. Өмірдің ләззатарынан, дүние қуудан алыс.
  • Діндегі ұсақ түйек мәселелерге ерекше көңіл бөліп, маңызды мәселелерге мән бермейді. [13]

Қорыта келе аталмыш ағым алғашқы ислам ғасырларында мұсылман мемлекетінде ойран салғанымын негізі ақиқатқа сүйенбегендіктен ғасырлар бойы өз өміршеңдігін жойып кәзіргі уақытта тек аты ғана қалған. Бұл кәзіргі кездегі кез келген діннің атын жамылушы ағымдардың ақыры бұл тек уақыт еншісінде. Сол себепті ортанымызды ойрандатып жүрген жат пиғылды ағымдардан алыс болайық пайғамбарымыздың хадисінде келгендей «діннен шыққанда, жебеден шыққан садақ» секілді болмайық. Әр нәрсені саралайық, салыстырайық ой жүгіртейік сонда ғана дұрыс шешімге қол жеткіземіз.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

[1] Ниса сүресі 100 аят

[2] Бұхари хадистер жинағы

[3] Бұхари хадистер жинағы

[4] «Миләл уә нихал» 1 том, 114 бет.

[5] «Дирасат ан фирақ фи тарих әл муслимин» Ахмад Мухаммад Ахмад Жали

[6] Әнғам сүресі, 57-аят

[7] Ниса сүресі, 35-аят

[8] Әл-Әхзаб сүресі, 6-аят

[9] «Әлфарқ байнал Фирақ» Әбдул Қаһир әл-Бағдади

[10] Омейя хилафаты– Араб халифатын билеген әулет (661 – 750). Негізін Меккедегі құрайыш тайпасының омейя руынан шыққан І Муавия (т.ж.б. – 680) қалаған. Омейя әулетінен шыққан халифтар мемлекет құрамына Солтүстік Африка, Пиреней түбегінің көп бөлігін, Орталық Азияны, ИранАуғанстан, Ирак, Кавказдың біраз жерлерін қосып алды.

[11] Аббас әулеті (الخلافة العباسية;al-Khilāfah al-‘Abbāsīyyah) –Араб халифатын билеген әулет (7491258). Мұхаммед пайғамбардың   немере ағасы Аббас бин Абдуль-Мутталибтен тараған. Мұхаммед ибн Әлидің ұлы Ибраһимжіберген өкіл Әбу Муслим бастаған шииттік қозғалыс Умәйя әулетін тақтан тайдырған соң, Аббас әулеті үкімет басына келген. Аббас әулетінің алғашқы халифасы Әбу әл-Аббас әс-Саффах (750-754) болды. 762 жылы Аббас әулетінің астанасы Шамнан (ДамаскБағдадқа ауыстырылды. Аббас әулетінің мемлекеті әдебиеттерде, кейде «Бағдад халифаты» деп те аталады.

[12] Тарих Табари 7-том, 462 бет.

[13] Әл-Балил Абду Карим «Нафсиятул хуариж»

Return to Top ▲Return to Top ▲